Сәрсенбі, Тамыз 29, 2018
Негізгі > Руханият > Дәстүр > Жылқы жайлы деректер

Жылқы жайлы деректер

жылқы жайлы

Аттың мінер жағы мен қамшылар жағы. Атқа мініп-түсу барысында аттың мінер жағы және қамшылар жағы деген оң-терісін ажырататын айырмасы болады. Атқа мінетін, яғни аттың оң жағын – «мінер жағы» дейді де, аттың келесі жағын, яғни аттың теріс жағын «қамшылар жағы» дейді. Кейбір мінезі шәргез жылқылар теріс жағынан мінгізбек түгілі, жақындатпайтыны да болады. Ал осы жылқының мінер жағы мен қамшылар жағының сырын кейбір деректерде былайша түсіндіреді: Бұл жағдай адамдардың көбісі оңқай болуына байланысты. Ертеде жігіттер қылышын оңай суырылу үшін сол жағына таққан. Осылайша сол жағында салақтаған қылышы бар ерлер атқа мінгенде сол аяғын үзеңгіге алдымен салу ыңғайлы келеді. Жәнеде соғыс кезінде көп адам атқа біркелкі мінгенгеде ыңғайлы болған. Бұлар қазіргі заманда қажеті шамалы болғанымен үйренісі бойынша сол аяғын алдымен үзеңгіге салады.

Ат күші. Жылқы малын ақ, қара, жирен, құла, т.б. деп түріне қарай; жүкке арналған, жүйрік, жорға, желісті, т.б. деп қабілетіне қарай бөледі.
Жалпы бұл жануардан шыққан күшті есептейтін болсақ, бір ат өте аз уақыттың ішінде (уақытша ғана) он шақты аттың күшін шығара алады. Керемет емес пе? Алайда қалыпты жағдайда бір ат бір ғана аттың күшін көрсетеді.Жылқы күші қаншалықты

«Ат күші» деген өлшемдік ұғым қалай пайда болған?
Неліктен «аттың күшін» энергиялық қуаттың бірлігі ретінде алды? Бұл қаншалықты күш-қуат болуы мүмкін?
Бу машинасын ойлап тапқан ағылшындық Джеймс Уатт (1736-1819) алғаш рет осы терминді, яғни «ат күші» ұғымын дүниеге әкелген екен.
Сонымен қатар, көпшілікке өзінің жаңа шығармасы көп аттың орнын басуға болатын күш қуатты екендігін дәлелдеуге тура келген. Сондықтан да бір ат бір мезгілде қанша күш-қуат шығара алатынын өлшеп білу қажеттілігі туындаған.
Ол өзінің көмір шахтасында жасаған тәжірибесіне сүйене отырып, бір аттың қалыпты күші шахтадан 1 метр/секунд уақытта 75 кг жүкті таситынын дәлелдеген.
Бірақ бұл өлшемге қол жеткізу үшін көптеген аттардың күшін сынап, сынақтан өткізгендігі белгілі. Нәтижесінде азықтық, салықтық, электрлік, судың, өлшемлік және тіпті британдық деп аталатын ат күші-қуаттары пайда болады.
Ал 1960 жылы осы «жылқы үйірінің» мағынасын ашып, тереңдете реттеген екен. Бұл туралы Халықаралық Салмақ өлшемнің XI сьезінде дүниежүзілік салмақ өлшемдерінің біріккен СИ (SI) системасында дәлелденді. Бұл система бойынша заттың күшін анықтаушы бірлікті Джеймс Уаттың құрметтіне «ватт» деп атайды.

Сондықтан аттың күші дегеніміз аттың күшінің өлшемі емес, шыдамдылығының көрсеткіші болады екен.
1 а.к. = 75 кг.м/с = 0,736 кВт.=736 Вт
1 Вт=107 ү/с=0,102 кг. м/с=1,36. 10-3 а.к.

Ат

Аттың басы. Кавалеристтер соғыста өлген аттарды еске алу үшін аттың басын бейнелеп, сапқа тұрды.
АҚШ 1917 жыл. Бірінші дүниежүзілік соғыс салдарынан өлген жылқылардың санына жету мүмкін емес. Ең азайтып айтқанның өзінде 8 миллион жылқының оққа ұшқаны анық.
Бұл соғыстың ең соңғы атты әскерлер қатысқан соғыс болғандығына бәс тігуге болады. Жылқылардың көбі жүктер мен адамдарды тасуға пайдаланылды.

почта

Алғашқы пошта маркасы. 1933 жылы шыққан «Казахи» деп аталатын пошта маркасында атқа мінген қазақтар бейнеленген. «Кеңестік халықтар» сериясымен шыққан бұл марканың қазіргі кездегі құны 400-720 рубльге тең. Марка сол кезде 1 копеек болған екен.  0,2 млн. данамен жарық көрген пошталық марка бүгінгі күнде табылмайтындай дәрежеге жеткен.

Жылқы туралы  мақал-мәтелдер

Жылқының пірі – Қамбар ата.

Жылқы – малдың патшасы,
Түйе – малдың қасқасы.

Жылқы күнде мінілсе – есек,
Айына мінілсе – ат,
Жылына мінілсе – тұлпар.

Жылқыда өт жоқ, құста сүт жоқ.

Жылқылы елде жау көп,
Жатаң елде дау көп.

Жылқыны жауында, қойды дауылда көрме.

Жылқыны жауында, қойды дауылда бақ.

Жүйрік бестіден,
Кеңдік келбеттіден ніығады.

Жүйрікті кекіл қағысынан байқайды.

Жүйрікке – тұмар.

Жүйрік атқа жел қамшы.

Жүйрік атқа жал бітпес,
«Тәк-тәкке» малбітпес.

Жүйрік жүлдесін алмай қоймайды.

Қара байыр қазанат,
Қара жолда қалдырмас.

Қара жолда қалдырып,
Қанатыңды талдырмас.

Жүйрік ат – бірде ат, бірде қанат.

Жүйрік тоқтығын білдірмес.

Жүйріктен жүйрік шықса, аяғы тыпыр-тыпыр етер.

Тұлпардың оттауы бір болса да, жусауы басқа.

Тұлпардың ізі бітпейді, тұяғы кетпейді.

Тұлпардың өз тұяғы өзіне ем.

Сұлу аттың көркі – жал.

Бәйге ат мүсінін жасырады.

Жүйрік ат шаппаса да, қырындайды.
Шабысты шабысы қалса да, қырындайды.

Жүйрікке озудан қалу қиын.

Бәйге атқа бәйге ат шалдырмайды.

Торқалы той, тұмарлы жүйрік.

Тұлпар желіде танылады.

Қу байтал екі айғырды аш қалдырады.

Тай қоссаң, ауылыңмен.

Байтал мінген,
Айғыр мінгенге жолдас бола алмайды.

Құстың бәрі бұлбұл болмас,
Жылқының бәрі дүлдүл болмас.

Жаман биені жабула да, құлынын ал.

Құлынындағы сақау,
Құнанындағы тісеу.

Құлынның түрі құлпырып,
Түгі сынбас жауынға.

Ит қаппас деме,
Ат теппес деме.

Жылқы: «Көктемде бір тойдым» -дер.

Батпағы бар көлдерден,
Су ішетін сай артық.

Қамшылатқан шабаннан
Өзі жүрер тай артық.

Түйе мініп қойға барма,
Жөндеп баға алмайсың.

Бие мініп тойға барма,
Көкпарға шаба алмайсың.

Арғымақтың тұяғы,
Тасты басса, кетілер,
Сазды басса, жетілер.

Айғырды аладан салсаң,
Атты аладан мінесің.

Айғырды құладан салсаң,
Атты құладан мінесің.

Боталаған түйеден,
Бұлақ суы артылмас;
Құлындаған биеден,
Құдық суы артылмас.

Ботасы өлген інгенге,
Нар теліген зорлық.

Құлыны өлген қулыққа,
Тай теліген зорлық.

Арбаға тоқпақ көргенді жекпе,
Соқпақ көргенді жек.

Түйе жүктен қашып құтылмас,
Ат арбадан қашып құтылмас.
Қырқын мінгеннен қыр артылмас.

Арыған ат шұқанақ санайды,
Ашыққан ат қолыңды жалайды,
Жараған ат көзіңе қарайды.

Қой мен түйе – байлыққа, жылқы – сәндікке.

Нардың бақырғаны – ұят,
Арғымақтың жорғалағаны – ұят.

Тартыншақ түйе жаман,
Итіншек бие жаман.

Қазанат қамшы салдырмайды.

Ат биеден, атан түйеден.

Жылқының сүті – шекер, еті – бал.

Айғырмен ойнаған ат арқасын алдырады.

Жақсы айғыр енесіне шаппайды.

Қубас айғыр құлынын талайды.

Айғыр азынап үйірінен шықпас.

Бие кіндігінен өседі.

Түйесіне қарай жазысы,
Биесіне қарай қазысы.

Желі құтты болса, бие сүтті.

Иесі келсе, биесін бер.

Түйенің жолы үлкен,
Аттың жоны үлкен.

Сұңқар көптен шығады,
Тұлпар топтан шығады.

Көшпелі елге түйе қол,
Жылңылы елге бие қол.

Мың қойға – бір Шопан,
Мың жылқыға – бір Қамбар.

Түйе сойсаң, сорпа май,
Жылқы сойсаң, етке май.

Ердің ісін ауыр қылма,
Сәйгүлікті жауыр қылма.

Жылқыдағы боз айғыр,
Қуып құлын таламас.

Тай мінген балаға жарасар.

Соқыр құлын аттан емшек іздейді.

Кебек жеген ат жүйрік болмас.

Арпасыз дорбаны ат иіскемейді.

Ат болар құлынның артқы аяғы талтақ келер.

Жабы семірсе, желік бітеді.

Асау атты таға тоқтатады.

Саяқтың ажалы қасқырдан.

Үйірлі жылқы үрікпес.

Тұлпар шаба жетіледі,
Сұңқар ұша жетіледі.

Тұлпар бітпейді, бітсе кетпейді.

Тұлпар түбін табады.

Ат – биеден, аруана – түйеден.

Серінің аты да сері.

Ат жалдаған өтер, ит жалдаған кетер.

Аттың атағы, түйенің табаны үлкен.

Атқа мінген кісінің тайға тақымы толмайды.

Ат шаппайды, бақ шабады,
Бақ шаппайды, бап шабады.

Қасқадан ала аяқ туады,
Қотырдан – қыршаңқы.

Қияңқы байтал екі айғырды қырқыстырады.

Ат аунаған жерде түк қалады.

Атпен ойнаған тайдың жілігі сынады.

Аты семіздің жолы тегіс.

Жетелеген ат аңға жарамайды.

Ат тұяғын тай басар.

Буаз бие сүзеген сиырды мүйізінен таниды.

Жүйріктің шашасына шаң жұқпайды.

Ат ұстаған азабынан құтылар,
Ер ұстаған бейнетінен құтылар.

Аттан аттың несі артық?
Бір аттаған бұты артық.

Атты күнде мінсең – тулақ,
Аптада мінсең – қунақ.

Арғымаң жалсыз, ер малсыз.

Тайлы бие тайлақты түйедей.

Атты қамшымен айдама, жеммен айда.

Аттың жемін жеп,
Тайдың жүгін көтереді.

Атты батыр атсыз жатыр.

Арық аттан аяғым артық

Бір биеде екі емшек,
Бірі кетсе, сүті жоқ.
Бір түйеде екі өркеш,
Бірі кетсе, күші жоқ.

Аттыға тай мінсе де жарасады.

Атпен ойнаған тайдың арқасы кетеді.

Атыңды жүріп тұрғанда қамшыла.

Атының сыры иесіне мәлім.

Жақсы ат – жанға серік,
Жақсы ит – малға серік.

Тай атқа, ат мұратқа жеткізер.

Су айналып жазығын табар,
Ат айналып қазығын табар.

Арық атқа қамшы жау,
Жыртық үйге тамшы жау.

Жақсы ат алдынан сүрінбей,
Артынан сүрінеді.

Шідерлі атың – өз атың,
Тұсаулы атың – бос атың.

Балықшының аты шөлден өледі.

Қартайғанда кәрі боз жорға шығады.

Кәрі атын мақтаған жолда қалады.

Алаботаға ат байлама.

Соқыр атқа қотыр ат үйір.

Тай тулап үйірінен шықпас.

Арқандалған ат қазығына оралар.

Жігітке лайық ат туар.

Көбеңді көр де қой.

Көбең мініс көтермейді,
Мәстек жүріс көтермейді.

Жаман да болса жылқы жасығы.

Жалғыз шапқан ат жүйрік.

Жақсы атқа бір қамшы,
Жаман атқа мың қамшы.

Жауыр атқа жіп құйысқан.

Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар.

Бар қашаған құтылмас,
Жоқ қашаған жеткізбес.

Жақсы аттан жал кетсе де, әл кетпейді.

Сауын саусаң, бие сау,
Боз қырау түспей суалмас.

Көбік қарда түлкі ойнар,
Көк шалғында жылқы ойнар.

Желген атқа жел жаңғырық.

Айдың ізін ай басар,
Аттың ізін тай басар.

Алуан-алуан жүйрік бар,
Әліне қарай шабатын.

Тұлпар тулақ болар,
Орта түссе аясы.

Мынау атты жұрт көргендей тәуір ғып бер,
Болмаса, бәрін құртып, жауыр ғып бер.

Аталастың аты озғанша,
Ауылдастың тайы озсын.

Кісі аты тершең,
Кісі киімі кіршең.

Жылқының басы мың қаладан қайтады.

Басты балта бұзар, жылқыны маңқа бұзар.

Жортар аттың тоқтығы жақсы.

Арба атқа келмейді,
Ат арбаға келеді.

Арық атты түсте бақ,
Қарғып түрса қанатың.

Керді мінбегенде жерді мінемін бе?
Ақсақ ат алтынмен тағаласаң да ақсайды.

Елің жаман болса,
Бір жақсыны сағала.

Атың жаман болса,
Ақтекенің мүйізімен тағала.

Алтын ерің атқа тисе,
Алтынын ал да, отқа жақ.

Алдымен атыңды тұсаула,
Кейін Құдайға тапсыр.

Енесі тепкен құлынның еті ауырмас.

Құрық тимес құлын жоқ,
Қырықтық тимес қозы жоқ.

Ала жылқы жоғалмас.

Жүйрік аттың сауырын берік алар.

Ер қанаты – ат.

Төрт аяғы тең жорға,
Сүдігерге сүрінер.

Айғырды неден салсаң,
Атты содан аларсың.

Жақсы айғырдың үйірін ат жақтайды.

Жақсы айғыр үйірін қорғайды,
Құж мойын бұқа

сом мүйізі мен сасық тұмсығын қорғайды.

Қасқа айғырдың баласы
Қасқа тумаса да, төбел туар.

Жаман айғыр енесіне тап берер.

Бие көп болса, құлын көп.

Бие қоста жүріп терлесе,
Құлын босқа жүріп терлейді.

Бие кәрі, құлын жас,
Келер жылы қолың бос.

Екі бие – ел асы,
Үш бие – бұлақ басы,
Бір бие – жоқтың қасы.

Ат шабады, құс ұшады.

Бір бие үйдікі, екі бие елдікі.

Бір биеден ала да, құла да туар.

Қулық құлынжанды.

Байтал шауып бәйге алмас.

Шабысы жоқ төбелден,
Терісі кең жабы артық.

Құлындаған байталдан,
Құдыңтағы су артылмайды.

Саумал ішсең, қымыз жоқ,
Байтал мінсең, құлын жоқ.

Ат аяған жерге қарайды,
Құс аяған көкке қарайды.

Атдорба түбін иіскемей ат тоймайды.

Ат айында, бие жылында құлындайды.

Ат жақсысы қартады, негізіне тартады.

Таяқ тайға жеткізер,
Тай құнанға жеткізер.

Құнан атқа жеткізер,
Ат мұратқа жеткізер.

Жігіттің сорлысын,
Жылқының жолдысы теңейді.

Атың арық болса, бір шап,
Отының аз болса, бір жақ.

Күн бұлтты деп,
Жылқыны суармай жүрме.

Жорға мінген жолда қалады,
Жүйрік мінген қолды болады.

Алалы жылқы, ақтылы қой.

Ағайыннан жат жақсы,
Сыйласа алса.

Арғымақтан жабы жақсы,
Шаба алса.

Атанның жүгі тайлаққа, аттың жүгі тайға қалады.

Бұғаудан шошынған асау,
Қамытқа басын сұқпайды.

Тұлпардан жабы озады,
Тұлпар мамада тұрып бұтын созады.

Ат пен ат ақырлас болса,
Меңі жұғады.

Ат пен есек ақырлас болса,
Зеңі жұғады.
Мыңнан шыққан,
Жүзден озған.

Болдырған ат болпақ.

Жалы бар деп жабыдан айғыр салмаңыз.

Жылқы бақтым – жорғалаттым.

Жылқы күзеу

 Көкек айы ортасынан ауып, аяқты мал көк қуалай бастар шақта жылқы түлігін ауыл маңына иіріп, бір сәтті күнді жылқы күзеуіне арнайды. Қалыптасқан дәстүр бойынша, әдетте, тай, құнан, құнажын, байтал, сондай-ақ қысыр қалған биелер күзеледі.

Тай күзеу: Тай атаулы еркек-ұрғашысына қарамай күзеледі. Ол үшін жалын сыпыра күзеп келіп, уыс толар шоқтық қалдырады. Кекілін қысқарта теңестіріп қияды. Ал құйрығын түбіне дейін сыпыра күзеп келеді де, ұшынан ғана «шыбын қағар» шашақ қалдырады.

Құнан күзеу: Құнанның кекілін шырпып қана теңестіріп қояды. Жалы тай кезіндегідей сыпыра күзеледі. Ал құйрығын күземейді.

Құнажын байтал күзеу: Кекілі мен жалыны құнанша күзеледі. Ал, құйрығын жоғары жағынан «жол көрсетер» деп аталатын екі кертік қалдырады да, құйрық шыбығын «шыбын қағар» шашақ қалғанша сыпыра күзейді.

Қысыр күзеу: Қысыр қалған биенің «бойын түзеу» үшін кекілін төгілте қалдырып, жалын сыпыра күзейді. Құйрығын жоғары жағынан үш бунап күзеп, ұшын шырпып қана тегістейді.

Соғым малын күзеу: Ат болсын, бие болсын, соғымға арнап жіберерде жалын сыпыра күзеп, құйрығын тірсегінен шорт кеседі.

Тұлданған атты күзеу: Көне заманнан жеткен рәсім бойынша, иесі өлсе, мінген атын жыл уақытында иесінің асына сою үшін жал-құйрығын күзеп жібереді. Тұлданған аттың күзелу тәсілі соғым малын күзеуге ұқсас. Айырмашылығы, тұлданған аттың кекілін жоғары көтеріп, төбесіне мықтап түйеді де, ұшын бірлестіре шырпиды. Тұлданған аттың үстіне адам шықпайды.

Қалыптасқан дәстүр бойынша құлынды биелер, айғырлар, жаз жайлайтын бедеу биелер, мініс аттары күзелмейді. Қазақ құйрық-жалды жылқы малының көркі деп есептеп, оған айрықша мән береді.

Жылқы төлдерін жасына қарай әртүрлі атайды. Жылқы малын қалай күзеу туралы әңгімеден кейін олардың жасына байланысты атауларына да тоқтайық.

құлын (биенің жас төлі),

жабағы (6 айдан асқан құлын),

тай (1 жастан асқаны) деп атайды.

Ал бұдан әрі ұрғашы жылқыны яғни байталды:

құнажын байтал (2 жастан асқаны),

дөнежін шығар (3 жастағы байтал),

дөнежін байтал (3 жастан асқаны),

бесті бие (4 жастан асқаны),

қасабалы бие (7 – 8 жастағы бие),

кәртамыс бие (11 – 14 жастағы бие),

жасаған бие (20 жастан асқан бие), т.б. атайды.

Піштірілмеген еркек жылқының яғни айғырдың атаулары:

құнан айғыр (2 жастан асқаны),

дөнен айғыр (3 жастағысы),

сәурік айғыр (3 – 4 жастағы үйірге салынбағаны),

бесті айғыр (5 жастағысы),

сақа айғыр (11 – 12 жастағысы),

 

Деректер интернет беттерінен және Ақселеу Сейдімбектің “Қазақ әлемі” кітабынан алынды.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation