Дүйсенбі, Қыркүйек 10, 2018
Негізгі > Тарих > ҚАЗАҚТЫҢ ТАРИХЫ МЕН БОЛМЫСЫ Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамсасында» анық айтылған   

ҚАЗАҚТЫҢ ТАРИХЫ МЕН БОЛМЫСЫ Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамсасында» анық айтылған   

%d1%85%d0%b0%d0%bc%d1%81%d0%b01-768x523

Көнеден келе жатқан өзiндiк бай мәдениетi, қалыптасқан дәстүрі бар ел ешкiмнің жетегіне ойсыз еріп, басқа қалыпқа түсіп өзгере салмайтыны белгiлi. Мұндай халық өркениеттің озығынан үйренiп, өз халқының мәдени деңгейiн әрдайым көтеріп отыруға тырысады. Әрiсi сақ, ғұн, түрік, берiсi қазақ атанған Ұлы даланы мекендеген халқымыз да ықылым заманнан өз тарихын жасап, төл мәдениетiн қалыптастырды, оны шама-шарқынша дамыта бiлді. Бірде дәуірлеп көтеріліп, енді бірде тоқырау сәттерін басынан кешірген көшпелі қазақ елі де басынан қилы-қилы тарихты өткерді. Әлем тарихына, адамзат өркениетіне ұлы дала көшпелілері ретінде өз үлесін қосты. Ауызша тарихымыз көптеген елдерден әлдеқайда алда болғанымен, жазбаша тарихымызбен аса мақтана алмайтынымыз рас. Әсіресе, ХІХ ғасырда Европа елдерінде ғылым-білім қарқынды дамып жатқан кезде қазақтың өз ішінен шыққан тарихшы-ғалымдардың болмауынан, ел тарихын түгендегенде басқа жұрттың  зерттеушілерінің еңбектеріне жүгінуге тура келетіні де шындық.

Дегенмен, осы олқылықтың орнын толтыруға талаптанған зерделі адамдар қазақ арасынан да шықты.  Ертеректегі шығыс тарихшылары Захираддин Бабыр, Дулат Мұхаммед Хайдар, Әбілғазы Баһадүр-хан, Ұлықбек, Жалайыр Қадырғали бидің ізін жалғастырған, қазақ елі отар болған замандағы ұрпақтың өкілдері Құрбанғали Халид, Өтеміс қажы, Шәкәрім қажы, Мәшһүр Жүсіп Көпей, Мұхаметжан Тынышбай сияқты тарихшы-қаламгерлер шежірелік сипатта еңбектер жазып қалдырды. Бұл еңбектердің барлығы тарихи құны зор жәдiгер жазбалардың қатарына жатады. Сондай еңбектiң бiрi – бұдан бiр ғасыр бұрын жазылып, 1910 жылы Қазан қаласындағы «Өрнек» баспасынан жарық көрген Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамса» («Шығыстың бес елiнiң тарихы») атты тарихи мұрасы.

Құрбанғали Халид  «Тауарих хамсаны» араб, парсы, түрік және қытай жазбаларына сүйене отырып, ғылыми тұрғыда қазақ, татар, монғол және қытай халықтарының тарихын жазады. Әсіресе, қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-санасы, «қазақ» этнонимінің шығуы, Шығыс Қазақстан жерін мекендеген қазақ руларының тарихы жөнінде келтірілген деректер назар аударарлық. Бiрақ, кеңес үкіметі кезінде халық көзiнен тасада ұсталып, ғылыми айналымнан тыс қалғандықтан халқымыздың қолына кешігіп барып тиді. Бұлай дейтiнiмiз, осы аталмыш кiтапты шағатай тiлiнен (ескi өзбек тiлi) Б.Төтенаев пен А.Жолдасов тұңғыш рет қазақ тiлiне аударып, 1992 жылы ғана «Қазақстан» баспасынан «Тауарих хамса» («Бес тарих») деген атпен шығартты.

Шыққан тегі татар болғанымен, Құрбанғали қазақ iшiнде өсіп, халқымызбен біте қайнасып, саналы ғұмырын дін мен ғылым жолына арнаған, ел тарихына еңбегі молынан сіңген тұлға. Құрбанғалидың әкесi Халид Қазан уезiнiң Урнаш-Баши деген жерiнен шыққан татар саудагерi екен, кезiнде саудамен айналысып, қазақ жерiн көбiрек араласа керек. Халид өмiрiнiң біразын Ташкентте өткiзiп, 1840 жылдар шамасында Аягөз өңiрiне қоныс аударады. Құрбанғали осы Аягөзде 1846 жылы дүниеге келедi (кейбір деректерде 1843 жылы туған). Аягөзде Халид отыз жылдай тұрғаннан кейiн Бақты шекаралық аймағына, тағы бiраз жылдан соң Қытайдың Шыңжан провинциясындағы Шәуешек қаласына орын тебедi. Құрбанғали сауатын 1850 жылы қызылжарлық көпес Мұртаза Мақсұтов салғызған Аягөз медресесiнде ашып, кейiннен Семей медреселерiнiң бiрiнен дәйектi дәрiс алады. Оның медреседе араб, парсы, түркi тiлдерiн меңгере түсуi болашақта тарихты әсiресе, Шығыс елдерiнiң тарихын зерттеуiне көп септiгiн тигiзедi. Сол кезде медреседе негiзiнен дiни-схоластикалық пәндердiң оқытылуына қарамастан, Құрбанғали қабiлеттiлiгi мен iздемпаздығының арқасында қоғамдық ғылымдар саласында белгiлi дәрежеде бiлiм алуға жетiседi.

Құрбанғали өзі өмір сүріп отырған ортасы – қазақтардың жазба тарихының кенжелеп қалғанын дер кезінде байқайды. Ол қазақтың тарихын жазуға не себеп болғанын өз кiтабында: «Бұл халықтың тарихы жалпы ел аузында бар. Алайда жекелеген жазба тарихтары мен естелiктерi болмағандықтан, әркiм әртүрлi пiкiр айтып, бiреулер жаман ниет, арам оймен, ендi бiреулер тек мұқатуды мақсат еткен. Бағзылар тарихта анығырақ түсiнiктеме беруге бiлiмдерi жете тұра, оған мән бермеген. Нәтижесiнде мағынасы анық ел тарихы баяндалмады. Осындай себептермен мен бар күшiмдi жұмсап, жиырма жылдан астам уақыт бұл тарихқа қатысы бар ақпараттар мен жазба деректердi жинап, жалпы жиналған мәлiметтердiң қаймағын қалқып алып, осы кiтапты жаздым» деп түсіндіреді.

Құрбанғали Қазақстанның шығыс шалғайындағы елдің, оны мекендеген найман тайпасының тарихын зерттеушілер жазған еңбектерiне көп кiргiзбегенiн де айта кетеді. Ол өз еңбегінде Шығыс Қазақстан өңірінің тарихының қағаберістеу қалып келе жатқандығын: «…Сондықтан тарихшылар бұл шығыстағы қазақтардың ахуалын жазған еңбектеріне кіргізбеген. Тіпті, өкімет атынан наймандарға арнайы салынған Аягөз, Көктерек (Көкпекті. –Авт.) сияқты атақты мекендерді де назарға алмаған. Тарихшылардың бұлай көзге ілмеулері мен үшін бұл бір жақсы сылтау болып, оларға қалыс қызметімді атқара жүріп, найман руының тарихын анықтап толық жазуыма себепкер болды. Себебі, Аягөз – туған жеріміз, найман – жүрген еліміз. Бір жүздің ахуалын  тәптіштеп жазумен бірге, қалған екі жүздің де тарихы қоса жазылады. Себебі бұлардың бәрі бір ел тарихы болғандықтан бөлектеудің қисыны болмайды» деп, бұл кітапты жазуына себеп болған жағдайларға тоқталады. Сонымен бірге бір румен шектелмей бар қазақтың тарихы тұтас екендігін де ескертеді.

Құрбанғали Халидтің екі кітабы белгілі. Оның алғашқы шығармасы «Тарих-и жәриә-и жадидэ» («Тарихтың жаңа жазбалары») деген атпен 1889 жылы Қазан қаласында түрiк-татар тiлiнде жарық көреді. Көлемi 71 беттен тұратын бұл шағын кiтапта ғалым Қытайға қарайтын Шығыс Түркiстанның географиялық ерекшеліктеріне, тарихына шолу жасайды, тұрғындарының тұрмыс-тiршiлiгi туралы баяндайды.

Қ.Халидтің «Тауарих хамса» («Шығыстың бес тарихы») атты көлемді аса құнды тарихи шығармасын оның ұзақ жылдар жүргізген ізденісі мен  орасан зор еңбегінің, табиғи талантының арқасында дүниеге келген туынды деп айтуға болады. Қ.Халид «Тауарих хамсаны» жазу барысында шежірелер мен халық аузындағы аңыз-әңгімелерге ғана сүйенбей, ғалымдардың тарихи еңбектерiндегі деректерді пайдаланған. Өзінің айтуынша ат-Табари, Жүсiп Баласағұн, Ибн-Халдун, Әбiлғазы және т.б. ғалымдардың еңбектерiмен қоса, европалық шығыстанушы ғалымдардан В.Радлов, А.Валаберн, Н.Катановтардың да елдiң тарихына қатысты еңбектерiнен керегін алған. Құрбанғали Халид қазақ ауылдары мен осы өлкенiң қалаларын дерек жинау үшiн арнайы сапармен жиi аралап, барған жерiнде ел тұрмысын жетiк бiлетiн адамдармен танысып отырған, көпшілігімен хат арқылы хабар алысып отырған. Ауызша деректерге асқан жауапкершiлiкпен қарап, олардағы мәлiметтердi басқа жинақтаған материалдармен салыстырып барып кітабына енгізген.

Құрбанғали Халидтың қазақ халқының этнографиясын, ауыз әдебиетін, көшпелі тұрмыс тiршiлiгiн, әдет-ғұрыптарын, наным-сенімдерін жан-жақты талдай отырып, өзі татар ұлтынан бола тұра бұл елдің қабілеттілігі мен табиғи қасиеттерін сүйсіне отырып жазады, құрметпен қарайды. Қазақтардың мәдениеті мен ақыл-ой қабiлетiн бағалай келе Құрбанғали былай деп жазады: «Даналар ақыл-ойды екi категорияға бөледi, оның бiрiн табиғи ақыл-ой деп айтады. Қазақтардың ақыл-ойы ғылым арқылы жинақталмаса да, яғни, олар этика мен мiнез-құлық ережелерiн оқып-үйренбесе де, өзiнiң парасаты мен ақылының арқасында жақсыны жаманнан айыра алады. Сондықтан оларды «жабайы көшпендiлер» деп атауға болмайды, есесiне оларды табиғи мәдениетi бар адамдар деп атаған дұрыс та, нақты болар едi» – дейдi. Еркін далада өскен қазақ ұлтының, жалпы көшпелілердің философиялық ой-тұжырымдарының жоғары болатындығын: «Қалада тұрған кейбiреулердiң бейнесi дәл жабайы адамдай. Көшпелiнiң ханшасы, бiз байқадық, бейне Платон данадай» – деп, тақпақтап келтіреді.

Ол география, жер-су атаулары туралы жазғанда да: «Менің таң тамаша болатыным, қазақ оқымаған халық деген лақап айтылады. Ал жағрафия, астрономия сияқты арнаулы пәнді оқымай, білуге қиын соғатын жердің белгілерін айырып, соған дәлме-дәл ат қойып сөйлейді» деп, халықтың парасатына тамсанады. Қазақ халқының жыл санау, түнде жұлдызға қарап жол табу, ауа райын алдын-ала  болжау, қазақтағы сақтық күндерін дәл, қызықты мәліметтер арқылы келтіреді.

Қ.Халид қазақтың өлең-жырларын зерттеп,  өлеңші мен жыршының, ақын мен жыраудың бір-бірінен айырмашылықтарына тоқталады, әрқайсына өзінше анықтама береді. Бұқар жыраудың өлеңдерiн саралай келiп: «Осы сөз немесе жоғарыда айтылған өлең-жырлар, егер араб-парсы ақындарының аузынан айтылған болса, әлде, түрiк бiлгiштерiнiң аузынан шыққан болса, талай кiтап болып шығарылар едi. Қазақ тiлiнде айтылғандықтан өлең-жыр деген атпен мән берiлмейдi, мазмұнына түсiнбеген соң оған амал не?», – деп, өкініш білдіреді, қазақтың барын ескермейтін бейғамдығына налиды. Құрбанғали этнографиялық салт-сана, әдет-ғұрып жайында баяндағанда, оның халықтың рухын терең түсiнетiндiгi, оның мәдениетiн, мiнезiн сыйлайтындығы  аңғарылып тұрады.

Кiтаптың қазақ тарихына арналған тарауларында алаш, өзбек, қазақ, ноғай атаулары туралы, жүздер, ұрандар жайында, қазақ пен ноғайдың бiрiгуi мен бөлiнуiне қатысты аңыздарда Орталық және Солтүстiк Қазақстан жерлерiндегi археологиялық, архитектуралық ескерткiштер хақында, Шыңғыс хан және оның тұқымдары, Асан ата және оның даналық сөздерi айналасындағы пiкiрлер жөнiнде, төрелер мен төлеңгiттер, Орта жүз қазақтарының Ресейге қосылуы, әкiмшiлiк округтарының, бекiнiстердiң, қалалардың негiздерi қалануы жайында бағалы мәлiметтер табуға болады. Қазақстан мен Орта Азия жерін мекендеген тайпалар мен рулардың көне, бағзы тарихына үңіледі. Соның ішінде Алтын Орда, Көк Орда, Қараханид, Ақ Орда, Қазақ хандығы, Қоқан хандығы, т.б. елдер тарихы мен жоңғар шапқыншылығына талдау жасайды. Қазақтың қалмақпен арадағы соғысындағы жекелеген тарихи оқиғаларға, осы соғыстың басты қаһармандары Абылай, Қабанбай және т.б. тұлғалардың бейнесін деректер арқылы аша түседі.

Ол аталған еңбегінде оқиғаларды баяндағанда тек деректер берумен шектелмейді, оған тарихи тұрғыдан баға беріп тұжырымдар жасауға талаптанады. Мысалы, Орта азияны орыс әскерінің өте тез арада бағындырғанын:  «…Құтайба ибн Муслимнің он жыл бойы бағындырған жерлерін, орыстар Алматыдан шығып он айда алды. Түркістан, Ферғананы алған орыс әскерінің саны он мыңнан аспайды. Соғыстағы шығынын қанша өсіріп айтқанмен барлығы мыңнан аспайды, асырмай айтушылар, тіпті, 500-ден де аспайды деседі.  Мұсылманнан тек Шымкенттің іші-тысында он мыңға жақын адам шығын болған. Басқа жерлердегі шығынды қоса есептегенде жалпы елу, алпыс мыңнан аса адам от пен октан қаза тапқан» деп, отарлау деректерді келтірсе, одан әрі: «…Аз жылда азғана әскермен көп жерді алу орыс әскерінің қуаты, болмаса оның үстемдігіне қатысты ғана емес, сірә жергілікті халықтың ішінде іріткінің тууы, алауыздықпен басшыларының бақталастықтары орыс әскеріне қолайлы жағдай жасады. «Тағдыр келгенде көз көрмейді» деген араби нақыл осының куәсі болса керек» деп, себебін де ашып көрсетеді.

Құрбанғалидың ел аралап, жер танып саяхаттарға шығып отыруы оның танымы мен білімін одан әрі жетілдіруіне мүмкіндік туғызды. Ол әр өлкенiң, тұтас елдiң географиясы мен топономикасына қатысты, қалалардың, бекiнiстердiң, iрi елдi мекендердiң тарихы туралы зерттеулерiн негiзiнен өзiнiң жеке бақылаулары мен жергiлiктi тұрғындармен пiкiрлесуi нәтижесiнде өзi жинаған жылнамалық материалдарына сүйене отырып жазды.

Құрбанғали 1897 – 1898 жылдары Меккеге қажылық сапар шегiп, Европаның бiрнеше мемлекеттерiнiң, Таяу Шығыстың көптеген қалаларын аралайды. Ол оыс сапарлары жөнінде жазылған естелiгiн «Тауарих хамсада» орынды пайдаланылған. Қажылық сапарында ол сол кездегi Түркияның көрнектi ағартушыларының бiрi Ахмед Мидхатпен Стамбұлда танысып, тарих және басқа да ғылымдар жөнiнде еркiн пiкiр алысып, дүниетанымын толықтыра түседi.

1874 жылы Құрбанғали Шәуешектегi бiр мешiттiң имамы болады және осы қызметтi ол өмiрiнiң соңына (1913 жылдың 14 наурыз айына) дейiн атқарады. Құрбанғали ресейлiк мұсылмандардың мәдени орталықтарынан алыста жүргенiне қарамастан, өз заманының рухани өмiрiнен әсте тыс қалған жоқ. Ғалым ХIХ ғасырдың соңымен ХХ ғасырдың басында Ресей түрiк тiлдерiнде шығатын кiтаптарды, газет журналдарды ұдайы жаздырып алдырып отырған. Әсiресе, ол 1905 жылдан бастап Орынборда айына екi рет татар тiлiнде шыққан «Шуро» журналының тұрақты оқырманы болған. Осы журналдың редакторы, белгiлi тарихшы Риззадин Фахруддиновпен хат жазысып тұрған.

Аягөз бен Семейдегi медреселерде ғана оқыған, бiрақ табиғи таланты мен еңбегінің арқасында бiрнеше тiлдердi еркiн меңгерген білімдар азамат кейiннен Шәуешекте өзi де медресе ашып, көптеген талапты жастарға араб, парсы, татар тiлдерiнде жан-жақты бiлiм берген ұлағатты ұстаз болды.

Қазан қаласында шығатын «Шуро» журналы 1913 жылы Құрбанғали дүниеден қайтқанда берген қазанамасында: «1910 жылы Қазанда оның екiншi кiтабы, яғни Шығыс түркiлерiне арналған «Тауарих хамса шарси» деп аталатын «Шығыстағы бес елдiң тарихы» баспадан шығып, таратылды. Егер аңыздар мен ескi нанымдарға қатысты жеке элементтерiн алып тастаса, бұл кiтап шын мәнiсiнде тамаша еңбек. Онда өте құнды және басқа жерде кездесе бермейтiн мәлiметтер бар. Бұл кiтап жазбагердiң ғалымдығы мен адамгершiлiгi және оның ойы мен ақылының еркiндiгiн көрсетедi» деп, зертеушінің еңбегіне сол кездің өзінде жоғары баға беріп қойған болатын.

Халқымыздың тарихы мен этнографиясын оқып үйренуде Құрбанғалидiң «Тауарих хамсасы» нағыз таптырмайтын мұра деуге болады. Одан  көптеген деректiк және жылнамалық мәлiметтерді, шежiрелерді  табуға болады. Ол: «Осы кітапты жинақтауға 21 жыл уақыт жұмсадым, көкірегінің көзі бар достардың қамқорлығының арқасында осыншалық еңбекке қол жетті. Менің Бида имамдығымның 36-шы жылы, қазилық мансабыма отыруымның 28-ші жылына тура келді, 28 шағбан 1327 һижра (1905 жыл) бітті», деп осы кітапқа аса көп уақыт пен еңбек жұмсағандығын да айта кетеді.

Жерлесiмiз аягөздiк Қ.Халидтiң еңбегі ақталды, өйткені оның «Тауарих хамса» кiтабы танымдық-деректік мағлұматы мол, уақыт өткен сайын құны арта түскен тарихи жәдігерге айналды. Көптеген оқиғаларды өз көзімен көргендіктен және аз уақыт болса  да орыс консулдығында жұмыс істегендіктен Ресей мен Қытай арасындағы қатынастар, орыс-жапон соғысы, одан туындаған саяси мәселелер асқан дәлдікпен, саралаумен жазылған. Сондықтан да қазіргі тарихшылар үшін «Тауарих хамса» кітабы таптырмайтын дерек көздерінің бірі болып отыр.

Құрбанғали ғасырға жуық өмір сүріп, одан төрт ұл, төрт қыз қалған екен. Олардың ұрпақтары Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда тұрып жатыр. Құрбанғалидiң кiндiк қаны тамған Аякөз қаласында  да ұрпақтары тұрып жатыр. Бұл күндерi Аягөз қаласындағы бiр көшеге Құрбанғали Халидтің аты берілген.

Тәуелсіздігіміздің арқасында Құрбанғали Халид пен оның «Тауарих хамсасы» халқымызға қайта оралып, оқырмандарын қуантқанына да  ширек ғасырдай уақыт өтті. Бұл үшін бүгінгі ұрпақ, өткеніне құрметпен қарайтын қалың оқырман, әсіресе тарихшылар, Құрбанғали Халидтің рухына тағзым етіп, алғыс айтады.

 

 Махмұтбек

 

 

 

 

 

 

Мұхаметбек Асылбеков, Семей қаласының ШМУ Манаш Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының жетекші маманы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation