Абайдың тұтас әлемі екі шартты бөлікке сұранып-ақ тұр: ағартушылық және ойшылдық деген. Тәуелсіздік алғанға шекті, шыны керек, Абайдың ағартушылық қыры баса айтылды, ал ойшылдық жағы қағажу қалды. Бұл олқылықтың орнын толтырам деген адамға ешқандай да кедергі жоқ қазір. Төмендегі сөз Абайдың ойшылдық қырын саралаудың басы.
Ойшылдыққа бет бұру кезеңінде
Абай ой еңбегі – шығармашылықпен үзбей шұғылданған. Бұл жәйтті ойшыл өзі былайша түсіндіреді: «Жан қуатыменен адам хасил қылған өнерлері де күнде тексерсең, күнде асады. Көп заман тексермесең, тауып алған өнеріңнің жоғалғандығын және өзіңнің ол мезгілдегіден бір басқа адам болып кеткеніңді білмей қаласың» (43-сөз). Аса керекті, әдемі ескерту емес пе.
Әсіресе, 1889 жылдың күзі Абай үшін аса табысты күз болды. Пушкиннің әйгілі «Болдин күзі» сияқтанды. Шабытты сәттерді тап сол күндерде әкесімен оңаша қалып, өлеңді қалай жазғанын көзі көрген Тұрағұл кереметтей етіп суреттейді: «…Таңертеңнен кешке дейін, көбінесе орыстың кітабын оқиды да, ара-тұра жастықты бауырына басып, алдында ақ қағазы, қолында қарындашы, күңіреніп отырып өлең жазып тастайды, сол өлең жазардағы түрі: бір мұсаға мінген кісідей өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырайды, естілер-естілместей қып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп жазып кеп кеткенде көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де, өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды» (бір Тәңірінің қазаққа несібе еткен рухани нәрі, қуаты Абайдың қолымен өлең болып құйылған шақты бұдан асырып айту, сірә да, мүмкін емес).
Сөйтіп, 1889-1890 жылдары Абай шығармашылығы толысты, ақындық қарым-қабілеті шырқау биікке көтерілді. Оған 20 тарта төл өлеңдері және Пушкиннен 8 аудармасы куә. Ақынның қара түнекті қақ жарған сәулелі жырлары естіген жанды таң қалдырды. Бас-аяғы 4-5 жылда әлемдік поэзия шыңын бағындырып, артқыға мол мұра қалдыру неткен бақыт!
Бірақ Абай өзіне өзі разы емес, ойына ой, қайғысына қайғы қосқан хәлде. «Мен қажыдым» деп турасын айтады ақын. Оған «Ішім өлген, сыртым сау», «Сегіз аяқ», «Бай сейілді», «Келдік талай жерге енді» сияқты сыршылдық өлеңдері куә. Олай болса, ақын неден торықты? «Ішім өлген сыртым сау» деуінің саяси-әлеуметтік себептері қайсы? Осыған келейік.
Абайдың «Сегіз аяқ» сынды әлеуметтік өлеңдері қайғы-күрсініске толы болуының қысқа жауабы – «бодан елдің мұң, шері» дейміз.
Торығатын себебі – қазақ мешеу. Өзге халықтардың бәрі «бірін бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып зор болып» жатқан заманда қалың елі қазағының бейқам, надан, қараңғы қалуы ақынды қатты налытқан, әрине.
Бай сейілді,
Бір бейілді
Елде жақсы қалмады.
… Танымадық,
Жарымадық
Жақсыға бір іргелі (1890).
Әдетте ел «күн шықты, тұман сейілді» дейді. Абайдың «бай сейілді» дегені ел ішінде жақсы-жайсаң қалмаған шіли қараңғы хәлді көзге дәл елестетеді. Бақсақ, бұл жерде «бай» сөзі жуан қарын кәдуілгі байды емес, пейілі кең, жан дүниесі жарық, парасатты адам дегенді білдіреді.
Осы жылғы «Келдік талай жерге енді» өлеңінде: «Өзің жалғыз, надан көп, Ұқтырасын сен не деп» дейді.
Тағы бір мәселе, ұлы ақынның «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деген сөзінде жатқан сияқты. Абай – реалист. Ол өзінің қазақтың өлең сөзін әлемдік деңгейге көтергенін, оны, халықты тура жолға салудың құралы қылу деген мағынада, «түзеп» шыққанын жақсы білді.
Жә, «сөз түзелді». Бірақ тыңдаушы қауым сөзіне ерді ме? Ел мінезі түзелгені кәне. Міне, осыны көре алмай түңіледі ақын. Жаңағы «Келдік талай жерге енді» өлеңінде:
Осы жасқа келгенше,
Өршеленіп өлгенше,
Таба алмадық бір адам,
Біздің сөзге ергенді.
… Адам деген даңқым бар,
Адам қылмас халқым бар (1890), –
дейді. Сөзге ерген адамды «таба алмадық». Абайды түңілдірген де, ағартушылықтан ойшылдық бағытқа жетелеген де осы жәйт. Жаңаша форма – ғақлия сөздерге ауысады. Бұл Абай шәкірттерімен сұхбаттаса отырып, ойын еркін айта алатын, керек десеңіз, келешек ұрпақпен сырласатын және бір айтқан ойына қайрыла оралуға мүмкіндік беретін ерекше жанр болды. Осылайша ойшыл қара сөздері арқылы қазақты зерттеп танып, сол жөнімен жұртын түземек қамына кіріседі.
Менсінбеуші едім наданды,
Ақылсыз деп қор тұтып.
Түзетпек едім заманды,
Өзімді тым-ақ зор тұтып (1891).
Шумақта астар терең. Онда «осыған дейін заманды түзетпек едім, енді гәп адамның мінезін түзеуде екенін ұқтым» деген мән бар. Адалға жүрмей, адам түзелмейді; адам түзелмей қоғам түзелмейді; халық түзелуі үшін әркім жеке-жеке өзін-өзі түзеуі керек. Ол үшін еңбекті сау, ғылымды азық қыл. Міне, тың бағыт, жаңа парадигманың нышандары осылар. Енді философ Абай адамның болмысына бойлауға, жан әлеміне үңілуге басымдық береді.
Қорыта келгенде, Абай ағартушылық бағыттан ойшылдық әлеміне бұрды, өркениеттік таным тұрғысынан Батыстан Шығысқа ойысты дейміз.
Ғақлия жазуды қолға алуы осының көрінісі. Бұл бұрылыс «мен – қажыған арықпын» деп түңіле бастаған Абай өміріне жаңаша мән-мағына сыйлады. Бірінші сөзінде: «Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз?» деген өзінің сұрағына өзі былайша жауап береді: «Осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, …енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ».
«Адасқан» өлеңі һәм аудармалары жайында
Абай өлеңдерінің жылдары көп жайттарда сенімді емес. Мысалы, «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» деген өлеңі 1909 жылғы алғашқы жинақта «1889 жылғы» деп қате көрсетілген. Кейінгі Абай жинақтарында осы ағаттық қайталанумен келеді. Ағаттық болатыны, 1889 жылғы өлеңдер цикліне аталмыш өлең мазмұны, қисыны бойынша жат. Мен «ойшылдық өрістенмін» деп дараланып тұр. Қызығы сол, осы өлең 17-ші қарасөзбен мазмұндас. Тонның ішкі бауындай тығыз байланыста. Егер 17-сөз шамамен 1894 жылғы делінсе, өлең де сол мерзімдікі емес пе. Дәлелдер алайық. Абай өлеңде «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деп өсиеттей келе, былайша түйеді:
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.
Енді 17-сөзге келейік, онда: «Осы үшеуің басыңды қос, оның ішінде жүрекке билет, – деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен» – делінген. Көріп отырсыздар, бірі өлең, бірі ғақлия демесеңіз, Абайдың жеткізбек ойы қос тамшыдай ұқсас. Екі туынды арасын 6-7 жыл бөліп жатыр ма? Оған сенуге қиын. Екеуі де 1894-95 жылдары жазылған шығармалар деген ойдамыз.
Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
Абай 1896 жылғы «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» деген өлеңінде осылай деп тағы бір нықтайды. Себебі, бұл ойшыл мұсылмандық Шығыстың ілімдеріне терең бойлап, соның бірі – «толық адам» идеясына қызығушылық танытып жүрген кезең еді.
«Махаббат, сүйіспеншілік туралы жазылған өлеңдерінің жылдары ақынның есейіп кеткен кездеріне тура келеді, – деп ескертеді абайтанушы Қ.Жұмалиев. – Ал жас келіп, өмір тәжірибесі молайғанда айтылуға тиісті сөздері жас кездерінде жазылған болып шығады».
Әсілі, осынау әділетті сыни пікірге құлақ түргеніміз жөн-ау. Дәлелге Крыловтан аударған 12 мысалды алайық. Олар да 1909 жылғы алғашқы жинақ бойынша «1898 жылғы» деп көрсетіліп келеді. Бұл қате. Шындығында Абай Крыловты төрт жыл бұрын, яғни 1894 жылы аударған. Естеріңізде болса, осы жылы Абайдың ақындық мектебі қайыра өрістеді. Бірақ басты дәлеліміз бұл емес, Тұрағұлдың сөзі. Ол естелігінде былайша мәлімдейді: «Крыловтың переводтарын 1894 жылы Федоров деген уезной елге келгенде, менің әкемнің Лермонтовтың өлеңдерін перевод еткенін естіп, менің әкеме айтты: «Сіз Крыловтан перевод етсеңізші, қазақтың ұғымына сол қолайлы, жеңіл ғой», – деп. Содан кейін Крыловты перевод етіп еді». 1894 жылы Тұрағұл 20 жаста. Оның датаны еш қатесіз, дұрыс айтқанына сеніміміз кәміл.
1894 жыл ма, жоқ, әлде 1898 жыл ма? Онда тұрған не бар, тәйірі дерсіз. Мәселе сонда, соңғысы Абай әлеміндегі бұрылысты жыл. Хакім Абай мағрифатулла іліміне, екінші түрде айтқанда, теология тереңіне бұрады. Бұл жылы Крыловты аударуға мұршасы да, құлқы да болмағанына кепілміз. Жалпы дәлсіздікке жол беріп, бақандай төрт жылға қателесуге еш қақымыз жоқ.
1898 жыл Абай айналасында келімді-кетімді кісілер азайған жыл. Бұл ұлы ұстаз ел жұмысын баласы Мағауияға тапсырып, өзі оңашаланып, ой еңбегіне біржола ден қойған кезең. Қай қырынан қарасақ та, Абайдың Крыловты осы жылы аударуы нанымсыз.
Ал, Абайдың Лермонтовты ұзақ жылдар бойы көп аударғаны растық. Неге? Оған себеп – Абайдың жүрек лүпілі бірге соққан, жан құмары өзіне ұқсас адамды тапқандығы. Бұл жайында М.Әуезов: «Лермонтовты Абай ерекше бір қызу жалынмен, өзі қоса қозып, үнемі қызығып сүйіп, сүйсініп отырып аударады» деп көрсетеді.
Мұхаң айтса айтқандай, Лермонтовтай кесек таланттың бірде асау, енді бірде мұңға оранған мазасыз жүрегінен тасбұлақша атқылаған керемет лирикасы Абайды өзгеше сезімге бөлеп отырған. Мысалға Абай 1896 жылы аударған Лермонтовтың «Альбомға» атты өлеңі соның бірі. Ондағы:
Қол жазуды ермек ет, жатпа бекер,
Бұл көңілсіз дүниеден көп жыл өтер.
Өзі қысқа, өзі асау, тентек өмір,
Арттағыға бір белгі қойса нетер? –
деген жолдардың сахара төсінде өзінің «Ғақлия» кітабын жазып отырған қазақ данасына дем бермеуі, толғанысқа түсірмеуі мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Қайталап айтқанда, гәп Лермонтовтың көңіл-күйі, сезімі, ізденісі мен қиналысы Абайдікіне дөп келгендігінде жатыр. Бұл ішкі дүниенің нәзік хәлін дұрыс ұға алмай, Абай орыс ақынынан сөз өрнегін үйренді я болмаса әлдебір идеяны алған-мыс деп бұрмалау хакім Абай рухына қиянат жасау болады.
Абайдың аудармашылық шеберлігі көп айтылған мәселе. Соның бірін келтіре кетелік. «Абай ана тілден айна-қатесіз балама тауып, жүректің қанымен жазудың үлгісін жасады, – дейді Тәкен Әлімқұлов «Жұмбақ жан» кітабында. – Қазақ тіліне аударуда біздің күні бүгінге шейін Абай тәжірибесіне соқпай, оған мойын ұсынбай өте алмайтынымызда бұрқыраған қайнардың қасиеті бар. …Абайдың шеберлігі сондай, оның аудармаларын төл туындыдан ажырату қиын. Желінің тұтастығы, ойдың өміршілдігі, сөздің ымы-жымы бөгделікке жол қалдырмайды».
Мына бір келеңсіз жәйтке үн қоспай қала алмадық. 1995 жылғы Абайдың академиялық екі томдық толық жинағында ақынның төл өлеңдері мен аудармалары мидай араласып, бірге басылды. Япырай, неге?! Ғұлама Мұхтар Әуезов Абайдың өлеңдері мен аудармаларын араластырған ба? Ешқашанда! Өйткені, өндірдей жастарда «Абай өз өлеңінде орыс ақын-жазушыларына еліктеген, солардан үйренген-ау» деген солақай пікір қалыптасуы мүмкін. Әуезов салған дәстүрге немкеттіліктің, бір қарағаннан көріне қалмайтын, тереңгі теріс салдары осы арада. Айтып-айтпа, ұстаз-хакімнің бейнесі кәдімгідей көлегейленіп, төрдегі орны төменшіктеді. Төл шығармаларды аудармамен қосақтау ғылымға да, әлемдік салтқа да жат, абыройсыз әрекет, зиянды тәсіл.
Сонымен, жан-жүрегімен сүйген ақындар арқылы Абай өзін өзі уатып, көңіліне жайлау, жаралы жүрегіне ем тапты. Ұлы ақынның орыс классиктері поэзиясын көп аударған хәлін жас буынға осылай ашып, түсіндірсек ұтымды әрі шындық ауылына да жақын боламыз.
Әуез қожамен сыйластығы
Абай: «Бай сейілді, Бір бейілді, Елде жақсы қалмады» (1890), – дейді. Ақынның бұлайша торығуы би, болысқа, жалпы атқа мінер топқа қатысты. Әйтпегенде Абайдың әр сөзін қастерлеп, дұғадай қайталаған адамдар қарапайым көпшілік арасында баршылық болған. Соның бірі – Мұхаңның атасы Әуез (азан аты – Әуезхан) жарықтық еді.
1886 жылы Қожалар ауылы Шыңғыс ішіндегі Қызылшоқы мекенін тастап Бөріліге көшті. Мәжбүрліктен. Көші-қон мәселесін шешуге ауыл ағасы Әуез Абайға жүгініпті. Әуелі осы уақиғаға тоқталайық.
Құнекең 1855 жылдары Бердіқожаны ұлдарымен көшіріп алып, қоныс берген. Олар Шыңғыстаудың шеткі қабаты – Қызылшоқы адырына орныққан. Таудың ішкі қабаттары жиі қыстау (20 астам), қалың ел. Жер тарлығы өткір мәселе. Бөрінің бөлтірігіндей жетілген Құнекең ұрпағы әй-шәйға қарасын ба, Қожалар ауылын бөтенсіп, жеріне көз аларта бастапты. Бұл Құнанбай қажы 1885 жылы дүние салған соң-ақ басталған әңгіме.
Сонан Бердіқожа ұрпағының үлкені Әуез Абайға жүгінген ғой. Абай олардың жағдайын түсініп, Бөріліге таяу Тышқан деген жерде Нұрғаным анасы отырғанын да ескере келіп, әділ пәтуәсін айтқан. Ол шешім бойынша Абай Қожа ауылына өзінің дайын қыстауы Бөріліні ұсынған. Ал, 1878 жылдан Бөріліде қыстап отырған кіші жары Әйгерімге қозыкөш жердегі Аралтөбеден жаңа там, қыстау соқтыртады.
Бекен Кәнібайұлы Исабаев «Ұлылар мекені» кітабында: «Бұл хақында сөз етер, ой толғар кім де болса, ұлы Абайдың бұл шешімін Алланың Абай – Мұхтарға, сол перзенттері арқылы қазағыма, қазағымның келешегіне түсірген жарық нұры деуіне сөз жоқ» деп толғанса, оған алып-қосарымыз жоқ.
Сонымен, Абай шешіміне сәйкес қожалар Бөріліге түпкілікті қоныс аударған. Бұл қалаға жақын әрі тыныш, кең де көрікті аумақ. Өзіңіз де ойлаңыз, Қызылшоқы – Семейден 250 шақырым аулақта, ал Бөрілі мекені қаладан небары 80-90 шақырым.
Абай баласы Ақылбайдың қыстауы Бөріліден сәл төмендегі Тышқан, Аяққараған деген жерде орналасқан. Әйгерім мен баласы Тұрағұлдың қыстауы Аралтөбе де осы аумақта дедік. Осылайша үш ауыл өз алдына бір шәлкем елді құрады. Бөрілі – ортада, оны Абай ауылдары орап жатты. Бала Мұхтардың ең жақын екі досы: бірі – Даниал Кәкітайдың баласы, бірі – Жебірәйіл Тұрағұлдың баласы. Жалпы келешек жазушының жақын айналасы түгелдей Абай ұрпақтары болды. Құдай сәтін салды деген осындай-ақ болар!
«Мұхтар 1897 жылы Бөріліге жақын Аяққарағанда, күзем жүнін алып жатқанда жарық дүниеге келді, – деп есіне алады жазушының аталас туысы Разақ. – Бала емшектен шыққаннан кейін атасы Әуез бен әжесі Дінәсілдің бауырына кіріп, мүлде бұла болып өсті. Олар көмірдей қара шашты, қара торы, сүйкімді немересін жандарындай жақсы көрді. Үнемі әлпештеп, мәпелеп өсірді».
Әуез ата қайтыс болғанда (1918 ж.) Ақшоқыдағы Құнанбай ұрпақтары зиратына жерленді. Бұл кездейсоқтық емес. Ол Абайдың оң қолы әрі ел ағасы ретінде Бөрілі-Тышқан-Аралтөбе аумағы береке-бірлікте болуына көп еңбек сіңірген адам. Академик Рымғали Нұрғали: «Құнанбай – Әуез, Абай – Омархан әулеті өзара қыз беріп, қыз алысқан, нағашылы-жиендік орайда туысып, ортақ туысып, ортақ қуаныш, ортақ қайғыны бөліскен, сүйек-шатысты, жүзжылдық күйеулік, мыңжылдық құдалық рәсімін берік ұстаған жақын, бауыр адамдар…», – дейді. Зерттеушілер сөзінше, Қожа ауылы мен Абай ауылдары арасында оннан астам неке қиылған. Үйлену тойы мен құда түсу рәсімдерінде төрде Әуез бен Абай, әлбетте, қатар жайғасқаны сөзсіз (осы көрініс қылқаламға сұранып-ақ тұрған жоқ па).
Аралтөбеге ат басын тіреген сайын Абайды Әуез қожа дәйім үйіне шақырып хандай күтеді екен. Әрине, екеуі көп пікірлескен. Кейде мұңдас, кейде сырлас боп дегендей. Әттеген-айы, Абайдың сөзін ұққан парасат иесі Әуез, жалпы Қожалар ауылы «Абай жолына» енбей қалған. Өйткені, жазушы ұстараның жүзіндей уақыт тезінен, яғни «өз туысын дәріптеді» деген пәле-жаладан сақтанған болатын. Неткен өкініш!
Әуезді Абай «Әуке аға», кейде «Үлкен қожа» деп атапты. Жидебай мекенінде Разақ Самарханұлына шығарған өлеңінде Абай:
Үлкен қожа – ортан қол,
Өзгелері, аты жоқ пенен шынашақ (1896), –
десе, бұл Әуезді ел ағасы деп жоғары бағалағанының куәсі.
Өз кезегінде Әуке аға Семейге жақын жайлы қоныс берген Абайды айырықша сыйлағанын айттық. Әуелі өлеңдері үшін хан көтерген. Ал, Абайдың қара сөздері шыға бастаған кезден оларды да жаны сүйіп оқыпты. Мұхаң: «Тобықты ішіндегі ел кісілерінің барлығы да …ең алдымен қара сөзді тілейтін, үйде отырып оқығанда да өлеңін қойып, ылғи ғана қара сөзін оқып, соған көп рахаттанатын үлкендерді бала күнімде менің өзім де көп көрдім» деп жазса, бұл жерде туған атасын еске алып отырғаны шүбә тудыра қоймас.
Абай сөздерін аят-хадистей қабылдап, өлеңін жатқа білетін Әуез соны 6 жасар немересі Мұхтардан талап етсін. Мұхаң «Өз жайымнан мағлұмат» (1928 ж.) деген қолжазбасында қатал мінезді атасы Әуездің берген дәрісін былайша жеңіл әзілмен есіне алады: «Балалық шағым ауылда өтті. Қара тани бастағаным да со кез. Немерелерін атамыз Әуездің өзі оқытатын. Бес-алты жасар кезім. Бір күні кешкісін ас алдында атам мені қасына шақырып алды. Оқуға жараған-жарамағанымды сынамақ екен – «р» дыбысы бар сөздерді айтқыза бастады. Бұл дыбысқа тілің келмей тұрып, қара танимын дегенді ойыңа да алмайсың. Келесі күні тағы да алды қасына… Қолындағы қалың қолжазбаны көргенде неге шақырғанын біле қоям. Бұрынғыдан бетер ренжимін. …бұл кітап – Абай өлеңдерінің жинағы. Абаймен дос болған әрі ақын талантына таңырқап ден қоюмен өткен Әуез оның өлеңдерін кітап қып көшіртіп алады да, бізге сол арқылы қара танытпақ болады. …Өстіп, ең алғашқы «тізені» Абайдан көрдім. Өлеңін күндіз де, түнде де жаттадым… Сонымен, бір қыс, бір жазда Абайды түгелге жуық жаттап шығып едім». Осымен, жоғарыдағы сөзіміздің бәрін Мұхаң өзі растап береді.
Бала Мұхтар Абаймен бір мәрте ғана жүздескен. Сол алты жасында әжесі Дінәсілге еріп, Абайдың үйіне қонаққа бармай ма, бірақ ұлы ақынның қасында көп отырмай, далаға шығып, балаларға қосылып, ойнап кеткеніне кейін қатты өкінген екен.
Ел ағасы Абай Қожалар ауылын құтты мекенге көшіріп, зор шапағатын тигізсе, сол Бөріліде ұлы суреткер Мұхтар Омарханұлы Әуезов дүние есігін ашты. Ол – ұлы ақынның бас биографы әрі «Абай жолы» эпопеясын тасқа басып, мәңгі ескерткіш тұрғызды. Осымен, Әуездің немересі ұлы Абай жасаған жақсылыққа қарымтаны толығымен қайтарды.
Семей-Қарауыл күре жолынан солға бұрып, 3-4 шақырым жүрсеңіз алдыңыздан – Бөрілі ауылы шығады. Ауылға кіреберісте Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйі. Үй алдындағы төбеге үлкен тас қойылып, онда «Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі» деген сөздер қашалған. Бұл Мұхаңның өз сөзі. Ондағы «мұңлы қоңыр» тіркесі еріксіз назар аудартады. Онда астарлар бар.
Бірінші астар – бала шағында апа-жеңгелері Мұхтарға «Қоңыр» деп ат қойған. 1922-1923 жылдары Мұхаң мақаласы соңына «Қоңыр» деген бүркеншік есімді қойып жүргені сол. Екінші астар – Бөрілі аумағы жер қыртысы, ондағы қоңырайған қазақы әлем, мейлі, құбатөбел тіршілік дейсіз бе, әйтеуір, «қоңыр» атына сайма сай. Оған Мұхаң Шыңғыстау сапарында көрген (1943 жылы, шілде айы) қайғылы ахуалды қосыңыз. Мұхаң қасына шәкірті Қайым Мұхаметхановты ертіп, Бөріліге келгенде «Бөріліде бір жан, бір мал ұшыраспады, – дейді Қайым аға, – Мұхаң қыстауы аңғай-саңғай. Есік-терезесі ашық, сылағы түскен. Көріксіз-ақ!». Құдайым-ау, кешегі қалың ел, думанды ауылдар қайда?! Айнала өлі тыныштық. Жаңағы «Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі» деген біртүрлі сөздерді жолжазбасына түсірген сәтте Мұхаң жанарына жас үйірілгені шүбәсіз сияқты.
«Бөрілі бұрын Абай мекен етіп, өзінің болашақ ізбасары Мұхаң әулетіне сыйлаған қоныс болуымен де даңқты, қасиетті. …Бірі – ХІХ ғасырдың екінші жарымы бойына, екіншісі – ХХ ғасырдың бірінші жарымында туған халқының ақыл-ойы, өнерінің туы болған қос алып».
Абай және Әуез туралы шағын баянды ұзақ жылдар Бөрілідегі Мұхтар Әуезов мұражай-үйінің меңгерушісі болып қызмет атқарған жоғарыда аты аталған Бекен қарияның осы сөзімен қорытындылағым келді.
Асан Омаров, абайтанушы ғалым.