Бейсенбі, Тамыз 17, 2017
Негізгі > Руханият > Әуезов құрған АЛҒАШҚЫ ФУТБОЛ командасы

Әуезов құрған АЛҒАШҚЫ ФУТБОЛ командасы

ӘСЕРДІҢ ӘСЕРІ БАР

Мұхтар кешегі кір-қожалақ, пұшық мұрын Шоңқа емес, байқаймын, Семейде жарты жыл орыс-қырғыз мектебінде оқығаны оған үлкен әсер еткен. Алдымен сырт көрінісі тартады. Үстіне киген формасы өзіне құйып қойғандай екен. Сонымен бірге Мұхтардың жүріс-тұрысы да өзгерген тәрізді.

Семейден Қаске мен Мұхтардың келгені ауыл-аймаққа тез тарап, дос-жарандар: «Әуке аға, кәрі апа, Мұхтар немерең келіп көңіліңді бір демдедің бе?» – деп, жалпы ыстық сезімдерін білдіріп жатыр. Бірақ ауыл адамдарының пиғылы бәрі бірдей емес. Мұхтардың формалы киімін көрген ел билеген би мен болыс, кейбір қарттар «сұмдық» деп шу ете түсті.

-Сорлы Омархан қожаның жылағанындай бар екен ғой, – дейді кейбіреулер. – Жап-жас баланың бұзылғанын-ай, әттең…

-Бәленің бәрі Әуез шалда, – дейді екіншілері. – Төрінен көрі жақын болып отырып, орысшылын қайтерсің. Жастарды бұзып, ауылды әбден ластап бітер.

Қаске мен Мұхтардың піріміз қожаның дәстүрін бұзып, орысша оқуы «Абайдың теріс әсері» деп білді болыс пен билер жағы.

Ел адамдары «балық басынан шіриді» дегендей, Әуездің бұл қай қылығы, дінді тарату орнына бүкіл Тобықтыны бұзып құртатын болды, болмайды, ол шыдамаймыз, айтамыз Әуезге, қайтсын райдан деп, кісі салғандар да болған.

-Әуез, бұл не қылғаның?

Халыққа безерлігі жоқ, қой аузынан шөп алмайтын атам сасып қалды.

-Не қылыппын? Не істеппін? Түсіндіріңдерші!

-Балаң мен немереңді орысша оқытып, ел дәстүрін бұздың. Байлауын өзің айт, осы қылығың шариғат жолына жата ма?

Атам әңгіменің байыбына енді түсінді. Жер шұқылап отыр.

-Алла-ай, сақтай гөр! Біз мұны күткен жоқ едік…

-Айналайын ағайын, – деді атам ойлана сөйлеп. – Біреу болыс, екіншің би, үшіншің бай. Қанша айтқанмен насихатты ешқайсың тыңдамайсың, білемін, мен айтсам бұл күнің, бұл дүниең бұл пұл байқасаң. Абай айтқандай: «… Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малмен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, арамдық, ақыл, ғылым, білім еш нәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса, құдай тағаланы да паралап алам дейді…» Менде мұның бірі де жоқ. Мен де пендемін. Өлмес жолымды іздесем деймін.

-Абай, Абай деп, Абайды алдыңа саласың да отырасың, дозаққа да алып кетесің бе Абайды.

-Иә, иә, – деп шулап қоя берді көкірегін кір басқан қариялар жағы. – Оған құдай көне қоймас. Өзі ойыңша не істейсіз, не істейміз. Тоқетерін айт.

-Айтсам, бұл күн күн емес, жатпай-тұрмай орыстың мәдениетін, ғылымын үйрен, сонда айың оңыңнан туады.

-Алдымен үлкен қожа бұзылған екен. Бұл да Абайдың теріс әсері, – деді елдің атқамінерлері.

Ауылымыз Абай ауылымен қысы-жазы жапсарлас, қойы өрісте, ағайын-туыстай араласып кеткенбіз. Сөз жоқ, Мұхтар ес білгелі Абай, Абайдың есті балаларынан үлкен тәрбие алды, үлгі-өнеге алды.

Атам ескіше оқып, хат танып, әріпті жаза бастаған соң, Мұхтарға, бәрімізге Абай өлеңін, қара сөзін үйрете бастаған. Күн екінтіге таянып қалған кез. Таңертеңнен бері  әріпті жаттап отырмыз.

-Балаларым, – деді атам көңілді сөйлеп бірден, – осы жаттап отырғандарыңды келесі күні таңертең маған айтып бересіңдер. Ал қазірден бастап Абайдың қара сөзімен танысасыңдар. Мұны да күн аралатып, кешқұрым жатқа айтып беріп отырасыңдар.

-Жарайды.

-Ал, Мұхтар, сен жазып ал, – деп, атай сөйлей кетті. – «Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар. Әуелі – көкірегі байлаулы, берік болмақ керек. Екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтләну керек, көңілденіп, тұщынып, ынтамен ұғу керек. Үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып, ойланып, көңілге бекіту керек. Төртінші – кеселді ойлардан қашық болу керек…»

Атай бұл сөздердің сырын, мағынасын қайта-қайта түсіндірді. Кейін Біләлға Абайдың 33-ші, маған болса «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды» деп басталатын қара сөзін берді. Аз-кем бой жазып, демалған соң Абайдың қара сөзін жаттауға кірістік.

Содан былай қарай атамыз мейірленіп, күн ұзақ бас айналдыраған ескіше оқу қала бастады. Енді Пушкин, Крылов, Лермонтов деген жаңа есімдерді естіп, «Жалау», «Ой», «Қанжар», «Татьяна сөзі», «Онегиннің Татьянаға жазған хаты» деген өлеңдер мен «Емен мен шілік» , «Піл мен канден» деген мысалдарды күн-түн демей жатқа айта бастадық.

Қазақ халқының рухани мәдениетінің асыл қазынасының бірі – ауыз әдебиеті екені анық. Атам халық ауыз әдебиетін үйретті. Әсіресе ғашықтық жырлардан үзінділер келтіріп, бізге үлкен шабытпен талай әңгімелеп бергені бар. Міне, атам аузынан «Туған жер» деген халық әнін бірінші рет естігеніміз бар.

 

«Ата-атам ақ батаңды ақтап кеттім,

Тентек ел талқысына тастап кеттім.

Болсам да шұбар жылан іштен шыққан,

Қарғамас деген сенім тастап кеттім.

Қарғама жалғызыңды-ай!

Туған ел, амандасам жас-кәріңе,

Бірге өскен құрбы-құрдас дос бәріңе,

Жарасқан әзіл-сауық аға-жеңге,

Аласың мені не деп естеріңе,

Туған жер, енді аман бол!-дейтін.

Атам «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан» эпостық жырлардан, «Алпамыс», «Қобыланды», жырларындағы батырлар ісінен, «Күн астындағы Күнікей қыз» атты қиял-ғажайып ертегілерін де айтып берген.

Қырдағы түнгі ойындарымыздың бірі – ақ сүйек. Ақ сүйек – бала жасымыздан жақсы көретін ойындарымыздың бірі еді. Ай жарықта кең далада ойнаған ойын ойымызды сергітіп, өзімізді шынықтыра түсетін. Жас Мұхтар да сол ақ сүйек ойынын құмарта ойнайтын. Мұхтар ақ сүйекті тапқыш еді, әрі жүгіргіш, мәреге де бұрын жететін, Мұхтар жағындағы балалар көбірек ұтатын.

1914 жылдың сентябрь айлары. Жаңа оқу жылы басталды. Оқуға жіберген балалардың көбі бүгін үлкен Семейдегі шіркеу алаңында ойнап жүр. Осы алаңға келе жатқан Мұхтар, Нәсір, Дәку қызу әңгімелесіп келеді.

-Мұхтар, өткен күні мен кітапханадан «Русский спорт» деген журналды оқыдым, – деді Дәку.

-Иә, не депті?

-Әйтеуір футбол ойыны деген біздің ойнап жүрген доп ойынынан басқа. Аяқпен тебетін көрінеді.

-Әй, сені-ай! – деді Мұхтар. – Қызықсың өзің, қайдағы журналдан оқығаныңды айтасың. Міне, көз алдыңда орыс балалары ойнап жатқан жоқ па сол ойынды. Неткен қызық ойыны еді. Әне-әне көріңдерші.

-Анау футбол ойнаған кілең орыс балалар, – деді Нәсір.- Біз неге ойнамаймыз?

-Міне, біз жүрміз ғой, түк бітірмей. Сол ойынға араласа алмай жүрміз ғой, – деді Дәку Мұхтарға қарап.

-Дұрыс айтасың, – деді Мұхтар. – Бірақ ойымды бөлмеші, осы Семейде сонау Москвадан 1912 жылы келген Николай Николаевич Куприянов деген кісі бар деп естідім. Мына орыс балаларына спорттық киім алып беріп, ойынның тәртібін үйретіп жүрген сол кісі екен. Өзі үйретуші болса керек. Сонан соң Алексей Михайлович Огородников деген футболды жақсы ойнайтын шәкірті, жергілікті жігіт тағы бар дейді. Сөздің қысқасы, солармен байланыс жасайық.

-Маңына сені жолата қояр ма екен, – деді Нәсір екі ұшты оймен.

-Ой, не дегенің. Өз ақшамызға бір мяч тауып берсе болғаны.

Әлгі үш бала сол жерде өзара келісіп, істі бөлісіп алды. Мұхтар болса Николай Николоевич Куприяновты іздеп, Нәсір мен Дәку болса футбол ойнауға қатысуға ерік білдіретін қазақ балаларының тізімін алып, ақша жинауға кетті. Олардың кездесетін жері Новалевский фотографиясының маңы болды.

Мұхтар Николай Николаевичті іздеп көп жерге барып, оны базар алаңынан кездестірді. Ықшам, ыңғайлы, спорт киімін киіп алған Николай Николаевич бір топ баланы басқарып, базар алаңын тазалап жүр екен. Мұхтар сырттай сұрап еді, бұл жерде ертең футбол жаттығуы болады, кейін жолдастық кездесулер өткізілетін көрінеді.

-Сәлем, Николай Николаевич, – деп, Мұхтар жетіп келді. – Кешірерсіз, ағай, мен сізге бір жұмыспен келіп едім.

-Айта ғой, жайшылық па, қайдан?

-Училищеден.

-Жақсы, жақсы. Кәне, не жұмысың бар?

Мұхтар өз ойын түгел баяндады. Николай Николаевич қазақ баласының бұл ойына қуанып кетті, шын көңілмен қарсы алды.

-Талаптарыңа нұр жаусын, – деді Н.Куприянов. – Бірақ сен білесің бе, патша үкіметі қырсық қой. Сендердің ойнағандарыңды көре алмайды. Сол үшін спорт жабдықтарын босатпайды, алу өте қиын.

-Немене, ақшасын береміз. Тегін бермесін бізге, ақшамызға берсін.

-Білемін, Мұхтарка, – деді Николай Николаевич оның басынан сипады. – Патша үкіметінің о бастан жаңалыққа жаны қарсы ғой. Мейлі, мына балаларға алып берген спорт құрал-жабдығынан бір доп, сетка берейін. Қазір ал. Сонан соң балаларыңның санын маған айтарсың. Майкадан да қарасармын.

Бұдан соң Николай Николаевич Куприянов Мұхтарға футбол ойынының ойнау тәртібін, ережесін мұқият түсіндірді.

-Рақмет, ағай, рақмет!

-Жолың болсын, – деп, Николай Николаевич Мұхтардың артынан мейірімді толғаныс үстінде қарап тұрды.

Доп пен сетканы қолға алған Мұхтар алды-артына қарамай, зытып келеді. Бет алысы баяғы Новалевский фотографиясының маңы. Қуанышында шек жоқ. Достарына жеткенше асығып келеді, жүгіріп келеді. Оны Нәсір, Қасым, Дәку, тағы басқалары қуана-қуана қарсы алды.

Жастар серпіліс үстінде. Олар сетканы да құруға шамасы келмей, Николай Николаевичтің айтуы бойынша екі жерді белгілеп жіберіп, екі жаққа бөлініп, әлгі допты аяқпен тебе жөнелді.

-Сетка мен допты қайда қоямыз? – деді Мұхтар…

-Қам жеме, – деді Нәсір. – Мына фотографияда Ирик ағай істейді. Соған қоямыз. Қиянат жасамайды.

Арада көп уақыт өткен жоқ. Ноғай балалары мен қазақ балаларынан Семей қаласында 24 адамнан «Ярыш» атты футбол командасы құрылды.

Мұхтармен бірге ойнаған, әрі сол футбол командасына қатынасқан, қазір көзі тірі Өзбек ССР Ғылым академиясының қызметкері, ғалым Қасым Мұхамедов жолдас өткенді еске алып, былай дейді:

«Футболды екі маусымда, оқуға алғаш келгенде және май айларында ойнайтынбыз. Жұмысына екі, үш рет базар, шіркеу алаңдарында бас қосытынбыз. Онда әркім өз үлесін қосатын. Мақсатымыз біреуді, қарсы жақты ұтып кету емес, футбол ойынын үйрену еді. Бұл шынында да қазақ балалары үшін үлкен үлкен жаңалық болатын. Футбол ойнау ақ сүйектен гөрі орыс мәдениетіне бізді жақындата түсті. Сабаққа аса зейінді Мұхтар «Ярыш» командасының құрамында ойнап жүргенде өзінің тағы бір талантын көрсеткен. Біз оның бойынан қолға алған мақсатты іске беріктігін, әр нәрсені білуге, үйренуге құштарлығын байқайтынбыз. Бұл кезде, оқып жүрген кезінде Мұхтар «өнерді үйрен де жирен» деген қағиданы, немесе «жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болу керек» деген мәтелді жадында берік сақтайтын адам боп көрінетін».

Бала Мұхтар ойындай мақсатшыл, зейінді еді. Оның бойымен бірге ойы өсті. Еңбекпен, спортпен денесі шыныға түсті. Бұрынғыдан да байсалды, өзіндік ой иесі боп келе жатты. Әсіресе әдебиетті сүйіп оқитын, қазақ ауыз әдебиетінің тамаша нұсқауларын сүйетін.

Ахмет Әуезов,

“Жас Мұхтар” кітабынан

0

Жауап жазу

Your email address will not be published. Required fields are marked *

+ 33 = 36

Кіру
*
*
*
*
*
Кілтсөздерді қотару