Туылған!.. Қазақ тілінің табиғатына жат, түйеден түскен емес, жер астынан жарып шыққандай, сұмпайы, сөлекет сөз. Заманымыздың заңғар тұлғасы, әлемге әйгілі ұлы ақынымыз Мүнхаузен пәленбайыншы жылы туылған. Ол туылған, мен туылғам, сен туылғансың!.. Сұмдық қой. Тіл бұзу ғана емес, түйте-долаң сауатсыздық көрінісі. Арыдағы мың жылдық эпостарымызды айтпайық, қазақ әдеби нұсқалары таңбаға түскен соңғы екі ғасыр бойы… Абай… Шәкерім… Мұхтар Әуезов… Мысал келтіріп, дәлелдеп жатудың өзі артық болар еді. «Туғанда дүние есігін ашады өлең…». «Бар – қартаймақ, жоқ – тумақ, туған – өлмек…». «Анадан алғаш туғанда – Жыладым неге дауыстап…» «Мен 1897 жылы… Шыңғыстауда тудым». Қалыптасқан ауызекі тіліміз тұрыпты, арғы-бергі жазба нұсқалардың өзінен мың сан мысал келтіруге болады. Сөз білетін, жөн білетін ағайындар кейіспен, ренішпен жазып та жатты. «Туылған» бейбақ кең дүниеге жаңа келген, шамасы бұдан бес-алты жыл бұрын. Одан кейін және дәп бүгінгі күні. Ешқандай нәтиже шықпады. «Туылған» жұрттың берік сенім, нақты дәлелі бар. Қалай айтсаңыз да бұрынғы қазақ білмеген, жазарман атаулы жаңылысқан. Бала өз еркімен, өзінен өзі тумайды ғой! Туылады! Анасы туады. Міне, керемет. Мал – ұрғашы мал ғана туады. Әйел – табады. Бұрынғының анасы. Бес бала тапқан, он бала тапқан. Қазір де жалғыз-жарым баласын. Басқасын жиып қойғанда, өткен замандарда ешкім олай айтқан жоқ, олай жазған жоқ. Дәп осы арада ешқандай қисыны келмейтін ырықсыз етіс емес, қазақ тілінің грамматикалық ішкі заңдылықтарына сәйкес қалыптанған есімше сөз. Бұрнағы берік тұрғы, кейінгі ақылға сыйымды лепес атаулыны жиып қойдық. Жағалай «туылып» жатыр. Жекелеген қолданыстан озып, жаппай қатарға енді. Қазіргі қазақ сайттарының бәрі дерлік, ағымдағы баспасөздің көпшілігі, тіпті, кейбір, әжептәуір саналатын жазушылардың өзі тынымсыз «туылуға» көшкен. Ақыры, егемен еліңнің шекарасынан өтіп кетті. Бұл жақтағы алаштың жақсысын танымай, жаманын қасиет тұтатын қытай қазақтарына барып жетті, және мен қадағалап отыратын сайттарында жаппай қолданысқа түсті. «Туылғанға» дауа жоқ екен. Ендеше, келесі саты – «өлінген!». Адам әдетте өз ырқымен өлмейді ғой. Ауру-сырқау ма, көлденең пәле, немесе аштық пен кәрілік пе – «өлінеді!». Абай: «Адам жылап туады, кейіп өледі» – деп еді, Шәкерім қажы: «Туған жан өлмек, – Тағдырға көнбек!» – деген, ал күні кешегі Қасым: «О дариға, алтын бесік туған жер!.. Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем, – Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім…» – мүлде қате: «…Жылап туылады, кейіп өлінеді», «Туылған жан өлінбек», «Туылған жер… Сенде туылдым, сенде өлінсем…» – деп айтулары шарт екен. Уақа емес, келесі бір басылымдарда түзетеміз! Ендеше, бүгінгі білікті қаламгер тіршілігінде, яғни өлінгенге дейін өзінің бар жазуына ие болуы керек. Оның ішінде біз де. Кейбір жеке басылымдарда, тіпті, ғұзырлы редактор ғана емес, еркін ойлы, білгір корректорлар сөйлеміңді оңдап, сөздеріңді түзетіп жатыр, осы ретпен сен де бір күні «туылып» шығуың әбден мүмкін. «Туылған» жанның «өлінбегі» хақ болса, әзірге жаңаша түрленбей тұрған «тіршілігіңде» шамаң келсе, қаптай «туылған» сөз жендеттерінен сақтанып, бар жазуыңды қызғыштай қорып отыру қажет сияқты. Жалғыз біз емес, жазатын, жазбайтын, әйтеуір шәлдіріксіз, түзу сөйлей алатын, басы тұнық барлық жұртқа қатысты лепес.
Сонымен, қыжыртпай айтсақ, «туылған» – тіл мәдениетінің айна-қатесіз жаңа бір өлшемі: «туылған» жүрген жерде сауат та, түйсік те жоқ, қара қасқа надандық қана бар. Ең сыпайы сөзіміз деп біліңіз.
Кез келген халықтың тілі – аса күрделі категория. Заман озған сайын өзгеріске түседі, жаңғырады, жаңарады. Бір пара сөздер әртүрлі себеппен қолданыстан шығады, жаңа ұғымдарға сәйкес жаңа сөздер қалыптанады. Мұның бәрі – табиғи жағдай. Алайда ғасырдан ғасыр өтіп, дүние қаншама құбылса да, тілдің сол ұлтқа тән фонетикалық құрылымы, жіктеу, септеу ерекшелігі, ұғым жүйесі бұзылмайды. Негізгі лексикалық қор – атау сөздер сақталып тұрады, «ақ» – ақ болып, «қара» – қара болып қала бермек. Бұл көпе-көрнеу ақиқатты еске салып отырғанымыз, бүгінгі қазақ басылымдарында көне заманнан келе жатқан байырғы сөздердің кейбірі бұрмаланып, жаңсақ, тіпті, қарама-қарсы мағынада қолданыла бастады. Бұл жағы да түйсікті жазармандар тарабынан, ішінара болса да қаперге салынып жатыр, бірақ оңалып кеткен ештеңе жоқ. Бүгінгі қазақ қауымының «егемен» ерекшелігі, қайда қитар, қотыр мен соқыр болса, соған әуес. Судыр суайтыңыз – әлемдегі ең шыншыл адам болып көрінеді, аяр мен жалтақ – қайтпас қаһарман ретінде танылған, ұлтсыз жандайшап сатқын – күрескер, халқыңның ең адал, ең құрметті тұлғасы. Және керісінше. Сөз жайы да осы орайда. Жүз мәрте айтылып жатса да, мыйға қонбайды. Енді өзіміз көптен байқаған, біразы жаңадан тіркелген, кейбірі бізден бұрын да ескертіліп, нәтиже бермеген, қайткенде де бүгінгі бұзылған тілдің бар кетігін түгендей алмайтын, бірақ айтпауға болмайтын, азды-көпті анықтамалар. Оңтайлық үшін әліпби ретімен берейік.
«Ағарған». Мал сүмесіне қараған қазақта, тіпті, арыдағы Көне Түрік дәуірі, Шыңғыс хан заманының өзінде негізгі тағамдар үш топқа жіктелген: ақ, қызыл, пісәс. «Қызыл» – ет, етке қатысты дәм атаулы; «пісәс» – мал сүтінен, ұзақ сақтауға лайықталған тамақтар – құрт, май, ірімшік, сүзбе. Ал «ақ» — күнделікті қолданыстағы сүт өнімдері: қымыз, айран, қаймақ, қатық, таза сүттің өзі, ақ ірімшік, ең аяғы шалап. Советтік қазақ ежелгі кәсібінен ажыратылып, ішінара мал сүмесінен де шеттеген, оның есесіне ақ арақ пен қызыл шарап күнделікті тұрмысқа еніп, негізгі ішімдікке айналған кезде, қайткенде де мүлде жоғалып кетпеген ақ пен қызыл дәм атаулы жалпы есімінен айырылды, айырылмаса да, мүлде басқа мағынаға ие болды: қазақы «қызыл» – қызыл шарап, ал «ақ» дегеніміз – ақ арақ болып шыққан. Әлбетте, «ақтың» болмысы айрықша, «ақ ішу» – арақ ішу деп қана ұғынылмақ. Осыған орай «ағарған» дейтін жаңа бір сөз қалыптаныпты. Бірте-бірте ауызекі тілден «әдеби» тілге көшкен. Әйткенмен, «ақ» пен «қызылдың» халықтың байырғы тілінен мүлде жоғалып кетуі мүмкін емес еді. Мал сирек сойылатын жаз күндерінде «қызылсырап отыру» – етті сағыну десек, наурыз тілегіндегі «Ақ мол болсын!» – орыстың водкасы емес, қазақтың сүт текті тағамдары, ырыс, береке, молшылық. Яғни, «ақ» та, «қызыл» да, біздің, бәлкім, тағы бір жазармандардың қолданысынан түспеген «пісәс» те халық тілімен бірге жасай береді деген сөз. Ал «ағарған» – «қызарған» мен «қарайған» сияқты, өзінің әуелгі мағынасында қолданылуға тиіс.
«Ай дер әже, қой дер қожа жоқ». Қазір бар жерде дәп осылай жазылып жатыр: «Ай дер әже…» Неге әже? Неге ата, немесе әке демеген? Шындығында, әже емес, ажа! Кейінгі мағнасы – ауыл-үйдің үлкені, ақсақалы, әкімі. Арғы тарих, бұдан мың жыл бұрын ажа – ру, тайпа көсемінің титулы, ал Шыңғыс хан заманында Кем-Кемжүт (Енисей) өлкесіндегі түрік қауымын билеген әмірші бек. Хандыққа тақау дәреже. Заман өзгере келе, ажа мәртебесі қатардан түссе де, кемі мың жылдық тарихы бар мәтел қаз қалпында бүгінге жетіпті.
Сонымен, «Ай дер ажа жоқ, қой дер қожа жоқ.» Нақтыланған, әрі толымды қалыбы. Біз тауып отырған жаңалық емес, бұдан отыз, қырық жыл бұрын, бәлкім, күні кешеге дейін осылай айтылып, осылай жазылатын. Ажа!
«Айналшықтау». Қазірде өте көп қолданылатын сөздердің бірі. Бұл енді мүлде ұятты жағдай. «Айналшық» – кешіріңіз, медицина тілінде латын текті «вагина», қазіргі орыс тіліндегі «влагалище» дейтін атаудың қазақша нұсқасы. Әдетте ұрғашы малдың мүшесіне қатысты айтылады. Сыртқы көрінісі емес, қынап бітімді ішкі жағы. Сойылған малдың атаулы бездері мен арам ағзаларынан басқа барлық бітімін, ең аяғы көтеншекке дейін тұтасымен пайдаға жарататын қазақ ұрғашы малдың жыныстық бөлігінің ауызғы бірер тұтамын кесіп алып, итке тастаған. Ырымға жаман, жеуге жарамсыз ғана емес, жиіркенішті, «айналшық» дегеніңіз осы. (Жатырға жалғас жеке ішектің қалған бөлігінің өзін әйелдер ғана, онда да қазанға салып емес, ішін сыртына келтіріп, отқа қақтап жеген.) Сондықтан да, бір ісін неше қайтара жасайтын, берекесіз, пәтуасыз кісіні «Айналшық жеген бе…» дейтін сөгісті тіркес қалыптасқан. Ал «айналсоқтау» – бір басқа. Біздің түйсіксіз жазармандардың «айналшықтап» жүргені де, бірер дыбыс, қарібі өзгерген «айналсоқ».
Сонымен, «айналшықтау» – ұятты сөз, тұпа-турасы – «айналсоқтау». Және осы негіздегі «айналақтау».
«Алаштың азаматы», «алаш қайраткері». Бұл сөздер қазірде өткендегі Алаш-Орда қозғалысына қатысты айтылады. Қатесі жоқ. Алайда ХХ ғасырдың басында Қазақ азаттығы үшін күрескен алыптарымыз – Әлекең, Ахаң мен Жақаң, және басқа да зиялыларды жай ғана «алаш азаматы» деп емес, «алаштың арысы», «алаш тұлғасы» дегендей, көтеріңкі атағанымыз ләзім. Өйткені, «алаш азаматы», тіпті «алаш қайраткерлерінің» өзі бұрынғы-соңғы бүткіл қазақ тарихына, оның ішінде бүгінгі күнге де тиесілі. Бұл арадағы кілтипан – Алаш-Ордаға қатыссыз, ілкідегі және бүгінгі кез келген елеулі қазақты «алаштың азаматы» деп, ал айрықша еңбегі бар кісімізді «алаш қайраткері» деп білсек керек. «Алаш» сөзі – қазақ этнонимінің екінші сыңары, тіпті, негізгі атауы болатын. Алаш-Орда қызметіне байланысты, совет заманында мүлде дерлік тыйым салынды. Алайда тұтас бір халықтың өзіндік, ұлттық этнонимін ұмыттыру мүмкін емес. Жекелеген, әлбетте, 60-жылдардан кейінгі қазақ жазушыларының шығармаларында сыздықтап өтіп кетіп отырды. Ал халқымыз өз ішінде күнделікті қолданыстан шығарған жоқ. «Алаш» атауын ғана емес, осыған орай «алаштың азаматы» дейтін, марапат, мәртебеге теңдей алқау сөзді. Мәселен, менің өзімнің екі әжем мансапты қызметі болмаса да, адамдық қасиеті жоғары, намысты, өркеуде бір жігіттерді «алаштың азаматы» ғой деп, сырттай бата беріп, тілеулес болып отыратын.
Сонымен, арыдағы Алаш-Орда қайраткерлері – «алаш арыстары», «алаштың тұлғасы», кейінгі және бүгінгі, ұлттық санасы жоғары, кісілікті қазақ – «алаштың азаматы». Менің өзім әйгілі хирург, ұлтшыл зиялы, академик Кәмал Ормантаевтың 70 жылдығына орай жазған мақаламды «Алаштың азаматы» деген тақырыппен жариялап едім. Бұл сөз қазіргі қолданыста мүлде жоқ деп айтпаймын, бірақ кеңінен тарамаған және арыдағы Алаш-Орда заманына ғана тән атау ретінде ұғынылады.
«Аллаһ». Соңғы он шақты жыл бойы осылай таңбаланып келді – «аллаһ». 90-жылдарда жалпыға арналып, көп таралған діни кітаптарда «алла» болатын. Әйткенмен, жаңа ғасырда, әуелі дін өкілдеріне, одан соң жазарман жалпы жұртқа «аллаһ» – арабшаға жақын, әрі сауатты көрінсе керек. Біріншіден, біз – араб емеспіз, қазақ тілінің өз заңы бар, соған орай «алла» түрінде қалыптасты және ауызекі тілде айтылуы тұрыпты, Бұқар жыраудан бастап, соңғы екі-үш ғасыр бойғы барлық әдеби нұсқаларда – «алла». Абай: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», – деген. Тағы басқа да өлең мен ғақылия сөздерінде қаншама мәрте қайталанған. Екіншіден, менің Құран тілін игерген әдебиетші баламның айтуынша, араб лұғатының өзінде, жекелей, атау тұлғасында – «алла», тек тіркеме сөз жалғанғанда ғана «һ» дыбысы қосылады, мәселен, «аллаһу әкбар». Ақыры, тілімізді бұрмалаған, жазуымызды бұзған қаншама хикметтен соң, осыдан азғана бұрын Діни басқарма «алла» деп айтқан жөн болады дейтін пәтуаға келіпті. Сірә, жаңа мүфтидің ұсынысы һәм бекітуімен. Діндар ғұламаларымыз осыншама шырғалаңға түсірмей, бірден-ақ тоқтам салуы қажет еді. Әзірге толық түзелмесе де, өткен істі айтып отырғанымыз, бізде орынсыз еліктеу, керексіз солықтау деген – мейлінше өріс тапқан, қалыпты жағдай, іліп алады да кетеді, ақыры осылайша, барды былғап, жоқтың артын қуып жүргеніміз.
«Апа». Қазақ туған анасын «апа» деп атайтын… Күні кешеге дейін. Қазір жаппай «мама» болды. Қазақтың байырғы және бүгінгі де тілінде «маманың» негізгі мағынасы – емшек. Және жай ғана емшек емес, сүті мөлдектеген, ырысты емшек. «Мен – сәби, мейірімді ана құшағында, – Ақ мамасын сүйемін, құшамын да», – деп жазған Сұлтанмахмұт. Сүтті, берекелі ақ беретін үлкен бие – «мама бие», сиыр – «мама сиыр». Сөйтіп, ел-жұрттың орнында тұрғанда, «апа» атауы архаизмге айналды. Бүгінгі баланың анасы – «мама» болып шықты. Ұлттық бейнеден айрылудың әдепкі, ең жеңіл көрінетін бір ғана куәлігі. (Менің өзімнің алты балам туған шешелерін «апа» деп атап келеді, сондай-ақ алыс шетелде дүниеге келген, өсіп, алды бойжетіп, ержетіп, шалғайда күн кешіп жатқан төрт немерем де, аналарын «апа» дейді, бәлкім, бұл келінім қазақтағы ең соңғы «апа» болып шығуы да.) Әкенің «папа» болып кеткенін айтпай-ақ қояйық (біздің әулетте «көке»). Мұның бәрі аз болғандай, «апамен» қоса «әже» атауы да ұмытылды. Бұл, сүйкімсіз, қартамыш көрінген «әже» сөзін мағнасы өзгеріп, қайта туған «апа» алмастырыпты. Бүгінгі қала қазағы, зиялы саналатын қауымның балалары әжелерін «апа» деп атайды. «Папалары» өздерінің туған шешесін «апа» деді ғой, сол ретпен. Күнделікті қолданыста ғана емес, баспасөзге де сыналай еніп кеткенін көрдік: «аталар мен апалар» деп әдемілейді көпшілік жазармандар. Бұл турасында біз, осыдан, шамасы бір мүшел, әлде он бес жыл бұрын «Атасы келінін…» деген мақала шығарыппыз. Одан ештеңе өзгерген жоқ. Өйткені бұл жаңарған «апа» ескілікті «әженің» орнын басқанына, кемі қырық жыл болды. Мәселен, біздің «Болезнь Боткина» деген әңгімемізде «көке» мен «апа» бар еді – «папа» мен «мама» ғой, көпшілік журналда көркемделіп шыққанда, денсаулығы тексерілмек кішкентай қыздың қасында жас жігіт пен кимешекті кемпірдің суреті тұр, яғни «папа» мен «бабушка». Бұл – 1988 жыл еді. Одан бері қаншама заман. Бүгінгі қазақ әйелі егде тартқан, немерелі болған кезінде «әже» атанғысы келмейді, қартайып, кеміп қалатындай. (Әлдекім күмән келтірмес үшін, тағы да өзімді көтеретін, бәлкім, жаңаға жат, кертартпа қылып көрсететін куәлік айтайын – біздің бәйбіше қырық екі жасымда әже болдым деп мақтанып еді, құдайға шүкір, бүгінде қатарынан өсіп, өніп, жетіліп жатқан немерелердің қарасыны, тәуба, тәуба, сол қырық деген қасиетті санның бел ортасынан асты, әзірге санаулы шөберелерді қоспағанда, осылардың бәрі – үлкені де, кішісі де «әжелеп» тұрады.) Сонымен, қазіргі бала халықаралық «мамадан» айырылмайды, бірақ «бабушка» – «апа» емес, «әже» екенін білуге тиіс. Тым құрса біздің жазарман қауым табиғи, әрі ежелгі атауды бұрмаламай, орнымен қолданса дейміз.
«Ардагер». Байырғы тілде бұл – аса көтеріңкі сөз еді, айрықша көзге түскен, атақты тұлға – қаһарманға тетелес ұғым. Бәлкім, одан да жоғары. Біздің бала кезімізде «Ардагер Амангелді ердің ері» дейтін өлең де болған. Осы «ардагер» кейінгі қырық жылда орыстың қатардағы «ветеран» сөзін алмастырды. Тура тілде айтсақ, майдангер атаулының бәрі «ардагер» болып шықты. Соғыс қана емес, «еңбек ардагері» дейтін тіркес пайда болды. Әрине, қарт біткен түгелдей құрметтелуге тиіс, айтарлықтай бүлініп кеткен ештеңе жоқ, тек ежелгі бір, дәріпті «ардагер» сөзін арзандатып алғанымыз болмаса. Тіл – өзгереді, ескілікті сөздердің өзі түрленеді, жаңа мағынаға ие болады деп көңіл жұбатпасақ. Қайткенде де, әуелгі, нақты ұғымында қолдана алмайсыз. Ұлттық мемлекет жолындағы күрес ардагері Әлихан Бөкейханов… Ұлттық ояну бағдарында айрықша еңбек еткен ардагерлер – Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов… деп жазсаңыз, бәрі де қатардағы «ветеран» болып шығады. Бұл арада айтпағымыз – барды сақтау керек, осы бетінде кете берсе, талай тамаша сөзден айырыламыз, кейбірі ұмытылады, енді бірі басқа, мүлде теріс мағынаға көшеді екен. (Әйтсе де, баяғы «ардагердің» өз күшіне еніп, қайта оралуы да ықтимал сияқты. «Ұлы Отан соғысының» және «Социалистік үздік еңбектің» бүгінгі «ардагерлері» қатар-қатарымен жүзге жетіп, түгелдей көзден ұшқан заманда, балшабектік масат солғындап, тамашалау, суреттеу нысанынан айырылған жазарман атаулы қайыра жапырлап, жаңадан дем салса несі бар. «Ардагер Әлихан Бөкейхан!..» Сол қатардағы және кейінгі шын ардагерлер… Тамаша емес пе! Байырғы, асқақ, әрі қуатты сөздің ақыр түбі өзіндік, тума мағынасына ие болуы! Тіпті, күмәнсіз сияқты. Жалғыз «ардагер» ғана емес, тұнығы шайқалған тағы қаншама мәйекті сөз. Өзіміз айтқан соң, өзіміз бастайық. Міне: «Алаш жұртының ардагер тұлғалары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин…»).
«Атжалман». Қазіргі баспасөзде жаппай – «крыса», яғни «егеуқұйрық» атауының орнына қолданылып жүр. Бұл, негізінен шәрлі, кентті мекендерге тән, қазірде Қазақстан қалаларын, оның ішінде Алматыны басып кеткен «крыса» тышқан – бұрнада қазақ даласында атымен болмаған. Мен кішкентай кезімде үлкен әкемнен естіген «Сақади» дейтін қилы хикаяда «кіржі» деген сұмпайы кеміргіш аталатын. Абай төңірегінен тараған «Мың бір түн», және басқа да шығыс әңгімелерімен қатар, орыс және батыс романдары да қызғылықты тауарихтар ретінде көрініс тапқан ғой. Кейін анықтадым, бұл «Сақади» – ХІХ ғасырдың орта шенінде еңбек еткен белгілі орыс жазушысы Н.Полевойдың «Сохатый», яғни «Бұлан-Бұқа» романының түрлене байыған қазақы нұсқасы екен. Ізгілікті қарақшы Сақади абақтыға қамалған кезінде «кіржі деген тышқанды» ұстап алып, құйрығына шала байлап, өрт шығарады да, қапастан аман-есен құтылып кетеді. Ол кезде Қазақ даласында жоқ нәрсенің қазақша атауы да жоқ. «Кіржі», яғни «крыса». Кейін, ХХ ғасырда кім, қалай енгізді – бұл «крыса» енді «егеуқұйрық» аталады және әдеби тілге түсіп, біржола тұрақтанды. Ал біздің шалағай газетшілер аяқ астынан тауып отырған «атжалман» – отаршылдық заман толқынымен жеткен «крыса» емес, ежелден-ақ бар, өзімізбен бірге жасап келе жатқан, далалық, «тума» тышқанымыз. Әзірше тұқымы құрып кетпесе керек. Түсі көбіне ала-күрең, қос қабырғасы қызғылтым, бітімі болбыр, құлағы үлкен, аяқтары қысқа, құйрығы шолақ, ұрты қапшық, керек десеңіз, әжептәуір сүйкімді мақұлық. Шөп, жапырақ жейді, әрқилы өсімдік тұқымдарын жақсы көреді; еңбекшіл, жер астындағы қоймаларына қыстық азығын молынан жинайды. Қолға оңай үйренеді, кішкентай кездерінде біздің балалар да асырап көріп еді. Әркімге таныс болса керек. Орысша атауы – хомяк. Ал «крыса» егеуқұйрық деген – ұзынқұйрық, сұрғылт, былық нас және қалалы жерлерде негізінен үйінді, тастанды тамақ қалдықтарын пайдаланады, шағын тұрқына қарамастан шақар, жауыз, қорғансыз жас балаға шабудан да тайынбайтын, әрқилы жұқпалы ауру таратуы ықтимал, бар болмысымен қатерлі пәлекет. Айттық, бұрнағы жұртымызда атымен болмаған, Қазақстан шегін түбегейлі жаулап, үлкенді-кішілі барлық елді мекендерге біржола орнығуы – совет заманында, әуелде Түрксибтің салынуы, одан соңғы «тың көтеру» аталатын науқанның өрістеп, жүзеге асырылуына байланысты.
Сонымен, біздің қазақ баспасөзін басып кеткен кіржі крысаның ауызекі ғана емес, әдеби атауы да – «егеуқұйрық», ал «атжалман» – мүлде басқа, далалық тышқан.
«Әурет». Алдыңғы жылы Алматыда болып, Семейге барғанымда, қалалық үлкен мешітке өте беріс, сыртқы тақтада тұрған: «Мешітке әуретіңізді жауып кіру керек!» – деген ескертпеге көзім түсті. Құлап қала жаздадым деп айтсам, артық емес. Қазақ ұғымында ежелден қалыптасқан, көркем шығармаларда қолданысқа түскен, біздің өзіміздің жазуымыздан да көрініс тапқан «әурет» – әйел мен еркектің жыныс мүшелері һәм үлкенді-кішілі дәрет ағзасы. Сыпайы, әдеби нұсқа. Арабтағы әуелгі мағынасы – шамды, ұяң мүшелер болса керек. Бір тілден екінші тілге көшкен сөздер әдетте әуелгі ұғымын сақтай бермейді, сол төңіректегі басқа бір мағынаға көшу мүмкіндігі – қалыпты жағдай. Ислам елдеріндегі әйелдер үшін анаусы тұрыпты, кеуде мен мойын, бет пен шаш, білек, тізе мен балтырға дейін тұмшаланып жүру міндетті болса, бізде ғасырлар бойы басқаша қалыптасты. Әдепсіздік емес, өзіндік тұрмыс негізінен туындаған еркіндік. Әрине, мешітке кірген әйел түгілі, еркектің өзі ашық-алаң, алқам-салқам болуға тиіс емес, бірақ ешкім де, тұрпайы айтқанда, мешіт түгілі күнделікті жұмысқа, ресторан, кино, театрларға дамбалын түсіріп, артын ашып кірмейді. Тәрізі, «әуретіңізді жауып жүріңіз» – Семей мешітінің имамы ойлап тапқан даналық емес, Қазақстан мұсылмандар қоғамының жалпыға ортақ қағидасы болса керек. Дінге қатысты әлдебір мақаладан кейінірек тағы да көргенім бар. Әзірше ағымдағы баспасөзге өткен-өтпегенін аңдамадым. Ұшыраса қалса, тіпті, жаппай қолданысқа түсіп жатса, таңырқамас едім.
«Волга». Жиі болмаса да, ара-тұра ұшырасып қалады. Сауатсыздық па, қырыстық па. «Еділ» ғой, ұлы дариямыздың өзіндік, тума атауы. Тек бұрынғы-соңғы, қазіргі қазақ қана емес, бүкіл түрік халықтарына ортақ, қастерлі топоним. Айтып жатудың өзі артық. «Еділ» – «Итиль» атауы Византия тауарихтарында VІ ғасырда таңбаға түскен, яғни, мың жарым жылдық жазба куәлігі бар. Арыдағы фин-угор тайпалары, бәлкім, славян текті жұрт та өздері отырған оң жақ сала – «Қара Еділдің» бастауын «Волга» деген, «су», «өзен» мағнасында (Валге, Вилькеа, немесе Вильга, Влга). Заман оза келе, түрік жұртынан бақ тайып, орыс патшалығы етекке жайыла түскенде, дарияның ұзына бойы осылай атала бастайды және Батыс жұрттары да қабылдайды. Әйткенмен, қазақ та, татар мен шыбаш, башқұрт та тарихи, әрі етене «Еділ» атауынан бас тартқан жоқ. Қазтуғанның «Қайран да менің Еділім» деген толғауын «Қайран да менің Волгам-ай!..» деп өзгерте алмайсыз. Тіпті, Ресей туралы жазған кездің өзінде «Волга» деп көлгірсу – ұят қана емес, құнсыздық көрінісі деп білуге тиіспіз.
«Жанұя». Өлмейтін, өлексе сөздер болады. Сілімтік, жабысқақ. Соның айқын бір мысалы. Ойдан шығарылды, кеңінен таралды, қазірде сылбыр болса да, қатардан қалған жоқ. Совет заманында бізде тұрмысқа да, баспасөз бен көркем әдебиетке де еркін еніп кеткен «семья» ұғымының «егемен» заманда тезінен табылған «баламасы». «Семьяға» дейін қазақта туыстық, шағын үй-ішіндік атау болмағандай. «Жанұяның» тезінен қатарға қосылуының бір сыры осы теріс ұғымда жатыр. Шындығында, қатарлас бір емес, әлденеше атау бар еді. «Шаңырақ». «Түтін». «Отбасы». «Әйле». «Үй-іші». «Үй-жай». «Үй-баран». Ең ақыры – осының бәрінің кеңейтілген, жиынтық көрінісі – «үйелмен». «Шаңырақ» – тура мағнасы, киіз үйдің шаңырағы есебінде ғана танылып, «түтін» – тағы да бықсыған қоңырсық ретінде қалып, «жаңарған жұртта» тосыннан «семья» атауы қалыптасты. Енді, кері заман туғанда, жалбағай «ұлтшылдар» дыбысталуы үйлес, және өздеріне таза қазақы көрінген «жанұя» дейтін жылбысқы сөз шығарыпты. Қазірде көпшілік сауатты жұрт «отбасы» атауын қолданады, ара-тұра «үй-іші». Мен өзім қисынды жеріне қарай «шаңырақ» деп, «түтін» деп те жаза берем. Өзіндік шаңырақ иесі азамат – «үй-жайы бар», «үйлі-баранды». Айтпақшы, «үйелменнің» жағдайы сәл-пәл басқашарақ. «Үйелмен» – туыстас бірнеше шаңырақ, әдетте әке, бала, ата, тіпті, ағайынды бауырлар отбасының һәм бұлардың барлық үй, қора-қопсы, мал-жанының жиынтық көрінісі. Манағы «жанұя» мен «семьяның» кеңейтілген нұсқасы.
Сонымен, бір қабырға, межелі қоныс-жай ішінде отырған туыстас кісілердің ұйыс, ұшқас, өңкей, шағын тобының кеңінен тараған қазақша ортақ атауы – отбасы, үй-іші, шаңырақ, түтін. Қазақтың тілі бай, орайына қарай, қалағанын қолдана беріңіз. Тек «жанұядан» аулақ тұрған жөн.
«Жарты арал», «жартылай арал». Ағымдағы баспасөз ғана емес, тіпті, бізден бұрынғы, әжептәуір үлкен жазушылардың шығармаларынан кездестіріп келемін. Бұл – кәдімгі орыстың «полуостров» сөзінің тікелей қотарымы. Қазақша – «түбек». Кешелі-бүгін шыққан емес, атам заманнан бері қолданылып келе жатқан атау.
«Зағип». Бүгінгі баспасөзде көп ұшырасады. «Зағиптар қоғамы» деген бірлестік те бар екен, орталарынан дау шығып, сотқа жетіп, біраз шулатты. Мен басында қандай зағип деп ұқпай қойып едім, ақыры толық түсіндім: көзі кеміс кісілер, солардың өзіндік қауымдастығы. Қазақ тілінде «зағип» – ауру-сырқаулы, кемтар, мүгедек жан. Ал көзі кеміс, турасын айтқанда «соқыр» сөзінің бір баламасы – «көр», тұпа-тура атауды дөкір көрсек, сирек қолданылатын, біршама сыпайы, «басыр» деген сөз бар. Әлбетте, құдай тірі пенденің маңдайына бермесін, соқыр, көр, басыр кісілер де зағип қатарында, алайда, айттық, сал ауру, аяғы, қолы кеміс шолақ пен молақ, бүкір мен ақсақ – мүгедек, дертті кемтар атаулының бәрі «зағип». Қазақтағы «бишара», «мүсәпір» – әдетте тұрмыс кебіне байланысты айтылса, «зағип» – тек қана дене сырқатына қатысты сөз. Яғни, манағы «зағип» – жалпылама ұғым, ал көзі кеміс кісілер – «басыр», бұлардың өзіндік ұжымы – «Басырлар қоғамы», немесе «Басырлар қауымдастығы» аталуға тиіс.
«Қаймана». Қазіргі нақты қолданыстағы қалыбы – «қаймана қазақ». Яғни, «жалпы қазақ», «исі қазақ», тіпті, «өзіміздің қазақ» дейтін ұғым бермек. Қолы жүрік журналистеріміз және жекелеген бір жазушылар осылай ойлайды. Шындығында, «қаймана» – бөтен, бейсауат, көлденең [кісі] деген сөз, жау емес, бірақ жат, бөгде. Сонда «қаймана қазақ» – өзіміздің тумалас, ағайындас, біртұтас, жалпы қазақ емес, туыс та, біліс те, тілектес те емес, әлдеқайдағы «бөтен қазақ» болып шығады. Бұл турасында осыдан төрт-бес жыл бұрын арнайы жазған азаматтар болған, бірақ кезінде бәсеңсігенімен, қолданыстан шыққан жоқ, ағымдағы баспасөзден, атаулы сайттардан ұшырасып тұрады.
Сонымен, байырғы тіліміздегі «қаймана» – бөтен, сыртқары, қағай деген ұғым береді, яғни «қаймана қазақ» – қазіргі қолданыстан мүлде кері мағынадағы тіркес.
Көкек, 2016,
Америка Құрама Штаттарынан.
Материал «Әдебиет порталынан» алынды.