Құла аттың жол жорғасына салып қойып жылқышы Назар ауылға беттеп келеді. Қора маңайында келген кеткенді бақылап, кеңес құрып отырған екі шалдың көзіне түскен де осы жылқышы болатын. Еңкейген күннің қызыл жалыны шарпыған таяу маңдағы құла таудан сырғанап түсіп ауылға кірді. Жер бусанып, қаһарлы қыстың қауһары қайтқан шақ еді бұл. Ерке қыздың керім күлкісіндей жылғадан су сыңғырлап, ерте келген сарала қаздар сұңқылдайды. Қыстан қысылып шыққан жұрт бел жазып, алты ай аяз, боранның азабынан құтылғандай. Назардың астындағы құла жорға ағындап келіп шалдарға қарай жақындады. Зор тұлғалы, қыр мұрын, шоқша сақал Назар алдымен өзі амандасты:
– Ассалаумағалейкум! Есенсіздер ме?
– Уағалейкум!- дей салды толықша келген, тәмпіш танау сары шал.
– Е-е, жылқышы қалай жағдайын?- деп іле жөнелді аққұба, тымағын бастырмалай киген Асқар ақсақал.
– Жағдай тамаша, ата! Көктемге іліктік, түліктің ауызы көкке тиді. Енді қайдан жаман болсын.
– Әй, жылқы аман ба? Сары шалдың бұл сауалының астарында не барын кім білсін, жүзінен күлкі сәулесі жүгіріп өтті.
– Жылқы түгел! Қараөзектен Құршілікке ауысқан. Айтпақтай, сіздің көк биеңіздің құлындар күні жақын, көтенмойынды қамдай берсеңіз де болады деп жылқышы қулана бір күліп алды. Шалдар жағы үндемеді. Шаттанып шырай бермеген соң Назар да қазбаламай «жақсы» деп келте қайырып үйіне қарай тартты.
«Көтенмойын» жағы сары шалдың қытығына тиіп кетті білем, «Атаңа налет, көтенмойын деп қояды ғой, жынды неме» деп түкірігін жерге былш еткізді Назар ұзай бере. Сары шалдың жынын ата, тулаған түрін көріп Асқар ақсақал айызы қана күлді-ай. Мұның былай бұлқан талқан бола қалуына себеп: Назарға берер бір жартыда емес, оның жындылығында еді. Осы қыста Назар баққан үш жүз бас жылқы екі жұма боранның астында қалып, тегіс қырылғанды. Ел іші аласапыранға ұласып, аңырап қалды.
Өтімді желмен күшейген ақ түтек боран ат құлағын көрсетпей екі жұма ұйытқып, аш бөрідей ұлығанын ана Назардың астындағы құла жорға біледі. Ауылдан іздеушілер шыққанмен, дәрменсіздік танытып, бір ауылдың бар қазынасы қар астында өлді. Жылқы соңындағы Назардың өзі құла аттың құдіретімен үсіген күйі ауылға өлімші күйде жетті сол күні. Артынша ауырып, төсек тартты. Бұрын соңды болмаған бұл сойқанды біреулер үлкен жұт десе, біреулер ауылда мешіт жоқ құдайдың қаһарына ұшырадық дескен. Қалай болғанда да ел есіндегі ең ауыр жыл еді биыл. Оңалды, аяғынан тұрды деп Назардың тілеуін тілеген жұрт жаңылысыпты.
Ол жындыға айналған. Атын ерттеп ап тауға кетеді. Жоқ жылқысын бағып, үйірін күзетеді. Өзі ғана білетін өз әлемінің кейіпкері. Жұрт мұны енді «жылқышы Назар» емес, «жынды Назар» деп атайтын болды. Сары шалдың ашуына себеп те осы. Айтулы арғымақ текті көк биесі осы жұтта өліп көк мұздың астында қалған…
Сансыз шашақты найзаларын қолға алған Күн шұғыла нөкерлерімен Шығыстан біліне бастаған шақ еді. Сиырсоқпаққа түсіп алып салт атты таңмен таласа тау асты. Наурыз айының бел ортасы болғанмен, қар әлі толық кетпеген. Тау бөктері, сай аңғарларына шөккен түйедей жабысып жатып апты. Қар құрсауынан құтылған жазықтар ғана. Таңғы суық ауамен жұқалау қабыршықтанып қалған жұқалтың мұз ат тұяғына жаншылып шыныша сықырлап қояды. Жылқышының бағыты біреу-ақ – ауылдан жиырма шақырымдағы Бүркітбай тауы. Маңы жазық, маңғаз біткен жалғыз тау. Назар қамшысын сипай салып ыңылдап әніне басты.
Таң суық. Әмбе мөп-мөлдір ауа. Ыңылдаған жылқышының санасын ызындаған сансыз ойлар мазалайды. Ол ойлайды: кіршіксіз әппақ қар, қанша бейкүнә пәк болғанмен, сонша аяусыз. Жалаң қолыңа алсаң, қарып түсіретінін қайтерсің. Боранға айналып, дамылсыз соғып талай ықтырды емес пе бұл қар! Ол тіпті де боран емес, мынау еріп, шатырдан жылап мөлтілдетіп жасын тамызған ақ қар! Жылқышы тағы ойлады: көктем! Пай, пай, көктем!
Ақ қар ақ уыз боп қара жерге сіңгенде, көкке ұмтылып тағы бір өсімдік атаулы көктегенде, жарыса құстар келгенде бұның биелері құлындамақ. Саумалға тойып қоңыр даланы дүбірге бөлейтін ол құлындарды да көретін күн де алыс емес. Ол ойлады: алыстан келген құстардың қанатында жылқынын жаны бар деп… Құс келгенде бие құлындайды. Назардың бойын шаттық кернеп, атын оқыс тебініп қалып еді иесінің күтпеген әрекетіне құла ат құйрығын бұлаң еткізді. Құлағын жымырайтып, қарсылық қылғандай. Назарды ол түсінбейді. Отыздағы жасында он бес жылын жылқыға арнағанда тағы ешкім түсінбеп еді. Назар үшін жылқы – жанымен айырбасқа тең түлік. Он бес жылында көтерем тайды да өлтірмей келеді. Ал биыл, қыс қатты болды. Сол ғана…
Бүркітбайдың басындағы аңызақ жел жылқышының ойын үзіп, есін жиғызды. Маңайға көз салып, жүгіртіп бағдарласа, жылқысы аман екен. Үйір-үйірімен бөлініп жусап жүр. Ендігі сәтте жылқыға жақындап түгендей бастады. Бір уақыта күтпеген жерден Ораштың Мақпал қарасы кісінеп-кісінеп жіберіп үйірінен бөліне бастаған. Мойнын қазша иіп, жер тарпып тіке қарғыйды. Толқындана жел тараған жалы тұтас кеудесіне төгіліп, жер сүзуге шақ қалған. Қалың кекілі көзін түсіп жасырғанда, бұл жылқы емес, кеп қалған көзсіз қара түнектей денеңді тітіркендіріп жібереді. Су жалаған тұяғы Күнге шағылысып, нақ бір күмістен құйғандай жылтырайды.
Назар үлкен айқастың болатынын сезді. Осы қара айғырмен Бейсеннің бәйге көгі жылда көктем келгенде үйірге таласатын-ды. Сол сәт жеткен-ау шамасы. Көп күттірмей көк айғыр да үйірінінен оқшауланды. Құйрығын көкке қадап, бауырынан жараған көк айғыр қос танауын көріктей қып жалын шашып келеді. Тостаған көзі қанға толы қаһар төгіп қара айғырға атыла жөнелді. Айқас басталды. Тіке қарғып тебісіп, құлақтарын жымырайтып тістесе кетеді. Тулаған теңіздей жалдары шарпысады-ай дерсің. Назарға бұл қара мен ақтың, Күн мен Түннің, жақсы мен жамандықтың, кейде тіпті көктем мен қыстың айқасындай елестейді.
Мақпал қара мен мамық ақтың айқасы. Ұрпақ үшін айқас. Қара айғыр епті екен. Тарпып- тарпып қап, бұрылып оқыс теуіп қалғанда көк айғыр шынымен есеңгіреп қалған. Бірақ қайтпақшы емес. Тегеуріндете төтеп беріп, тістесіп бақты. Орайы келсе жонарқадан жұлып алуға құмар. Екеуі көп айқасты. Ақыры бұл жолы да жеңімпаз анықталмаған күйі екі айғыр бірінен бірі ұзап кетісті. Соңынан қалдырған іздері бұл айқастың көп нүктесі тәрізді. Жылқышы мұны мәңгі бітпес «қара» мен «ақтың» айқасы деп түйді…
Назарды кейінгі үш айда ел жұрттың бұған деген көзқарастары таң қалдыра бастаған. Үйдегі әйел де таңғысын: – Қайда барасың, дәрігерге қаралайықшы,- деп жындының сұрақтарын қойғыштап кетті. Тіпті, алдынғы күні Тілестің үйіне «атың ақсап жүр, алып қалмайсың ба?» деп барғанда жайбарақат «күліп» шығарып тастаған. Сонда тағы таңқалды. Назар бәрін жынданып кеткен деп ойлады. Иә, иә жынданып кеткен…
Құла атты шідерлеп жіберіп, Назар тобылғынын түбіне жантая кеткен. Ұйқы кірпігіне ілініп, қор еткізді. Түс көрді. Ерте айырылған анасын көрді. Бұған мейірлене қарап жымиды да, құсқа айналып көкке ұшты. Анасының артынан жүгіре жөнелгенде етбетімен құлады. Аяғындағы тұсамыс екен… Шошып оянды. Абдырап жан-жағына қараса, жылқысы да, құла жорға да ұзамапты. Шідерін шешіп, шап айылды мықтап тартты да ауылға қайтты. Кеш батып қалған екен, ауыл әлі көрінбейді. Ой бағып келе жатқан Назар қаланы ойлады.
Бірақ, қаптаған көлік, құжынаған халық, тар көшеден аса алмай қайта береді ылғи. Неге?! Қала осындай ол үшін. Қиял құсы қала жөніндегі ойлардың осыларына ғана барып қайтатын. Қаладан бұрын Назар жылқыға айналсам деп армандайтын. Жо, жоқ мына астымдағы құла жорғаға емес, құба белдерді, құла белдерді құлаштап шабатын тағы айғырға айналсам дейтін. Жылқыға айналып қаланың асфальт төселген тар көшелерімен құйғытсам дейтін. Не үшін?!
Ертесінде әдеттегідей Назар жылқысына тартып бара жатқан. Сүт пісірім уақыт асты ма, аспады ма жолда ауылдың сиыршысы Желдібай ұшырасты. «Кемедегінін жаны бір», далада ұшырасқан бөріктілер аман саулықтан кейін мал, жайлымның жайын әңгіме қылысқан. Желдібай жын ұрғандай:
– Әй, Назар! Сен қайдағы жылқыны бағып жүрсің өзі?-деп сұрақты көлденеңнен тарс еткізді.
– Қай жылқың не? Ауылдың жылқысы. Сенін жылқың, менің жылқым, елдің жылқысы.
– Өй, қайдағыны көкіме! Ауылдың жылқысы өлген! Жынданғанбысың?! Желтоқсандағы сен емес пе едің өлімші күйде ауылға келген!
– Не деп тұрсын Жәке?! Мен не сонда жындымын ба? Жылқылар Бүркітбайдың маңындағы Құршілікте!
Желдібай сонда да тоқтамады:
– Жүр онда мен саған өлген жылқыларды көрсетейін,- деп батысқа қарай бастап, жол нұсқаған. Назар басында бәрін әзіл деп түсініп, Желдібайдың жүзіндегі шындыққа жанасымды бейнені байқап ере түсті. Десе де Жәкеңнін қазір жеңіліп, өлген жылқылырды таппасына бек сенген. Құла жорғаның аяқ алысы күдік пен үмітті арпалыстырып Назардың санасына ойнақ салады. Жылқы тірі. Желдібай әзілдеп келеді білем!(Бәрібір басында тағы сол қара айғырмен көк айғырдың айқасы) Әттең.. әттең олай болмай шықты.
Бір қырдан асқанда қырылып жатқан жылқыларды көріп, жылқышы орынында қатып қалды. Назардың көзіне қан толып барады. Солар. Жылқылары. Сары шалдың көк биесі де осында, теңкиіп өліп жатыр. Назар одан арғыға шыдамады. Көзінен жас парлап, тура Бүркітбайға тартты. Жылқысына тартты. Сол түні көп іздеді жылқысын. Бұлтты күннің соңы нөсерге ұласып, қара жер езіліп кетісімен таңнан бері шапқылаған құла айғыр да болдырта бастады. Назар жылқысын көп іздеді. Ақыры Бүркітбайдың басына шығып өкірді-ай. Мұндай ашщы зарды бұл өлке естімеген. Естімейді де…
Арада бірнеше күндер өтті. Қыстан бері жоқ жылқыны бағатын жынды Назар енді сиырсоқпақпен алысқа аттанбайтын болды. Келмейтін де шығар. Ол өлді. Нөсер жауған түннің ертесінде Назардың өлі денесі Бүркітбайдың басынан табылған. Ел айтады суық өтіп өліпті деп. Біреулер айтады құсадан өлді деп… Артынан еңіреп әйелі қалды.
Көктемнің тағы бір шуақты күнінде биік шоқының басына Назарды жерлеуге жамағат жиылған. Көбінің көзінде мұң жоқ. Маңайға өлі тыныштық орнап еді. Кенет сансыз тұяқ дүбірі естілді. Үнсіз тұрған жұрт әу баста түсінбей қалған. Жан-жақты бажайлай келе байқады.
Таудан асқан қалың жылқы тура осылай қарай шауып келеді екен. Жұрт қатты шошынды. Көк биесін таныған қабір басындағы сары шал айғайлап жіберді. Қалың жылқы қабірді айнала шауып өткенде үйір соңында бір ала құлын ойнақтап, тіке қарғып кісінеді де шаба жөнелді. Жылқылар шауып барады. Ұзап барады. Тостағанның түбіндей ала құлыннын тұяқ ізінен басқа ешбір жылқының соңынан із қалмапты…
Қуат Айтқали