Бейсенбі, Мам 3, 2018
Негізгі > Абайтану > 13-дәріс. ҰЛТ ҰСТАЗЫ АБАЙ

13-дәріс. ҰЛТ ҰСТАЗЫ АБАЙ

1891-1897 жылдары поэзиясына  қара сөздері қосылған соң,  Абай нағыз ұлт ұстазына айналған. Бұл кезеңді поэзиялық деуден гөрі «прозалық» деген дұрысырақ. Ұлтына жанашыр Абай енді қара сөзден қамшы өреді. Реттілік үшін алдымен асыл мұраның сақталу, таралу тарихына айналып, онан кейін ұлы ұстаздың «Ғақлия» кітабын сараламақпыз.

 

Асыл мұраның сақталу тарихы

Ойшыл ақын 1897 жылдан соң, шығармашылық мұрасының жиналуын қалаған екен. Оған себеп – баулыған жұртының соңына ере бастағанына, шығармалары халқына қажеттігіне нық сенеді. Бұл жөнінде М.Әуезовтің айтатыны: «Өз өлеңдерін 1898 жылға шейін жиғысы келмегені: Абайдың өлең сөзге өте үлкен сынмен қарап, үлкен шарттар қойғандығынан болған сияқты» (Әуезов М. Абайдың туысы мен өмірі // «Абай» журналы, 1992. №3). Бұл жерде Мұхаң өлеңдері десе де, бұл пікір Абайдың «Ғақлия» кітабына да айтқаны. «Абай сөзін қадірлі көріп, әрбір шыққан жаңа өлеңдеріне ынтық болып отыратын ел оқушылары, – дейді ұлы жазушы аталған еңбегінде, – қара сөздер шыға бастаған соң, мұны өлеңнен кем көрмейтін болып алған. …Қара сөздер кім болса соның қолында кетпей, жазылысымен маңайындағы молдалардың қолына түсіп, соларда шашылмай аман сақтап қалған ғой деймін».

Мұхаң «маңайындағы молдалар» дегенін нақтылап өтелік. Әуелі қартаң Ғабитхан Ғабдыназарұлы және оның өкшесін басқан Кішкене молда атанған Мұхаметкәрімді еске алуға тиістіміз. Екеуі 1882-1895 жылдар арасында ақын өлеңдерін алғаш көшіргендер, былайша айтқанда, Абайға «хатшы» болғандар. Ал 1896 жылдан соң Мүрсейіт бастатқан бала оқытушы молдалар (Дайырбай, Самарбай, Ыбырай, Хасен, Кішкене молданың баласы Махмұт т.б.) көшіре бастаған. Тағы да Мұхаңа жүгінелік: «Ғабитхан, Кішкене молда сияқты жасы үлкендері өлеңдерін ертеректен жинастырып, көшіріп жүрсе, кейінгі Мүрсейіт бастаған көпшілік Абай шығармаларының жинақтарын… 1896 жылдан бері қарай көшіретін болды» (Әуезов М. Мақалалар мен зерттеулер. -Алматы, 1967. – 27-бет).

Өкініші, қарасөздердің түпнұсқасы сақталмаған. Кейбір деректерге қарағанда, қолжазбалар ақынның Әйгерімнен туған кенжесі Зікәйілдің қолында болған. Қатал саяси қудалау, қуғын-сүргін басталған тұста Абайдың өз қолымен жазылған басқа да мұралармен бірге жерге көміліпті (Әйгерімнің зираты ішіне деген сөз бар), кейіннен табылмай қалыпты. Абұйыр болғанда, ғақлия сөздердің көшірмелері жақсы сақталған. Көшірмелердің бүгінгі күнге жеткендері – 1905, 1907 және 1910 жылдардағы Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбалары.

Біреу біледі, біреу білмейді, Абай өзінің қарасөздерін екі қолжазба кітапқа топтаған: бірі – «Ғақлия», бірі – «Ғақлиат-тасдиқат». Абайдың хатшысы Мүрсейіт, әрине, оларды сол қалпында, екі кітап қылып көшіріп отырған. Өйткені, бұлар жазылған уақыты жағынан да, ішкі мағынасы жағынан да мүлде екі бөлек туындылар ғой.

Алдыңғысы – «Ғақлия» көлемі жағынан шағын-шағын 41 бөлек шығармалар жинағы, бұл кітапты Абайдың  қазаққа арнағаны күмәнсіз. Мәселен, «біздің қазақ» деген тіркесті әр сөзінен дерлік кездестіреміз.

Кітап «Ғақлияда» өз атауымен енген екі сөз бар: «Сократ хакімнің сөзі» (қазіргіше 27-сөз) және «Насихат» (37-сөз). «Сократ хакімнің сөзі» атты еңбек «Ғақлияның» бастапқы нұсқасына (Мүрсейіт көшірмесіне) енбеген. Себебі, кейініректе, кітап тәмамдалған соң, шамасы 1898 жылы жазылған.  Ал «Насихат» деген Абайдың нақыл-афоризмдері. Мұхаңның білуінше, олар «Ғақлия» кітап аяқталар тұста, яғни 1896 жылдан жинастырылған. Кітаптың соңына тіркелгені сол. Жиыны 23 афоризмнің Мүрсейіт көшірмелерінде 16 ғана болған екен, өзге жетеуін Мұхаң өзі тауып қосқан.

Енді Абайдың өзі «Ғақлиат-тасдиқат» деп атаған (қазіргіше «38-ші қарасөз») екінші кітапқа келер болсақ, ол табиғаты бөлек шығарма. Ол  біртұтас зерттеушілік еңбек, дұрысы, теологиялық трактат. Бұл-бір. Екінші белгісі – трактат берісі мұсылмандық әрісі күллі адамзаттық руханият проблемаларын шешуге арналған.

Мүрсейіт Бікеұлының (1860-1917) көшірмесіне оралайық.  Олар жиыны үшеу: 1905 жылғы қолжазба кітабы Ұлттық Ғылым академиясының ғылыми кітапханасында, ал 1907, 1910 жылғы қолжазбалар Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйінде сақтаулы. Абай мұрасының асыл нұсқасы – оригиналы ретінде сүйенетініміз осы үш қолжазба кітап.  Бір «әттеген-айы», оригинал, яғни Мүрсейіт көшірмелері ешқашанда жарық көрген емес. Қателер өріп жүрмегенде қайтеді, мәтіннің дұрыс-бұрысын тексеру шектеулі болса. Текстолог маман Амантай Исин: «Абай сөзінің тірек жазбалары мен алғашқы жинағындағы айырмашылықтар кейінгі бірде-бір басылымда толық көрсетілген емес», – деп ашына жазады, оның үстіне: «1945, 1948, 1961, 1977 жылдардағы жинақтарда негізгі мәтін мен түсініктемелер арасындағы кереағарлық және қате сілтемелер айқын. Негізгі мәтінді бір адамдар, ал түсініктемелерді басқалар дайындаған» (Исин А. Абай шығармаларының қолжазба кітаптары // «Абай» журналы. 2004. №4).  Бұл пікірге толық қосыламыз.

Сөйтіп, Абай жинақтарында текстологиялық қателер көп болуына Мүрсейіттің  үш қолжазбасы ешқашанда баспа бетін көрмеуі өз «үлесін» қосты. 1909 жылы Кәкітай мен Тұрағұлдың арқасында Абайдың тұңғыш жинағы тасқа басылды. Ол бойынша тексерейін десең, онда өлеңдері түгел емес әрі қара сөздер жоқ.

Абайдың өзі «Ғақлиат-тасдиқат» («Хақиқатты таныту» деген мағынаны білдіреді) деп ат қойған қорытынды шығармасы тұнған діни танымдар. Ондай «залалды» дүниені баспаға беру, сөз жоқ, шоқты жалаңаяқ басқанмен бір. 1933 жылғы толық жинақта екі абайшыл тұлға: Мұхтар Әуезов пен Ілияс Жансүгіров «Тасдиқты» бүркемелеп, өзге қарасөздер арасына тықпалады. Із-түзсіз жоғалмасын деп. Осымен, қара сөздердің рет саны да өзгеріске түсті. Қазіргі күні «38-қарасөз» деген атауға ие даналық еңбектің сақталу тарихы міне осы.

Қорытып айтқанда, Абай 1891 жылға шекті  өлең сөзбен айтқан ой-пайымын, сынын әрі қарай қарасөз, прозамен жалғастырды.  Өлең шіркінді тек ішке сыймай кемерінен асып төгілген сәттерде ғана жазып тастайды.  Ағартушылық өзегі – заманды түзету идеясы десек, ойшылдық мұраты – заманды емес, адамды түзету болып табылады. Абай қазақтың болмысы мен мінезін зерттеуге сол үшін де құлықты болды деуге бейілміз.

 

Қара сөздер қалай таралған?

Көне дәуір ғұламасы Конфуций қытай өмірінің бар қыры қамтылған трактатын қалдырды. Оның насихатталу және дәріптелу деңгейінен бас айналады. Ал, Абайдың қос трактаты ше? Олар халқына қалай таралды?

1933 жылы Қызылорда қаласында Абайдың тұңғыш «Толық жинағы» басылып шықты. Осы жинақта Абайдың ғақлия мұрасы алғаш рет баспа бетін көрді. Оған дейін кең таралды дей алмаймыз. Тобықты ішінде молдалар арқылы таралып, Абайдың жақын айналасы және Әуез сияқты көзі қарақты адамдардың ғана оқи алғаны анық.  Егер Абайдың ғақлия сөздері 1909 жылғы жинаққа енсе (Кәкітайдың сөзінше оған қолдағы қаржы жетпей қалған), Ахаң сол кездерде таныс болса… Онда «қазақтың бас ақыны» деген әйгілі бағасына «һәм бас ойшылы» я болмаса «ұстаз хакім» деген теңеу сөздерді қосары шүбәсіз еді.

Бір сөзбен айтқанда, Абайдың ғақлиясы 1933 жылдан беріде ғана қалың қазаққа таралды. Бірақ… ол заманның сиқы баршаға аян. Абайдың қара сөздері советтік идеологияға сәйкес емес еді. Белсенді мемлекеттік атеистік насихат оған деген бұқара халықтың қызығушылығын мейлінше тежеп отырды. Әсіресе, Құдай, иман, тағат ұғымдары «ескінің сарқыншағы» болып есептелді. Кеңестік идеология аты әйгілі төрт көсемді (Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин) ғана ұлықтады.  Бұл жағдайда Абай-  әлем ойының алыбы немесе адамзаттың ұстазы деу сау басыңа сақина тілеп алумен бір болды.

Сондықтан да Абайдың тұңғыш «Толық жинағын» құрастырушылар – М.Әуезов пен І.Жансүгіровтің ғақлия мұраны, әсіресе, атеистік насихатқа керағар, таза діни-философиялық трактат «Ғақлиат-тасдиқатты» жариялау туралы шешім қабылдауы – азаматтық ерліктің үлгісі болды. Сол жолы қара сөздер Абайдың өзі қойған рет санымен емес, мүлде басқаша нөмірленіп кете барды.

Оған көз жеткізу үшін қарасөздердің түпкі (Мүрсейіт көшірмелері бойынша) және қазіргі   рет сандарын келтіре отыралық. Соңғылар жақша ішінде көрсетіледі.

Абайдың өз таңбалауы бойынша 1-сөз (қазіргі жинақтарда 3-сөз),  Абайша 2-сөз (қазіргіше 4-сөз), 3-сөз (5-сөз), 4-сөз (6- сөз), 5-сөз (7-сөз), 6-сөз (13-сөз), 7-сөз (12-сөз), 8-сөз (14-сөз), 9-сөз (9-сөз), 10-сөз (20-сөз), 11-сөз (15-сөз), 12-сөз (21-сөз), 13-сөз (16-сөз), 14-сөз (28-сөз), 15-сөз (17-сөз), 16-сөз (22-сөз), 17-сөз (23-сөз), 18-сөз (29-сөз), 19-сөз (19-сөз), 20-сөз (31-сөз), 21-сөз (32- сөз), 22-сөз (18- сөз), 23-сөз (1-сөз), 24-сөз (10 сөз), 25-сөз (24 сөз), 26-сөз (39 сөз), 27-сөз (2 сөз), 28-сөз (25 сөз), 29-сөз (30 сөз), 30-сөз (11 сөз),   31-сөз (34 сөз), 32-сөз (35-сөз), 33-сөз (8 сөз), 34-сөз (33 сөз), 35-сөз (40 сөз), 36-сөз (26 сөз), 37-сөз (41 сөз), 38-сөз (42 сөз), 39-сөз (36 сөз), 40-сөз (43 сөз),  41-сөз (44 сөз).

Бақсақ, «Ғақлия» кітаптағы 41 сөздің екеуі ғана (9 және 19) ғана төл рет санын сақтап қалған екен, өзгелері түгелдей ауысып кеткен.  Ерте ме, кеш пе Абайдың өзі белгілеген реттілікті қалпына келтіруге тура келеді. Негізі, бұл кезек күттірмейтін мәселе. Неге десеңіз, бүгінгі күнге ғақлия мұра өзінің табиғи кейпінде емес, желісіз, жүйесіз түрде жетіп отыр. Демек, Абайдың ой ізіне түсіп, ойшылдық эволюциясын зерделеу де қиынға соғады.

Енді кітап «Ғақлияның» жазылу мерзімін анықтап көрелік.  Уәсилә Мағауияқызы (1890-1954) Абайдың бір жасқа толмай-ақ асырап алып, бәйбішесі Ділдәнің бауырына салған немересі. Абайды Уәсиләнің «әке» дейтіні сол. «Әкем өлгенде мен 13 жаста едім, – дейді Уәсилә естелігінде. – …Әкем балаларды жеті жасынан сегізге шығарында оқуға беретін, еркек балаларымен қабат қыздарын да оқытатын. Мен де сегіз жасқа шығарымда оқыдым. …Әлі есімде, бір күні біздің оқып отырған үйімізге әкем келді. Әкем молдаға қарап, балаларға мына бір кітапты әкелдім. Бүгіннен бастап осы кітапты оқыт деді. …Кейіннен байқасам, сол кітап әкемнің «Ғақлия» атты қарасөзбен жазылған  кітабы екен».

Уәсиләнің сөзінен Абайдың «Ғақлия» атты тұңғыш қолжазба кітабы 1897 жылдың жазында аяқталғанын аңдаймыз. Неге десеңіз, Уәсилә 1890 жылы  туған. Яғни «сегіз жасқа шығарымда» деуімен 1897 жылды көрсеткені сөзсіз. Кітаптың соңғы нүктесі осы жылы қойылғанына Мұхаңның мынадай  дерегі де сәулесін түсіреді: «Тек 1896 жылы ғана Мағауия, Кәкітай, Көкбайлардың айтуы бойынша, осы жылдан бастап, Абай барлық шығармаларын жинастырып көшіруге ұйғарады. …Кейінгі Мүрсейіт бастаған көпшілік 1896 жылдан бері қарай көшіретін болды»  (М.Әуезов. Абай Құнанбайұлы. – Алматы, 1995. – 18 бет).

Кәне, 1896 жылы Абай «барлық шығармаларын жинауға» неліктен ұйғарды? Бұл факті бізге ойшыл «Ғақлия» кітабын толық аяқтап болмаса да, еңсерген жайын паш етеді  деген ойдамыз.

Сонымен, қолда бар дерек-дәйектер Абай «Ғақлия» кітабын 1891 жылы бастап, 1897 жылы толық аяқтап шыққан деп тұжыруға мүмкіндік береді.

Бұл пайымды М.Әуезовтің пікірімен салыстыра отырып, тексерелік: «1890 жылдардан бастап… Абай өлеңді аз жазса да «қара сөзбен» айтатын өсиетті көп жазады. «Ғақлия» деген өсиеттері сол 1890 жыл мен 1898 жылдардың арасында жазылған» (20 томдық шығ.жинағы. -20 том. – 78 б.). 1891 емес, 1890 жыл аталған екен. Неге? Осы жылы Абай алғашқы мақаласы «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» атты тарихи зерттеуін аяқтаған болатын. Мұхаң, сірә да, кейде «46  қарасөз» делінетін осы еңбекті ескеріп отыр. Ал, 1898 жыл туралы әңгіме бөлек. Бұл жылы Абайдың «Ғақлия» кітабынан сырт қалған екі қара сөз (қазіргі 27 және 43) жазғанына төменіректе тоқталмақпыз.

Сонымен, кітаптың жазылу мерзімі жайында біз жасаған қорытынды пайым мен Мұхаң айтқан пікір арасында айта қаларлық өзгешелік жоқ.

Ендігі кезекте қара сөздердің құрылымы мен мазмұнына қарай ауысалық. Кеңестік идеология Абайдың ғақлия мұрасын дәріптеу мен зерттеуге құлықсыз болды. Сол себепті Абай поэзиясымен салыстырғанда ғақлия саласында қордаланған мәселелер бастан асады. Төменде оларды шама-шарқымыз жеткенше реттеп көрелік.

 

«Ғақлия» кітабы

Жоғарыда айттық, Абайда проза кітап екеу: біріншісі – «Ғақлия» кітабы, екіншісі – «Ғақлиқат-тасдиқат» (қысқаша «Тасдиқ») трактаты. «Ғақлия» – 41 қарасөзден тұрады. Оған «Тасдиқ»-тың (қазіргіше 38-қарасөз) үш қайнаса сорпасы қосылмайды ( тақырыбы, мазмұны, мақсаты, көлемі және жазылу мерзімі бойынша мүлде бөлек). Сондықтан әзірге тек «Ғақлияны» тексеріп, реттеп көрмекпіз. Ал «Тасдиқты» кейінде арнайы сөз ететін боламыз.

1891-1897 жылдар аралығында Абай 41 ғақлия сөзі мен 40 тарта өлеңін дүниеге әкелген. Бірақ негізгі шығармашылық жұмысы өлеңдер емес, осы ғақлия сөздерін жазу болды. Өлеңдер мен аудармалар әлбетте шабыты маздағанда туады.  Ғақлияны жазудың мәнісі бөлектеу. «Абайдың, – дейді зерттеуші Ханғали Сүйіншәлиев, – қарасөздері де өлеңдері сияқты алуан түрлі мәселені қозғайды. Өлеңдеріндегі бай мазмұн қарасөздерінде де толық қамтылады. Қарасөзі, өлеңдеріндегі пікірлерін толықтыра түседі».

Жаңағы 41 ғақлияның алтауы қысқа үлгіде (олар – 16,18,19,20,24,31), өзге 35 сөзді өз алдына шығарма десе де болады. Қара сөздерін жинақтаған да, қолжазба кітапқа (дәптер десе де болады) «Ғақлия» деп ат қойған да Абайдың өзі.

Сонымен, ойшылдың ғақлиясы деген – қазақтың болмысы, мінезі зерттеліп, байыпталған толғау, өсиеттер.

Сыншы әрі ойшыл Абай «Ғақлия» кітабын жазу барысында «прозаның өзіне бөлек бір алуанын қалыптастырады» дейді М. Әуезов. Ол – қарапайым сөйлеу тілі мен қалың көпшілікпен әңгімелесу мәнері. Мәселен, автор «ашулансам-ызалана алмаймын, күлсем-қуана алмаймын…» деп ауызша төсілтіп, шешендерше тақпақтай отырып, сонымен бірге «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада дүниенің рақатының қайда екенін білмей, біріне – бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, боққа жарамсыз қылықпен қор етіп өткізеді…» деген сияқты философиялық терең пікірлерін, өсиет-толғауларын да тыңдарман санасына нық шөктіріп, жеткізе айтады.

Әдебиетші мамандар Х.Сүйіншәлиев пен М.Сильченко өз зерттеулерінде  кітап «Ғақлияда», әсіресе, «публицистика сарыны басым» деген пікірге келеді. Қарасөздерді ден қоя зерделеген көрнекті ғалым Р.Сыздықова да осыны қуаттайды: «Өлеңдерінің идеясы қалың оқырман мен тыңдарманға жетпей жатыр-ау деп түйген ақын сол ойларын барлығына түсінікті, қарапайым сөйлеу тілімен айтып бергісі келген. Таңдаған мәнері оқырманмен әңгіме-дүкен құрысу» (Абай. – 1995. – № 1-2. – 109 б.).

«Біреуді досым деп ат беріп жүрсең, оған сенің бір дұшпаның келіп бір тай берсе, бұзыла қалатыны қалай?» я болмаса «Күндегі тілін тауып жатқан достан гөрі, дұшпанның азғантай бұйымтайын орындай салса, неге соның жолында өле жаздаймыз?» дейді Абай. 41 ғақлияда қазақтың болмысын, мінезін тексеруі осылай жалғаса береді. Ал, қалған 4 ғақлиясы (27, 38, 43, 45) тек қазақ қауымына арналмаған.  Бұл төртеуді, әрине, кейініректе бөлек сөз етеміз.

«Ғақлия» кітабы Абайдың ақындық мектебі дәуірлеген кезеңде жазылды. Содан болар, жазылу стилінде мәслихат, кеңес құрып отырған ойшыл ұстаз бейнесі менмұндалап тұрады. Қара сөздердің біртіндеп күрделіне түсуі де, бәлкім, осы жәйтпен байланысты. Ұстаздың мақсаты – айтқан жайларды тыңдаушының көңіліне, көкейіне қонымды ету. Сол үшін мысалдар алады, сұрақтар қояды. Ел мінезін сынағанда пайдалы өсиет болуымен бірге, көңілді, қызықты болып жетуін де ойлайды. 15-сөзінде: «Есер кісі ер-тоқымын тастап, бөркі түсіп қалып, етегі атының к…н жауып кетіп, екі көзі аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі екен, соны көрдім» дегені сияқты.

Қара сөздер он-он бір тақырыпқа бөлінеді. Кейбір тақырыптар бірнеше сөздің көлемінде қайталанып, кей тақырып бір – бір қара сөзде айтылумен тоқталады. Мысалы, 1-сөзде Абай жазуға қалай кіріскенін баян етеді. Бұл ойларға қайтып оралмайды.

Енді қарасөздерді нақты қарастырып өтелік. 1-сөз кітаптың кіріспесі екені даусыз ақиқат. Абай оны тіпті нөмірлемеген де. 2-сөзде халықтарды салыстырады. Қазақ бағзы замандарда қағанат құрған, империялық сананың мирасқоры. Сол себепті ешкімді менсіне бермейтін өр халық. Осы мінезді көрсете келе, Абай осы заманғы талап – еңбексүйгіш, білімді болу, өзге халықтар осымен озуда екенін паш етеді.  3-сөз өз алдына бөлек тақырып. Бұл сөз – бағдарламалық сипатқа ие. Онда қазақ даласындағы билік жүйесі, яғни әкімдер, билер, соттар сөз етілген. Әлеуметтік әділеттілікке жету механизмдері һәм биліктің халыққа жақын болу жолдары айқындалған. Бұл өсиеттер өзектілігін бүгінгі күні де жоғалтқан жоқ, бір.  Екіншіден, 3-сөз елдіктің бағдарламасы болған соң, оның сағасына кейінгі тармақ-тармақ ғақлияның күллісі құйылып отырады.

4-сөздің тақырыбы –күлкі туралы ойлаған ойы, сыны. 5-сөзде қазақтың кейбір мақалдары сынап, мінелген. Аталған бес сөзде бес тақырып қозғалды. Енді 6-сөзден бастап, тақырып қайталанатын болады. Мысалы:

6,8,9,10,14,23,26,29,33,39,40,41,44 сынды жиыны 13 ғақлия сөздегі тақырып ортақ. Ол – ел мінезін қозғау. Көбіне қазақтың жарамсыз, құбылмалы мінездері сыналып, әшкере етіледі.  7-сөзінде бала тәрбиесін айтқан. Жақсы баланы жаман тәрбие қайтіп қорлап, бұзатынын жеткізеді. 11-сөздің тақырыбы билеуші топ, ұлықтарды сынау. 12,13,27,35,36 сөздер тақырыбы жағынан өзектес. Олар – дін мен иман мәселелеріне арналған. Абай Құдайға құлшылықтың мәнісі неде екенін түсіндіреді. Мұны да ескірген мәселе деп ешкімнің де айта алмасы анық.

Мінеки, біз Абайдың көзі тірісінде «Ғақлия» кітапқа кірген 41 сөзді түгендеп, саралаған болдық. Енді 27, 38,43,45 сөздері қалып отыр. Бұлар «Ғақлия» кітапқа енбеген 1897 жылдан берідегі шығармалар. Ерекшелігі – «қазақ» деген сөз, жалпы «қазақылық» ұғымы мүлде жоқ. Тек жалпыадамзаттық тақырыптар қозғалады. Олардың  ортақ сипаты – ұлт ұстазы сатысынан әлем ойының алыбы шыңына қадам басқан Абайды бізге нақтылы танытып береді.

Атап айтар болсақ, 27- сөз (төл аты «Сократ хакімнің сөзі») және 43- сөз (тән мен жан, жан қуаты турасында) 1897-1898 жылдың қысында жазылған. 38-сөз (төл аты «Ғақлиқат-тасдиқат») Абайдың 4 жылдай (1899-1902 жылдар аралығы) тынымсыз жазған көлемді трактаты. 45-сөз соған қосымша шағын шығарма.  Енді 37-сөзге келер болсақ, ол Абайдың афоризмдері, қазақша нақыл өсиеттері. Олар алғаш рет 1896 жылы жинақталған. Мүрсейіт қолжазбасында 37-сөз «Насихат» деп аталып, бөлек көшірілген.

Құран аятында: «Қандай да бір қауым өзін-өзі өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді» делінген. Абай да «Ғақлия» кітабын «қалың елім, қазағым» оқысын, қорытынды шығарсын, өзін-өзі түзесін деген мақсатпен жазған. Абайша халқына жаны ашу деген онымен қоса жылау емес, оған дамудың дербес жолын айқындап беруге саяды.

Сонымен, «Қарасөздер» тек бір автордың ой-толғамдарын ғана білдіретін дербес туынды емес. Ол өзіне дейінгі қазақ топырағындағы бүкіл рухани-діни тәжірибені жинақтаған, ғасырлар бойы қалыптасқан, қорытылған бірегей ілімді ХІХ ғасыр кемеңгерінің ой көрігінен, сана сүзгісінен өткізіп, іріктеп берген танымдық мәні зор туынды. Яғни   Абай «Ғақлия» еңбегі  арқылы қазақ халқының рухани-діни көзқарастарын жүйеге салды, танытып берді. Сондықтан да ол кемел Абайдың ұлт ұстазы тәжін кигенінің асқақ айғағы.

Әлемдік әдебиетте Кейқауыс патша баласына арнаған «Кабуснама», француз ойшылы Монтень жазған «Тәжірибелер», орыс ойшылы Чаадаев жазбалары бар. Бірақ Абай ғақлиясынан озып айтқаны жоқ.  Мұны мақтаныш сезіммен айтуға тиістіміз.

Көршіміз Қытай елінің діни-рухани ілімі даосизм (дао – жол деген мағынаға саяды) қос хакім (Конфуций және Чжуан-цзы) көзқарастары негізінде дүниеге келген көрінеді. Солар сияқты Абай, Шәкәрім де ұлтқа жол салды. Ғұлама Мұхтар Әуезовтің әйгілі эпопеяны «Абай жолы» деп атауында осы астар бар. Өзіңіз де ойлаңыз, міне бір жарым ғасыр өте шықты, бірақ Абай сөздері ескірді ме. Қазақ үшін сол баяғыша ақыл-ойды өсірудің, мінез түзеудің таптырмас құралы болуда.   Халқымыздың ажарлы, жан дүниесі жарық болуы деген ұлы міндетті мінсіз атқарып келеді.

Сөзімізді Абайдың жүз жылдық мерекесіне арналған мақалада Мұхаң айтқан мына пікірмен сабақтайық: «Абайдың «Ғақлия» атанған қара сөзі барлық құрылыс қалпымен, шебер, шешен тілімен және өлеңдеріндегі ой толғауының көпшілігін тереңдеп, еселеп, өсіріп жеткізуімен біздің әдебиеттегі тағы бір соны, қызықты жаңалықтың бірі болған».

Асан Омаров, абайтанушы ғалым.

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation