Сәрсенбі, Тамыз 22, 2018
Негізгі > Саясат > ҮШТІЛДІЛІК ҰШПАҚҚА ШЫҒАРА ҚОЯР МА ЕКЕН…

ҮШТІЛДІЛІК ҰШПАҚҚА ШЫҒАРА ҚОЯР МА ЕКЕН…

Осыдан біраз уақыт бұрын «Хабар» телеарнасында «Үштілділік керек пе?» тақырыбы бойынша өткен дөңгелек үстелдің куәсімін. Мәжіліске жас мамандар – тілдерді дамытуға қатысты мекемелердің өкілдері қатысып, белгілі қайраткер ғалым Дархан Қыдырәліұлы жүргізіп отырған. Әлгі маман атаулы «үш тілді тең ұстау ауадай қажет, әйтпесе көштен қалып, аштан өлеміз!» дегенді тастай ғып ұстансын. Сол бағытта дау-дамайсыз өрбіген әңгіме шырқы ақыры бұзылды. Атақты математик Асқар Жұмаділдаев пен белгілі саясаткер Айдос Сарым сөзге араласты. Қос азамат телефон арқылы байланысқа шығып, қойылып отырған мәселеге қатысты: «Бұл қазақ тілінің тамырына балта шабар қатерлі қадам. Ең болмағанда 5-сыныпқа дейін туған тілде оқыту шарт! Ана тіліне уызынан  жарымаған  дүбәрә ұрпақ өмір бәйгесін  ала алмас, қара да тұр, онан ертең патриот та шыға қоймас!» деп тақ-тұқ айтты. Екі бөлек жерден хабарласқан екеудің ой бірлігі, түзу сөзі көкейіме қона кеткені есімде.

Бірақ сыни пікір, қисынды сөз қабылданған жоқ. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» -деген осы болар, үстелге жиылған сарапшы мамандар сырттан хабарласқан қос біліктіге қарсы шықты. «Бұл заман сұранысын ескермеген кертартпалық, прогресс болашағын болжай алмаған сорлылық», – десіп,  бет қаратпады. Қазақы өмірден алыс, бармақтан сорған уәждерін ортаға салған болды. Бөтен тілсіз бәрі қараң қалады деп лақты. «Қазақ алда, әлі де ойқастап оза береді», – десті. «Әй, пақырларым-ай, үш тілді ұрпақ озады, қатырады деп халықты тағы бір есалаң еттіңдер-ау, өздері шұбарлап сөйлейтін ата-анадан тарайтын ұрпақ қазақ тілін менсіне ме, бірнеше буын алмасатын алдағы ғасырларда не болмақ?!». Осы бір үрей мен кейіс түйсікпен келеді. Дұрысы қайсы? Көк жәшікке телмірген көпшілік, екіұдай хәлде қала бергенбіз.

Қазіргі таңда ағылшын тіліне кім қарсы, сол жау, қала берді, жабайы адамдай көрінбек. Жаһандық тіл жасасын, шамаң жетсе меңгер!  Бірақ асыра сілтеушілік те болмасын, физика, математика, химия пәндері қазақша жүрсін, шет тілі тек жоғарғы сыныптарда оқытылсын. Жоғарғы жақ естуге тиісті бұқараның дауысы мен тілегі осы! Оның себебі – тілді меңгеру мен ғылым сарасын игеру бір нәрсе емес. Қазір әр қалада не көп, тіл үйірмесі көп. Ағылшын тіліне ана тіліндей жүйріктер жылма жыл көбейіп-ақ келеді. Бірақ олар да жұмыссыз, бөтен тілді білуінің артықшылығы жоқтың қасы. Неге? Себебі, нәсіпті тілмен емес, тек кәсіппен табасың.

Енді мәселенің түбір, төркінін тереңірек қазбалайық.

Ғылым шыңына тек даралар, Абайша «единицалар» ғана жетеді. Бүгінгі бас айналатын ғылыми-техникалық табыс атаулы сол единицалардың еншісі. Солай бола да бермек. Қалың бұқара ғылымды жасамайды, тек пайдаланды, демек, оған шет тілін білудің қажеттігі де шамалы. Неге десеңіз, шыққан шығын мен алар пайда арасы жер мен көктей алшақ. Ақталмақ емес. Құр сөз болмауы үшін өз өмірімнен бір мысал алайын. Мен 1981-85 жылдары Мәскеу қаласында аспирантурада оқып, техника ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін диссертация қорғаған адаммын. Оқудың алғашқы жылында неміс тіліне алты ай уақытым бос кетті. Бос дейтінім, онан бес тиынға пайда алған емеспін. Өйткені, түпнұсқа материал тұра тұрсын, орыс тіліне аударылғанның мыңнан бірін пайдаланып үлгеру де мүмкін емес-ті.

Оқырман осы тұста «е-е, о заман мен бұ заман бір ме, қазіргі таңда шет тілі нан табу құралы» дер, бәлкім. Иә, Қазақстандағы  шетелдік кәсіпорынға ағылшын тілінсіз жол жабық деп жастарды қорқыту, үркіту етек алды. Бұл факті ме, әлде жел сөз бе? Бөтен кәсіпорынға жұмысқа орналасу «бақыты» бұйырғандар шамасы ел тұрғындарының бес пайызынан аспас. Оның ішінде фирма америкалық болса ғана ағылшын тілі керек, ал немістікі болса неміс, корейдікі корей, қытайдікі қытай тілін білу талабын қоятыны басы ашық жәйт. Өзіңіз де ойлаңыз, бес пайызға бола, барлық баланың уақытын зая етіп, миын ашытқан жөн бе? Біз, Құдай маңдайға «аграрлы» деп таңба басқан елміз. Қала қалама, күндердің күні туғанда ауыл шаруашылығына түбегейлі бет түзейміз. Қазақтың төл өнеркәсібіне қан жүгірген, тілі мен мәдениеті өркендеген алтын ғасыр сол болмақ. Сонда: «Ағылшыншаң бар болсын, өз тіліміз неғып ғылым тіліне айналмаған, әй, қап!», – деп кейінгілер сан соғып қалмасына кім кепіл…

Заманында Михаил Ломоносов деген ғалым әрі асқан патриот адамның «орыс тілі ғылымға жарамсыз» деген теорияны жоққа шығаруға бар ғұмырын сарп еткені аян. Сенсеңіз, осы қарекет орыс халқының өз күшіне деген сенімін кереметтей нығайтты. Сонан беріде көршіміз Ресейде орыс тіліне тәржіме жасалмаған әлемдік құндылықтар аз, тіпті жоқ. Міне, ғылым мен қоғам дамуына ауадай қажетті тетік осы арада деген ойдамын.

Ұрпақ кемелденсін, ғылым-білімді болсын десең, аудармаға күш сал!  Таяуда Елбасының 800 кітап аударылса дегені қос қолдап қолдауға тұрарлық бастама (бұл өзге тілді үйретіп тыраштанудан гөрі әлдеқайда тиімді де уақыт сынынан өткен жол).

Балаларды жаппай үштілді қылуға ұмтылудың үш залалы бар.

Біріншісі, бөтен тілді түбегейлі енгізу – оқушының да, ұстаздың да соры, бойдағы бар қуатты сығып алады. Обал-ақ. Соның салдарынан жалпы білім беру деңгейі төмен құлдырайтыны дәлелсіз-ақ айқын аксиома. Оған қоса, ағылшын тіліне жетік, бірақ дімкәс, әлжуаз буынның сахнаға шығуы болжамданады (балалық балдәурен спортпен емес, тіл машақатымен өтсе, оның өтемі, әрине, денсаулық). Екіншісі, патриоттық тәрбие ақсап, ұлттық сана-сезім шетке қағылмақшы (ана тілін үш тілдің бірі деп өскен ұрпақта отансүйгіштік рух пен мінез қайдан келсін. «Екінші ұстаз» атанған Әл-Фараби тәрбиені білім беруден жоғары қойғаны көпке аян. Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет қылу білімнен емес, мінезден», – десе, мұны көзі жеткен өмірлік тәжірибесі деп біліңіз).  Үшіншісі, мемлекеттің, яғни халықтың орасан зор қаржысы желге ұшуда (кез келген қияли реформаның, өнімсіз тірліктің құны осы).

Алдыңғы қатарлы елдер (Германия, Франция, Жапония, Қытай, Корея және т.б.), сондай-ақ, кешегі КСРО шекпенінен шыққан Украина, Өзбекстан, Әзірбайжан сияқты тағдырлас елдер де балақайларды тілі жаңа шыққан кезден ағылшынша баулудан, яғни «глобализация» делінетін орға ұрынудан сақ отыр. Япыр-ай, мықтылар мысықтабандаған тұста, рухы әлсіреген, тілі  шатқаяқтаған бізге не жорық?! Жер бетінде әрбір 12-ші адам әліпті таяқ деп білмейтін сауатсыз деседі, онда үш тілде бірдей сауатты қазақ баласы не, Айға ұшпақ па, әлде бұл бос мақтан – кеудемсоқтықтық па? Сөздің шыны керек, біз, аға буын, осыны ұғына алмай-ақ қойдық…

Қазақтың ар-намысын оятып, рухын сілкінткен Абай: «Жігерлен, сілкін, Қайраттан, бекін!» деген. Ұлттың жан дүниесі қамын жеп осыдан 130 жыл бұрын айтқан осы насихат өзектілігін жоғалтар емес. Олай дейтінім: көшеге шықсаң – айнала бөтен тілде шүлдірлеп жүрген көпшілік.  Қазақ қазақша сөйлемейтін осы ахуал, біле білсек, қайран жырау бабалар да, тіпті Абай, Шәкәрімдей даналар да сезініп, болжай алмаған құбыжық құбылыс екені хақ. Шынды жасыр, я болмаса ауруды жасыр – нәтижесі бір. Қара түнек боранда үйірлі бөріден үріккен жылқы табынымен дүркіреп тік жар қабақ – орға қарай жосыла жөнеледі екен. Жаратушы Құдірет мұндай есалаң  жылқымінезділіктің бетін аулақ қылса дегендік біздікі.

Біз, алдыңғы екі толқын, «орыс тілін білмесең далада қаласың», – деп өскен едік, «бетерден де бетер бар»демекші, бүгінгі ұрпақ легі престің көкесіне тап болуда. Езілу, жаншылу қашанға шекті жалғаспақшы?! Тағы Абай: «Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ», – деп сақтандырмап па еді. Дүние жарқылына алданып, оған шексіз табынғанша, өз тілімізді тіршілікке бейімдеуге неге күш салмасқа, оған не бөгет? Қара үзіп, оза шапқан жаңашыл мықтылығымызды сонымен дәлелдейік. Үштілділік – қазақты орға жығудың төте жолы деп дабыл қағып, жан айғайға салуымның мәнісі осы арада. Мен айтып отырған қауіп-қатер айналып өтсе, қатеге шықса екен – қуаныштың зоры да, бір Құдайдан тілер тілек те сол болмақ.

 

Асан Омаров –

техника және философия ғылымдарының кандидаты,

Семей қаласы.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation