Сәрсенбі, Тамыз 29, 2018
Негізгі > Желідегі жүйрік ой > БЕЙІТ БАСЫНДАҒЫ БЕЙШАРАЛАР

БЕЙІТ БАСЫНДАҒЫ БЕЙШАРАЛАР

Темірланның әкесі қазақ, анасының ұлты орыс болатын. Ең бастысы – балаларының бәрін оқытты, үй етті. Бүгінде әкесі марқұм мұсылмандар бейітінен, анасы болса қаланың екінші жақ шығаберісіндегі орыс зиратынан жай тапқан. Ұядағы тәрбиеден болар, марқұмдардың туған, дүниеден қайтқан күндері перзенттерінің назарынан тыс қалып көрген емес. Қолдары қалт еткенде бала-шағаларын ертіп ап барып тұрады. Орыс халқының о дүниелік болғандарға қатысты ырым-жырымдары мұсылман қауымынан бөлек. Айталық, мұсылманда шариғат бойынша кез келген бейітке жөндеу, жаңарту, тазалау секілді жұмыстар жүргізуге тыйым салынса, христиан дініндегілерде керісінше, жыл сайын «Ата-аналарды еске алу», яғни «Родительский день» деп аталатын күн бар. Ол күні о дүниелік болған туыс-туғандарын еске алушы адамдар зират басына арнайы құрал-саймандарын ала барып, кәдімгі сенбілік жүргізеді. Қираған, бүлінген жерлерін жамап-жасқап, сырлайтын жері болса сырлап, әктеп, арам шөбін жұлып бір сөзбен айтқанда, жыл бойы кетеуі кете бастаған құлпытастарды ретке келтіреді. Соңынан сол жерге дастарқан жайып, көңіл қалауларынша арақ-шараптарымен қоса тамақтанып, маңындағыларға да дәм ұсынып жатады. Бір қызығы, бейіт басына жайылған дастарқанды, ашылған арақ-шарапты жиып-теріп үйлеріне алып кетпейді. Салт бойынша қалай тұрса, сол қалпы қала беруі тиіс.
Бір жылы, дәл осы дәстүрлі күні Темірлан іссапарда болып, елге кешігіп жеткен. Күннің еңкейіп қалғанына қарамастан бірден анасының басына барды. Асығып келіп ығы-жығы орналасқан қалың бейітке кіргенде байқамапты, шығар жолдағы ағашы сая боп өскен екі кісілік үлкен бейіттің қасында үш жігіт отыр. Отырғанда, жай отырған жоқ. Алдарына дастарқан жайып, аузы ашылған бірнеше шишаны қаз-қатар тізіп тастаған. Кішігірім той дерсің, құдды. Таяп келгенде байқады, үшеуі де сақал-мұрттары бей-берекетсіз өсіп кеткен, шаштары ұйпа-тұйпа сойталдай-сойталдай қазақ жігіттері. Екеуінің жас шамасы қырықтың о жақ, бұ жағында болса, бірі сәл жастау көрінді. Ту сырттарынан аңтарылып тұрған мұны байқар емес. Ішкілік салдарынан қалш-қалш етіп дірілдеген қолдарымен мөлтілдете құйылған стақандарын түйістіріп, бір-біріне тілек айтып жатқан секілді. Басқа басқа, дәл мұндай бейшаралықты бұрын-соңды көрмеген Темірлан намыстан жарылып кете жаздады. Осы кезде мұны байқап қалған әлгілердің бірі қалбалақтап орнынан тұра бере, – Кел жігітім! Бүгін орыс ағайындардың арқасында мұртымыз майланып жатыр. Жылда бір жырғап қаламыз, осылай – деп, меймандостық танытып, дастарқанға шақырды.
Әуелде, лықсып келген ашудың арынымен үшеуін үш қойып, алдарындағы дастарқандарын төңкеріп тастамақ болған. Бірақ, ол райынан шапшаң қайтып, «Рахмет жігіттер, ас болсын!» деді, сыр білдірмей. Ту сыртынан әлдене деген сөздерге мән берместен, жалт бұрылып кете барды.
Қазақтың «Ат өлімі, итке той» дегені осы болар…

Серік Құсанбаев, Өскемен.

https://www.facebook.com/profile.php?id=100007616193668

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation