Сенбі, Тамыз 4, 2018
Негізгі > Руханият > Дәстүр > Ұлы сөзді ұмытпайықшы…

Ұлы сөзді ұмытпайықшы…

Осы еңбегімді  әкем  

Қойшыбай Диханұлының рухына арнаймын!..

Адам қуанғанда немесе жабыққанда өзіне жақын жанды іздейді. Ал, мен үшін əкенің орыны тым бөлек. Аллаға мың шүкір, кеше қолыма Еуразия ұлттық университетінің магистрлік дипломын алып тұрып, əкемді сағына еске алдым… Менің жеткен жетістігімді көрсе ғой, шіркін, – деп ойладым. Бірақ, амал не?! Жатқан жерің жарық болсын, жан Әке!

Біздің қазақта “Əкенің көңілі жездедей-ақ ” – деген сөз бар. Өз басым осы сөзбен келіспеймін. Бұл əкесінен көңілі қалған біреудің айта салғаны болар. Жезде мен əкенің орны екі бөлек. Әкең асқар тауың емес пе?! Сүйеніш болса болар, жездең қайдан асқар тауың болсын…

Біздің ұғымымызда “Əкенің мысы, əкенің десі”- деген сөз бар. Осы сөздің тегіне қарап-ақ бағамдай беріңіз. Анашыңның орны өз алдына, “Ананың мысы, ананың десі”, – деген сөзді еш жерден таппайсың. Керісінше, “Ананың алақаны, мейірімі”,- деп жұмсақ қолданылады. Осыдан – ақ, бала өміріндегі əке-шешенің рөлі ап-айқын көрініп тұр.

Уақыт өткен сайын Әке деген сөзге құрметім тым артып барады. Өзімнің де əке екенімді ойлағанда жүзімде нұр ойнайды. Толқимын, əр қадамымды жауапкершілікпен  басамын.

Бір ой, бір ойды түртеді. Өткеніңе зер салып отырсаң көп нəрсе ойыңа оралады. Тіпті көлеңкең сияқты сенен бір елі қалмайтындары да бар. … 2010 – жылы тамыздың 27-жұлдызы күні өзім-өз боп, Қазақстанда тұңғыш рет табан ет, маңдай терім жалақымды қолыма алдым. Жалақы болғанда 25 000 теңге. Қуанышымда шек болған жоқ. Өзіме бір зат алуға қимай, ырымдап телефоныма сол ақшадан бірлік салып, Қытайдағы əкеме қоңырау шалдым.

– Ассалаумағалайкум, қалыңыз қалай? – дегенім сол еді, əкем менің даусымнан – ақ, менің қуанып тұрғанымды аңғара қойды.

– Уəлайкуассалам, ал Мұқыш, (мені еркелетіп солай атайтын) қуанышыңа ортақтасуға дайынмын! – деді. Мен:

– Иə, бүгін тұңғыш рет өз Отанымнан жалақы алдым, сізді қонақ қылайын деп едім, алыста тұрғаныңыз – ай, бірақ, басқа нəрсеге мұртын бұзбай, сол ақшаның үлесінен сізге қоңырау шалып тұрмын! – дедім.

– Ой, айналайын, қонақ қылды деген осы, ризамын! – деді əкем. Ары қарай өзара əңгіме өрбіді. Сөз соңын ала əкем:

– Əй, Мұқыш, енді көп жүргенді қой, келін керек бізге! – деп ойындағысын айтты. Мен де осы сəтті пайдаланып, баспана мəселесін айтып қалдым. Телефон тұтқасы қойылды. Сол күні əкем көрші – қолаңдарына бір қойдың басын кесіп тастапты.

Арада екі ай өтер өтпес, əкем қоңыраулатып тұр.

– Əй, бала, үйіңе ақша дайын! – дейді балаша мəз болып. Көп өтпей сол жақтан бері қарай келе жатқан бір дос жігіттің келіншегінен беріп жіберді. Өзі бір рет болса да көзімен көрмеген, бұл жақтағы жүріс – тұрысымнан, тірлігімнен бейхабар əкемнің менің қолыма өте қомақты соманы ұстата салуы маған деген сенімінің терең екенін байқатты. Осылай менің де əкеме деген ұстаныммен құрметім өз жемісін берді. Сонымен Арқалық қаласынан баспана мəселесін шештік. Келесі 2011- жылы Айбек Қалиев ағам бас болған (өзім құда, өзім құдағи, өзім күйеу) дос – жарандармен барып сөйлесіп, ата – анасының разылығын алып, Торғайдың бір қызымен шаңырақ көтердік. Елдегі бұл қуанышқа қытымыр Қытай саясаты астында өмір сүріп жатқан əке – шешем, туғандарым қатыса алмады. Маңдайымдағы жазмыш сорабы солай шығар! Кімсің, ешкімің жоқ екен! – деген жоқ, үлпілдетіп өсірген қыздарын ағайындарының басын қосып, дүркіретіп тойын жасап тұрып, қолыма ұстатқан Торғайдағы текті жұрттан айналдым!

Қойшы, сонымен, сол жылдың шілдесінде баяғы Айбек Қалиев ағам бас болған, қайнаға – балдыз, дос – жаран боп Қытайға барып, туған жердегі ел – жұртқа келіндерін көрсетіп, той жасап, есесіне ақ батасын алып, бір ай еруілдеп қайтып едік. Сол жолы əкемнің қуанышында шек жоқ. Бірақ менің көзіме өте жүдеу көрініп еді. Тіс жарып сұрауға жүрегім дауаламады. “Қорқынышың неден болса, ажалың содан” – деген рас – ау! Келесі 2012 – жылдың көктемінде əкемнің қатты науқастанып, ауруханаға түскені туралы суыт хабар жетті. Кідіруге мұрсат жоқ, Қытайға бардым. Жаман ауру əбден меңдеткен əкемді көріп, сай сүйегім сырқырады. Қайран есіл азамат, қасында ұзақ отыруға шамам жетпейтін. Көбінде кіре беріс залда отырып жүрдім. Жанына батқан ауруды əкем маған сездірмеуге тырысатын, қайдан, онысы бəрібір түрінен шығып тұратын. Тек күнде жатар мезгілде əкеме өтініш жасап, аяғын жылы сумен жуып беріп жүрдім. Сол ісіме жауабы ретінде əкем қос алақанымен басымнан, арқамнан сипалайтын еді. Сол алақанның жылуы-ай,шіркін!
Кейде кейігеніңмен еркіңе көнбейтін қу дүние – ай! Бəрі де өлшеулі, қағида, тəртібі бар. Əкеме қарап абыр – сабыр боп жүргенде мына жақтағы жұмыстан сұранып кеткен уақыт бітті. Кетуге тура келді. Кететін күн белгіленді. Ішім “у” ішкендей астаң – кестең. Шыдайсың, шыдамай шараң не?! Белгіленген күні кететін болып таңертеңгі сағат 7 – де қонақ үйден заттарымды алып, қоштасуға əкем жатқан бөлмеге кірдім. Əкем теріс қарап жатыр екен. Анашым аяқ жағында отыр. Есіктен кіре соза дауыстап сəлем бердім. Мұндайда əкем басын жұлып алатын, бүгін өйтпеді. Сол беті самарқау “əликсалам” деді. Төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Абдырап қалдым. Не болса да басын ашып сөйлескім келді. Анашымды қоярда – қоймай, сыртқа шығарып жіберіп, əкемнің тура алдына келіп жүрелеп отырдымда:

– Әке, мен кетіп барам ғой, неге теріс қарап алдыңыз, көңіліңізді қалдырсам кешіріңізші! – дегенім сол еді, əкем ұмсынып келіп маңдайымнан сүйіп:

– Жоқ, құлыным! Саған ризамын. Керісінше сені қимай жатырмын. Мына айналдырған бəле алмай қоймайтын болды! – деді. Басымнан біреу қолшоқпармен салып жібергендей есеңгіреп кеттім. Көзімнің шарасына жас толды. Көрсетпеуге тырыстым… Əкем сөзін ары қарай сабақтап:

– Сыртта жүрсің ғой, мықты бол, жаман хабар жетсе үгілме, менің де əкем өлген, ақиқатқа тура қарау керек!- деді. Не айтарымды білсем ғой. Сасқанымнан:

– Əке, онда мен кідіре тұрсам қайтеді?!

– Жоқ, Мұқыш, жолыңнан қалма, тарта бере ғой, бəрі Алланың құзырындағы шаруа. Бүгін, ертең, бір ай, тіпті бір жыл, сондықтан жолаушыны жолынан қалдыруға болмайды!- деді. Бас изедім. Қателігім болса кешіре көр, ардағым! Маңдайынан искеп орнымнан тұрдым. Мына бала боркемік екен дегізбейін деп, ішкі дүниемді сездірмеуге құлшындым. Аяқ – қолым дірілдеп сыртқа шықтым. Анашыма да келте қоштастырған кеудемдегі жұмыр ет сыртқа қарай сүйреп əкетті. Аурухана көзден таса бола бере егілдім – ай, келіп. Қалшылдап, ышқынып тұрып жыладым. Дəрігердің сөзі құлағымнан кетсе, кəне.

Елге келіп, жұмысқа кірістім. Ой жүдеу, қамкөңіл, жүрек үрей ұшында. Е-е, қу өмір – ай, ақиқат бəрібір ақиқаттығын қылады. Арада жиырма күн өткенде артымнан мені іздеп суық хабар жетті… Ардағыммен мəңгілікке қоштастым… Өз қолымнан топырақ бұйырмады…
Біз солай қоштастық! !!

Ардақты бауырлар, ата – аналарыңызды ардақтаңыздар! Жігіттер жарларыңыздың ата – анасына, келіндер сүйіктілеріңіздің үйіндегі үлкен кісілерге құрметпен қараңыздаршы! Олар аз күнгі қонақтар! Жігіттер, сүйіп алған, көгеріп – көктеп отырған құшақтағы жарларыңыздың, тіпті үйдегі құлындарыңыздың нағашыларына құрметпен қараңыздар! Ол “Қатынжандылықтың” белгісі емес…

“Ата – ананың разылығы, Алланың ықыласы” деген ұлы сөзді ұмытпайықшы…

Мұқият Қойшыбайұлы,

  педагогика ғылымдарының магистрі.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation