Жексенбі, Шілде 1, 2018
Негізгі > Абайтану > 17-дәріс. ЖҰМБАҚ АБАЙ

17-дәріс. ЖҰМБАҚ АБАЙ

Құяң қимыл, мимырт тірлік Абайға жат.  «Күн артынан күн туар, Бір күн дамыл еткізбес» (1898) деп өзі айтқандай, ақынның күллі ғұмыры арпалыспен өтті. Әсіресе, 1898 жылы өрлеу мен тоқырау кезектесіп, сүйініш пен күйініш тайталасты. Осы жылғы тосын оқиғадан кейін Абай қоштасу – реквием өлеңін жазып, онда «мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла!» деген еді.

Аты-шулы Мұқыр оқиғасы

Тәңірі өткір сезім берген Абайға жағымды я жағымсыз оқиғалар өзгеше әсерін тигізіп отырған. Қарамола съезінен кейін ақындық өнерге құлай беріліп, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» және тағы басқа өлеңдері дүниеге келгені жоғары бір тұста айтылған-ды. 1898 жылғы өзіне қамшы тиген Мұқыр сайлауы да ақынға күшті әсер еткені сөзсіз. Оған келешек ұрпаққа сырын ашқан «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» деген әйгілі өлеңі айқын дәлел. Бұл өзі туралы жыры. Өксікке толы қоштасу өлең – реквием. Өлең Абай өзінің шығармашылық қызметінде қазақ өрісімен қоштасып, адамзаттық өріске қадам басуының символы. Туынды талдау, саралау өз алдына мәселе.

Біздің мақсат – айтылмыш оқиға Абайдың Тәңірінітану іліміне құлай берілуіне түрткі болды ма, «Ғақлиат-тасдиқат» атты даналық еңбекті жазуына әсер етті ме деген нәзік мәселеге сәуле түсіру. Алдымен Мұқыр сайлауын сөз етелік.

Жазда Ақшатау бөктеріндегі «Көшбике» жайлауында   төрт болыстың бірі – Мұқыр болысының сайлауы өтпекші еді. Ақшатау – Шыңғысқа қатарлас шөккен едеуір үлкен тау. Осы таудың шығысы – найман ішінде  сыбан руына тиесілі, ал, батыс жағы – тобықты елінің жайлауытұғын. «Абай сабалды» деп исі қазақты түршіктірген оқиға сол Көшбике сайлауында орын алды.

Сол заманның куәгері Тұрағұл сөйлесін. «Біздің қазақ сорлы мансапқа таласпай жүре ме? – дейді ол естелігінде. – 1898 жылы сайлау болғанда, бұрынғы Мұқыр атанған елдің сайлауына менің әкем барған. Оразбай байдың дәулеті асып, дәуірі тобықты ішіне жүріп, Оспанмен екеуінің араздығы Оспан өлген соң менің әкемнің басында қалған. Мұқыр болысының ішіндегі менің әкемнің тілеулестері Сіз бармасаңыз болмайды, Оразбай қалаған кісісін сайлатып алып, басымызға пәле жауғызады деп, жалынып, жалпайып апарған. Ақылы көзінде, елдігі де, жаулығы да қаспен көздің арасында тұратұғын сорлы қазақ, менің әкемді көрген соң, әкемнің досы жаққа қарай ауыса бастаса керек. Бастығы Оразбай, жолдастарымен осының өзіне қол тигізіп бір таңба салмасақ, ел ескі әдетімен ауа береді десіп, бірнеше адамдарды сайлап шығарып, уезнойдың қасында әңгімелесіп отырған Абайға «қолдарыңды тигізіп жанжал шығарыңдар» деп жіберген. …Таяқ тиді не, тимеді не, әйтеуір, Абайды ұрдық деген атын көтеріп мұратына жетті».

Абайға қамшы тиюі бүкіл Құнанбай тұқымына сүйекке таңба сияқтанды. Әсіресе, сезімтал Шәкәрімге сілкініс әкелген еді.      «Шәкәрім ұлы ағасының жан азабын жүрегімен сезінді, – дейді қаламгер ғалым Тұрсын Жұртбай өзінің «Құнанбай» атты зерттеу еңбегінде. – Абай күйінсе – күйінді, сүйінсе – сүйінді. Әрі іні, әрі шәкірті есебінде келешек күндердің көшінен көріп, көңіліне дәрмен берген Дәрмені де – осы Шәкәрім болатын» (Құнанбай. – Алматы, 2004. – 223 б.).

«Деді бір ой көзіңді аш!». Шәкәрім 1898 жылы 40 жасында өзінің танымастай өзгергенін ғұмырнамалық жырында осылай айтады. Көп жылдар өткен соң да жүректегі ескі жараны жасыра алмай:

Соның да тілін алмадың,

Сабадың, сөктің, қарғадың.

Көріне қашан кіргенше,

Арсылдап иттей қалмадың, –

деп замандастарын ашу-ызаға толы сөздерімен сөгеді. Мұндай ашу-ызадан шыққан өзгедей шығарма Шәкәрім поэзиясында жоқ.

Мұқыр оқиғасы Шәкерімді осылай сілкінткен болса, оның әсері Абайға онан да зор болуы заңды. Оның жарықшағы Абай творчествосында сайрап жатыр.   «Болды да партия»,  «Жүректе қайрат болмаса», «Ауру жүрек ақырын соғады жай» деген шығармалары, әсіресе, әйгілі «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» өлеңі ұлы ақынның жан күйзелісінің жаңғырығы. Бұл ақиқат. Ойшылдың «Мен бір жұмбақ адаммын» дегені талай ізденістерге арқау болды. Танымал жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» атты кітабы соның бірі.

Менің сырым, жігіттер, емес оңай,

Ешкімнің ортағы жоқ, жүрсін былай.

Нені сүйдім, дүниеде неден күйдім,

Қазысы оның – арым мен бір-ақ Құдай (1897).

Бұл Михаил Лермонтовтан аудармасы. Бізше Мұқыр оқиғасының сызы осы жолда да тұр, яғни аударма 1898 жылдікі болуы ықтимал.

Тұрағұл Абайдың әр өлеңінің шығу тарихы барын айтады. Шыны, Абай өлеңдерінде көтерілген тақырыппен бірге сыртқы, ішкі құбылыстан алған ақынның әсері ере жүреді. Ақынның өз өзіне көңілі толмауы – Мұқыр оқиғасының сыртқы жаңғырығы.

Мәселенің ішкі жағына да үңілейік. 1895 жылдан беріде Абайдың айдан ай, жылдан жыл Алла тағаланы тануға, яғни әулиелік сатыға жақындай түскені кәміл.  Осы кездерден «әкемнің ашу азайып, мінезі жұмсақ тарта берді, бұл жұмсатуды өзі еңбек қылып тапты» дейді Тұраш.  Бұрындары «ашуы да, қуануы да жылдам» әкесіне енді ешкімнен «араздық іздемейтін», «алыстан үміт қылып қуанатұғын» мінездер тән болғанын жеткізеді. Кім кімге де жақсылық тілеу, қоршаған айналаға тек мейірім, махаббат көзімен қарау мінезі Абайға қайдан дарыған деген сұрақ тумайды. Оның жауабы «күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі» деген сөзінде тұр.

Сүйсіне алмадым, сүймедім,

Сүйегім жасып, сор қалың.

Сүйісіп саған тимедім,

Бола алмадым сенің жарың (1899).

Жалғыз шумақ – Абайдың ішкі монологы.  Біле білсек, онда Тәңіріні (Жарды) «жаннан тәтті» сүю керектігін сезінген, бірақ әзірге оған жете алмаған адамның арман, аңсары тұнып-ақ тұр.

Сонымен, ойшылдың рух сілкінісі Мұқыр оқиғасынан ба, әлде ол рухы эволюциясының заңды нәтижесі ме? Екеуінің де әсері жоққа шығарылмайды. Анығы сол, Абай рухани қияға шықты. Тәңіріге ғашықтық пен түпкі ақиқатты тануға деген асқан іңкәрлік содан. Мұқыр оқиғасының салдары туралы Мұхаң: «Абайдың үнемi арманды болып өткiзген өмiрiнiң ең мағынасыз қорытындысы сияқты болды» дейді. Мәселенің екінші жағы бар: тап осы оқиға ойшылдың «Тасдиқ» трактатын жазуға отыруына түрткі болғаны шүбәсіз. «Абайдың жұмбағы неде?» дегенге берер жауабымыз әзірге осымен тәмам.

 

Жүрегім менің – қырық жамау

1898 жылдан кейінгі Абай, бізге бір Абай емес, екі Абай болып көрінеді. Біреуі – партия таласы, әкімшілік биліктен біржола арыла алмай, оқтын-оқтын болса да, елдің сөзін ұстап, күнделікті өмір ағымында жүрген Абай. Екіншісі – мына өмірден шаршаған, суынған, әулиелік ой-сана иесіне айналған жұмбақ Абай. 1895-1898 жылдар аралығында Оразбай бастатқан бай-шонжарлар Абайға қарсы жаулығын күшейте түсті, ал, ішкі әлемінде Абайдың рух бақшасы гүлденіп, Тәңіріге деген ынта-ықылас еселеп артты.  «Көк тұман – алдыңдағы келер заман», «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап», «Алла деген сөз жеңіл», «Жүректе қайрат болмаса», «Ауру жүрек ақырын соғады жай» сияқты өлеңдері ақынның көңіл-күйінің айнасы. Зерттеуші мамандар Абайдай асылдың бағасын біле алмай, Оразбай сияқты дұшпандар таратқан, ақынның жүйкесін жұқартқан  өсек-аяңдар аз болмаған деп санайды. «Болды да партия» өлеңінде:

Ортаға кеп салдым,

Өзімде барымды.

Япырмау, неңді алдым,

Сау қоймай арымды?

… Өсекке салмаңдар

Ойымды, жарымды.

Өлшеуге алмаңдар,

Ойым бек тарылды (1898),-

деген жолдар осының бір айғағы.

Осы 1898 жыл әкелген тағы бір ауыртпалық – Абайдың тән саулығы сыр бере бастаған. Денесі шау тартқаны соншалықты бұрынғыдай салт атпен жүргенді қойып, тек траншпөнке дейтін жеңіл арбамен ғана жүретін болады (ақынның арбасы Жидебайдағы музейде сақтаулы тұр). Осы кездерде Абайдың бірнеше тісі түсіп қалады да, мұны ақын қартайып бара жатқандығының белгісі деп біліп, «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма» деген өлеңін жазады.

Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?

Баяғы күш, баяғы тісің бар ма?

Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір,

Желікпен жерге тықпас кісің бар ма?!

Өкінішке қарай, неге екені белгісіз, Абай жинақтарында екінші жолдағы «тісің» сөзі «түсің» болып жазылып келеді. Бұл қате. «Тіс» дегеннен шығады, Абай Семей қаласына барып, түсіп қалған тістерінің орнына протез салдыртады. Ол протезді келіні Кәмәш 1940 жылы Семейдегі Абай музейіне табыс еткен болатын. Қазір де сонда сақтаулы тұр.

Абай, әсіресе, «Жүрегім менің – қырық жамау» деген өлеңінде көп сырын ашады. Онан екі шумақты келтіре кетелік.

Жүрегім менің – қырық жамау,

Қиянатшыл дүниеден.

Қайтып аман қалсын сау,

Қайтқаннан соң әрнеден.

 

Өлді – кейі, кейі –жау,

Кімді сүйсе, бұл жүрек.

Кімі – қастық, кімі – дау,

Сүйенерге жоқ тірек (1899).

Қажыған, кәрілікті сезінген, жақсы-жаманды көп көрген дана адамның монологы бұл. Талдайық. Бастапқы шумақта Абай өз жайын айтса, екінші шумақ жақын туысы және өмір жолын бірге бастаған құраптас достары туралы. Ақынның жүрегі кімді жақсы көрсе, біреулері өлген боп шығады (мысалы, Құдайберді, Халиолла, Ербол, Оспан, Әбіш), біреулері қастық ойлап, дау шығарып, қысқасы, жауығып жүр (Оразбай, Жиренше, Тәкежан, Әзімбай т.б.).

«Ұялма дегені көңіл үшін» деген өлеңінде:

Туысқаның, достарың – бәрі екі үшті.

Сол себепті досыңнан дұшпан күшті.

Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған,

Бұл не деген заманға ісім түсті?! (1901) –

дейді тағы Абай. Қайран жүрек қан жыламағанда, қырық жамау болмағанда қайтеді?

Өмір заңы қатал. Абайға сүйеу болған інілері Ысқақ (1902 ж.) пен Шәке (1903 ж.) де қайтыс болды.

 

Ақынның жұмбағы

Иә, Абайдың жұмбағы неде? Ол – тылсым әлемін, дүниенің көрінбеген сырларын танып, сезе білгендігі. Фәни өмірден басқа өмір бар екенін озып туған кемеңгер ғана біледі. Мұны діни әдебиетте әулиелік я болмаса «алтыншы сезімнің» ашылуы дейді. Дәлелге имам әл-Ғазалидің әлем мойындаған «Ихйа» трактатына жүгінелік. Трактаттың «0 сущности любви ко Всевышнему» баянында шығыс ғұламасы былай деп жазады: «Если… утверждать: Аллах не познается с помощью пяти чувств…, то это приводит к заключению, что характерной особенностью человека является шестое чувство, которое можно назвать разумом, либо светом, либо сердцем, но как бы ты его ни называл, оно все равно есть. Внутренний разум сильнее явного разума, а сердце для познания лучше, чем глаза».

Жаратушы Иемізді адамның бес сезімі (арабша – хауас сәлим заһири) арқылы тану мүмкін емес. «Ақыл мен хауас (Тәңірінің) барлығын білмейді, (Оны) жүрек сезедүр» дейді Абай.

Алтыншы сезім деген болмыс, бөлек қасиет бар. Ойшылдың «жүрек сезедүр» дейтіні сол. Оны ішкі ақыл-ес, сәуле, мейлі, жүрек деп атаймыз ба – бәрібір. Гәп бұл ерекше қасиет, бұл ішкі түйсік бар екендігінде дейді әл-Ғазали. Міне, қазақ данасы сол «алтыншы сезім» иесі. Оған Абайдың 1897 жылғы «Көк тұман – алдыңдағы келер заман», «Алла деген сөз жеңіл» деген өлеңдері мен «Сократ хакімнің сөзі» деген ғақлия сөзі негіз болады.

Осы пікірді сонау 1920 жылдары татар ғалымы Абдрахман Сағди де айтқан болатын. «Абай» атты мақаласында ол былай деген еді: «…Әуелде Аллаға онша жақын болмаған һәм көбірек дүние үшін, халық үшін қайғырған Абай 1898 жылдан соң Аллаға жақындап, Алланы жар етеді. Алла туралы көбірек ойлап, сол ретте халыққа Алла туралы пәлсапа сөздер сөйлеп, Алла туралы діни үгіттер үйретеді» («Абай» журналы. -1993. №6).

Мұхаң да Абай өмірінің соңғы кезеңіндегі түбірлі өзгеріске жіті қараған болатын. Бұл туралы белгілі абайтанушы М.Мырзахметов жазады: «М.Әуезов Абай дүниетанымындағы түбірлі өзгерістің тереңдей түсіп, Абайдың діні сыншыл ақылдың дініне айнала бастаған процесті түсінуде танымдық мәні зор айғақты деректер көзін ашты» (Әуезов және Абай. Алматы, 1997. 95-б.).

Тәңірі, рух – соңғы ақиқат. Тылсым деген де сол. Абайдың тылсым (мистика) бұлағын іздеуінің тамаша нәтижесі – «Ғақлиқат-тасдиқат» атты теологиялық трактат дүниеге келеді.  Өкінішке қарай, күрделі еңбек әлі күнге мандыта зерттелген емес.

Абай кемелдіктің соңғы сатысына  шықты. Осыған өмір фактілері жөніменен көз жүгіртелік. Ислам ілімі бойынша адам баласының кемелдену жолы шариғат (білім жинау), тарихат (тақуалық), мағрифат (Тәңіріні тану) және хақиқат деген төрт сатыға бөлінеді. Сенсеңіз, Әл-Фараби, Яссауи, әл-Ғазали, Шәкәрім сияқты даналардың рухани даму, өсу жолы осынау  төрт сатыға дөп келеді. Хакім Абай «мағрифат» деген сатыға 1895 жылдары жеткен, жұмбақ жанға айналуы сыры осы арада демекпіз. Мұны «Лай суға май бітпес қой өткенге» деген өлеңінде «Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі» деуімен Абай құпияны ашудың кілтін өзі ұсынады.

1897 жылы «Ғақлия» кітабын аяқтаған соң, ұстаз Абай Семейден жаңа кітаптар әкеліп, ой өрісін кеңейтуге екпін салады. Арасында Лермонтовтан аударма жасайды. Оқыған кітаптары көбіне пәлсапалық және теологиялық бағыттағы шығармалар: антик ғұламалары Сократ, Аристотель, Платон, ислам ойшылдары әл-Фараби, әл-Ғазали, Маржани еңбектері болса керек (Платонның шығармалар жинағы Семейдегі Абай атындағы кітапхананың сирек қорында әлі күнге сақтаулы. Жинаққа Критон, Федон, Мекон, Горгиас, Алкивад деген еңбектері топталған. Көне кітаптың мұқабасында «Сочинения Платона. Перевод с греческого и объяснения проф.Карпова. -Санкт-Петербург, 1863 год» деп көрсетілген).

Абай бір афоризмінде: «Сократқа у ішкізген… кім?» (37-сөз) десе, 27-сөзін: «Бір күні Сократ хаким бір Аристодим деген ғалым шәкіртіне…» деп бастайды. Бұл жәйт Абайдың жаңағы «Сочинения Платона» кітабын оқығанына меңзейді. Мысалы, ондағы «Критон» деген шығармада тас қамауда ажал сағатын тосқан Сократқа адал досы һәм шәкірті Критон келіп, абақтыдан қашуды ұсынады. Сократ болса: «Заң – менің өмірімнен биік» деп келіспейді (Сократтың заңға керемет құрметі заң ісімен көп айналысқан Абайды да бей-жай қалдыра алмағаны сөзсіз).

Абайдың «Сократ хакімнің сөзі» (қазіргіше 27-сөз) атты шығармасы   «Ғақлия» кітапқа енген сөздерден өзгерек. Ғақлияда Абай «қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек» деген бағыттан еш айнымайды.  Ал «Сократ хакімнің сөзінде» әлем ойшылы Абай атойлап тұр.

Бұл шығармасы мен «Ғақлиат-тасдиқат» (38-ші қарасөз) арасында тығыз байланыс бар. Мәселен, Абай айтқан: «Бұл ғаламды көрдің, өлшеуіне ақылың жетпейді… бұлардың иесі өлшеусіз ұлы ақыл ма?», «…Адам баласын артық көріп, қамын әуелден Алланың өзі ойлап жасағанына дәлел емес пе? Енді адам баласының құлшылық қылмаққа қарыздар екені мағлұм болмай ма?» деген екі шығармаға ортақ пікірлер.

Осы айтылған фактілер «Сократ хакімнің сөзі» шығармасы «Ғақлиат-тасдиқат» трактатына кірісуге әзірлік кезеңінде жазылған деп топшылауға мүмкіндік береді. Жан қуаты жайында таратып айтқан 43-сөзі туралы да осы пікірді айтамыз.

Сонымен, 1897 жылдан кемелдік белесіне шыққан Абайды көреміз. Данышпан алыс көкжиектерге көз тігеді.   Жаңағы 27 және 43 қара сөздері соның бастапқы жемісі ғана. Толық қанды нәтижесі – 38-қарасөз, яғни даналық трактат.

Ақын «қайран елі, қазағының» басына үйірілген надандық бұлтын қолын аспанға созып, серпіп ыдыратқысы келді. Ыдыратты да. Бірақ қолымен емес, теңдесі жоқ қуатты сөзімен. Абайдың поэзиясы һәм ғақлиясы ә дегеннен күллі қазақ сахарасына сәуле шашып, халықты шуаққа бөледі. Ешбір жан асыл сөзге, оның шапағатына таңырқамай, бас шайқамай тұра алмады,   Кәнеки, бір сөзі ескірді ме?  Жоқ, әрине. Олай болса, Абай феноменінің сыры неде? Абайға қазаққа шапағатшы болу бұйырылған, сол үшін бір Тәңірі оған ерекше даналық дарытқан. Басқадай жауапқа қанағатана алмайтын шығармын.

Ұлы Абайдың 150-жылдық әлемдік тойы қарсаңында жазған «Абайтану ғылымының бел-белестері» атты мақаласы соңында академик Серік Қирабаев былайша түйін түйеді: «Ұлы ақын шығармашылығы ескірмейді, әр ұрпақ оны жаңадан оқып, өзінше түсінеді, өз пікірін айтады. Бұрынғы Абай жайлы сөздердің бәрі бірдей ескірмегенімен, онда жаңаша ойланарлық, жаңаша айтарлық концепция да аз емес. …Абай жайлы жаңа ұрпақтың жаңаша сөзі керек». Жаңаша ой, жаңаша сөзге, әсіресе, Абайдың ойшылдық әлемі зәру-ақ. Олай болса,  сол жете игерілмей келген күрделі әлемге бет бұратын уақыт та жетті.

Асан Омаров, абайтанушы ғалым.

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation