Дүйсенбі, Наурыз 12, 2018
Негізгі > Әдебиеттану көкжиегі > 5-дәріс.  Поэтикалық тіл, стиль, сөздік фигуралар

5-дәріс.  Поэтикалық тіл, стиль, сөздік фигуралар

Көркем сөзді (прозалық немесе поэтикалық) ұйымдастыратын бірыңғай принципті іздестіру әдебиет теориясының ерек пәні – стилистиканы немесе стиль теориясын құрайды.  Стилистиканың өлеңтанудан айырмашылығы –  стиль тек қана көркем мәтіндерде ғана емес, өзгелерінде ұшырасатындықтан, оны зерттеу лингвистика мен әдебиеттанудың межесінде орын алатын –  «жартыкеш әдебиеттану» пәні екендігінде.

Дәстүрлі риторикада стильге деген екі әдіс сингулярлық және плюралистік айқындалған:  не «әдеттегі» тілде аңғарылатын бір ғана стиль, не ашық түрдегі түрлі стильдердің көптігі ұшырасады. Тарихи жағынан алғанда ең әуелгісі, біздіңше, ол кезде (орта ғасырлық риторикада) қатаң нормативтік плюралистік концепция болды. Үш стиль: жоғарғы, орта, төменгі бөлініп шықты (әлбетте, бұл орайда сөз көркем әдебиет турасында болып отыр, әрі төменгі стиль қарапайым халықтың дөрекі тілімен еш үйлеспейді). Вергилий дөңгелегі деп аталатын кесте жасалынды: Вергилийдің үш басты туындысы сақталынып қалған болатын, олардың бірі «Георгики» – «төменгілер»: құрметтеуге лайық дихандар   туралы поэма,  «Буколика»  – орта типтің тақырыбын айшықтайтын бақташылық элегиясы,  «Энеида» – жоғарғы эпикалық  поэмасы еді.  «Дөңгелек» кестеге сәйкес ортағасырылық шешендер Вергилий лексикасын   төменгі стильде – «жылқы», ортасында – «ат», жоғарғысында – «тұлпар» қолданылады деп бөлшектеді.

Дегенмен классикалық дәуірдің аяқ кезінде шектеулі аяда болсын плюрализмге қарсы тұратын стиль концепциясы пайда болды. XVIII  ғасырда Ж.-Л. де Бюффон өзіндік стиль концепциясымен танылды. Ол үшін стиль дегеніміз – тек қана сөздік әшекей емес, не айтылғанын, не айтылмақшы болғанын жақсы түсінуге арналған танымының аңсарлы құралы. Әдемі стиль Бюффонның ойынша, ойға байыққан, бәрі айқын, бәрі ойластырылған стильге теңдесіп, стильдің кез келген бұзылуы не ана, не мына қисынның жетіспеуіне тән болып келеді. Осы ыңғайда біз әлі күнге кейбір адамға қарата «стилі бар», яғни,  белгілі бір мазмұны бар; ал, егер «стилі жоқ» болса, мазмұны  хаос деп айтып келеміз. «Стиль дегеніміз – адам»: біз бұл сөз арқылы кейбір плюрализмді («қанша адам болса – сонша стильді») ұғынуға көндігіп кеттік, Бюффон бұл орайда стильді мүлде басқа жапсарда, оның сингулярлік мәнінде ұғынып отыр.

Адам стильді ұңғыл-шұңғылына дейін меңгер алады, бұл оның төлтумалығы емес, қажырлы еңбегі. Стиль біртұтас, бірақ оған бағдар ұстану әр түрлі болып келеді. Бұл концепцияға Гёте мен Флобер, антиромантикалық бағыттағы жазушылар үн қосты.  Романтиктер болса, Бюффонның ойын плюралистік мәнісінде индивидуалдылықпен құлшына тәпсірледі, ал, олардың ізімен ХХ ғасырдың басында лингвист Л. Шпитцер жүріп өтті.   Бұдан шығарып айтарымыз, тілді түрлі әлеуметтік топтар түрлі жағдайларда әр қилы қолданады, сондықтан, ол ұлттық тіл аясында стильдердің көптігін айырып білуді ұсынды.  Бұл концепцияны кейін Р.  Барт дамытып, сөздің жеке қасиет немесе таланттың негізінде өмірге келетін индивидуалды нұсқаларын және тілді кейбір жағдаят,  идеология, тенденцияларда пайдалану кезіндегі әлеуметтік нұсқаларын айырды.

Дегенмен, стильдің сингуляристік  концепциясы  өшкен жоқ. Оның қайыра бас көтеруі орыс әдебиет теориясымен, оның алғашқы өкілі деп танылатын А.А. Потебнямен байланысты. Ол сөздің ішкі формасын, оның этимологиялық әлеуетін  белсендендіретін  тілдік образ деп танылатын поэтикалық тіл концепциясын өмірге әкелді.  Әдеттегі тілде сөз өзінің поэтикалық әлеуетінен айырылып, сөз өзіндік салмағына иелік ететін  образды тілге қарама-қарсы тұрады. Потебняның поэтикалық тіл концепциясы дау-дамайға өзек болып, орыс формалистері тарапынан дамытылды: В.Б.  Шкловскийдің көзқарасы бойынша, поэтикалық тіл өз бойына құр ғана ішкі формаларды сыйдырып қоюға еш міндетті емес, өйткені, қанша жерден қандай да бір тәсілдермен біздің тілдік сезінуімізді жаңғыртқанымен поэтикалық тілдің мақсаты одан да ауқымды. Бұл концепциядағы ең басты ұғым – поэзиямен күреске түсетін автоматизация (қабылдауға дағдылану). Деавтоматизацияның амал-тәсілдерінің белсендірілуі еш міндетті емес,  олар бұған дейін сөз бойында ұшырасады, тек сөзге бар болғаны, өзінен өзі оғаштанып тұратын әдеттен тыс конструкцияны енгізсе болғаны. Ең алдымен, Потебнядағыдай сөздің бойындағы ең бастысы жасырынған «ішкі» ой деп танылатындықтан өзгеше тек сөздің айтылуына бағдар ұстанған формалистердің поэтикалық тіл концепциясы сингуляристік болып келеді.

Формализмнің осындай барша шетіндігіне қарамай, поэтикалық тілдің деавтоматизация идеясы стильдің заманалық конuепцияларында әрі мақұлданып, әрі сақталып отыр. Ж. Женетт Н. Гудменға иек сүйеп, оның экземплификация ұғымын кәдесіне жаратудың негізінде оны қайыра ой елегінен өткізді. Кез келген сөз, тілдік фрагмент, мәтін әлдебір мәнге иелік етіп, өздігінен әлденені таңбалайды; оның үстіне оның өзі де нышанаттық, әлеуметтік, психологиялық нақтылыққа ие әлдене болып табылады. Дәл осы денотацияға қарсы тұратын екінші функция – экземплификация деп аталады.  «Көз» сөзінің «жанар», «саңылау», және т.б. синонимдері бар, әрі олар бір ғана денотативтік функцияға ие болғанымен, олардың экземплификативтік функциялары әр қилы болып келеді.

Бұлардың біріншісі орта әдеби стильді экземпликацияласа, екіншісі – жоғарғыға, ең соңғысы – дөрекі төменгі стильге жатады. Женеттің пікірінше,  стиль тілдің экземплификативтік   функциясының жүйесі болып табылады. «Көз» жағдайында бұл функция нөлге тең болып келсе, қалған екі жағдайда белгілі бір стильді айшықтайтындығын нақ сезіне аламыз. Стильде тіл өздігінен әлдене болып табылып, мысалға, әлденелік ретінде таңбалаушы (означающий) мен таңбаланушы (означаемый) арасындағы  дистанттық байланыс, айшықтаушы (выражающий) мен айшықталушы (выражаемый) арасындағы тікелей байланыс орын алады.

Бұл, әлбетте, тек сөзді таңдауда ғана көрініс бермейді. Нормаға қатысты сөзді сезілетіндей қылып істеу үшін тілдік фигруалар өзгеріске ұшырайды. Әдеттегі қалыпты тілден, әлдене турасында айтушылықтың – затты тікелей атаушылық, сөз тәртібінің  грамматикалық дұрыстылығы және т.б. – бейтарап әдісінен  кез келген тілдік ауытқушылық тап осылай аталады.

Фигураларда не сөздің өзге элементтері,  не оларды ұйымдастырудың басқа тәсілі қолданылады да,  дұрыс емес орналасу тәртібінен дұрыстысы жарқырай танылады.

Сөз фигураларының классификациясымен ертеден бері риторика айналысып келеді. Риториканы қайыра пайымдау бельгиялық “мю” тобы тарапынан өткен ғасырдың 70-ші жылдары орын алды. Сөз фигуралары екі параметр: деңгейлік (форма/мағына) және  амплитуда (сөз/сөзге қарағанда ірі болып келетін тілдік фрагмент) бойынша классификацияланады. Бұдан келіп шығатын кесте:

                      Амплитуда

 

 

Деңгей

Сөз Ірі сөз
Мән

Пішін

Метасемема (троп)

Метаплазм

Металогизм

Метатаксис

Метасемемалар дегеніміз – дәстүрлі троптардың дәп өзі. Бұл санатта екі түрлі бағыттағы сөздік қозғалыс (жылжыма) – метафора мен метонимия шектелінеді.

Осы шектелістің типологиялық мәнісін Р.О. Якобсон өзінің «Тілдің екі аспектісі және афатикалық бүліністің екі аспектісі» мақаласында қарастырып, оны селекция мен комбинацияның (синтагма мен парадигманың) оппозициясына жатқызды. Метафора дегеніміз – бұл селекция осіндегі мағыналық қозғалыс болса, өз кезегінде, метонимия дегеніміз – бұл комбинация осіндегі мағыналық қозғалыс болып табылады. Метонимияны алатын болсақ: ол классикалық риторикада реалды немесе логикалық кеңістіктегі бір-біріне ұқсас нышандардың ауыспалы мағынасы. «Полкте екі мың найза болды» деген фразаны айтатын болсақ (мысалға көркемдік функциясы жоқ фигуралар), араластық байланысқа иелік етеді: сөз бұл орайда полкте қанша болат найза барлығы турасында емес, қолында найзалы мылтығы бар қанша солдаттың барлығы жайында болып отыр. Сонымен бірге дәл осындайды қатысты аралас кеңістіксіз таза логикалық тұрғыдан көз алдымызға елесете аламыз: сөйлеуші «полкте найзалы мылтықпен қаруланған екі мың солдат болды» деген сөзді ауызға ала алады. Бізді қызықтырған екі сөз – «солдат» пен «найза» синтагма осінде көршілес болып келеді; бізге қалғаны фразаны балшықша иелеп, ауыспалы мағанаға ауыстыру. Метафораның жөні бұған қарағанда мүлдем бөлек: «күн сәулелі тәж» сөз тіркесіндегі (сонымен қатар бейкөркем троп) «тәж» сөзі комбинация осінде емес, селекция осінде орналасатын бірқатар өзге терминдерді («ореол», «шұғыланы») ауыстыру үшін қызмет етеді, осы образды синонимдерді таңдау кезінде біз парадигмалық жылжуды жүзеге асырамыз.

Өзінің іштей бөлінушілігі бар фигураның екі тобы (класс) тап осындай болып келеді. Сонымен, метонимия үшін ең маңызды топша (подкласс) бөлікті немесе бөлшекті ауыстыратын синекдоха болып табылады.

Тап осы «тәж» сөзі «король»  («британ тәжінің иесі») ұғымын білдіретін метонимия болып қызмет атқарады, дегенмен, оны «король зәузатының бөлінбес еншісі» мағынасында синекдоха ретінде де ұғына аламыз.

Стилистика бұған дейін айтып кеткеніміздей, тек жарым жартылай ғана әдебиеттануға тиселі, ал, оның пәні мен көркем сөз өнері белсенді қарым-қатынаста болып келетіндігі троптар жағдайынан танылады. Кез келген троп өзінің троп ретінде танылуынан айырылып, тарихи тұрғыда жұтылып кетуі де ықтимал.  Олар жалпытілдік қорға еніп, лексикаланады. Бұл жағдай егер олар жалпытілдік аталымға еш қатысы жоқ (дәл осы “күн сәулелі тәж» «сөзбе-сөз» атауы жоқ құбылысты таңбалайды) белгілі бір ұғымды  таңбалаған кезінде немесе егер бұл сөз фигуралыққа орын босатып, қолданыстан шығып қалған шақта орын алады.  Сонымен,  сөз айшықтылығы өлшемі (критерий фигуральности выражения) – болып табылады дегеніміз – бұл дәл осы айтылым және тілде реалды түрде ұшырасатын өзге («сөзбе-сөз», «тікелей») айтылымдардың  арасындағы  саңылаудың болуы.

Әбіл-Серік Әбілқасымұлы

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation