Сәрсенбі, Тамыз 22, 2018
Негізгі > Абайтану > 20-дәріс. ӘУЛИЕ – ХАКІМ АБАЙ

20-дәріс. ӘУЛИЕ – ХАКІМ АБАЙ

Абайдың мүлде ашылмай келген бір қыры бар болса, ол – әулиелік. Абай – хақиқатқа жеткен ойшыл, демек, ол – әулие. Осы фактіні неліктен жасырып-жабуға тиіспіз? Төменде Абайдың ақырғы жылы, соңғы күндері қалай өткеніне көз жүгіртіп, ой бөлісейік.

Әулиелік жайлы түсініктер

Шариғат, тариқат, мағрифат, хақиқат. Осы төртеуді мұсылмандық ілім адам баласы жетілуінің баспалдақтары деп атайды. Ал жан сарайы тазаруы мен қатайған жүректің жібуі бойынша өлшенетін адамның рухани шыңға көтерілу үдерісін «хәл ілімі» дейді. Абайдың теологиялық трактаты «Тасдиқ» пен діни өлеңі «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» – екеуі де Алланы тану мен танытудың озық үлгісі. Осы қатарлы еңбектері Абай хақиқатқа, қарапайым түрде айтқанда, әулиелік сатыға жетті деуімізге жеткілікті негіз болады.

«Әулие» – араб тіліндегі «уәли» сөзінің көпше түрі. Құран Кәрімде «аулийа Иллаһи» тіркесі «Алланың досы» деген мағынаға саяды. Екінші мәнінде әулие – кемел адам (арабша – инсани камил).

Әлбетте ешбір әулие «мен әулиемін» демейді. Сырт көзге әулиелік қабілет-қасиеттер жабық. Әулиенің әулие екендігі жайлы ұғым ол дүниеден қайтқаннан кейін қалыптаса бастайды.    Ұлы ақын қайтыс болғанына бес жылдай өткенде Шәкәрім қажы «Абай ғылымға жүйрік, …болмысы бөлек дана кісі» дей келе, ұстазын «данышпан хакімге» теңеген еді. Енді Көкбай ақынға көз салайық, ол Абайдың қайталанбас болмысын, қазақы сөзбен «ғайыптығын» былайша бағамдаған:

Абайдай ұл тумағы болар ғайып,

Насихат, үлгі шашқан жұртқа жайып.

Ахуалын сөйлеп кетті замананың,

«Әулие – хакім» деуге ол лайық.

Бақсақ, Абайды «данышпан хакім» деп алғаш ұлықтаған кісі Шәкәрім екен, ал біздер кібіжіктеп енді ғана ауызға ала бастаған «әулие-хакім» дегенді Көкбай баяғыда-ақ айтып қойыпты. Мағжан Жұмабаев Абайды «алтын-хакім» десе, бұл кеңестік дәуірде «әулие» сөзінің шет қақпай көруінен еді. Енді «әулие-хакім» терминін тірілту, ғылыми айналымға енгізу қажеттілік. Қажеттілік қана емес, қасиетті парызымыз да.

Қазақ халқының қалыптасуы мен кешкен тарихында әулиелер орасан қызмет атқарды. Қазақ жерінде киелі орын көп болуы содан. Әулие, әнбие, пір және абыз деген ұлттық  санаға ежелден сіңісті атау-ұғымдар дүр.  Қазақ әдебиетінен мысал алар болсақ: «Кімнен әулие едің? Тең көрмей тұрмысың әлде, бекзада неме? – дейді Жүзтайлақ бастырмалатып» (М. Әуезов), «Әулие болса қайда еді, Ескелді би жалпағың?» (Жамбыл), «Ғайнулла қазіреттің әулиелігіне шек келтіргісі келмегендер, «садақаны аз беріпті» деп сырқат адамның өзін кіналайтын» (С. Мұқанов).

Сөйтіп, қазақ әлімсақтан өзін әулиелі, аруақты халық деп біледі. Бірақ кешегі кеңестік дәуірде «әулие» түсінігі халық санасынан біржола өше жаздады.

«Әзірет Сұлтан» аталған Яссауи бабамыз күллі адам баласының топырақтан жаралғанын ескерту арқылы ізгілікке, жомарттыққа, тәкаппар әрі астамшыл болмауға шақырады:

Басым топырақ, өзім топырақ, тәнім топырақ,

Хақ дидарын көремін деп рухым аңсап.

Күйдім, жандым, бола алмадым ешбір аппақ,

Тер қысумен жер астына кірдім міне.

Кемел адам – кісілікке жат қылықтардан әбден арылып тазарған, ішкі сарайы жарық, рухани қасиеті артқан адам. Оның әрбір іс-әрекеті Аллаға арналады. Жаңа  Яссауи «бола алмадым ешбір аппақ» десе, Абай да «Бойдағы мінді санасам, Тау тасынан аз емес» деп осы мағынада айтқан.

Тоқ етері, кімде кім бойындағы мін, кемшілігін – пенделігін жеңсе, сол – әулие. Әулие жаны таза, тақуа, сәбидей пәк болуға тиісті. Халық сол үшін пір тұтып, ерекше қастерлеген.

Мұсылмандық ілімде «әулие» түсінігі жүрек культінен («хәл ілімі» дейді), оны тазарту, көзін ашу мәселесінен туады. Тазару үшін тақуалық, дүние қызығынан суыну шарт (суфизмде бұл үдеріс «өлімнен бұрын – өлу» деп белгіленген). Тақуалық жайлы ислам ойшылы әл-Ғазали өзінің «Адасудан арылдырушы» атты еңбегінде былайша баян етеді:

«Маған кімде-кім тақуалық өмір сүрсе және дүние қызығынан бойын аулақ ұстаса сол ғана о дүниедегі ләззәттан үмітті екені, бәрінен бастысы, күйбең тіршілік мекенін тастап, мәңгілік мекеніне бет бұрып және өзіңнің бар ынтаңды ұлы Аллаға аударып, жалған дүниемен қосақтаған жіпті үзу екендігі, және оны жасауға құрмет пен байлықтан бас тартқандар, жалған күйбеңнен бойын аулақ салғандар ғана жете алатыны аян болды».

Бірақ Абай әулиелігі өзгерек. Оны жоғарыда айтылған халықтық ұғымға жақын деуге керек. «Сопылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елде, осы жерде не қылған сопылық?» деп өзі ескерткендей, әулие Абайдың жолы – аһли тарихаттан өзгерек болған. Себебі, сәбидей пәк, әулие тұрпатты бола алмағанын ұлы ақын өлеңдері арқылы паш етеді. Ғұмырнамалық деректер де жарық дүниемен жалғастырушы «жіп» үзілмегенінің куәсі.

 

Абай әулие ме?

Осы сұрақ бүгінгі өскелең ұрпаққа қызғылықты сияқты. «Бұл үш түрлі фиғыл құданың (бұл жерде махаббат, әділет және ғылым сөз болып отыр – А.О.) соңында болмақ, өзін құл біліп, бұл фиғылдарға ғашық болып тұтпақты пайғамбарлар үйретті, әулиелерге әулиелер оқыды, ғашық болды. …Ғашықтары сол хәлге жетті, дүниені, дүниедегі тиерлік пайдасын ұмытты» (38-сөз). Әулие – селкеусіз сенім иесі. Абай оның сипатын бізге осылайша жеткізген.

Енді Шәкерімнің «Иманым» атты жыр жинағына көз жүгіртелік. Жинақ иесі өмірінің соңында әулиелік сатыға шыққанын жасырмай айтады.  Дәлелге:

Шын асықтың әрбірі

Өліп топырақ болды да,

Жаралыстың тағдыры

Жаратты мені орнына, –

я болмаса:

Әлемді түгел мен көріп,

Ешкім мені білмесе.

Мұқтажым, нәпсім жоқ болып,

Зияным жанға тимесе, –

деген шумақтарды алсақ та жеткілікті.

Әрбір шын асыққа, яки әулиеге тән белгі – Тәңіріге ғашықтық. Аллаға қорқынышпен емес, махаббатпен жақындау. Шәкерім «шын асықтың әрбірі» деуімен осы ақиқатты айтқан. Ал, «ешкім мені білмесе» дейтіні, әулиенің әулие екенін жан баласы біле алмайды. «Әлемді түгел» (оның ішінде тылсымды да) көретін ерек қасиетін әулие адамның өзі де жасырып бағады. Өйткені, бірден-ақ «қияли, шалығы бар адам» деген қаңқу сөз ел ішін кеулейтінін жақсы біледі. Абай да інісі Шәкерім сияқты тірі әулие болған. Оған сеніміміз кәміл. Өйткені, 1895 жылы «Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі» деген ойшылдың Тәңіріге ғашықтығы толас таппай жылма жыл арта берген-ді. Оның  шынайы куәсі – төл шығармашылығы.

Ақыры, 1902 жылы жиырма жылдық шығармашылық марафон аяқталды. Абай ізденіске осы жылғы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңімен соңғы нүктені қояды. Неге? Бұл Абайдың ойлау үрдісі ерекше, былайша айтқанда, Тәңірінің таңбасы түскен жан болуымен өз түсінігін табатын жәйт.

Енді Абайдың күнделікті өмірде байқалған  әулиелік қасиеттеріне ауысалық. Шаймардан Қосшығұлов деген көкшетаулық азамат патша өкіметінің діни саладағы саясатын жамандап жан-жаққа хат жөнелтеді. Соның бірі – Абайға жолданған. Хаттың қысқа мазмұны мынау: «…Орыстар жерімізді алды, тілімізді құртты, енді дінімізге қол салып жатыр. Жуықта Көкшетауда жүзге тарта қазақ баласы шоқындырылған. Естуімше, таяу арада енді осыншасы шоқындыға айналмақ. Осыны көріп-біле отырып, қалайша тып-тыныш жата береміз?! Ұлымыз – құл, қызымыз – күң болмасын десек, бас қосып бір әрекет жасайық!».

Міне, мазмұны саяси осы хатқа бола, 1903 жылы жазғытұрым Семейден тергеуші полиция арнайы ат сабылтып келіп, Абай ауылын тінтеді. Әрхам ақсақал оқыс оқиғаны былай деп есіне алады: «Абай киіз үйін тіккізіп қорадан шыққан екен, барған тергеуші: «Сіздің үйіңізді тінтуге келдік, рұқсат етіңіз», – депті. Абай: «Рұқсат, тінт», – деген соң олар барлық абдыра, сандықты ашқызып қарапты. Төсек арасын, жүк арасын, қарамаған жері жоқ. Бірақ ешнәрсе таба алмапты. Әбден шаршап Куприянов деген бастық төренің өзі Абайдың жанына келіп отырғанда Абай: «Тінтіп болдыңыз ба?» – десе, төре: «Қарап болдым, еш нәрсе таппадым», – депті. Сонда Абай: «Сіздің іздеп келгеніңіз мына хат болар», – деп кемзалының төс қалтасынан бір қағаз алып береді. Төре қарап: «Пәлі, осы еді!», – деп күліпті. Сонымен, Абаймен көп сөйлесіп, тамақ ішіп, қонақ болып қалады».

Осындай ашуға билетпей, өзін өзі сабырлы ұстаған жағдайларда: «Құдая, бергеніңе тәубе, мен мұсылман екенмін» деп қуанып қалады екен.

Мұхтар Әуезов Абайдың соңғы кезеңінен мына деректі келтіреді: «Өз қолында соңғы жылдарда болып, Абайды өзі күткен Кәмәлия (Кәмәш) деген келініне Абай өзі өлерден бұрын ауырмай тұрып: «Мен биыл өледі екем» деп ішкі өзі түйген ауыр сырын ең алдымен айтады» (М.Әуезов. Абай Құнанбайұлы. – Алматы, 1995. – 85 б.).  Мұхаң, сөз жоқ, Абайда көрегендік қасиет барына сенген (қарапайым адамның ауырмай тұрып «биыл өледі екем» демесі анық).  Пушкин, Бальзак, Лермонтов сынды тұлғалар да дүниеден өтерін мезетін алдын ала сезген деседі.

Келесі кезекте халық ақыны  Төлеу Көбдіковтің (1876-1947) естелігіне   көз тігелік. Ол Абаймен төрт рет кездескен адам. 1901 жылдың қыркүйек айында Тобықтыға көршілес Керей елінен Абайдың құрдасы Мырзақан бастатқан алты кісі күзеуде отырған ақын ауылына келіп түседі. Төлеу ақынның  айтқанынан алынған үзінді мынау.

«…Абайдың келген қонақты алдынан шығып түсіріп алып тұратын, сайлап қойған бір-екі жігіті болады екен, – дейді Төлеу ақсақал, – сол жігіттер алдымыздан шығып, Абай өзі отырған қонақ үйге түсірді. Сәлем беріп, кіріп келдік. Келсек, Абай дөңгелек сырлы аласа үстелдің алдына малдас құрып, қолына бір кітап алып оқып отыр екен. …Алдымызға шай жасалған соң, Мырзақан бәкісі мен тістеуік темірін қалтасынан алып, үстелдің үстіне қойды. Сонда Абай: «Мырзақан, мына көкпеңбек темірің не, біреуді жарып тастағалы отырсың ба?» деп күлді. Мырзақан: «Тісім жоқ, қантты тістеуікпен шағып, бауырсақты бәкімен жарып жеймін» деді. «Тіс неге салдырып алмайсың?» деді Абай. «Тісті қайтып салады, тіс салына ма?» деді Мырзақан таңырқап. «Тіс салынады, мен салдырып алдым», – деп жалған тістерін көрсетті Абай».

Сабыр етіңіз, Абайдың көрегендігі байқалған тұс алда. Адамға тіс салады дегенге таң тамаша болған қыр адамдарына Абай мынаны айтады: «Бұл тіс деген ұсақ нәрсе. Адам баласына жансызға жан салуға рұқсат жоқ, одан басқаның бәрінің де кілті бар. Өнер-білімнің кілтін жаңа-жаңа тауып келе жатыр. Әлі балықша суға жүзіп жүргенін де көресіңдер, құс болып, қанат қағып аспанда ұшып жүргенді де көресіңдер. Және дүние мұнымен тұрмайды, бұдан да зор өзгерісі болады. …Бірақ кейіндеу болады, оны біз көрмейміз, біздің баламыз, баламыздың баласы көрсе көрер» («Абай» журналы. – 1993. – № 6).

Өзіңіз де ойлаңыз, ғылыми-техникалық прогресстің таңғажайып табыстары  ХХ-ғасырға тиесілі және қазіргі таңда жалғасып отыр. Оны болжап, көре білу әулиелік емес пе. Абай ауызша айтумен шектелмей, шамасы осы 1901 жылы тәмамдаған «Тасдиқ» трактатының (қазіргіше 38-сөз) соңын былайша қорытады: «Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз. Малменен ғылымды кәсіп қылмақпыз. Өнер – өзі де мал, өнерді үйренбек – өзі де ихсан». Прогресс жолынан шет сахара төсінде өмір сүрген қайран бабамыз: «Біз келешекте мал-дәулетті ғылым жолына сарп етіп, ғылымды кәсіп қылмақпыз» десе, бұл көрегендік пікірге тәнті болмау мүмкін емес.  Әулие Абай  таяу келешекте жоғарғы технология, компьютер, қалталы телефон заманы салтанат құрарын көзбен көріп, қолмен ұстап білген кісідей паш етіп отыр емес пе.

Шүбәсіз, ұлы Абай өмірінің соңында әулиелік  қасиеттерін көп байқатқан, бірақ оларға сол дәуірдің қауымы мән бере алмаған. Өйткені, өнер-білімнен шеткері қазақ ортасы, қараңғы замандастары жаңағыдай көріпкел ойларды әншейінгі қиял, ертегі сөз деп қабылдаған болатын.

Қайталап айтайық, «Тасдиқты» жазу барысында Абайдың дағды-машығы көп өзгереді. Ел жұмысына араласуын доғарады. Куәлердің айтуынша, Абай айналысқан тұрмыстық шаруалар мен ел жұмыстарының бәрі дерлік сүйікті баласы Мағауияға көшеді, бір.  Екіншіден, Абай өлең жазу және аударма жасау машығына да суынып, бұл өнерін тежеп, тоқтата берген. Мысалы, аудармалар саны құлдыраған: 1897 – 4, 1898 – 5, 1899 – 3, 1900 – 2, 1901 – 1.  Енді төл өлеңдеріне келейік. 1897 жылы – 8, келер 1898 жылы  да 8 өлең, ал 1899 – 7, 1900 – 2, 1901 – 5, 1902 – 3, 1903 – 1 өлең ғана жазылған. Бұлар да Абай әулиелік санаға жеткенінің жанама дәлелі.

Қорытындылайық. Сөз басында Көкбайдың Абайға «әулие-хакім» деп ат қойған өлеңі шумағын келтіргенбіз. Ол күнде бұл қазақ құлағына үйренішті теңеу. Бірақ 1920 жылдары «Құдай жоқ» деп ұрандатқан өктем идеология тұсында «әулие» сөзін қолдану қауіпті бола бастаған. Мағжан Жұмабаевтың «Алтын хакім Абайға» атты 6 шумақ өлеңі осы кездерде жазылған.

Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.

Қарадан хакім болған сендей жанның,

Әлемнің құлағынан әні кетпес!

Көрегендік пен көнермейтін асыл сөз – әулиеліктің белгісі. Бірақ ақын «Әулие хакім» демей, «Алтын хакім» деген. Мұны жаңағы солақай саясаттың ызғары десек шындыққа жанасады.

Қай қырынан қарасақ та, асқан ақыл иесі, нұрлы дана Абай танымының ақтық сатысы – әулиелік екеніне көз жеткіземіз. Совет өкіметі кезінде «әулие Абай» түгілі, «хакім Абай» тіркесі де қолданыста шығып қалған болатын. Қазіргі таңда соңғысы қайтадан айналымға нық енді. Сол сияқты  «әулие-хакім» деген терминді қолданудың да уақыты жетті деген ойдамын.

 

Ғайыптан түскен өлең

1903 жылғы «Жалын мен оттан жаралған» деген өлеңнің жазылу тарихы қызық. Өмірінің ақырғы 4-5 жылында Абайдан байқалған біртүрлі машық – табиғатқа жақындықты, тынышты ұнату, оңашаны сағыну болған. Сол үшін жазғытұрым қар кете бастағанда үлкен үйден біраз қашықтау тұсқа «ұранқай» деп аталатын төрт қанат кішірек үй тіктіріп, бар уақытын сонда өткізген. Яғни сәуір айының соңынан ұранқайда от жаққызып, ас-суын да сонда даярлатып отырған.

Жаңа аталған өлеңнің туу тарихы бізге Шәукімбай, Өрімбек деген кісілердің айтуы бойынша жетіп отыр. Бұлар жасынан Оспанның, онан соң Абайдың үй шаруасына, жер ошағына иелік еткен адамдар.

Безендіріп жер жүзін Тәңірім шебер,

Мейірбандық дүниеге нұрын төгер.

Анамыздай жер иіп емізгенде,

Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.

Ақынның өзі осылай суреттеген мамыр айының бір шуақты, тәуір күні екен. Шөкімдей де бұлт жоқ сияқтанған ашық аспанда әп-сәтте найзағай жарқылдап, жай күркіреп, қатты нөсер құйып-ақ береді. Аспан әлемі жалын мен от һәм нөсерге толады. Кереметі сол, олар қалай ғайыптан пайда болса, дәл солай шапшаң көшіп, Жидебай үстінен өте шығыпты. Әлем-жәлем құбылысты ұранқайда отырған Абай бар ынтасын сала бақылап отырған екен. Аспан ашыла сала, шабыт қысқан ақын: «Қағаз бен қалам әкеңдер!» деп айғай сапты. «Өстіп, өлең бір демде қағаз бетіне түсті», – деседі көзі көргендер.

Сөйтіп, аталмыш туындыны Абайдың жазайын деп жазбағанына, оның ғайыптан түскендей бір демде қағаз бетіне түскенінің куәсі боламыз. Осынау «Жалын мен оттан жаралып» деген туынды сарқынды, ақтық жыр саналып келген-ді. Бірақ олай болмай шықты, бірлі-жарым өлеңдері  жаңадан табылып отыр. Төменіректе оларға жеке тоқталамыз.

Асан Омаров, абайбанушы ғалым.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation