1898 жылдан былайғы уақытта Абайдың хакімдік қыры жарқырай көрінеді. Жалпыадамзаттық ақыл-ойдың шырағын жақты. Осы шақта Абай – хакім, әлем ойының алыбы, «алтыншы сезімнің» иесі. Оған әлденеше пәлсапалық өлеңдері, өте-мөте діни-теологиялық шығармасы – «Тасдиқ» трактаты, қазіргіше 38-ші қарасөзі бұлтартпас дәлел. Ғажайып хакімдік еңбекке данышпан ойшыл төрт жылдай ғұмырын сарп еткен еді.
«Тасдиқ» кітабы
Абайдың ең көлемді проза еңбегі – 38-ші қара сөз түсінуге аса ауыр, қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған күрделі туынды. Абайдың көзі тірісінде еңбекті қысқаша «Тасдиқ» деген, толық атауы – «Ғақлиат-тасдиқат». Ол күллі философиялық танымдары жинақталған квинтэссенциялық туынды. Осы шығармасымен Абай жаһандық санаға ортақ олжа салды. Яғни ол Абайды хакім деуге, бүкіл адамзаттың ұстазы деуге негіз болады.
Абай ауылына келіп, апталап жатып, көп өнеге алған ақынның бірі – Баймағамбет Айтқожаұлы (1870-1932) былай депті: «Абайдың бір мінезі: өзі бір нәрсеге бет қойып кіріспеуші еді. Егер кіріссе, ол нәрсенің үлкен-кішісіне, жақсы-жаманына қарамай, соны іске жаратуға құмар еді» (Қ.Мұхаметханов. Шығармалар жинағы. – 4 том. – Алматы, 2005. – 175 бет). Айтса айтқандай, күрделі еңбекке Абай бет қойып кірісіп, бар күшін сарқа жұмсайды.
Қайталап айтайық, «Ғақлиат-тасдиқат» – тұрпаты бөлек, әлемдік теология мен философияның ең күрмеулі түйіндері тарқатылған туынды. Осылай аталуы тегіннен тегін емес. Арабшадан аударғанда «Хақиқатты таныту ғақлиясы» деген мағынаға саяды («тасдиқат» сөзінің төркіні «сиддық», яғни «шындық»). Сөйтіп, шығарманың қазаққа ғана емес, күллі адамзатқа арналғаны оның атауында тұр.
Мүрсейіт көшірмелерінде «Тасдиқ» аталған трактаттың бүгінгі таңда «38-ші қарасөз» делінетіні несі? Енді осыған келейік.
«Қазақ әдебиеті» газетінде (14.01.2000 жыл) жарияланған «Китаб тасдиқ» және оның текстологиясы» деген мақаласында зерттеуші Серікбай Қосан Мүрсейіт көшірмелерімен өзі жұмыс істегенін айтады. Ол «38-ші қарасөз» атауының пайда болу тарихын былайша түсіндіреді: «1933 жылы М.Әуезов пен I. Жансүгіровтің құрастыруымен Абайдың тұңғыш толық жинағы басылған болатын. …Біздіңше, байлар мен дін өкілдерін қуғынға түсіріп, мал-жанын тәркілеп жатқан 30-жылдарда діни бағыттағы шығарманы өз атымен жариялау абыройсыз еңбек. Осындай ауыр мезгілде Әуезов «Сенім кітабын» (38-сөзді айтады – А.О.) қарасөздердің арасына тығуға мәжбүр болған. … Кейінгі кездерде де зерттеушінің «қара сөздерді» қайта қарайтындай жағдайы бола қойған жоқ».
Сөйтіп, 1933 жылғы толық жинақта «Тасдиқ» атауы «38-ші қарасөз» дегенге ауысты және ол туындыны қалай да аман сақтап қалу амалы еді.
Мүрсейіт көшірмесінде «Ғақлиат-тасдиқат» 2-18 беттерде, өзге қарасөздер, яғни кітап «Ғақлия» 19-65 беттерде орналасқан. Абайдың екі қолжазба кітабын жұрт жаңылыспай атауы үшін бірінің титулдық бетіне – кітап «Тасдиқ», екіншісіне – кітап «Ғақлия» деп көрсету тәртібі тәжірибеге енгені байқалады. 1910 жылғы Мүрсейіт көшірмесінің титулдық бетіне үңілейік: «Китаб «Тасдиқ» қайырлы сағатта бітіп… Дайырбай Қожан ұғлына бағыштап йаздым. …1910 йылында, апрельдің 20-күнінде йазғушы – Мүрсейіт Біке ұғлы».
Мүрсейіт Бікеұлына қара сөздерді ел адамдары ақша беріп жаздыртып отырған, Дайырбай Қожанұлы деген молда соның бірі.
Мұхтар Әуезов: «Ел ішіндегі оқушының барлығы да Абай сөздерін молдаларға ақша беріп жазғызып, көшіріп алып жүргенде ең алдымен қара сөзді тілейтін» – деп жазады.
«Тасдиқ» жөнінде Көкбайдың айтқаны: «Абайдың жалпы діни өсиеттері мен негізгі діни пікірлері қара сөзінің ішіндегі «Ғақлиат-тасдиқат» деген сөзінде толық айтылған. Әрқашан ауызша айтатын уағыз насихаттары болсын, өлеңмен үгіт қылып айтатын адамшылық жолы, құдайшылық жолы болсын – барлығы да сол сөзіне жиналып келіп қорытылған сияқты» («Абай» журналы. -1992 жыл, №1). Көкбайдың ойын Тұрағұл да қостап, бекітеді: «Алла деген сөз жеңіл» деген өлеңді, «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» деген өлеңді, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңді әкем өзінің қара сөзбен жазған «Тасдиқ» деп атаған еңбегіне қарай өлең қылған».
«Тасдиқтың» ерекшелігі – Құдай хикметін тануға, дүниенің көрінбейтін сырын, тылсым (мистика) бұлағын іздеуге арналған. «Оны іздеушілерге «хакім» деп ат қойған, әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым», – дейді Абай. Сөз Сократ, Платон, Аристотель дәстүріндегі – ойшылдық туралы болып отыр.
Сонымен, төл аты – «Ғақлиат-тасдиқат», қазіргіше – 38-ші қарасөз мақсаты, көтерген мәселесі, мазмұны мен рухы бойынша анық даналық трактат. Ол хакімдік еңбек дегенді толық ақтайды.
Кітап «Тасдиқ»-тың мазмұны
«Тасдиқ» – Абайдың қорытынды, яки квинтэссенциялық еңбегі. «Тасдиқ»-тың мазмұнында өзара байланысқан үш ілім тоғысады. Біріншісі – теология (Тәңіріні тану) ілімі. Екіншісі – Алланың пендесіне салған жолы туралы ілім. Үшіншісі – адам баласының жетілуі, кемелденуі туралы ілім. Осы ілімдер негізінде Абай әлемдік руханият үшін аса маңызды жаңалықтарды ашады (Алланың әлемді меңгеретін үш заңы, әділетті адам идеалы, Құдай жолы, үш сүю ілімі және т.б.).
Абай екі жаққа (бірде Батыс, бірде Шығыс) үңілген және екі жақты тел емген ғұлама. Дәлелге Әл-Матуриди, әл-Ашари, Ибн-Араби, әл-Фараби, Яссауи, әл-Ғазали, Махмұт Қашғари, Жүсіп Баласағұн, Дауани, Сопы Аллаяр, Бокль, Спенсер, Лев Толстой, Ш.Маржани сынды ойшыл ғұламаларды атасақ та жеткілікті. Бірақ «Тасдиқта» солардан қалған дерлік айшықты іздер бар ма? Бар деуге негіз жоқ. Абай солар салған дәстүрді жалғастырған десек, әңгіме басқа. Себебі: «Қайдан алсын, нені алсын – баршасын да …үнемі өз елегінен өткізіп, өз өнерімен мықтап қорытып, өзінің қайнар жүрегінен шыққан бұйым табысы етті» – дейді Мұхтар Әуезов. Бұл, әсіресе, Абай ой-танымдарына әділетті пікір.
1898 жылдардан беріде Абайға ешкімнің де пәлендей ықпалы болмағанына кепілміз. Әлемдік әдебиеттен «Ғақлиат тасдиқат» пен «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлең сөзін салыстыруға теңін таба алмай қиналасың. Өйткені, шығармалар жүрекпен жазылды, ынталы жүрек, шын пейілден шықты. Бұлар Абайдың дана кісіге айналып, Алланың хикметін, сипаттарын «алтыншы сезіммен» түйсінген хәлінің куәсі. Әрбір жол, әр тезис – даналық «көмбесі». Бұрын-соңды ашылмаған әлемдік жаңалық.
Бұл жайшылықтағы оқып-тоқумен жету мүмкін емес деңгей. Құранда «Әрбір білім иесінің үстінде айтушы бар» деген мағынадағы аяттар бар. Бұл мүмкіндіктер жоғарыдан беріледі деген сөз. Атақты ғалым Менделеевтің химиялық элементтер таблицасы түсіне енгені сияқты Абайдай әулие хакімнің жоғарыда «айтушысы» (яғни тылсыммен байланысы) болуы жоққа шығарылмайды.
Хакім Абайдың басты еңбегі «Тасдиқ»-тың мазмұнын толық ашықтау өз алдына ғылыми жұмыс. Біз Абай зерттеуінің бірінші бөлімі – теологиялық табыстарын атап өте алсақ, сол да жеткілікті. Қазақ данасы Алла тағаланың сегіз субутия сипаттары ішінен екеуін (Ғылым және Құдырет) ғана бөлектеп алады. Абайдың білуінше, «һаммаға харекет беретұғындар» осылар, ал «Сегіз сипаттан қалған алтауы – бұларға шарх (түсінік)» дейді. Сонымен, екі сипат қана іріктелді. «Бірақ, – дейді Абай, – ғылым, құдірет – біздің ұғуымызға ғана екі хисап, болмаса, бір-ақ ғылымды құдірет болуға тиіс». Мінеки, Жаратушы Иеміздің сегіз сипатын бір Ғылым-Құдіретке сыйғызу Абайға дейін ешбір ғұлама айтып-жазбаған соны жаңалық.
Абай теология қойнауына тереңдей береді. «Сегіз сипаттың ішінде жазылмаса да» Алланың қос сипаты – Рахым және Ғаделетті тағрифлауды қолға алады. «Рахым» – қиялдан туған жасанды ұғым емес: «Алла тағалада болған Құдірет-ғылым һәм Рахмет», – дейді Абай. Рахмет (немесе Рақым) сипат Алланың «бір ұлық сипатынан есептеуге жарайтынына» нақлия дәлелі – Алла тағаланың 99 көркем есімдері. Ал «Ғақлия дәлелім, – дейді Абай, – Құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан, онан басқа бірінен бірі пайда алатұғын қылып жаратыпты». Рахым, яғни махаббат тақырыбы шексіз, мәңгі. Оған ақын-жазушылардың күллісі ынтық, бірақ тауысқаны кәне).
Енді үшінші сипат – «Әділет (ғаделет)» қалды. Абайша ол да «бір ұлық сипат». Қалайша? Ғақлия дәлелі: «Адам баласынан махшарда сұрау алатұғын қылып жаратқандығында һәм ғаделет, һәм махаббат бар». Түсініктемелейік.
Адамның рухы ажалсыз, сол себепті Құдай тағала махшарда сұрауды абсолютті Әділеттілікпен алады. Шамалы күнәлер бұл фәниде де жазалануы мүмкін, бірақ ауыр күнә, қылмыстар, мысалы, имансыздық, кісіні өлтіру және біреуге қиянат жасау, о дүниеде – махшарда қаралатын істер. Ғұламаның «ғаделәт бар» деуінде осы астар бар.
Жалпы әділеттілік табиғаты неде екенін ашқан данышпан бізге беймәлім. Ол әлемдік пәлсапаның шешілмеген категориясы. Оны шешу дана Абай сыбағасы. Тәңірінің сүйіспеншілік істерін, адам баласының пайдасына жасаған несібе, нығметтерін қалдырмай тере келіп Абай: «Бұл хикметтерінің һәммасында мархамат һәм ғаделет заһир тұр екен» деп түйін түйеді. Құранда: «Ол жердегі барлық нәрселерді сендер үшін жаратты» (Бақара сүресі, 29 аят) делінеді. Бақсақ, Құдай ісінің баршасында мархамат-ғаделеттің көрінісі бар. Он сегіз мың ғаламның бір тәртіпке бағынып, аса күрделі зор мәшина сияқты таңғажайып үйлесімділікпен жұмыс жасауы содан. Бақсақ, бұл тезисте екі категория (махаббат пен әділет) қабыса табысты. Махаббатсыз әділет тұл, жартыкеш. «Әділет үшін» деп ұрандатқан қаншама қанды төңкерістер өтті – баршасы да сәтсіз аяқталған. Себеп – әділеттілік мейірім, махаббатпен егіз екендігі ескерілмеді. Шын әділеттің табиғатын анықтау – Абай жаңалығы. Қазақ хакімі «әділет-шапағат» және «мархамат-ғаделет» деген әлемдік ой-сана кеңістігінде бұрын-соңды болмаған соны терминдерді айналысқа енгізеді.
Теология жүйрігі Абай қиын сырлы ізденісін «Алла тағала Ғылымды-Құдіретті, Рақымды және Ғаделетті» деген түйінмен тиянақтаған.
Сонымен, Жаратушы Иеміздің үш басты сипаты – ғылым, мейірім, әділет. Мұны дәйектеу ғажайып жаңалық! Әйгілі Ньютон ашқан заңдар материалдық дамуға керемет серпіліс әкелді. Біле білсек, Абай жаңалығы рухани әлем үшін дәл сондай маңызға ие. Ол бүгінгі жаһандық өркениетті тоқыраудан сақтап қалатын, оған соны серпіліс әкелетін құдірет болып табылады.
«Тасдиқ» қашан жазылған?
Абай Тәңіріні тану, рух болмысы, рухани ғарыш, универсум деп аталатын ғалами өлкені зерттеуге қадам басты, оған Мұқыр оқиғасы да түрткі болды. Бұл жайында жоғарыда айттық.
Өкінішке қарай, 1898-1902 жылдар аралығына келетін Абай өмірін ғылыми дәйектеп, айқындап жазуға кеңестік дәуірде мүмкіндік болған жоқ. Эпопеяның «Түн-түнекте» тарауынан мына бір үзіндіні алайық: «Абай күндіз ойлана жүріп, бірнеше кеш бойы осылайша отырып жазу жазады. Күңгірт көңілден кешіп өткен ойлар күздің ақ сұрғылт бұлтындай. …Тағы бір сағаттарда Абай ишан, имам, халфе, хазіреттермен олардың өз тілінде сөйлеседі. Олардың жер-жебіріне жете, ызалана соқтығады. «Молдалар былай тұрсын, хұсусан (әсіресе) бұл заманның ишандарынан да бек сақ болыңыз. Олар – фитнә ғалым, бұлардан залалдан басқа ешнәрсе шықпайды. Олардың барлық қуаты – басындағы сәлдесі, қолындағы тасбиғы. Одан басқа түк те жоқ. Наданның наданы, зорлықшыл жыртқышы, топасы солардың өзі!» деген жолдарды жазып, ызалы көңілі ширығып отыр еді».
Мұхаң осы сөздерімен Мұқыр оқиғасынан кейінгі Абайдың күңгірт көңілін де, оны қаумалаған ойларды (яғни «Тасдиқ» трактатын жазған шақтағы шығармашылық зертханасын) да тап басып, айтқан. Бірақ әңгіме сонда, діни-теологиялық трактат осы кезеңдікі деп айтып-жазуға жол кесілді. Мұның құны қымбатқа түсіп отыр, қазір.
Орыс жазушы Николай Анастасьев 2008 жылы ЖЗЛ сериясынан шыққан «Абай» атты кітабының соңы, 336-бетінде: «Первое свое «Слово» Абай записал в 1890 году, последнее, «Сорок пятое» – в 1897-м» дей келе, таңданысын жасыра алмай былай деп жазады: «Жизни ему еще оставалось семь лет, так отчего ж оборвал он эту речь, в которой запечатлелись и опыт прожитых лет, и мудрость знания, и прозрения, и иллюзии, – все?».
Мінеки, егер шындық қалпына келтірілмеген жағдайда «Абай соңғы 7 жыл бойы үнсіз қалған ба?» деп жалғыз мәскеулік жазушы емес, бүкіл әлем жұртшылығы қайран қалмақшы.
Сондықтан да «Тасдиқ» қалай жазылған дегенді арнайы қозғап отырмыз. Әлденеше рет айтылғандай, Абай уақытқа үнемшіл, сараң болған. Шәй-екеш шәйдің өзін сораптап отырмаған. «Шайын стаканға құйғызып, ыстық күйінде ішпей, салқындаған кезінде жұта салатын» (Тұрағұл). Әсіресе, даналық трактатқа кіріскен 1899-1902 жылдарда Абай отбасы, бала-шаға қамы дейсіз бе, күнделікті күйбең тіршілік немесе ел жұмысы дейсіз бе, бәріне қолды бір-ақ сілтеп, талас-тартыс пен әурешіліктен өзін мейлінше аулақ ұстауға тырысып бақты.
Ұлы ойшыл творчествосы көбіне түнгі уақытта жалғасқан. Осыны Абайдың қолында өскен, ақын дүниеден өткенде 19 жаста болған Әрхам Кәкітайұлы айтады: «Шам жаға кіріп, шай ішіп болған соң үйдегілерді шығарып жіберіп, оңаша қалып кітап оқуға кіріседі. Анда-санда қағазға жазып қойып отырады. Содан түндегі ет піскенде 4-5 жапырақтай ет жеп, бір тостағандай сорпа ішеді. Кей уақыттарда бізді де өз үйіне төсек салғызып беріп төрдің алдына жатқызады. Сондағы көргеніміз: Абай кей түнде ұйықтамайды, шамды сөндіріп төсекке жатып қалады да, бір сағаттай уақытта шамды қайта жағып кітап оқып отырады, не қағаз жазып отырады. Аздан кейін шамды өшіріп жатып қалады, аздан кейін тағы шам жағып кітап оқып отырады». Ескерте отыралық, бұл сөз 1897-1902 жылдар туралы.
Енді Абай мен Еркежан бәйбішенің бауырында өскен Уәсилә Мағауияқызы (1890-1954) сөйлесін: «Әкем көбінесе таңертең ерте тұрып, жазу жазып, не кітап оқып отырушы еді. Түнде қонақтар мен үй адамдары жатқан соң өзі жеке отырып оқитын, не жазатын, біз әкем ыңғай хат жазып отыр ма, болмаса Құран оқып отыр ма деп таңданушы едік». Бұл да Абайдың «Ғақлиат-тасдиқат» трактатын жазған шағы екені сөзсіз.
Мәскеулік қаламгер Н.Анастасьевтің «Абайдың соңғы 7 жыл бойы үнсіз қалғаны несі?» деген күмән-күдігін жоққа шығаруға келтірілген екі мәлімет жеткілікті сияқты.
Өкінішке қарай, хакім Абайдың «Ғақлиат-тасдиқат» атты даналық шығармасы әлі күнге «38-ші қарасөз» делінуде. Солақай саясат кесірінен өзге қарасөздердің ішіне тықпаланып, осылай аталды. Енді Абай қойған төл атауын қайтару, күрделі еңбекті текстологиялық қателерден арылту, әрбір тезистік сөйлеміне сапалы түсініктемелер жазу ауадай қажеттілік. Бұл олқылықтарды түзетпей, сол қалпында қалдыру – ұлы ойшыл рухына қиянат. Бұл-бір.
Екіншіден, Абайдың хакімдігін әлемге танытамыз десек, ұстаздың төл трактатын алдымен өзіміз жүйелеп, жіліктеп танып-біліп алуымыз керек. Абайдың хакімдігі хақында белгілі абайтанушы, академик Ғарифолла Есім былай деп жазады: «Хакімдік ғылымнан биік нысана. Оның кеңістігі – рухани әлем. …Абай пайғамбар емес, бірақ оның да білімі рухани білім. Ол біз сияқты университет, аспирантура, докторантура оқымаған, бірақ оның біліп айтқандарына, бүгінгі зиялы қауым басымызды иіп отырамыз. Демек, Абай әлемінің рухани кеңістігі ғарыштық мазмұнда. Бұл хакімдерге тән қасиет» («Абай» журналы. -№2. -2011).
Сонымен, дана Абай жарық дүниенің өткінші, жалған жарқылына алданбай, бір Аллаға ғашық болды, соңғы ақиқатты танып, оған жетуге бар болмысымен берілді. Осылайша 1898-1900 жылдары шаршамай-талмай еңбектеніп, хакімдік шыңға шықты. Басқаша айтқанда, жалпы адамзаттың, әлемнің Абайына айналды.
Асан Омаров, абайтанушы ғалым.