Сіз қазақ деген сөзді ататегім деп құжатына жаздырып алғандарды көріп пе едіңіз? Түркістан шаһарындағы Қ.А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінде білім алған Мұхамед Қазақ деген азаматты мен көргем,- деп толғайды «The Qazaq Times» сайтының тілшісі Нәзира Байырбек.
Мұхаммед Қазақ Иорданияда туған. Қазір Түркияда тұрады. «Сіздердегі қалыптасқан дәстүрге салсам, менің тегім Мұхамед Салихұлы Ораз болар еді, – дейді Мұхамед. – Бірақ, мен Иорданияда туғам ғой. Ол жақта мыңдаған қазақ отбасы бар. Аталарымыз ертеректе тағдырдың айдауымен сол елді паналап барып, қалып қойған. Бірақ, келе-келе ұрпағымыз жергілікті халыққа сіңісіп, шыққан тегін ұмытып кете ме деп қауіптеніпті. Сөйтіп, үлкен кісілер балаларын құжатқа «Қазақ» деген ататекпен жаздыруға көшкен».
Мұхамедтің айтуынша, Иорданияда мұндай текпен жүргендер көптеп кездеседі екен. Қазақ сөзін құжатына жаздырғандар Түркияда, Иранда, Түркіменстанда, тағы басқа елдерде де бар. Иорданиялық қазақ бауырымыз айтқандай, мұндай ататек барлық Қазаққа өзінің шыққан тегін, ұлтын, түп-тамырын, қысқасы, өзінің кім екенін ұмытып қалмасын деген оймен қойылған екен. Мұхамед Қазақ Нәзира Байырбекке берген сұхбатында ол алдағы уақытта да өз ұрпағын “Қазақ” деп жаздыра беретінін айтқан.
«The Qazaq Times» сайтының тілшісі шетте туған шерменде қазақ баласы үшін бұл – үлкен мұрат екендігін айта келе, қазақстандық қазақтарға салмақты ой тастайды. Жас ұрпақтың еңсесін тіктер жаңа атауды тарихымыздың алтын дәуірлерінен іздесек қайырлырақ болар ма еді?-деп есім қоюдың да есті жолын ұсынады.
PS. Енді ойланайық. Соңғы кезде басқа ұлт өкілдеріне “келін” болып кетіп жатқан қыздарымызды, басқадан жар таңдап жатқан ұлдарымызды көп талқыға салдық. Ал, жат жұртта жанталасып “ҚАЗАҚ” болып қалуға қам жасап жүрген қандастарымыз бар екен.
Олар Қазақ болып қалады, біз кім болып барамыз?..