Бұрын жарық көрген бір-екі жазбаларымда түрмеден қашқан сотталғандар туралы деректер келтіріп едім. Жердің астымен қашқан бес қашқын естеріңізде болар. Енді әңгіме жердің үстімен қашқандар жайында болмақ. Тергеу изоляторына басшылық еткен жылдары тағдыр менің маңдайыма үш қашқынның ізін кесуді жазған екен. Әрбір құбылыстың себебі, бастауы, барар жері, жетер шегі болады. Түрме саласындағы мекемелерде «кісі қашты!» деген суық ақпарат өңменіңнен өтетін ең суық хабар болып табылады. Тіпті өзіне-өзі қол жұмсап болып жататын кісі өлімі, адам өлтіру фактілері, аштық жариялау немесе кенет болған бүлік те басшыларға, жауапты қызметкерлерге ойсырата әсер етпейді. «Бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде»-деп жүре бересің. «Әйтеуір тордың ішінде болған жағдай ғой» – деген сөз ғой. Ал «кісі қашты!» деген хабарды естігенде отырған орныңнан тұра аламай, есеңгіреп қалуың әбден мүмкін. Күш-жігеріңнен айрылып қаласың. Қысқасы, адам санасына сынадай қадалатын тосын да жайсыз хабар. Осы суық хабар халық арасына мәлім болғанда, көпшілік ішінде әрине, ә дегенде құлыптаулы темір есігі, азуына дейін қаруланған күзеті, қарағанда қалпағың түсетін биік қорғаны бар түрмеден қалай ғана қашты екен деген сұрақ туары хақ.
Жалпы алғанда, абақтының қақпасы айқара ашық жатсада қашпайтын адамдар болады. Алысқа бармай құрықталатындарын біледі. Жылына жыл қосып, сау басына сақина тілеп алғысы келмейді. Жатса да, тұрса да қашудың амалын іздейтіндер де кездесіп жатады. Оларға таңба соғылмасада, көзге көрінбейтін белгілері болады. Сондықтан күнделікті жүріс-тұрысы қатаң қадағаланады. Кірпік қақпай айналасын аңдып отырады. Күзет қалғып кетсе болғаны иненің көзіндей саңлаудан сытылып шығып кетеді. Сол сәтте, сол мезетте қамдансаң, қашқын алысқа бармайды. Ізін суытпасаң болғаны, желкесінен демалып отырып, ентігін басқанша қуып жетесің. Кеш білсең, ісің насырға шауып, аһ ұрасың да қаласың. Қашқын ұзаған сайын, құрық қысқарады. Алайда, талмай ізденсең мақсатыңа жетесің. Қашқан адамды «ұшарын жел, қонарын сай біледі» деп қол қусырып отыра беруге болмайды. Біріншіден, ол қылмыскер. Оның кәсібі қылмыс жасау. Қылмыс заң жүзінде жеңіл, ауыр және басқадай болып түр-түрге бөлінгенімен, түбірі қылмыс. Оны қиянат деп ұққан жөн. Керек десеңіз, абақтыдан қашып шығудың өзі қылмыс (ҚР қылмыстық кодексінің 358-ші бабы). Қашқын міндетті түрде ұсталып, темір торға қайтарылуы керек.
Бостандыққа қашып шыққан қашқында еркіндік жоқ. Кеудесін керіп емін-еркін демалып, кең жүре алмайды, тік жүріп төбесін көрсетпейді. Желдің ызыңы да, ат тұяғының дүбірі де, қамыстың сыбыры да, кенет жарқ еткен айдың сәулесі де, сары даладағы салт атты да, жазықтағы жаяу жолаушы да, ауладағы төбеттің үрісі де, есіктің сықыры да, тас төселген көшенің тықыры да қуғыншы келіп қалғандай болады да тұрады. Ішкен асы бойына дарымай, жүз дөңбекшіп, он оянып ұйқыға да жарымайды. Қашқын адам осы сергелдеңнен қашан құтылар екенмін деген үмітпен өмір сүрмейді, қуғыншы қай жағымнан шығар екен деген үздіксіз үреймен күн кешеді. Қашуы қалай кездейсоқ болса, құрықталуы да солай ойда жоқ ұрымтал, күтпеген уақытта болады. «Қисық ағашта түзу көлеңке болмайды» – дейді қазақ. Қашып жүрген қылмыскер ел игілігіне тер төкпейді. Баукеспе ұры болса өзгенің мүлкін қолды етеді, азғын қиянат жасайды, қарақшы жазықсызға жан жарасын да, тән жарасын да салады. Міне, осыған жол бермеу мақсатында атқа қонған қуғыншылар бел шешпей, дамылсыз із кесіп, қашқынды құрықтайды…
… 1996–шы жылдың 7-ші мамыры. Тал түс. Мекемеде талай жыл қызмет етіп, зейнеткерлікке шығып, аралары сиреп қалған соғыс және тыл ардагерлерінің басын қосып, Жеңіс күні қарсаңында сый-сияпатымызды, қошеметімізді көрсетіп, мерекелік жиынды ойдағыдай бітіріп, кабинетке келіп отырғаныма 10-15 минуттай болған. Тергеу изоляторының ішін ғана қамтамасыз ететін байланыс жүйесінің телефоны шыр ете қалды. Гүлнәр Сыздықова қоңырау шалып тұр екен(Өте пысық, жинақы қызметкер болатын. Бойында ер жігітке бергісіз қасиеттері бар еді. Кейінірек қызмет бабымен Алматы тергеу изоляторына ауысып кетті). Дауысы жартылай сыбырлап шығып тұрғандай болды. «Жолдас подполковник, бізден бір адам қашқан сияқты!» – деді Гүлнәр. «Сен қайда тұрсың?» – деп сұрадым. «Үлкен ғимараттың екінші қабатында, 49-шы камераның қасында тұрмын. Осында тез келіңізші!» – деді Гүлнәр. Салқынқандылық сақтауға бар күшімді салып, желе-жортып ғимараттың ішіне де жеттім. Даусын көтермей, бәсеңдете сөйлеп, байыптылықпен Гүлнәр болған жағдайды былай деп түсіндірді. Камералардағы ауру-сырқауларға дәрі-дәрмек таратып жүрген Гүлнәрдің назары ұзын дәліздің түбіндегі ашық тұрған терезеге түседі. Сол кезде биіктігі екінші қабаттағы терезенің деңгейімен ыйықтаса тұрған қорғанның үстімен еңбектеп, мысықша аса сақтықпен жорғалап бара жатқан бейтаныс біреуді көзі шалады. Бұл көрініс Гүлнәрдың көңіліне үлкен күдік туғызады. Себебі биік қорғанға шығу өте қиын болғанымен бірге аса қауіпті де. Тайып жығылсаң құзға құлағанмен бірдей болмақ. Осы көріністен 5-10 минут бұрын 49-шы камерада отырғандардың моншадан келгені Гүлнәрдың есіне түсіп, бар бәле осы кезде болғанын түсіне қойып маған телефон шалады. Шұғыл түрде 49-шы камерадағыларды санап, тексерсек сотталған Рощин Павел деген жоқ болып шықты. Ең қызығы камерадағылардың бәрі дерлік Рощиннің жоғына аң-таң болып тұр. Жағдай түсінікті болған соң бір де бір секундты босқа жібермей «Дабыл!» жариялап, жоғарғы жаққа хабарлай сала, қызметкерлерді топ-топқа бөліп, қаруландырып, қала сыртындағы жолдарға, автобекеттерге, вокзалдарға, аялдамаларға бөліп жібере бастадым. Үлкенді-кішілі дүкендер, сауда үйлерін және базарларды да аралап шығуға да қызметкерлер жіберілді. Соңғы топқа қажет нұсқауларды беріп, кабинетіме келе жатқанда алдымнан терлеп-тепшіп, кешігіп қалғанына кешірім сұрап бақылаушы Еркін кездесті. Қызметін жап-жақсы бастап, кейінгі кезде жауапкершілігі ақсап, сын-ескертпеге жиі ілігіп жүрген жайы бар еді. Қызметтен шығып қалудың қарсаңында тұрған болатын. «Таяқ жейтін жігіттің бастығы шығар алдынан» – демекші, «сіркем су көтермей тұрғанда» жолыққан Еркінді сыбап алдым. «Аға, мен Рощиннің түр-түсін жақсы білемін. Көрсем айнытпай танимын. Алысқа ұзай қоймаған бір топқа қосыңызшы» – деді ол. Тапаншаны ішкі төс қалтасына салып алып дайын тұрған Еркінді, ертерек кетіп қалған екі қызметкерге көмек ретінде вокзалға жібердім.
Кабинетке симай, тар қораға қамалған сәйгүлік сияқты, ерсілі-қарсылы жүрмін. Бір жарым сағаттай уақыт өтті. Қуғыншылардан хабар жоқ. Жоғарғы жақпен тікелей қосылған телефондар дамылсыз безек қағады. «Қалай қашты?», «Қайда қарадыңдар?», «Күзетшілерің қой бағып жүр ме, жоқ әлде күндіз аспандағы жұлдыздарды санай ма?», «Олардың көзін байлап қойып па едің?», «Мүмкін қашқынның қос қанаты болған шығар, таудай қорғанды кедергі құрлы санамаса?» – деген ащы сұрақтарды оқтай боратып, апшымды қуырып барады. Бастықтарым берген жауабымның біреуіне де қанағаттанбайды. Мың жерден ақталғаныңмен ақ бола алмайсың. Мен оларды жақсы түсінемін.
Терезе жақтағы қабырғада кезекші болып қызмет істейтін Қабдеш атты жігіт қаламмен салған Бауыржан Момышұлының портреті ілулі тұратын. Басында папаха, үстінде шинель. Сол портретке көзім түсті. Баукеңнің отты жанарына, сұсты келбетіне жан біткендей болып, маған қаһарлана қарап тұр екен. Денем түршігіп қоя бергені сол еді, кезекшімен қосылған телефон «з-ы-ы-ы-ң» ете қалды. «Жолдас подполковник, сізді темір жол милиция бөлімінің кезекшісі мазалап тұр. Жаңа ғана сіздерден қашқан адамды атып, қолға түсірді. Оқ аяғынан тиді. «Жедел жәрдем» шақыртып, ауруханаға алып кетті. Аға, шүйінші менікі!!!» – деді кезекші аптыға сөйлеп. Мекеменің алдында «ауыздығымен алысып, жер тепкілеп» дайын тұрған темір тұлпарыма секіріп мінгенде, үзеңгі батып кетсе керек, орнынан оқтай атылды. Байсеитов көшесінің ойдымдарына тұлпарымның тұяғы тимей, көзді ашып-жұмғанша жедел жәрдем ауруханасына жеттім. Палатаға жақындағанда аурухананы басына көтеріп біреудің жан дауысы шығып, бақырып жатыр. «Что я наделал?, Что я наделал?!» – деп ышқына бақырып үстелдің үстінде етбетінен Рощин жатыр. Оқ тізеден жоғары, санның ішкі жағынан тиіп, жұдырықтың көлеміндей етін өзімен бірге жұлып алып кеткен. «Сүйегі аман ба?» – деп дәрігерден сұрадым. «Құдай сақтаған. Сүйегі аман екен» – деп жауап берді. «Онда қанын тоқтатып, алғашқы жәрдем көрсетіп, таңып беріңіз. Біз бұны 35–ші колониядағы жабық ауруханаға алып кетеміз» – дедім де, палатада жиналып тұрған 3-4 қызметкерлерге қарап: «Кім атты?» – деп сұрадым. «Мен, жолдас подполковник» – деген дауысқа бұрылып қарасам Еркін екен.
Болған жағдайдың егжей-тегжейін Еркін былай деп баяндап берді. Вокзалға келіп, өзінен бұрын кеткен жігіттерге кездесіп, перронның аспалы көпір аймағын қадағалап тұрады. Вокзал кезекшісі үн таратқышпен 5 минуттан соң «Алматы-Новосібір» поезынын келетінін хабарлайды. Хабарламадан кейін перронға лап берген жолаушылардың санын көріп:- «Мына халықтың ішінде қашқынды іздеп жүріп, өзім жоғалып кетпесем болғаны» – деп ойладым дейді Ерлан. Сапырылысқан жолаушылардың арасында көз тоқтатар күдікті көре алмаған соң, оқшау шығып, поезд келетін жаққа ойысады. Сол кезде пойыз да перронға жақындап қалған екен. Кенет жүрісін баяулатқан поездың соңғы вагонымен жарыса жүгіріп келе жатқан бір ер адамды байқайды. Тани кетеді. Рощин! Ерлан не істеу керек екенін ойлап біраз тұрып қалады. Рощинді пойыз күткен жолаушыларға жақындатпауға шешім қабылдап, жүгіріп келе жатқан Рощинге қарсы жүреді. Рощин де Еркінді тани кетеді. Кілт бұрылып кері қашады. Еркін тапаншасын оң қолына қыса ұстап соңына түседі. Рощиннің алдында қоймалар, аса биік емес бетон қорғандар бар. Соларға іліксе кетеді. Осыны ұққан ол жүгіріп келе жатып: «Рощин, тоқта. Тоқтамасаң қару қолданамын!»- деп айқайлайды да, тапаншасын ауаға қаратып бір рет атып жібереді. Рощин жүгірісін үдете түсіп, бір қорғанға қолы ілініп, қорғанға секіріп мінбекші болып әрекет ете бастағанда, Ерлан тізерлеп отыра қалып, 40 қадамдай жерден, аяқ жағынан көздеп, шүріппені басып қалғанда, Рощин айқайлап, бүктеліп жерге топ ете құлайды. Атылған тапаншаның дауысын естіген басқа қызметкерлер де жүгіріп жетіп келеді. «Жедел жәрдем» келіп жараланған Рощинді, басқа қызметкерлермен бірге ауруханаға алып кетеді.
… Рощинде қашамын деген ой мүлдем болмаған. Бұйрық бойынша отырғандарды камерадан моншаға апарғанда, қайтып келгенде санап шығарып, санап кіргізеді. Олар сапқа тұрғызылады да, саптың алдында бір қызметкер, соңында бір қызметкер болуы бұлжымайтын талап. Екіншіден, отырғандар саппен келе жатқанда ғимараттың бар есіктері жабық болуы да тиіс. Дәл сол күні, тура сол сәтте 49-шы камерада отырғандар моншадан келе жатқанда, саптың соңында қызметкер болмаған. Бірінші қабаттың бүйіріндегі ғимаратқа кіретін есік белгісіз себептермен жабылмай қалған. Саптың соңында келе жатқан Рощин осы ауытқуларды байқап қалып, ашық есіктен ешбір тірі жанның көзіне түспей, түрме ауласына шығып кетеді. Ғимараттан шыға сала сол жақтағы қорған жаққа қарай барады. Қорған мен ғимараттың арасын биіктігі 3,5 метрдей жоғарғы жағы орақ сияқты темір бағанаға тартылған бес қатар тікенек(колючая проволка) сымдар бөліп тұр. Сол бағананың біреуіне шығып, өзінің салмағымен бағананы ерсілі-қарсылы теңселтіп, тербелуі шегіне жеткенде, темір бағана Рощинді қолмен лақтырғандай етіп қорғанның үстіне серпіп жібереді(кәдімгі биіктікке сырықпен секіретін спортшы сияқты). Рощин қорғанның «жон арқасына» жарқанаттай жабысып, қорғанның үстімен төмен секіруге оңтайлы жер іздейді(сол кезде оны Гүлнәр байқап қалған). Қорғанның сырт жағында түрме қорғанына жақын орналасқан көрші-қолаңның жеміс-жидек өсіретін кішігірім ортақ жері болатын. Көктем кезі ғой, жерді аударып, топырақты үгітіп, дақыл себуге дайындап қойған екен. Сол жұмсақ жерге 7 метр биіктіктен секіріп түседі де, жарты сағаттай жасырынып отырып есін жиып алған соң, шойын жолдың бойымен вокзалға тартады. Вокзалда Еркіннің күтіп тұрғанын ол, әрине, білген жоқ…
… Осы оқиғадан соң аттай екі жыл алты күн өткен соң қамауда отырған тағы бір адам қашты. Қарғабаев та қорғаннан «аттап» кетті. Бұл туралы, қашқынның ажал аузында тұрып, қалай оққа ұшпай аман қалғаны жайында жазған болатынмын. Естеріңізге сала кетейін. Қашқынға атылған оқ басқа адамдарды да жазықсыз құрбан етерін жақсы ұққан капитан Мұхамеджанов С. қаруын кезенген қос күзетшіге «Атпаңдар!» деп бұйрық берген болатын. Мухамеджановтың бұл іс-қимылы түбегейлі тексерудің қортыныдысы бойынша «заңды» деп бағаланған болатын…
Сонымен Қарғабаев қашты. Дабыл қағылды. Атқа қонатындар аяғынан тік тұрғызылып, шар-тарапқа жөнелтілді.. Күн демей, түн демей із кесу басталды. Жан-жақты жедел іздестіру шараларының барлығының тізгінін Семей ішкі істер басқармасының бастығы полиция полковнигі Жетпісбай Ибраев алды(Рощин қашқанда тергеу изоляторлары Мемлекеттік тергеу комитетінің(МТК) құрамында болатын. Қашқынды іздестіру шараларын өзім ғана басқарып едім. Басқа ешкімнің басы ауырған жоқ. Себебі МТК құдайдан безген, жақынына жылуы жоқ құрылым болды. Сондықтан болар оның өмірі ұзаққа бармады. 1995 жылы құрылып, бір жарым жылдан кейін құрдымға кетті).
Ж. Ибраев іскер басшы екенін бұрыннан білетінмін. Қашқынды іздеуге кеткен үш күннің ішінде Жетпісбайды жаңа қырынан таныдым. Айтпақшы, қылмыскердің абақтыдан қашқанын министрлікке хабарлаған соң жарты сағаттан соң маған ішкі істер министрінің орынбасары Н.А.Власов телефон шалып: «Әлихан, 72 сағат ішінде ұстасаңдар жеңіл-желпі жазамен құтыласың, басқадай болса желкеңді үземін» – деген еді. Облыс орталығынан келген жоғарғы лауазымды басшылар жерден алып, жерге салып жан алғыштай қылышын қайрап, жігеріңді құм қылып, «давай-давай»-дың астына алды. Олар кеткен соң Жетпісбай Сапарғалиұлы дүрліккен елді сабасына түсіріп, шашыраған шаруаны жүйелеп бір арнаға түсіріп отырды. Ж.Ибраев органдағы қызметін тергеу изоляторында бақылаушы болып бастап осы мекеме бастығының бірінші орынбасарына дейін көтеріліп, кейін Калинин аудандық ішкі істер бөлімінің қылмысты іздестіру бөлімінің бастығына жоғарылаған. Сондықтан қамауда отырғандардың психологиясын, ой-өрісін, пиғылын бес саусағындай біледі. Ағын ақ, қарасын қара деп айнытпай ажырататын ақылды да адал азамат. Өнер адамдарының, БАҚ өкілдерінің ортасында орысша айтқанда «мастер класс» деген ұғым бар. Бұл шеберлігінен шырын тамған кәсіп иесі, майталман маманның дәрісі, ашық сабағы. Міне, сол күндері мен үшін сыры белгісіз дүниенің ұшан-теңіз екеніне көзім әбден жеткені бар.
Қарғабаев бірнеше қылмыс жасап, айла-амалын тауып бірнеше ай қолға түспей қашып жүрген әккі қылмыскер еді. Оның барар жері, басар тауы белгілі болатын. Жетпісбай Сапарғалиұлы іздестіру шараларына тікелей басшылық жасап қана қойған жоқ, Айдар Кәрімов, Әзіл Ахметжанов сияқты ұшқыр ойлы опер жігіттерін көмекке жіберді. Олар кабинетте отырып–ақ қыруар жұмыс атқарды. Жер-жерден келіп жатқан хабарламаларды, мәлімет-мағұлматтарды, деректерді, ақпарларды фактілерді шашауын шығармай елеуіштен өткізгендей етіп сараптап, талдап, қорытындылап, тұжырымдап отырды. Ара-кідік қашқынның алыс-жақын туған-туыстарының арасындағы ұзынқұлақ алып-қашпа сөздерді, лақап әңгімелерді жігін бұзбай жіпке тізгендей етіп қалт жіберген жоқ. Осындай сәттерде Жетпісбай Сапарғалиұлы жігіттерге: «Қарғабаевтың туған-туыстарының сөзіне сене бермеңдер. Олар іздеу шарасын жалған жолға қасақана салып жіберуге әбден мүдделі» – деп жатқанын бірнеше рет құлағым шалып қалды. Әр қилы болжамдар, сан-қилы сараптамалар жасалды. Бұл шексіз шыдамдылықты, аса бір ыждахаттылықты қажет ететін, инемен құдық қазғандай яки болмаса бір шөмеле шөптің ішінен ине іздеумен тең, көзге көрінбейтін тынымсыз істелетін құмырсқа тірлік. Бір байқағаным Айдар да, Әзіл де үш тәулік бойы қашқынның тұзаққа топ етіп түсетініне өте сенімді болды. «Аға, қобалжымаңыз. Аспанға ұшып кетпей, жер бетінде жүрсе болды. Атқа өңгергендей етіп, алдыңызға әкелеміз» – деп мені жұбатып қойып жүрді.
Үшінші тәуліктің де бітуіне бірнеше сағаттай уақыт қалды. Жетпісбай Сапарғалиұлы із кесудің бел ортасында жүрген жігіттердің бәрінің басын қосып кеңес өткізді. «Тәуекел, жігіттер. Бәрі біз ойластырғандай болса, Қарғабаевтың құрыққа ілінетін сәті келді»-деп, сақадай сай тұрған тергеу изоляторы бөлім бастығы, ішкі қызмет аға лейтананты Тілеуберген Көнекбаев(қазір бұл жігіт полковник шенінде Қостанай облыстық қылмыстық-атқару жүйесін басқарып отыр) бастаған төрт жігітке арнайы нұсқаулар берді. Іздеу барысында Қарғабаевтың алысқа бармайтыны, алайда қалада қалмайтыны жорамалданып, алыстағы туыстары және қаладағы жанұясы мен жора-жолдастарына тынымсыз іздеу салынып жатқаны туралы ауық-ауық білдіріп тұру керек деп шешілген болатын. Қала маңында орналасқан орман шаруашылығына қарасты ауылда бір туысының үйі бар екені анықталып, ол туысы із кесіп жүрген қуғыншылар тарапынан мүлдем «есептен шығарылып, ескерусіз» қалған еді. Адам баласына сездірмей сол үй орналасқан көше анықталып, қора-қопсығы, үй ішіндегі бөлмелердің орналасу жағдайы, көрші-қолаңы жан-жақты алдын-ала сырттай тексеріліп қойылған болатын…
Капитан Т. Көнекбаев бастап барған жігіттер, бір қызметкерді үйдің орманға қараған терезелерін бақылауға қалдырып, абыр-сабырсыз, аяқтарының ұшымен дәлізге кіреді. Тілеуберген теледидар сөйлеп тұрған бөлмеге кіріп барып, жайбарақат отырған Қарғабаевты тырп еткізбей, қолына кісен кигізеді. Салы суға кеткен Қарғабаевтың, -«Менің осында екенімді қалай білдіңіздер?» деген сұрағына Тілеуберген, – «Ізіңмен келдік»- деп жауап қатты. Сол кезде ғана үй иесі құда баласының «құдайы қонақ» емес екенін ұқты.
Полковник Жетпісбай Ибраевқа телефон шалып, жасаған жақсылығы мен қомақты көмегі үшін рахметімді айттым. Жетпісбай- «Астанадағы үлкен бастықтарға өзің хабар айт» – деді. Ішкі істер министрінің орынбасары Николай Афансьевич Власовқа телефонмен қашқынның ұсталғанын хабарладым. «68 сағатта ұсталыпты. Дүренің заманы болса, өзім-ақ сені соғар едім. Енді қайталанбасын. Қырағы бол» – деп қысқа қайырды…
Кабинетте Қарғабаевпен әңгімелесіп отырмын.
– Қашамын деп бір ажалдан қалдың. Өзіңе кезелген екі автоматтан оқ шыққанда, түгіңді қалдырмай орып кетер еді.
– Аға, шынымды айтсам, екі ажалдан қалдым. Автоматтардың сарт-сұрт еткен затворларының дауысын естігенімде зәрем ұшып кетті. Артымнан қуып келе жатқан офицердің «Атпаңдар! Атпаңдар!» деген бұйрығына бағынған күзетшілердің сәл кідіріп қалғанын пайдаланып, биік қорғаннан жерге секіріп түскенде белім кілт ете қалып, көзім қарауытып орнымнан тұра алмай қалдым. Сол кезде оң жағыма бір нәрсе дүрс етіп құлады. Соңымнан түскен кезекші офицер екен деп көзімді әзер ашып қарасам, бір-біріне жабысып қалған қос кірпіш жатыр. Қорғанның үстінен мені қауалай түскен кірпіштер болса керек. Қырынан құлап, түскен жеріне үш-төрт елідей батып кетіпті. Егер сол кірпіштер басыма немесе денемнің басқа жерлеріне келіп тигенде мен алдыңызда отырмас та едім. Тірі қалсам мүгедек болып қалуым әбден мүмкін еді. Басыма тигенде миымды да жинап ала алмайтын едіңіздер. Қашып отырып үйге кіріп, көп кідірмей, жасырынып тұратын жерімді айттым да кетіп қалдым. Павлодарға шығатын жолмен келе жатып, МАИ бекетіндегі қару асынып көліктерді тексеріп жатқан 5-6 милиция қызметкерлерін байқап қалдым да, үрейім ұшып, қатты шошынғаным сонша жолдың сол жағына емес оң жағындағы ну тоғайға кіріп кетіппін. Сол тоғайдың ішінде адасып екі күн, екі түн жүрдім. Әбден қажыдым. Шаршадым. Аштықтан күш-жігерім де сарқыла бастады. Түнде ағаштың үстінде шығып отырамын. Киімім жұқа болғандықтан көктемнің түнгі суығы сүйегімнен өтті. Екі күннің ішінде тоғай ішінде бір тірі жанды кездестіре алмадым. Үшінші күні таңға жақын, үлкен қарағайдың жуан бұтағында қалғып-мүлгіп отырғанда құлағыма иттердің үрген дауыстары еміс-еміс жеткендей болды. Таң қылаң бере сала сол жаққа бет алдым. Таныс ауылдың тұсынан шықтым. Маған керегі осы ауыл еді. Менің абақтыға түсіп, қашып шыққанымнан мүлдем хабары жоқ бір туысқан осы ауылда тұратын. Жуынып- шайынып, тамақтанып алған соң, теледидарды қосып отырғаным сол еді, бөлмеге аспаннан түскендей болып, оперотделдің бастығы Тлеуберген Көнекбаев кіріп келіп, қолыма кісен салғанда есімнен танып қалуға сәл қалдым…
…Қашқын ұсталды. Бастықтардың ашуы басылды. Басыма төнген қауіптің бұлты сейілді. Басқарма көлемінде бұйрық шықты. Бұйрық бойынша маған –«Қол астындағы жауапты қызметкерлердің кәсіби шеберлігін төмендетіп алғаны үшін, арнайы бұйрықтың талабын жете орындалуын барынша қадағаламаудың және жеке құрамды басқарудағы жіберілген олқылықтардың салдарынан сотталғанның қашуына жол бергені үшін» -деп қатаң сөгіс жарияланды. Бұл офицер үшін оңай жаза емес. Әсіресе, басшылық қызметтегі офицер үшін. Бұл жаза оның «личное дело»-сына тасқа қашалғандай болып жазылып қалады. Отставкаға кеткенде «личное дело» мұрағатта сақталады. Бұл бұйрық мені терең ойға батырды. Ой адамды жеп қояды емес пе. Өзімнің сұрақтарыма өзім жауап таба алмай қатты қиналдым.
Қабырғада ілулі тұрған Бауыржан Момышұлының портретіне қараймын. Өзгермеген сол сұсты түрі, қатал келбеті. «Подполковник! Сен жеке құрам басқарудағы ең керекті, ең қажет құралдың, не екенін білесің бе?» – деп шүйіліп, – «Білмесең біліп ал!» – деген қуатты дауысы саңқ еткендей болады. «Тапсырманы, бұрықты, нұсқауды бұлжытпай орындау оңай емес, олардың орындалуын дер кезінде қадағалау одан да қиын! Подполковник! Сен қадағалау жағын оңдырмай ақсатып алдың! Қол астыңдағылар соқыр немесе саңырау емес. Олар сенің осал жеріңді біліп алған! Понятно тебе!» – деп қабағын түйе түскендей.
«Баукеңнің айтқаны өте орынды» – деп кінәмді мойындауға мәжбүрмін. Себебі, ақиқаты сол. Бауыржан Момышұлы қайнаған соғыс жылдары батальонды басқарды, полкке командир болды, аты жер шарына мәшһүр, Мәскеуді қорғауға қатысқан, кейін Курляндия майданында соғыс жүргізген 9-шы гвардиялық дивизияның қолбасшысылығына жоғарылады. Сол сұрапыл жылдары дивизия құрамында 11-13 мыңдай адам болды. Осыншама адамды, әскери құрылымдарды, жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстады. Баукең бар-жоғы 33 жаста! Қарша бораған оқ пен бомбаның астында жүріп, әрбір солдаттың жүрек дүрсілін, түрлі дәрежедегі командирдің әдіс-айласын, шабуылдың екпінін, тойтарыстың тегеурінін, барлаудың барысын, тыл қызметінің ахуалын, жараланған жауынгерлердің жағдайын қалт жібермей қатаң қадағалап, ұтымды үйлестіріп, қатал қолбасшылығымен қарсыласының қорғаныс шебін таудан аққан тасқындай тас-талқан бұзып өтіп, қасарысқан жауын жер жастандырып жатты!
«Ал мен болсам 44 жастамын. Қол астымда 150-ақ(!) қызметкер бар. Осыларға ие бола алмай, айтқанымды істетіп, айдауыма жүргізе алмай келемін. 5 жыл бойы бастық болып жинаған тәжірибем түкке жарамай қалғаны ма? Неткен масқара! Шарасыздық деген осы шығар!»- деп күңірене күйзелген сәттерім әлі есімде. Шынымды айтсам, мен өзімді қаталмын деп ойлайтын едім. Өкінішке орай олай болмай шықты емес пе. Қатал болсам темір тормен құрсалған, қабырғасының қалыңдығы бір құлаш абақтыдан адам қашар ма еді? Жабық жатуы тиіс есіктер шалқасынан түсіп ашық қалмас еді ғой! Рощин түрме ауласында «әткеншек ойнап» жатқанда, қару асынған күзетші аяғы аспаннан келіп түс кезіндегі тәтті ұйқының құшағына кірмес еді. Осының бәрі жеке басымның салғырттығының салдары емес пе? Менің айтқанымның бәрі дерлік айтылғандай орындалып жатыр деген өркөкірек сенім екен ғой. Қазақ бұны «Қойшы көп болса, қой арам өледі» – немесе – «Мен салар да сен салар, атқа жемді кім салар» – деп айтады.
Қызмет тәсілімді өзгертуге, кадр іріктеу мәселесіне, қол астымдағы басшы офицерлердің жауапкершілігін өсіруге біраз тер төгуіме тура келді. Көшке ілесе алмай жүрген көлденең аттылардың біразының «көзін жойдым». Осы іс-шаралардың септігі тиген болар, отставкаға кеткенше, тергеу изоляторында ешбір төтенше жағдай болған жоқ. Жаңа заманның «жаңа адамдары» есіктен кірмей жатып, төр менікі деген уақыт келді. Соңғы қашқын ұсталғаннан кейін, 5 жыл 4 айдан соң менің «дер кезеңім» мәресіне жетті. Мен отставкаға кеттім…
- S. Қашқындар туралы басталған хикаямды солар жайында тәмәмдайын. Осыдан екі-үш жыл бұрын қаңтар айында оншақты күндей госпитальға жатып шықтым. Мен түскен күннің ертеңіне қасымдағы бос орынға Аязбек Тұқанов келіп жатты. Бұл жігітпен қоян-қолтық араласып қызметтес болмағаныммен, біршама таныстығым бар еді. Бірнеше жыл Жанғыз-төбеде колонияда бастық болып, зейнеткерлікке шығар алдында менен кейін 3-4 жылдан соң тергеу изоляторын басқарды. Әңгімені шебер айтады екен. Талай сыр ақтарылды. Бір күні Аязбек мынадай әңгіме айтып берді. «Жанғыз-төбе байлап қойса тұратын жер емес, Әлеке, – деп Аязбек әңгімесін алыстан бастады. – Қызмет бабы болған соң амал жоқ, сонда біраз жыл тұрақтауға тура келді. Өзім де жерсінбей, бала-шағам да үйрене алмай қиналған жағдайымыз бар. Қыста қар, қар болмаса құм араластырып қиыршық тас суырып тиылмайтын желі кімді болса да әбіржітіп жібереді. Әсірсе, қыстағы жауған қардың қалыңдығын айтсаңызшы. Омбы қар үйлердің шатырына дейін басып жатады. Басып қана қоймайды ғой, беті әдейі тапталғандай, аттың тұяғы батпастай болып қатып қалады. Қар жамылған қақаған сондай бір қыста, қорғандарды қар басып қалғанын пайдаланып колониядан екі адам қашты. Сол жылы да қар қалың түсіп, бір аттам жерге жүре алмай қалған едік. «Солнечный» қалашығында орналасқан колониялардың қызметкерлері, ішкі істер әскерінің сарбаздары аяғынан тік тұрып қашқындарды іздей бастадық. Көзге түртсе көрінбейтін түтеген ақ боран.
Қазақ итті жеті қазынаның біреуі деуінде үлкен сыр жатыр екен. Оған көзім осы жолы да жетті. Дауылдата соғып, ысқырған жел кеудеден итеріп жүргізбейді.. Қарға батқан қырдағы жылқылардай әзер жылжып келе жатқанда, жетегіміздегі ит ізге түсіп, иіс алғандай аласұра сүйрей жөнелді. Сүрініп-қабынып, бір жығылып – бір тұрып ілесіп келеміз. Қаңырап бос қалған көп қабатты үйдің жертөлесіне алып келді. Ит арс-арс етіп үріп, жертөленің түкпіріне қарай жүрді. Бұрышта тісі тісіне тимей, боп-боз болып қалшылдап, бүк түсіп біз іздеген қашқынның біреуі отыр. Бір сағаттай солай отыра тұрса үсіп кетуі әбден мүмкін екені түрінен көрініп тұрды.
Колонияға келсек, екінші қашқынның да ұсталғаны мәлім болды. Оның қолға түсуі тіпті кино сияқты. Колониядан қашып шыққан соң екеуі екі жаққа кетеді. Бұл қалашық ішінде бой тасалап біраз жүріп қалады. Іздестіру шараларының басталып, абыр-сабырдың көбейгенін құлағы шалады. Қалашықтағы бір пәтердің есігін қағып, табалдырықтан аттап дәлізге кіреді. Құдайдың құдіретін қараңызшы! Пәтер иесі милиция саласында талай жыл тер төккен зейнеткер болып шықпасы бар ма! Қырағы көз, сыры кетпеген байырғы сақшы бейтаныс кісінің темір тордың ар жағынан темекі сұрай келмегенін бірден сезеді де, сөзге келмей қашқынның қолын қайырып, қайыс белдігімен байлап, дедектетіп сүйреп әкеліп мекемеге тапсырады емес пе» – дегені сол еді, палатаға қолында инесі бар медбике кіріп, уколдың уақыты келгенін хабарлады. «Әлеке, мына уколдан қашсаңда құтылмайсың, сондықтан медбикенің қолына өз еркіммен түсейін» – деп жымиып, Аязбек жамбастай бастады.
Әли-Хан Омарбеков,
отставкадағы полиция полковнигі. Семей.