Сәрсенбі, Мам 2, 2018
Негізгі > Детектив > Ауылдағы ұрлық

Ауылдағы ұрлық

Мерей бауырым жырлағандай бес күн жалған…..  Осы әңгіме кейіпкерлері  әріптес жолдастарым Талғат Тілеубердин, Алик  Нурғалиев, Жақсылық Әліпбаев бүгін арамызда жоқ.  «Адам қоңақ өмірге». Аз ғұмыр жасаса да арттарында ауыз толтырып айтар іс қалдырған азаматтардың аруағы рыза болсын.

 «Астапыралла» дегенді осындайда айтар болар

«Әкесін ұрғанды көрдік, арбаға байлап сабағанын көргенім осы» деген тәрізді жұмыс барысында талай қылмыс түрлерімен түйісіп, таразылап жүрсем де осы бір қылмыс маған үлкен ой салды. «Мал құлағы саңырау» демекші  осы бір мұсылман қауымына үлкен күнә болып есептелінетін қылмыс жүз пайыз өз қандастарымыз тұратын «Би ата» ауылында жасалуы жаға ұстатады. Жалпы  дін Исламда Ұрлық – өзгенің мүлкін ұрлау, рұқсатсыз алу, өзгенің меншігін ақысыз (әділетсіз) түрде өз иелігіне өткізу деген сөз. Рұқсатсыз алынған және ұрланған нәрселер аз да болса, үкімдері бір және харам болып табылады.  Ұрлық, күштеп тартып алу, зұлымдық, парақорлық, пайыз, қарақшылық және қиянатпен қол жеткізілген мүлік, меншік болмайды. Мұндай нәрсені сатып алу, жеу, ішу жаиз емес. Хадиқа кітабында былай делінеді: “Күштеп немесе ұрлық, қиянат секілді харам жолдармен қол жеткізілгені мәлім болған нәрсені, сыйлық, садақа және төлемақы ретінде алу, жалға алып қолдану халал емес деп айқын жазылып, мансұқ етілген. Алайда осыны санасынан сырып тастап,  бір сәттік пайда соңына ілескендер  табыс көзіне айландырған метал калдықтарын қабылбау  тәрізді кәсіп түрі пайда болып, «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» демекші Қытай елінің түрлі-түсті метал қалдықтарын қабылдауы  қоғамға  жұлынды жайлаған жегі құртай болып жабысты. Жеңіл табыс іздегендер  жарғақ құлақтары жастыққа тимей көше кезіп, қолға іліккеннің бәрін қытай асыруда. «Мен өлген соң мейілі дүниені топан су бассын»-деп франсуздың бір королі айтқандай  бір күндік пайда шылауына ілескен пысықай кәсіпкерлеріміз де шабан аттарын шаптан қамшылап шауып жүр. Пысықайлар күн көріс қиын  деген желеумен қолға ілігер, іске жарар электір желісі, лифт қондырғылары, телефон кабельдері, кәсіпорын құралдары (станок, электроагрегат) аллюмений ыдыс-аяқ тәрізді заттарды жымқыруларын қояр емес. Қабылдаушылар «пайда»  деп, қос қолын ысқылап, қабылдауды жалғастыруда. Қолтырауын жемсауындай құлқындарын бір сәт кептегендеріне  екі жақта мәз.  Ал осы заттардың елімізде  жасалмайтыны, бұларды істен шығарған соң қарапайым халықтың қаншама жапа шегетіні, оны жөндеуге қыруар шығын кететіні олардың көк доллар көмкерген көкірек көзіне жетер емес. Ашынғаннан:

-«Ағайын! Сендерді албастының алпысы басты ма?» деп жар салғың келеді. Әй қайдам! Жапан түзде жартас жаңғырығын тыңдағанмен бірдей. Ұғар құлақ болмай тұр ғой. Ұқса доғарар еді бұл бейберекетсіздікті. Арқандаулы атша  айналасын жалмап болып, алар нәрсе қалмаған соң о, тоба  енді есті кісі түсінбес есер қылыққа кірісті. Аспандағы айға шауып мерт болған арыстан тәрізді зеңгір көктегі айға қол созбай, зират басындағы айға қол салып, сұғанақтық танытты. Аруақ еншісіне бұйырған зират басына да қара бұлт үйіріліп  зұлмат орнапты. Абай ауданына қарасты «Би ата» ауылының бір тұрғыны осы жылдың құрбан айт кезінде  құрбандыққа қой шалып, ата-баба аруағына құран бағыштап қайтпақ ниетте  ауыл шетіндегі қорымға бет алады. Келген бетте көзіне  түскені айдарын қырқан сәбидей  маңдайларына орнтылған металдан жасалған  айдан айырылған зираттар. Өз әкесінің зиратының басына  орнатылған аймен төрт құбыласына орнатқан жезден жасалған  күмбезше жоқ болып шықты. Бейбастақтықты көріп, көзі атыздай болған ол, қаны басына шауып арсыздық әрекет туралы алдымен ауылдастарына, сосын полицияға хабарлайды. Хабарға құлағдар болған Абай аудандақ ішкі істер бөлімінің бастығы С. Өтемісов өзінің орынбасары жаста болса талай күрделі істің түйінін шеше білген  полиция капитаны Тілеубердин Талғатты бас етіп «Би ата» ауылына  жедел топ аттандырады. Топ құрамына қылмысты іздеу қызметінің төтенше өкілі А. Нұрғалиев, тергеуші Т. Қуанышбаев, учаскелік полиция инспекторы Ж. Әліпбаев және жол полициясының қызметкері  Е. Жақиев кіреді. Қылмыс болған ауылға келген шұғыл тергеу тобы  із кесуге кіріседі . Тергеу  амалдарын зират басын шолудан бастайды. Оқиға болған жерді тексеру барысында  зираттың алюминий қоршауларын, айларын, құбыладағы жез күмбезшелердің белгісіз қылмыскердің қанжығасында кеткені анықталған соң аруақты жерді қорлаған қорқауларды құрықтау операциясы қолға алынады.  Басы мен аяғына лақтырған арқаның жететін алақандай ауыл болса да алғашқыда қылмысты ашар қолға дерек ілінбейді. Алғашында шаруаға қыры жоқ, ерлері мойнына кетіп жүргендермен, ойнақтап жүріп от басып, темір тордың аржағына төркіндеп келгендерді тексергенмен олардың бұл сорақылыққа қатысы жоқ болып шықты. «Құран сатып күн көрген, күнаһар боп үлгергендерді» (Мұзафар) анықтауға бағытталған іс-шара кезінде сол ауылдың бір тұрғыны түнемелікке қораға қамаған ісегінің қолды болғаны жөнінде шағымданады. Талғат әріптестеріне жәбірленушіні қастарына алып ауылдағы қора-жайдың барлығын адақтап шығуды міндеттейді. Жол полициясы инспекторына ауылдан бейсауат көліктердің шығуын қадағалап тексеру қажеттігін тапсырады.

«Адам болып адам қадырын білмесе,

Одан дағы жайылып жүрген мал жақсы.

Сөйлегенде сөз мәнісін білмесе

Одан дағы аузы берік дал жақсы»-деп түркіменнің терең ойлы шайыры Мақтымқұлы жырлағандай  тексеру кезінде  адамдықты аяқ асты етіп, жәбірленушінің малын өз меншігіндей қорасына еңгізіп алған көршісі  қылмыс үстінде ұсталады. Бір жоқты бір жоқ табады демекші әлгі пақырдан қорымда жасалған қылмысқа қатысының  бар жоғын  тексермек ниетте суыртпақтап сыр тартқан кезде   қалада оқитын баласының оқу ақысын жуық арада төлемесең балаң оқудан шығады деген соң амалсыз, албасты басып көршімнің жемдеп отырған ісегіне көзім түскені. Ал «Құдай –бір, Құран-шын, Пайғамбар-хақ» делінетін имамнның үш тұғырын танитындықтан ондай қара ниеттілікке бармайтынын айтып  азар да безер болды.  Онда бұл бассыздықты кім жасауы мүмкін деген тергеуші  сұрағына ойланып отырып:

«Осы ауылдың екі жас баласы ана жолы қытайдың көк кенеп сөмкесін бір нәрсеге толтырып алып,  металл қалдықтарын қабылдайтын  үйдің алдында жүргенін көргем. Мүмкін солардан келген шығар!? »  Дереу аталмыш екеуі тергеушіге жауапқа әкелінеді. Басында түлкі бұланға салған олар тәжірибелі тергеуші құрған торға келіп шырмалады. Мойындамасқа амалдары қалмайды. Сөйтсе ағайынды екі бозбала, екеуі де кәмелеттік жасқа толмаған , өзінің бір ересек серігімен түн жамылып зиратқа барып, қабір қоршалған екі темір қоршауды, бірнеше зираттын   жарты айымен күмбезшелерін шешіп алғанын,  оны қабылдау пунктіне өткізгендерін мойындайды. Полицияның тергеу тобы әлгілердің көрсетуімен айғақ заттарды тәркілеу мақсатында метал қабылдайтын үйге келеді. Үй иесі мұғалім комерсант (жас ұрпақ санасына ізгіліктің ұрығын себетін)  жоғарыда аталған заттарды қабылдап алғанын , тек оны кеше Семей қаласына апарып сатқанын мойындайды. Айғақ зат  табылып тәркіленбейінше қылмыскерлерді жазалау қиын тиетінін, кеиін сот барысында айғақ заттар қылмыскерлердің өз істегендеріне сай жаза алу үшін басты фактор екенін жете ұғынған полиция капитаны Т. Тілеубердин қасына жол полиция қызметкері мен тергеушіні алып, дереу Семей қаласына жол тартады. Мұғалімнің көрсетуі бойынша қабылдау орнынан өткізілген заттар  табылып, тәркіленеді. Абырой болғанда аспан асты елі асып үлгермепті. Осы іс бойынша ҚР Қк ұрлық бабы және қасиетті орынға ойран салғаны бабтары бойынша қылмысты іс қозғалды. Қылмысты істі тергеу барысында  осы бір имансыздардың  6 зират басын ойрандап., зират жабдықтарын  ұрлағаны толық дәлелденіп, іс сотқа жолданды. Кінәлілерге  сот үкім шығарып, жасаған қылмыстарына сай жазаларын алды. Сауап болсын дейміз де. Дегенмен кейін о, дүниеде  қияметтің қыл көпірінде тозақ өткеліндегі сот таразысы  осы сабаздардың  санасына кірер ме екен? Кезінде ондайларды ауыл қарттары «дінсіз найсап» деп тілдеп жатушы еді.Ниса сүресінің 29-аятында: «Ей иман еткендер, бір-бірлеріңнің меншіктеріңді араларыңда бұрыс жолмен жемеңдер. Яғни Исламның харам еткен пайыз, құмар, ұрлық және күштеп тартып алу секілді бұрыс жолдарымен жемеңдер. Тек қана бір-бірлеріңнен разы болатын түрде, сауда жолымен болсын.» деп бұйырылғанын әсте естен шығармаған абзал-да.

Қорыта айтқанда, адам өлтіру, ұрлық жасау, өтірік айту секілді күнәлар адамның иманын кетірмесе де, бұлар үлкен күнә болып табылады. Кішкентай күнә жасауды тоқтатпау үлкен күнәға, үлкен күнә жасауды тоқтатпау иманға қатер алып келеді. Пайғамбарымыздың айтқанындай: «Иманы болған адам зина, ұрлық жасамайды.»

 

Елубек Оспанов,

полиция  подполковнигі,

Семей қаласы.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation