Болашақты ойласаң түн ұйқыңнан айрыласың. Бұл заманда әр деңгейде жерімен бақытты санаулы халық қана қалған, соның біріміз. Моңғолдар, біз – қазақтар, саха халқы, Канададағы үндістер мен эскимостар болар. Бабалардың жолымен жерімізді ұстап отырмыз. Өз жеріңе өзге елдің, өзге мемлекеттің меншігі талай халықтарды тоздырған. Тоздырмаса – өздеріне бас ұрғызып, жазылмас рухани ауруға, бақытсыздықа душар еткізген. Өз меншігін қорғау үшін күш қолданған, бөлшектеген, интервенция жасаған, берекесін алған. Қазір де сол. Қараңыздар, түрлі сылтаумен әлем алпауыттары басып та кірген, көндірген, келісім жасап алған, “достықпен” де арбаған, ұзақ ұстап тұрған – көбі сақталып тұр әлі: Жапониядағы Окинава әскери базасы, Гуам аралы АҚШ-қа мүлде қосылып кеткен, Полинезиядағы. Муруруа атоллы, Кубадағы Гуантанамо, бүкіл түбегімен Қырымдағы Севастополь, жаңадан қосылған Сириядағы Хмеймим… Біз әзірше Байқоңырды жалға беріп тұрмыз. Меншікке айналса ше? Бас айналады сондайда. Мемлекетімізге сырттан үгіт айтушылар көп. Қызығушылықтары да бар, өз ниеттерін жүзеге асырып үлгергендері де бар. Кейбірі Елбасыға жақындап, кеңесші де болған. Иракты талан-таражға ұшыратқанның бірі Блэр қалайша дос болды бізге? Жыртқыш бизнесті Оңтүстік Кореядан келген ақылшылар, басқалар ше? Жері жоқ анау Сингапурдың көсемі не үйретпек, әлемге үстем тілді тұтынып, өз тіліңнен без, бизнеске толық ерік бер дегеннен басқа? Елбасы қаншама сақ болса да, басқа мырзаларымыздың ел мүддесін екінші не үшінші кезекке, не мүлде керек қылмайтындары болған, бар. Итермелейді. Озық технодогиясын, жақсы тәжірибелерін отандық өндіріске алып, тиімді пайдамен бөлісіп шектелсе, халқына қарасса “таңдаулы адамдар” болып есептелетін ірі бизнес басшылары сыйлы болар еді ғой бізде. Жерді, меншікті шет елдерге беруге біздің халық түбегейлі қарсы. Неге ұққысы келмейді, неге өз халқын жатсынады, өз халқына жаусына береді? Керегі халыққа:тәуелсіздігіміз, мемлекетіміздің жерінің тұтастығы, тіл тұтастығы, халқымыздың денсаулығы, мәдениеті, өнері, білімі, ғылымы, көркем салты, әдет-ғұрпымен ұштасқан, бабаларымыз аманат еткен дін тұтастығы. Басқа елдер төрімізде меншік орнатып, жұмыс күшін төгіп отарласа – ол сұмдық бастан өтті емес пе?! Қайталама билік мұндайды!