Сәрсенбі, Шілде 25, 2018
Негізгі > Жаңалықтар > “Тар жол, тайғақ кешу” романы не үшін өзгертілді?

“Тар жол, тайғақ кешу” романы не үшін өзгертілді?

Биыл “Тар жол, тайғақ кешу” романына – 90 жыл, Алашордаға – 100 жыл.

С.Сейфуллин музейін ашу жөнінде 1988 жылы 21 қаңтарда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қол қойғанын тарихтан білеміз. Ең алғашқы жұмыс – қор жасақтау жұмысы болды. Бұл бағытта алғашқы директор Роза Иманғалиқызының басшылығымен үлкен жұмыс атқарылған.

Жинақтау жұмысы жүйелі жүргізілгеннің арқасында бүгінгі таңда Сәкен Сейфуллинге қатысты мол дерек қоры жасақталды. Репрессияға ұшырап, құжаттары жойылып, дүниесі тәркіленген азаматтың заттарын табу өте қиынға түскен. Соған қарамастан қазіргі күнде қорда 6 мыңдай құжаттай –заттай жәдігер жиналған. Сол жиналған жәдігерлер негізінде экспозиция құрылды.

Музейдің негізгі кеңесшісі филология ғылымының докторы, сәкентанушы Т.Кәкішұлы еді. Осы жинақталған жәдігерлердің 100-ге жуығы ғалымның зерттеулерінен тұрады. Экскурсиялық жұмыс бір жүйеге қойылды. Енді музейдің алдында тұрған мәселе, қордағы материалдарға анализ жасап, насихаттау. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Сәкен Сейфуллин музейінің директоры, ақын Н.Айтұлының жетекшілігімен осы жұмыс басталып та кетті. С.Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойы қарсаңында «Сырсандық» атты сериялық топтама жасау жоспарланып, 2 томы жарық көрді.

Бірінші томы С.Сейфуллинге арналған естеліктерге арналса, екінші том сәкентанушы Т.Кәкішұлына арналған жинақ болып, баспадан шықты.

Биыл С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи-мемуарлық романына 90 жыл, осы тарихи романға арқау болған оқиғаға 100 жыл толуына байланысты, Астана қаласындағы С.Сейфуллин музейі оқырманға, зерттеушілерге үлкен ұжымдық еңбекті «Тар жол, тайғақ кешу» романының текстологиялық тұрғыдан зерттеу жұмысын ұсынғалы отыр. Бұл еңбектер аталмыш жинақтың үшінші томына арқау болмақшы.

Роман 1922 жылдан бастап «Қызыл Қазақстан», «Әдебиет майданы» журналдарының беттерінде әртүрлі тақырыптармен бөлшектеніп жарияланып жүрді.

1927 жылы Қызылорда қаласында арап әрпімен жеке кітап болып басылып шықты. Көлемі 421 бет.1927 жылғы түпнұсқаны, әр жылдары қайта шыққан 6 кітап – 1936, 1960, 1977, 1988, 2009, 2012 жылдардағы басылымдармен салыстыра отырып, текстологиялық өзгерістерін айқындап, зерттеушілерге ұсынғалы отырмыз.

Музей қызметкері болғандықтан, Астанадағы жеке тұлғаға ашылған алғашқы музейдің қорындағы материалдарды насихаттау біздің негізгі міндетіміз. Бұл еңбектің нәтижесінен байқағанымыз, кейінгі жылдары шыққан роман түбегейлі текстологиялық өзгеріске ұшырап отырған, осы жұмыс арқылы стильдік, сюжеттік желілерінің әр түрлілігін анықталды.

Бұл соңғы нұсқалардың алғашқы нұсқадан қаншалықты алшақтап кеткенін анық көрсетіп тұр. Кітаптың алғашқы 1927 жылғы нұсқасында тек тарихи мағлұмат ретінде, естелік-мемуар формасында 1916 жылдардан 1920-шы жылдардың басындағы оқиғалар жазылған, мұндағы социалистік реализм тұрғысындағы байшылдыққа, діншілдікке қарсы көзқарастарынан тыс, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің мүшелеріне қарата сын көп айтылмайды. Ал келесі, 1936 жылғы және одан кейінгі нұсқаларында Алаш қайраткерлеріне қарата айтылған сын молая түседі. Кейбір нұсқаларда тіпті жаңа тарау, тың сөздер кірістіріледі.

Еңбектің жаңашылдығы, тұпнұсқадан алғашқы рет жасалып тұрған текстологиялық талдау.

Жалпы еңбек екі тараудан тұрады. 1 тарауда жазылу тарихы және текстологиялық талдау жұмыстары, 2 тарауда романның өзгерістеріне байланысты қорытынды пікір жинақталған.

«Тар жол, тайғақ кешуді” оқыған адамдар Сәкен Сейфуллин Алашордаға деген көзқарасын сынайды. Ғалым Күләш Ахметованың “Тар жол тайғақ кешудің” тағдыры” деген кітабында: “Сәкенді сөзге қалдыратын да – “Тар жол, тайғақ кешу”, “Сәкенді ақтап алатын да – “Тар жол, тайғақ кешу” дейді.

Шындығында, Сәкеннің 1927 жылы алғаш жарық көрген түпнұсқасында ол Алашорданы жамандамаған. Керісінше, түпнұсқада “Алашорданың зиялылары, ақ жағалылар, көк жағалылар, қазақтың оқығандары” деп жазған. Кейін 1936 жылы латын графикасымен қайта басылады. Сол кезде сөздер “байшылдар, феодалдар, Кеңес үкіметі жаулары” деп өзгертіледі. Бұған күмәнмен қарайтын кез келген адам, осы талдауға алғашқы нұсқасын толық енгізіп отырмыз, осы еңбектен көз жеткізе алады. Кейінгі нұсқаларын оқып алып, елінің ертеңі үшін күрескен, бір туар азаматқа бір жақты пікір айтудан аулақ болайық.

Ал енді кейін қайта басылғанда романға неге өзгерістер енгізіліп, редакцияланды, себебі, салдары зерттеушілердің еншісінде. Мысал ретінде, текстологиялық салыстыру кезінде ерекше көзге түскен кейбір мәтіндік айырмашылықтарды айтуға болады.

«Совет үкіметі заманында» бөлімінде:

Түпнұсқада: “…Оқыған мырзалар, оқып жүрген мырза болам деушілер Бөкейханның жолын тосып қарсы алды…

Омбыда, Семейде Әлекеңді Құдайдан сұрап алған жалғыздай құттықтады…”

1977 жылғы нұсқасында: “…Оқыған ұлтшыл мырзалар, оқып жүрген мырзалар болам деушілер бай ниетті «ұлдары» Бөкейханның жолын тосып қарсы алды..

Омбыда, Семейде Бөкейхановты Әлекеңді байшыл-ұлтшылдар сәжделер Құдайдан сұрап алған жалғыздай құттықтады құрметтеп жатты…”

Сөйлем түпкілікті өзгерген және мағынасына да айтарлықтай нұқсан келген

«Жырақ күншығыс жайы» бөлімінде,1927 жылғы нұсқасы:

«…Міне, Семейдегі Алашорданың орталық үкіметінің бітірген жұмыстары осындай болған. Осындай қылықтарынан Семейдегі Алашорданың орталық үкіметін және земствасын жұрт- «Тобықтының Алашордасы», Тобықтының земствосы деген кездері болған..».

1936 жылғы нұсқасы:

«…Осындай қылықтарынан Семейдегі «Алашорданың орталық үкіметін» және Земствосын жұрт «Тобықтының Алашордасы», «Тобықтының Земствосы» деген кездері де болған.

«Алаш орда» үкіметінің ең мықты болған ісі большевикке Совдепке ерген қазақтарды құрту әрекеті болды. Одан басқа істе «Алаш орданың» әрекеті ескі былыс, діншіл иқсан, патшаның оязнайылардың әрекетіндей болды…”

«Совет үшін күресте» бөлімінде: 1977 жылғы нұсқасы:

«…Совет үкіметі күшейген сайын біздің «Алашорда» тәрізді байшыл автономиялар қуыршақтай домалай бастады…” – деген жолдар түпнұсқада мүлдем жоқ.108 бет.

Тіпті, орыс тіліне аударылған екі нұсқасында да текстологиялық өзгешеліктер кездесті. Орыс тіліне 1964 жылы аударылып, басылыпты. Аударған С.Талжанов, И.Щеголихина, 1975 жылы қайта шыққан. Алматы, Жазушы баспасы.

Атап кетсек, «…Ала-куль – Ала-кол, Канжигалы – Канжыгалы, Ащи-куль – ащы-кол, ой-бой – ойбой…» деп өзгертіліп жазылған. Түпнұсқадағы суреттердің барлығы алынып тасталған.

1936 жылғы нұсқада жазылған «Торғай қалыспады» деген бөлім тұпнұсқада мүлдем жоқ.

1936 жылғы «Совет үкіметі заманында» бөлімінде:

«Бірақ «Алаш» өзінің бұл құрғақ жобасын да іс жүзінде қолданған жоқ, іс жүзінде колчак ағасының тәртіптерін қолданды»… – деген жолдары да түпнұсқада жоқ. (67 бет.)

Кітаптың төртінші басылымында, яғни 1977 жылғы қайта басылған нұсқасында: «1960 жылғы Қазақтың мемлекеттік баспасынан шыққан нұсқа бойынша өзгеріссіз басылды» деген сөз бар. Енді 1960 жылғы үшінші басылымға қарасаңыз мүлдем сәйкес келмейді, тіпті жаңа тараулар қосылған.

Қорыта келе, кейінгі басылымдағы бұрмалауларды анықтай келе, С.Сейфуллиннің өзіндік стилінің өзгергенін көреміз.

Сәкеннің шығармашылығы – қазақ зиялыларының Кеңес дәуірі кезіндегі бастан кешкен «тар жол, тайғақ кешу» екені сөзсіз. Сәкенді біз бүгін жаңадан тануымыз керек.

Байқағанымыздай Сәкенге өзі кеткенен кейін де өзі жазған романы – «Тар жол тайғақ кешуді» бұрмалау арқылы қастандық жасалғанын, оны ұлттың, елдің алдында жаман адам, Алаш қайраткерлерінің қас жауы етіп көрсету тоқтамағанын көреміз.

С.Сейфуллин музейінің ғылыми-ағарту бөлімінің меңгерушісі

Ибраева Гүлназия Болатқызы

© Дереккөзі
0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation