Жұма, Тамыз 3, 2018
Негізгі > Маңдайалды > Тұрсынғазы туралы толғам

Тұрсынғазы туралы толғам

Күллі әлемді таң қалдырып келе жатқан салыстырмалылық теориясы бойынша Альберт Эйнштейн жарықтың жылдамдығымен қозғалған денеге уақыт баяулайтынын, тіпті белгілі бір деңгейде жоғалатынын айтып кеткен. Мықты ғылымды былай қойғанда, біздің көз алдымызда өтіп жатқан кейбір құбылыстар мен ғажайыптар да осыны дәлелдеп тұрған жоқ па?! Жарқ еткен космостық жылдамдықпен адамзат қоғамының аспанынан бір көрініп, мәңгілік әсер қалдырып, уақыт жырықтықтың өзіне шаң көрсетпей кеткен тұлғалар бар емес пе?! Аз… Бірақ, бар! Кейде сондай тұлғаларға қарап тұрып, өзіңнің құмырсқа тағдырың мен тасбақа тірлігің үшін ұялып та жүресің. «Өмір – өлең сияқты, ұзындығымен емес, мазмұнымен өлшенеді» -деген екен бір ойшыл.  Әлдеқашан арамыздан алыстап, фәни дүниені тәрк етіп кеткен сондай ғажайып адамдардың тылсымат ғұмыры бірнеше ұрпақ ауыстырып, ғасырлар мен дәуірлер бойында жалғасып жататынын байқаймыз. Яки, ақын –өлеңге, сазгер – әнге, суретші – суретке…жалпы айтқанда – өнерге, ал осы өнер – мәңгілік өмірге айналып кетіп жатыр. Әйтпесе, жеті емес, жетпіс жеті атамыз көрмеген бір ғажайып адамның әні мен күйін, өлең-жырын қайдан естіп, білмекпіз?!  Олар – нәби. Олар – жаратқанның таңғажайып сырларын адамзат баласына жеткізуші, олар – Прометей, олар – алаугер. Олар Сизифтің ғұмырын кешсе де, Ахиллестің даңқымен өтеді! Олар…

Солардың бірі…Бірі емес бірегейі – Тұрсынғазы ағамыз! Ағаның әндері – бүкіл қоңыртөбел қазақтың қасиеті мен қасіретін арқалаған, мінезі мен дүниетанымын бедерлеген, өзегіндегі өкінішін, өңешіндегі өксігін, жүрегіндегі тазалығы мен көңілдегі кіршіксіз пәктігін сіңірген әндер. Қорқыттан қалған қоңыр күйді, Тәттімбеттен қалған тамылжыған күйді, Ақаннан қалған ақсүйек әнді, Әсеттен қалған аспандай кең әнді, Біржаннан қалған бұлықсыған әнді, Мәдидің жалғыздығын, Естайдың ынтықтығын бір бойына сіңірген шексіз әлем.  Осындай көкжиегі кең, жұлдызданған ғарышы шексіз, бояуы құлпырған сиқырлы әлемді қарапайым ғана, қазақы мінезді, бір жағынан аңғал, бір жағынан алаңғасар ғана ағаның жүрегіне қалай сыйдырып жүргеніне таңымыз бар…Иә, ұлылық – қарапайым.

Біздің тарлау маңдайға Тұрсынғазы Рахимовтың замандасы болып қатар жүруге, інісі болып еркелеуге, шәкірті болып ілесуге жазбаған екен. Дегенмен, жиі ұшырасып, жылы амандасып жүретінбіз. Сыртынан қарағанда-ақ бойынан шығармашылықтың, өнердің, қайталанбас таланттың жұпары бұрқырап тұратын ағаға сүйсіне қарап, өзіміздің өмірді, там-тұмдаған өнерді сынайтынбыз. Сол үшін де бақытты шығармыз…

Кейінгі жылдары ажал шіркін арамызға, асылдарымызға түкті қолын жиі сұққыш болып-ақ кетті… Қазақтың қабырғасын қайыстырып ардақты ағаларымыз, аяулы жақындарымызға қолымыз қалтырап топырақ салдық, көңіл шерін қарашығымызда жуындырдық…Амал қанша?! Соларға деген ып-ыстық сағынышты басар жалғыз дәрмен – өлең жазу болып қалды. Ендеше қайта оралмас асыл жандарға деген аңсарды өлеңмен түйіндеуді жөн көрдім.

 

Көктем келді…

Жаз – таяу…

Шыда жүрек!..

Көптен бері екеуіміз құлазып ек.

Біз алданар бақыттың біразы алда,

Бізге жақын адамның біразы жоқ…

 

Жоқ біразы…

Қайда еді?!

Жалмады күз.

Қыдырсақ қабір болды-ау барғанымыз.

Жалған өшті олардың жанарында,

Таңдайда қап тамсаған арман-уыз.

 

«Бәрі – алдамшы» дегенді жүрсем де естіп,

Марқайтатын көңілді бір сенбестік…

Өмір деген білгенге – қиын өткел

Тайып, құлап, тасырқап, құм-сор кештік.

 

Тағы көктем…

Тағы да құзғынсәрі…

Енді тоят тілеме түз құрсағы!

Қыстай сұлық жүргенде есеңгіреп,

Әзірейілде болыпты-ау біздің шабыт?!

 

Кел, жүрегім, қарсы алып бұл көктемді,

Алданайық уақытша дүрмекке енді.

Өлілерді білеміз сағынуды,

Үйренейік тіріні құрметтеуді…

Бауыржан Игілік,

Семей.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation