Таяуда Өскемен қаласының тұрғыны Нұрлыбек Шайдарманов 3 бірдей адамды өрттен аман алып қалды. Өртке қарсы басқарманың баспсөз қызметінің мәліметіне қарағанда 26 ақпандағы өрттің орын алуына үй иесінің ішімдікке үйірсекігі себеп болған. Таң ата орын алған тілсіз жауды бірінші болып іргелес тұратын Нұрлыбектің отбасы бірінші байқайды. Нұрлыбек ішінде адамдар қалып қойды ма деген оймен дереу қызыл жалынның ортасына еніп кетеді. Жылаған дауыстардың арқасында 4, 14 жастағы бала мен әйел адамды кезек-кезек алып шығады. Бұл кезде өрт үдей түсіп, жанына жан жуытпайтындай жағдайға жеткен. Өкінішке орай, әйелдің 2 жастағы баласының сонда қалып қойғанын Нұрлыбекке айтуды ұмытып кеткендіктен сәби қалың оттың ортасында қалып қойыпты.
Бұл кезде Нұрлыбек жұбайынан хабар алған өрт сөндірушілер де келіп, тиісті шараларды қолға алған. Өрт сөндірушілер өздерінің зерттеу амалдары кезінде өрт ішіндегі адамдарды құтқарған Нұрлыбек Шайдарманов екенін анықтап, өз тараптарынан алғыс білдіреді.
52 жастағы Нұрлыбектің күтпеген осындай қиын жағдайда жедел шешім қабылдап, азаматтық танытуын жерлестері қазір ерлікке балауда. Иә,ердің ерлігі міндетті түрде жау жапыру емес, осындай адам тағдыры тартысқа түскен кезде де сыналады. Нұрлыбек өзінің қарапайымдылығына салып, мен мұны ерлік жасадым деп есептемеймін десе де, жұрт бәрібір оның оттың ортасынан қорықпай адамдарды алып шығуын нағыз батылдыққа, азаматтық әрекетке балайды. Бұл өте орынды. Бір-бірін батыр дейтін ұрпағы бар елдің ертеңі зор.