Сейсенбі, Шілде 31, 2018
Негізгі > Жаңалықтар > Ел-жер > Жұртыма қызмет етсем дейтін «Жыртұма»

Жұртыма қызмет етсем дейтін «Жыртұма»

Биыл «Алаш» партиясының құрылғанына – 100 жыл. Осынау мерейтой аясында Баянауыл аудандық кітапханасы жанынан «Жыртұма» поэзия клубы құрылды. Жетекшісі – жас ақын, жалынды ақын Еламан Қабділәшім. Баянауланың құтты құрсағы қаншама даналарды дүниеге әкелді. Бұл игі бастама – кешегі дарынды тұлғалардың жалғасы болып қазақ әдебиетінің ұлы көшіне ілеспекке ниет еткен жастардың жобасы. Жұртыма қызмет етсем дейтін «Жыртұма» алғашқы қадамын «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз!» атты жыр кешімен бастады. Алты алаштың маңдайалды тұлғаларын дәріптеп, рухани қазынаға терең бойлаған жыр кеші ұлттық рухты әспеттеп, жыр құмарын қандырды.

Поэзиялық клуб – ауқымы кең орталық. Мүшелерінің жас ерекшелігіне де шектеу қойылмайды. Осындай рухани бірлестіктер Павлодар қаласында «Алдаспан» деген атпен, Қарағанды қаласында «Жыр жауһар», «Бота» деген атпен, Алматы қаласында «Көкжиек», Қаныш Сәтбаев намысшыл жастардың үні болсын деп батасын беріп, құрған «Бәйшешек» деген атаумен жұмыс жасайды. Талай жылғы тәжірибелер нәтижесінде қолға алынып отырған аталмыш клубтың мақсаты – ауданымыздағы жас ақындарды қолдау, олардың шығармашылығын дамыту, республикалық деңгейдегі шараларға үн қосу. Ең бастысы, жырдың елі Баянаула баурайынан өлеңнің базарын тарқатпауды мақсат тұтқан.

Жыр кешінің шымылдығын ақын Таңат Ахатов арнау өлеңімен ашты. Арнагүл Амангелді, Мирас Қапаш, Самал Сәрсенбекова, Жалғас Рамазан, Айсұлу Ниязбек, Айбар Пәзіл, Сандуғаш Аманбек жырдан шашу шашты. Жас ақындар сөз арасын бөтен сөзбен былғамай, әсерлі жеткізді. «Алыстан сермеп, жүректен тербеп, шымырлап бойға жайылған» өлеңдер жігерлі өрендердің асқақ рухын танытты. Сахнаға көтерілген әр жас ақын өзінің жалынды өлең жолдары мен Алаш арыстарының бірінің өлеңін оқыды. Мұратхан Шоқанның: «Бір «ақындар» болады, атақ-дақпырты өлеңінен озып кеткен. Бір ақындар болады, өлеңі атақ-дақпыртынан озып кеткен… Соңғысының бақыты кез-келгенге бұйыра бермейтін бақыт!» – деген сөзі бар. Ақындық деген ардың жолы. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы». Мәселе, атағы асқан ақын болу емес. Дұрысы, нағыз өлең тудыру.

Алаш арыстарын ардақтаған жыр кешінде өлкетанушы Алтынбек Құрманов баяндама жасап, кешегі ұлы перзенттердің саналы өмірін жас ұрпаққа дәріптеді.

«Жыртұма» клубының мүшелері республикалық көлемдегі сан түрлі жыр бәйгелерінде оза шауып топ жарып жүр. Атап айтар болсақ, Ахмет Ақмәди, Марғұлан Мұрат облыстық мүшәйраларда алдыңғы қатардан көрінуде. Жоламан Әйткен, Мұсабек Сейсенбекұлы Қарағанды қаласында өткен «Бұхарекең жырлайды» мүшәйрасында олжа салды. Әбілхан Марат Алматы қаласында өткен студент жастардың мүшәйрасында жүлдегер атанды. Жақында қаршадай ғана Раушан Амангелдіқызының «Жыр боп кеткім келеді» атты қанатқақты жыр жинағы жалғанның жарығына шықты. Жүрсіннің ең жас жүйрігі Нұрқанат Қайраттың да айтыс аламанындағы шабысы бөлек.

Болмыспен бетпе-бет қалғанда сөйлейтін жүрек сөзі – өлең. Дүниенің сан қыры мен сырына тереңдей бойлап, байыз таппай аласұрған жанын жырға жасырған тағдыр иесі – ақын. Талай тарландар дүниеге келген киелі Баянаулада кешегі жыр маржандарының жалғасы, халықтың ауыр жүгін арқалаған жас ақындар жиналған жұртты құдіретті өлеңмен сусындатты. Қара өлеңге шекпен жаппаса да ұлттық бояу мен кешегі бабалар рухын жоғары деңгейде көрсете алды. Асыл сөз сомдаған жас өрендер жырдан маржан терді. Жыр кешінде кешегі қатал тағдыр иелерінің өмірі өлең болып өрілді. Өлең деген құдіретті түсіну үшін де талант керек екені рас. Алаш арыстарын ардақтаған, ұлттың ұлы тұлғаларын ұлықтаған поэзия кешінде кешегі Алашорда үкіметінің негізін қалап, қазақ деген халықтың ұлт ретінде жойылып кетпеуі жолында күрескен рухы биік намысшыл азаматтардың өмір жолы сөз болды. Салиқалы сөз, әсерлі өлең, сазды әуен жыр кешіне жиналған қара өлеңнің қадірін түсінген тыңдарманның жүрегіне жетті. «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз» деп ұрандаған жас ақындар жалындаған жырларымен жар салды.

Баянауланың өнерлі өрендерінің қадамы құтты болып, қара өлеңнің қадірі кетпесе екен дейміз!

 Әлия ТАУКЕНОВА

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation