Осыдан ширек ғасыр бұрын Алаш жұрты еліміздің тәуелсіздігін жариялап егенмендігін алған болатын. 300 жылдай өзге елдің боданы болған қазақ ұлтының құлдық санасы қалыптасып өзін-өзі құрметтеуден қалғаны қашан. 25 жыл бойы «Егемен Қазақстан» деп газет шығарып ұлттың ой санасын өзгертуге ұмтылсақта, құлдық санадан құтыла алмай келеміз. Соның айғағы орыс патшалығының Отанымызды отарлап қалаларға қойған атын әлі күнге өзгерте алмай келеміз. Қ.Р Мәжіліс депутаттары Қуаныш Сұлтанов бастаған халық қалаулылары парламенттің мінберінен Астананың атын ауыстырайық-деп өңешін созып өзереугенше және де Кеңес Одағы көсемдерінің күштеп қойған қала, аудан, ауыл аттарын тәуелсіз елімізге тән қазақи атауларымен алмастырайық деп ешкім білек сыбанып Петропавловск, Павлодар, Уральск, Устькаменегорск деген қала аттарын өзгертуге кіріспегеніне Алаш жұрты наразы болуда. Ол аздай енді міне 2018 жылы Семипалатинск, 2020 жылы Устькаменегорск қалаларының 300 жылдығын тойлайық деген ұсыныстар пайда болып, халықтың ашу-ызасын туғызуда.
Орыс патшалығының қазақ жерін жаулап алып бекіністер салғаны тарихи шындық. Тоқтамыс ханның Мәскеуді жаулап алып Кремілді салғаны да ақиқат. Ресей мемлекеті Тоқтамыстың жеңісін ешқашан тойламайды, себебі, орыстардың ойлау жүйесінде құлдық сана жоқ. Бүгінгі Ресей билігі айдың күннің аманында Украйнадан Қырымды тартып алды. Қазақ жерінің солтүстік шығыс аймақтарын Ресейге қайтарып алу керек деген ойларында жасырмай айтып жүр. Соны көре тұра біз неге Семипалатинск қамалының 300 жылдығын тойлап, бұл жер орыс патшалығының жаулап алған жері деп жар салуымыз қажет. Бұл әңгімені көтеріп жүрген адамдарды халық жауы деп айыптқың келеді, кейде. Еуропаның барлық елдерінен барған келімсектер Америка Құрама Шататтарын құрып қуатты ел болғанын тарихтан білеміз. Сол елде жыл сайын 4-ші шілдеде американдықтар Республика күнін тойлайды. Ал үндістер өздерінің салт-дәстүріне сай азалы күнін атап өтеді. Орыс патшалығының Қазақ жерін жаулап алғаннан кейін Кеңес үкіметі орнағанша 300-дей ірілі-ұсақ көтерілістер болған екен. Соның ең бір сүбелісі Кенесыры ханның ұлт азаттық көтерілісі. Кеңес үкіметі кезінде де Елбасы Н.Ә.Назарбаев та кезінде қатынасқан Теміртаудағы қазақ жастарының толқуы, Алматыдағы желтоқсан көтерілісі Қазақ ұлтының тәуелсіздікке ұмтылған іс әрекетінің белгісі емес пе. Сондықтан да, еліміздің егемендігі үшін күрескен ерлердің аруағын құрметтесек, Орыс патшалығына құл болғанымыздың белгісін тойламай, көтеріліс құрбандарына қатым түсіріп, құран бағыштауымыз ауадай қажет. Билік белден басып Семипалатинск қаласының 300 жылдығын тойлауы әкімшілік жолымен іске асырса Қазақ-Орыс ұлтының арасында теке-тірес басталуы мүмкін. Ұлтаралық толқулар пайда болады. Бұл біздің келешекте тәуелсіздігімізге, жеріміздің тұтастығынна қауіп төндіреді. Осындай күрделі мәселені кешегі жергілікті атқарушы биліктің түсінбей отырғаны өте өкінішті. Мемлекетіміздің жүргізіп отырған идеологиясына мүлде қайшы әрекет деп білемін
Рахат Алтай,
«Ақжолтай» газетінің құрылтайшысы.
Семей қаласы