Сенбі, Қыркүйек 9, 2017
Негізгі > Жаңалықтар > Ел-жер > Әділет әдемі кеш сыйлады

Әділет әдемі кеш сыйлады

Республикалық байқаулардың лауреаты, дәулескер домбырашы, шебер дирижер Әділет Серіков өнерсүйер қауымға аса таныла қоймаған талант иесі екен. 3 сәуір күні Семей қалалық мәдениет сарайында Әділеттің әдемі шығармашылық кешіне куә болмасақ, ол өнерпаз жайында мұндай пікірде болмас едік.

Әділет бүгінгі таңда Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің оқытушысы әрі жергілікті филармонияның күйші, дирижеры болып еңбек етуде. Семейлік жалпы қауымға Әділеттің әлі таныс болмай жатқаны ол Алматы Қазақ ұлттық консерваториясын өткен жылдары ғана тәмамдап, елге енді оралған беті. Семейдегі М.Төлебаев атындағы саз колледжінен 2008 жылдары түлеп ұшқан Әділет осы уақытқа дейін өнердің саналуан соқпағында шыңдалып, өзін кәсіби жетілдіріп, қазір нағыз толысқан шағына жетіп отыр. Сол себепті де, Семейдің өнерсүйер көрермендерінің алдында шығармашылық есеп-концерт бергені жарасымды көрінбек.

Жергілікті филармонияның Б.Төлегенова атындағы оркестрімен орындаған дирижерлық шығармалары мен жеке орындауындағы күйлер көрерменнің құлақ құрышын қандырып, жандүниесін әдемі әуен әсеріне бөледі. Әлемге мәлім шығармаларға дирижерлық жасаған Әділеттің жетегіндегі оркестр үні тыңдарманды саз әлемінің сиқырына жетелап отырды. Сонымен бірге, жеке домбырада күйдің де бірнешеуін іркес-тіркес төкпелетіп, шығарма мазмұнын үнсіз ұқтырар өнерпаздығына тәнті етті. Батыстың төкпе, арқаның шертпе күйлері бірінен соң бірі орындалып жатты. Нұрғисаның «Махамбет», «Әлқиса», «Аққу», Тәттімбеттің «Саржайлау», «Қосбасары» Әділеттің орындауында ойлы да, мазмұнды естіліп, көңіл көкжиегімізді бір кеңейтіп тастады.

Осы орайда кеш авторына лебіз білдірген алғашқы ұстазы, белгілі өнер қайраткері Серік Малаев Әділеттің шығармашылық қабілетінің биік деңгейге көтерілгеніне разылығын жеткізді. Ұстазы айтқандай, Әділет колледждің 3-курсында жүргенде-ақ республикалық конкрустардың жүлдегері атанған. Сол кезде Маңғыстауда өткен байқауда Құрманғазының әйгілі «Төремұратын» орындап, лауреат атанған. Күй атасының ол күйімен батыс көрермендерін мойындатуы, Қаршығадай аталарының көңілінен шығу жас өнерпазға оңай шаруа емес. Сонымен бірге, консерваторияда белгілі күйші Біләл Ысқақовтан тікелей тілім алып, Тәттімбет мектебіне барынша бойлап, күй өнеріндегі өрісін кеңіте түскен. Соның бір көрінісі Тәттімбеттің құпиясы мол «Айдос» күйін айнытпай орындағаны. Тәттімбеттің «Айдосын» ақаусыз орындау күйшінің нағыз бабында екенін білдіреді дейді, ұзстазы С.Малаев.

Ұстазының тілегіне бізде қосылып, Әділет Серіковтың ұлы өнердегі ұшар биігі ашық болып, талантымен тыңдармандарын тәнті ете берсін дейміз.

Опубликовано Жұмабеком Айқынұлы 5 апреля 2017 г.

Қайрат Зекенұлы, журналист. Семей

 

0
Кіру
*
*
*
*
*
Кілтсөздерді қотару