Отбасы ұғымы тек ұрпақ жалғастығымен өлшенбейді. Отбасы – қоғамның маңызды бір бөлігі, ұлттың бүгіні мен ертеңі. Сол қасиетті шаңырақтың сүттей ұйыған татулығы, шаттығы мен бақытының ұйытқысы – әйел-ана екені даусыз. Олар – өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Мынау тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі тек аналармен ажарлы. Әлбетте, бірақ тірегі әйел, негізі- ер адам. Отбасы адамға бақыт, толық мәнді тыныс-тіршілік әкеледі.
«Үйлену оңай – үй болу қиын» дейді халық. Отбасының іргетасы ер азамат пен әйел адамның ақ неке қиып, отау тігуінен құралады. Отбасының басты қазығы, алтын діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі, жан-жақты болып өсуіне берекелі, өнегелі, ынтымақты отбасының ықпалы мол. Отбасы ата мен баланың, келін мен ененің және басқа да отбасы мүшелерінің жылы қарым-қатынасынан құрылады. Отбасы берекелі, тату болу үшін сыйластық, мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық қасиеттер әр адамның жүрегінен орын алуға тиіс. Отбасын құрғанда Адам өмірге ұрпақ әкеліп қана қоймай, сонымен бірге оған жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды, ата-бабасының салт-дәстүрін жас ұрпақтың бойына сіңіреді. Балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру – ата-ананың ең маңызды міндеті.
Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы сол халық отбасы тәрбиесінің де өзіне ғана тән мәдени құндылықтары қалыптасады. Қазақ отбасы тәрбиесінің өзіне тән ерекшеліктері оның халықтық педагогика мұраларының мазмұны мен түрлерінде бейнеленген. Сондай-ақ, қазақ отбасында адам зиялылығының негізі – ақыл-ой тәрбиесі деп есептелінеді. Ақыл-ой тәрбиесі арқылы баланы ойлау іс-әрекетінің шарты болатын білім қорымен қаруландыру, зиялылық біліктері мен дүниетанымын қалыптастыру міндеттері де басты назарда. Тәрбиенің басқа да салаларымен тығыз байланысты тәрбиенің түрі экономикалық тәрбиеге де қазақ халқы ерекше мән берген. «Еңбегі қаттының ембегі тәтті», «Еңбек – өмірдің тұтқасы, тіршіліктің көзі», « Еңбек түбі –береке», «Үнемшілдік – сараңдық емес», «Ескі киімді баптағаның, жаңа киімді сақтағаның», «Сараң дүниенің малын жиса да тоймайды» деген аталы сөздер бекер айтылмаса керек. Қазақ халқы ежелден ұл бала мен қыз баланың тәрбиесін бөліп қараған. Ұлды мал бағуға, отын шабуға, қолөнер шеберлігіне, мал табуға, отбасын асырауға, ал қыз баланы ас пісіруге, кесте тігуге, өрмек тоқу сияқты үй ішінің ішкі жұмыстарына үйрету арқылы үнемшілдікке, тәуекелшілдікке үндеп, сараңдыққа салынып кетуден жирендіріп отырған. «Қызды қырық үйден тыю» керек деп, бойжеткендердің ибалы, арлы болып өсуіне аса мән берген. Баланы ерте жастан-ақ жауапты іс-әрекетке тартып отырған. Мысалы, бес жасында атқа мінгізіп, бәйгеге қосу, қозы баққызу, үлкендердің арасындағы дауды шешу, келіссөз жүргізу тағы сол сияқты істерге бірге ертіп жүрген.
Сондай-ақ, қазақ отбасы тәрбиесінде ғасырлар бойы қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан отбасы мүшелерінің қатынасының маңызы зор. Қазақ халқының отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән жарасымдылықтың бір ұшы олардың жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде. Қазақ отбасындағы арнайы жазылып бекітілмеген «заңдары» әке мен ұлдың, шеше мен қыз баланың, әке мен қыздың, қыз бен жеңгенің, келін мен ененің, келін мен атаның, нағашы мен жиеннің, бажа, жезде, бөлелердің арасындағы өзара қарым-қатынастары әрқайсысын әдептілікке тәрбиелеудің ерекше қымбат үлгісі іспетті.
Қарапайым мысал келтіріп кетейін. Ағылшын отбасындағы әр адам жеке өмірінің құпия болғанын қалайды. Бір сөзбен айтсақ, ағылшындықтардың жаны – өз үйінен де жақын, яғни берік қамалмен тең. Басқа халықтар үшін жанұя қиыншылық пен қуанышты бірге бөлісетін ең басты байлық болса, ағылшын халқы қиыншылық кезінде жақындарынан көмек күте қоймайды. Тіпті, жақындарына көмек көрсетуді өз жауапкершіліктеріне алмайды. Ағылшын әжелері өз немерелерін өте жақсы көргенімен, тек сенбі, жексенбі күндері ғана немерелерін қонаққа шақырып, күтеді немесе ата-аналары демалыста жүргенде бір-екі апта ғана немерелеріне қарайды. Бірақ, олар тегін және үнемі бала бағушы болуға ешқашан да келіспейді. Ал, қазақ халқының отбасы тәрбиесінде ақ самайлы әже мен ақ сақалды аталардың тәрбиесі – ұлттық құндылықтың қайнар көзі іспетті. Ұлттық құндылықтар мен ата-әже тәрбиесін көріп сусындап өскен бала осы отбасы құндылығын бойына барынша сіңіріп өседі деуге толық негіз бар.
Бүгінгі өркениетке қарыштап қадам басқан заманда кешегі құндылық пен рухани тәрбиенің орны ойсырап қалмаса екен деген ізгі тілек, жанашыр көңіл басым.
Әлия ТАУКЕНОВА