Сәрсенбі, Тамыз 29, 2018
Негізгі > Абайтану-2 > 1-дәріс. Абай кемелденуінің жеті сатысы

1-дәріс. Абай кемелденуінің жеті сатысы

Қадірлі оқырман!

Біз былтыр абайтанушы-ғалым Асан Омаровтың шығармалары негізінде өздеріңізге «Абайтану дәрістері» (сілтемені басу арқылы оқуға болады) атты танымдық топтама ұсынғанбыз. Ұлт көсемі – ұлы Абайды тануға қатысты зерттелмеген, анықталмаған нәрсе қалмауы керек десек, осы талап жолында талмай ізденіп келе жатқан ғалымның бірі – Асан Қайырбекұлы. Оның, әсіресе, Абайдың ашылмаған қырларына қалам сілтеп, соны пікір, жаңа көзқарастарды дәлелдеп шыққаны үлкен еңбек.

«Абай ойының, ізденулерінің … саты-сатыларын анықтау керек» деген М.Әуезов аманатына айрықша мән берген Асан Омаров ендігі кезекте «Абай шығармаларының хранологиясы» атты еңбекті аяқтап, ұлы ақын туындыларының жазылу мерзімдерін анықтап беріпті. Осы уақытқа дейін қолға алынбай келген абайтану мәселесінің бұл тұсы да түгенделіп отыр. «Жылы белгісіз» деп келген өлеңдер де өз уақытын тапты. Автор шығармалардың жазылу уақыттарын зерделей келе Абайдың өрлеуі мен кемелденуінің  жеті сатысын дәйектеген. Жаңаша көзқараспен жазылған зерттеу-еңбек қызғылықты дерекке, тың тұжырымға бай. (Айта кетейік, ғалым алдағы уақытта «Абай шығармаларына түсінік» атты зертеу-еңбекті қолға алмақ ойы бар).

Автордың бұл еңбегі Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған мақсаттармен де үндесіп жатқаны қуантады. Абайды таныған адам Бас мақалада айтылған: прогматизм, эволюциялық даму, ұлттық код, рухани жаңғыру, сананы кемелдендіру секілді шарттарды жеңіл қабылдайды. Абайдың кемелдену сатылары – қазақ ой-санасының кемелденуінің көрінісі деп қабылдауымыз керек.

Сол себепті, абайтану төңірегіндегі жаңаша ой, соны пікірлерге толы тың еңбекті «Абайтану дәрістері – 2» деген арнайы жобамен ретті түрде жариялап отырмақпыз. Қабыл алыңыздар!

«Жерұйық» порталы

 

Абай жайлы жаңа сөз

 

Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ,

Иілтіп, екі басын ұстаған Хақ.

Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ,

Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ! (Абай)

 

Қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы Абай Құнанбайұлы (1845-1904)  жайында жаңа сөз айту, асыл мұраға жаңаша көзқараспен келу, шыны керек, оңай міндет емес. Бірақ, бұл қажетті қадам. Айнала зер сала қарасақ, танымастай жаңғырған, құбылған жарық дүниені, жылма жыл қарқынын  шапшаңдата түскен өзгерістер дәуірі жеткенін көреміз. Ендеше Абай мұрасы жайлы жаңаша сөз неге айтпасқа, абайтану ғылымы неге ұлы көштің соңына ілесуі керек? Халық игілігі үшін жаңарсын, жаңғырсын!

Алдарыңыздағы еңбекті осыған талпыныс деп қабыл алыңыз, қадірлі оқырман! Оның мазмұны тың тұжырым, соны көзқарасқа толы – оған кепілдік береміз. Абайдың рухани дамуының сатылары алғаш рет қолға алынып отыр. Сол сияқты шығармалардың жазылу мерзімі мүлде түрен түспеген тың тақырып, сенсеңіз, тіпті «Абай шығармаларының хронологиясы жайында» дейтін бір арнау мақала да жоқ.   Абай сатыларын ғылыми айналымға енгізу, сайып келгенде, ең алдымен, осы мәселені еңсеру үшін қажет болды.

Ізденістерге ресми құжаттар, шығарма деректері, ең болмағанда, көкейге қонымды логика негіз болды. Орынды жерде мәтіндік қатені түзеуге кірісіп отырдық. Әсіресе, Абайдың ойшылдық әлеміне баса көңіл бөлінді. Себебі, ол жаңаша ой, жаңаша сөзге аса зәру.

Шырғалаңға толы ХХ-ғасырда қалыптасқан сыңаржақ тұжырым, бүркемеленген шындық абайтануда аз емес. Соның бірі – Абай тек ақын-ағартушы деген тар түсінік кемеңгердің ойшылдық әлеміне апарар жолды кесті. Десек те, өткен дәуірде абайтану ғылымы аяғына қаз тұрды, Абай кітабы аса мол тиражбен халық арасына таралды және «Абай жолы» эпопеясы дүниеге келді. Абай осылайша қазақ санасына берік ұялап, кеудесінің төрінен орын тепті, исі қазақ бас ұрған құбылаға айналды. Сол үшін кешегі кеңестік дәуірді айналып кетейін демей көр.

Енді бүгінгі күнге көз салар болсақ, адамзат материалдық тұрғыдан қарыштап дамуда, ал жан дүниеміз ше? Құранда «Көздерің бар – көрмейсіңдер, құлақтарың бар – естімейсіңдер!» деген құдайылық кейістің кері келгендей.  Неге десеңіз, әлімсақтан жеткен «Адам бол!» өсиетін «Бай болып бақ!» ұраны басты, өстіп, жұмыр жер бетінде руханият та, дін де қадірсіз, қасиетсіз бола бастады. Шыны керек, қазақ халқының да ой-санасынан ерік, салтынан көрік кетіп барады. Ана тіліміз солып, ұлттық рухымыз ортая түсуде. Жемқорлық сияқты жұқпалы вирус қоғамды індетуде. Қоғамда иммунитет төмен – байлық пен бақытты болу арасы жер мен көктей алшақ екені ұмыт қалуда. Жастар жан азығына зәру.

Осының бәрін көре-біле отырып, «ау, жұртым, қашан дүниеге Абайдың көзімен қарап, құбыланы түземекпіз?!» демеске шараң жоқ. Шәкәрім: «Адал еңбек, білім үйренумен қабат «ар білімі» деген білім оқытылуы керек» десе, сол ар ілімі –  Абай сөзі, Абай тағлымы емес пе. Ол әлеуметтік дерттер емі, бүгінгі тілмен айтқанда, антивирусы екенін неге ұмыттық? Онан үлгі-өнеге алмай неғып жүрміз?  Тоқ етері, бүгінгі күнгі абайтану көңілді көншітпейді, хакім Абай мен халықтың арасы тым алшақтап кетті, ағайын.

Міне, Абай жайлы жаңа сөз айтуға итермелеген жәйттер осылар.

Бұрын зерттеушілік басты бағыт – шығармалардың текстологиясы, яғни мәтіндік қате мен дәлсіздіктен арылу болды. Алдарыңыздағы кітапта бастысы – Абай шығармаларының хронологиясы болып табылады. Айырма осы арада. Бұл Абай жинағын жаңаша тізу, асыл мұраны бір жүйеге салу деген сөз (оның жүйеге түспегенінің белгісі –  Абай өлең сөзінде айтқан қайсыбір ойды я өсиетті таба алмай қалып, көбіне әуре-сарсаңға түсеміз).  Тоқ етері, монографиялық еңбекте шығармалар Абай дамуының саты-сатылары, яғни эволюциясы бойынша жүйеленді. Бірақ ғұлама Мұхтар Омарханұлы Әуезов салған терең зерттеушілік ізден ауытқыған, сырт айналған жеріміз жоқ. Кең панорамалы, түрлі-түсті, күрделі суреттің кейбір штрихтарын нақтылау, сәйкеспей тұрған тұстарын түзеу біздікі.

Абай шығармалары хронологиясын зерттеу қажеттігін Мұхтар Әуезов жақсы білген. Оған «Абай Құнанбайұлы» атты іргелі монографиясының (Алматы, 1995) 86-бетінде: «Ақындық эволюциясын, жазушылық жолын біртіндеп, кезегімен тексереміз» дегені, 121-бетінде: «Абай ойының, ізденулерінің … саты-сатыларын анықтап ескеретін боламыз. Осылайша шолу Абайдың ақындық жолындағы сан алуан эволюциясын толығырақ танытатын болады», – дегені сияқты пайымдары дәлел. Бірақ, бұл жоспарын толық атқарып, жетер жеріне жеткізе алмады. Неге? Себебі, оған өктем идеология мен қатаң цензура мүмкіндік бермеді. Оның үстіне, жазушы алтын уақытын басты шығармасы – «Абай жолы» эпопеясына сарқа жұмсады. Кейінгі кездерде де зерттеушінің Абай мұрасын қайта қарап, бір жүйеге салатындай жағдайы бола қойған жоқ. Сонан беріде қаншама су ақты десеңізші.

Біздің ізденісіміз бас абайтанушы жасаған жоспарға, сілтеген бағытқа толықтай сәйкес. Тәубе делік, Абайды қайта оқып, дамуының сатыларын анықтауға, бір жүйеге салуға бөгет ештеңе жоқ қазір. Қайта кемеңгер ақын мен халықтың арасын дәйім жақындата түсу, асыл мұраны замана көшінің алдына шығару – уақыт талабы. Абай мұрасы халқымыз үшін  заманның имек жолында құлатпай, тура алып шығатын алтын темірқазық болып келді, дәйім бола да бермек! Абай жинағы тізілуіне айтарлықтай өзгерістер енгізу, ең алдымен, сол үшін қажет.

 

Абай өрлеуінің жеті сатысы

Абай шығармаларының хронологиясы алғаш рет зерттеліп-зерделеніп отыр.  Ол асыл мұраны бір жүйеге салуға және ақын поэзиясында басқа жылға телініп, адасып жүрген я «жазылған жылы белгісіз» деген өлеңдердің жазылу мерзімін анықтауға жол ашты.

Абай шығармаларының хронологиясы, өз кезегінде, Абай дамуының сатыларын анықтауға тәуелді.  Бұл жарық дүниеде  өзгеріссіз ештеңе де жоқ, күллі он сегіз мың ғалам эволюция делінетін даму заңына бағынышты. Абайдың рухани кемелденуі де соған сәйкес өткеніне ешкім таң қала қоймас.  Оған шығармашылық әлемінің бел-белестері кепіл.

Ойшыл ақын дамуының сатылары, яғни эволюциясы  шығармалардың хронологиясына тікелей байланысты.   Мәселе сонда, әр сатыға өзіндік айқын белгі, нақты сипат тән. Солар арқылы оның межесі, бас-аяғы анықталып отырды. Бұл ретте қол артқанымыз – мерзімдес шығармалардың ортақ сипаты және әр туындының дәлді дерегі болды. Бұдан бөлек, М. Әуезовтің іргелі монографиясына сүйендік. Тұрағұл, Көкбай және өзге де Абайды көзі көрген кісілердің айтқандары үнемі қаперде ұсталды. Бәрібір фактология әлсіз я жеткіліксіз болса ше? Бұл жағдайда ақылға иек артып, қисын, логика тәсіліне жүгіндік. Өйткені, ғылым мен ақыл төркіндес. Абай: «Ақыл сенбей сенбеңіз» және «Ақыл – ғылымның бір аты» десе, шәкірті Шәкерім «Тәңірі және жан» деген өлеңінде: «Бар ғылымның түп атасы – таза ақылмен ойлану» деп ұстазын қуаттай түседі.

Сонымен, анықталған кемелдіктің жеті саты-басқышы мынау:

  1. Өз басының тәжірибесі (1855-1878 жылдар аралығы).
  2. Ізденіс басы және еліктеу шағы (1879-1883 ж.ж.).
  3. Ел мінезін сынау (1884-1886 ж.ж.).
  4. Ағартушылық (1887-1890 ж.ж.).
  5. Ойшылдық (1891-1894 ж.ж.).
  6. Зерттеушілік (1895-1898 ж.ж.).
  7. Әулие хакімдік (1899-1903 ж.ж.).

Абай эволюциясының жеті шартты сатысы міне осылар.  Ойшыл ақынға қонған қасиет, дарыған қарым-қабілет (сыншылдық, сыршылдық, ойшылдық, аудармашылық, сазгерлік және т.б.) көп.  Бірақ кемелдіктің әр сатысында Абай санасы, сол нақтылы кезеңде сананы жаулаған мақсат, идея өзгеріп отырады. Әр сатыға басты құбыла тән. Жіктеу кезінде осыны басшылыққа алдық. Шығармалық деректер, оған қоса, Абайдың сезімін, ішкі дүниесін   сыртқы оқиға, жағдаяттармен байланыстыра қарастыру тәсілі – шындық ауылынан шығандап кетпеуіміздің кепілі болды.

Қорытып айтқанда, зерттеу мақсаты – шығармалардың хронологиясы, ал мақсатқа жету тәсілі – Абай дамуын жеті айшықты сатыға жіктеу болды. Енді сол сатыларды рет-ретімен ұсынбақпыз.

Асан Омаров, абайтанушы ғалым.

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation