Дүйсенбі, Қыркүйек 3, 2018
Негізгі > Тарих > Астана мәртебесін Қызылордадан Алматыға ауыстырған азамат жайлы не білеміз?

Астана мәртебесін Қызылордадан Алматыға ауыстырған азамат жайлы не білеміз?

Алаш ордасының іргесі қаланған күннен бастап, Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт көсемдері елдің болашағы үшін жұмыла жұмыс жасады. Солардың ішінде аты аталып тұрып орын алатын азаматтың бірі – Ұзақбай Құлымбетов. Қарапайым отбасыдан шығып, мұндай батыр, шешен, ғалым, басқарушы бола білген тұлғаны еш ұмытуға қақымыз жоқ.
Тарихшы Талас Омарбековтің, тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдінің, тарих ғылымының докторы, профессор Көшім Есмағамбетовтің және тағы да басқа қайраткерлердің мәліметтеріне сүйеніп, Ұзақбай Құлымбетов жайында тың ақпарат беріп отырмыз.
Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетов 1891 жылдың 18 наурызында Ырғыз уезі, Аманкөл болысында дүниеге келген. 1910 жылы Ырғыздың екі сыныптық орыс-қазақ училищесін, 1912 жылы Ақтөбе мұғалімдер семинариясын бітірген соң, Ырғыз, Торғай ауылдарында мұғалімдік қызметте болады. 1919-22 жылдары  Ырғыз революциялық комитетінің төрағасы, сол жылы құрылған Ақтөбе губерниясының әлеуметтік қамсыздандыру бөлімін, артынан губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерінде болды, губкомның бюро құрамына енгізілді. 1923 жылы Ақмола губерниялық атқару комитетінің төрағасы болған. 1925-37 жылдары Қазақ АССР Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы, Қазақ Өлкелік ішкі және сыртқы сауда халық комиссары, мемлекеттік Жоспарлау комиссиясының төрағасы болып жүріп, Қазақ ССР халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары, 1930 жылы бірінші орынбасары, кейін Қазақ Өлкелік Орталық Атқару Комитетінің (КазЦИК) төрағасы қызметтерінде болған. Республикадағы өнеркәсіптің және ауыл шаруашылығының қалыптасуына, Түрксіб теміржол құрылысының салынуына, Қазақ жеріндегі алтын кеніштерін қазақ еліне қайтару туралы мәселе көтерген. Қызылорда, Алматы қалаларының астана болып қалыптасуына тікелей басшылық жасап, астананың Қызылордадан Алматыға ауысуына байланысты комиссияның төрағасы болды, Ұ.Құлымбетовтың кезінде Қазақ автономиялық республикасы Одақтың республика мәртебесін алды. Қазақ ССР конституциясы бекітілді.
Ал профессор Закратдин Байдосов батыр жайлы былай деп пікір білдіреді. “Ұзақбай Құлымбетовтің неғұрлым батыл, халық ісіне шын берілген, біртуар тұлға екендігіне мынадай мысал келтіруге болады. Ол 1936 жылдың қыркүйегінде Қарағанды обкомының бірінші хатшысы Пинхасикке, облаткомның төрағасы Асылбековке талай мыңдаған адамдар үшін тар қапасқа айналған, бүгінде дүйім жұртшылыққа белгілі “Карлагтың” жерін Шет ауданының колхоздарына беру жөніндегі ұсынысын жолдайды. Ұ.Құлымбетов “Карлаг”, “Алжир” сияқты өлім лагерьлерінің Қазақстан жеріне қоныс тепкендігіне қарсы болады. Бірақ, бұл тұста күш НКВД жағында еді, олардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болатын”.
Ұзақбай Құлымбетовтің қазақ халқының тарихына қандай өзгерістер әкелгенін тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді түсіндіріп берді. “Ұзақбай Құлымбетов күрделі тарихи кезеңде өмірге келіп, қатардағы ауыл мұғалімінен қазақ мемлекетінің басшысы дәрежесіне дейін көтерілген бейнеті мол жолдан, бірақ азамат, қайраткер үшін қайталанбас жолдан өтті. Қиын-қыстау кезеңде туған халқының, еңбекші бұқараның болашағы үшін күрескен қайраткер ретінде ол республика тарихында өз орнын сақтап қалатындығы сөзсіз”, – деп білдіреді тарихшы қайраткер жайлы ойын.
Алып тұлғаның артына түскендер жалған жала жауып, ол 47 жасында атылды. Бұл оқиға 1938 жылдың 25 ақпаны орын алды.
Тарих қойнауында біз білмейтін мыңдаған батырлар мен тұлғалар бар. Олардың есімін бірі біледі бірі білмейді. Дегенмен олардың аты өшпейтіні, еңбектері мәңгі ұрпақ жадында жаңғырып тұратынын айта кету керек. Өткенге бұрылып, бүгінмен өмір сүріп, болашаққа ұмтыламыз. Ер есімдері мәңгі ел есінде.

Дереккөз: massaget
0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation