Төрткүл дүние тылсымын бүгінге дейін бүгіп жатыр. Оны жоққа шығара алмаймыз. Сан ғасыр өтсе де, түйткілі көп жұмбақ жетерлік. Бірақ дүниеде ақылы асқан нәрсе – адамзат қана.
Бірақ ең өркениетті делінген, жиырма бірінші ғасырдың ақыл-данагөйлерінің өзі ғасыр қойнауында жатқан құпияны әлі күнге дейін аша алмай әлек. Ол не сонда?!.
1902 жылдың 29 желтоқсанынан 30-на қараған түні сағат 1-ден 5 минут өткен сәтте Париж көшелерінде жүріп тұрған сағаттардың барлығы бірер минутқа жетер- жетпес сәтте тоқтап қалды. Не әсер етті? Мұның себебі неде? Бірер минуттан кейін қайтадан сыртылдап жүре бастаған сағаттың жүрісінде беймәлім не сыр жатыр? «Париждік тоқтау» деген атпен тарихқа еніп кеткен бұл тосын оқиғаның астарында не бар? Әлде, бірер секундтық жер сілкінісі болды ма? Бұл сұрақ ақылдылар мен тақырбастардың миын әлі күнге дейін жегідей жеп келеді. Бір қызығы, сағаттың тілі бірер минут тоқтаған сәтте адамдардың басы айналып, жүрегі айни бастаған. Париждің «Білім хабаршысы» басылымы есінен танып, құлап түсіп, артынан өз-өзіне келген адамдар туралы да жазған. Сонда сағаттың тілін тоқтатып, адамның ағзасына әсер еткен не нәрсе? Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін осынау белгісіз құбылыстың құпиясы ашылмай келеді. Бұл жағдай әлемнің басқа бірде-бір елінде қайталанған емес. Оның үстіне серіппелі тетігі (пружинасы) бар сағаттарға бұл жайт әсер етпеген, тек тербелмелі сағаттар ғана тоқтап қалған. Бұған Жердің қандайда бір тартылыс күші ықпал етті ме? Белгісіз. Ғалымдардың айтуына қарағанда, қандайда бір геофизикалық феноменнің болғаны ақиқат. Тағы бір шындығы, мұның сырын осылай білмеген күйі өтуіміз де мүмкін.
Әлемде сырын бүгіп келген оқиғаның бірі –Тунгус метеоритінің құлауы. Бұл 1908 жылдың 30 маусымында жергілікті уақыт бойынша, таңғы 7:15-те Шығыс Сібірдегі Тунгус өзенінің аумағында орын алды. Бұл жұмбақты саяхатшылар ғана емес, ғалымдардың өзі қанша зерттесе де, шеше алмады. Бірақ жорамалдаушылар өте көп. Дегенмен, осы өлкеде болған аса үлкен жарылыстан айналасы 100 шақырым төңіректегі деревнялардың үйлері құлап, шатырлары ұшып, терезелері сынып кеткен. Бұл жарылысты ғарыштан аса үлкен жылдамдықпен құлаған Тунгус метеориті деп болжайды. Жарылыстың дүмпуі мыңдаған шақырымға, тіпті Иркутск, Петербургке дейін жеткен. Бірнеше күн бойы Сібір аспаны айдай жарық болып, көше шамдарын жағудың қажеті болмаған. Нысанның құлаған тұсы белгілі болғанымен, қиян түкпірдегі жер болғандықтан, оны зерттеудің сәті 1927 жылдары ғана мүмкін болды. Зерттеушілердің айтуынша, жарылыс болған жердің төңірегіндегі жуан діңді ағаштар айнала жапырыла құлап, 15-30 шақырымдағы ағаштың күйгені анықталған. Бірақ аса күшті жарылыстың орнынан не үңірейген шұңқыр немесе аспан денесінің сынығы табылмаған. Сонда ол жерге не құлаған, метеорит пе, жоқ әлде басқа нәрсе ме? Метеориттердің құлауы тарихта жиі кездеседі. Тіпті өткен жылы Челябинск маңына құлаған метеорттің сынықтары да табылды. Ал Тунгус метеориті туралы дерек жоқ. Бір бөлшек те табылмаған. Құлдилап келіп, жерге сіңіп кетті ме? Бірақ ізі жоқ. Сонда бұл не? Ғалымдарды бұл мәселе әлі күнге дейін таңғалдырып келеді. Жұмбақ нәрсе ашылмаған күйі қалатын да шығар. Тарихқа көз жүгіртсең, ғасыр қалтарысында қалған құпия оқиғалар өте көп. Соның бірі 1911 жылы 14 маусым күні Италияда орын алған. Римнің темір жол вокзалынан «Санетти» фирмасы жабдықтаған пойыз жолға шығады. Оның вагондарында 106 жолаушы бар, саяхаттауды мақсат еткендер Италияның бай-манаптары пойыз тоннельге жақындаған сәтте айран-асыр қалады. Тоннельдің кіреберісі тұманданып кетеді де, ары қарай ештеңе көрінбейді. Ұзындығы бір шақырымға созылған тоннельге пойыз кірген сәтте, адамдар есінен адаса бастаған, тек екі жолаушы ғана шошынып, дереу жерге секіріп үлгерген. Ал пойыз ары қарай жүріп кеткен. Бірақ тоннельдің екінші жағынан пойыз шықпаған. Сонда 106 жолаушы мінген пойыз қайда кетті? Ізім-ғайым жоқ боп кеткен жолаушылар пойызының дерегі қанша іздесе де табылған жоқ. Жер жұтты ма? Жоқ, көктегі кеңістікке кетті ме? Бір дерегі болмаған пойызды ақыры итальяндықтар іздестіруді қойды. Ал тірі қалған екі адам ауруға шалдықты. Есі кіресілі-шығасылы жағдайда жеткен екі жолаушы тергеушілер мен оқиғаны зерттеушілерге ештеңе айтып бері алмаған. Тек мұрынға бір улы сұйықтықтың иісі келгенін ғана айтып берген. Тек олар пойыз жүрісін сәл баяулатқан сәтте секіріп үлгерген. Бары осы. Кейіннен тоннельді қанша тексерсе де, ізім-ғайым дерек болмаған. Ақыры ештеңе таппаған соң Италия билігі тоннельдің екі жағын таспен қоршап, бітеп тастады. Одан кейін ол жерден еш пойыз өткен жоқ. Италия билігі рұқсат етпеген жұмбақ тоннельге кейінгі соғыс кезінде әуеден тасталынған бомба түсіп, қызмет етуін мүлде тоқтатты. Ал аман қалған әлгі екі адам кейін өз-өздеріне келгенімен, толыққанды ештеңе айтып бере алмаған. Сөйтіп, «өлім тоннелінің» жұмбақ сыры тағы да ашылмаған күйі қалды.
Ғалымдар 1924 жылы Оңтүстік Африканың солтүстік батысындағы Таунга поселкесінің маңынан адамның таңғаларлық бас сүйегінің қаңқасын тапты. Бірақ «Таунга баласының бас сүйегі» деген атпен қалған бұл зерттеу ғалымдардың арасында үлкен дау туғызды. Бұл шын мәнінде, адам ба? Жоқ. Зерттей келе мамандар осыдан 2,5 миллион жыл бұрынғы баланың бас сүйегі екенін анықтады. Бір топ ғалым бұл маймылдың бас сүйегі деген болжам жасады. Екіншілері аталған бас сүйек адам типтес тіршілік иелері (гуманоид) деп долбар айтты. Үшінші топтағы ғалымдар бұл бөгдепланеталықтардан жерде қалған белгі деп топшылады. Бірақ баланың бас сүйегі неге жерде көмулі қалған және толық сақталынған. Бөгдепланеталықтардың баласы неге жерде қалған? Сауал көп, бірақ нақты жауап жоқ. Тек анықталғаны, бас сүйекте жарақаттың ізі бар. Шүйде тұсында соққының ізі қалған. «Ұшқыш табақшаға» балаларын мінгізіп келген бейтаныс жандар жерге қонар тұста қатты соққы алды ма екен?! Міне ғалымдар қанша зерттесе де, бүгінгі күнге дейін «Таунга баласы бас сүйегінің» құпиясын аша алмай келеді.
Жалпы, тарих тылсымын әлі бүгіп жатыр. Кешегі дерек бүгінге аңыз болып жетуі мүмкін. Тіпті болған оқиғаның өзі де елес болып көрінеді кейде. Мәселен, 1933 жылы Шотландияның Лох-Несс көлінде адамдар алып құбыжықты көрген. Бір ғана емес, алып денесімен анда-санда көрініп қоятын бұл белгісіз мақұлықтың не екенін әлі күнге дейін ешкім ажырата алмай әлек. Зерттеушілердің айтуына қарағанда, бұл құбыжық су бетіне осы уақытқа дейін 400 рет шыққан. Лох-Несс шындығында, Шотландиядағы «құбыжықтар көлі» ретінде белгілі. Алғаш рет алып жануар біздің эрамызға дейінгі 565-жылы байқалған көрінеді. Бұл туралы ағылшын жазушысы жетінші ғасырда жазған кітабында-ақ айтып кеткен көрінеді. Жалпы, жиі қайталанып отыратын бұл оқиға соңғы рет сол 1966 жылдың соңында байқалған. Өйткені терең көлді жағалай көлік жолы түскеннен кейін алып құбыжық су бетіне шығуын сиреткен. Белгісіз жануарды зерттеген ғалым Алекс Кэмпбель «оның мойны жылқынікіне ұқсайды, бірақ жылан секілді ұзын, шамамен 6 метрдей болады» деп суреттеген. Алып құбыжықтың суретін алғаш рет 1933 жылы Хью Грэем түсірген көрінеді. Ол «Су бетінің үлкен бөлігі қозғала бастаған сәтте мен дереу фотоаспабымды дайындап үлгердім. Ол денесін су бетінен шамалы көтеріп тұрды. Құйрық жағы су астында болды» деп жазып естелік қалдырған. Бірақ кейін оның түсірген суретін теріске шығарған пікірлер көп болды. Олар «фотограф тарихта қалу үшін мұның бәрін қолдан жасады» деп айып та тақты. Бірақ мамандар белгісіз хайуанның шынайы суретін осы саланы зерттеуші жирург Роберт Уилсон 1934 жылы түсірді дегенді айтады. Оның суреті де Хью Грэем шығарған фотомен ұқсас.
Негізі, Лох-Несс көлін зерттеу 1960 жылдардан бастап қарқын алғанын айта кету керек. Осы жылы ғалым Тим Динсдэйл ВВС тобымен бірге көл астында алты айлық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бірақ ол өкінішке қарай, қолға ілігерлік ештеңе таппады. Тек су астында алып құбыжықтың өмір сүргенін дәлелдеп берді. Мұның өзі үлкен оқиға еді. Осы туындылары үшін әлемнің әртүрлі ұйымдарынан үлкен марапат алды.
Бірақ Лох-Несс көлін зерттеу жұмыстары тоқтатылған жоқ. Мамандардың пікірі де бір арнаға тоғыспады. Анығы – алып құбыжықтың бары рас. Алайда зерттеушілер оның ұзындығы мен көлемін және сыртқы пішінін шамалас етіп айтады. Белгілісі кейбір сәттерде судың беті толқынданып тұрады. Астында алып бір дене суға жүзіп келе жатқандай әсер қалдырады. 1972 жылы су астын зерттеу жөніндегі АҚШ академиясының ғалымдары бейнекамара арқылы осы уақытқа дейін көптің көңілін күпті етіп жүрген құбыжықты тағы барлауға шықты. Олар бейнекамара арқылы судың жоғары-төмен, көтерілген толқындалған бейнесін ғана көрген. Бірақ белгісіз хайуанның дерегі бір рет болса да көзге ілінбеді.
Ал шын мәнінде, Лох-Несс көлінде алып құбыжық бар ма? Ал адамдардың айтып жүргені не? Алып дененің бары рас болса, ол туралы дерек неге аз? Ақиқаты адамдардың оны көргені рас. Бірақ көлден көл-көсір дерек іздеушілердің шоғыры азаймай тұр. Ғалымдардың айтуына қарағанда, бүгінгі күнге дейін мыңнан аса оқиғалардың құпиясы бүгінгі күнге дейін ашылмай тұр.
Әлемде сырын ішіне бүккен жайттар көп. Бұл соның бірсыпырасы ғана. Бізге белгілісі, уақыт өте келе ақиқаттың өзі кейінге аңыз боп жетеді. Сондықтан деректің дер шағында, өз уақытында ашылғаны жақсы…
Берік Бейсенұлы,
“Қалам мен ғалам” кітабынан.