Атырауда тау жоқ деп жар салу ақымақтық болар. Ал, Семейде жағажай (пляж) жоқ деп жүре беру салғырттық шығар. Қаламызды қақ жарып Ертіс өзені өтіп жатыр, ал, соның жағасында демалушыларға қолайлы жағажайдың жоқтығы көңіл қаусатады. Бұл – ел тізгінін ұстап отырған азамттарға сын болса керек-ті.
Жағажайлар стандартты түрде (заман талабына сай) орын алмай, адамдардың шомылу, демалу мәдениеті көтерілмейді. Жағажай болса, жанға жәй болар ма еді?
Аптап ыстықта апталап су жағалап кететін жандар бұл мәселенің мәнісін жақсы түсінеді. Жаңасемей жағалауындағы мына көрініске қараңызшы. Егер бұл жерге арнайы жағажай салынса, жағалау төмендегідей қоқыстың астында қалмас па еді?
Ал, мына балалар суға секіретін жер тауып алыпты, бірақ өте қауіпті. Осылай аптығын басамын деп, қыршын кеткендер қаншама (нақты статистикаға бармай қояйық).
Қажетті шаралар мен ескерту жұмыстары жеткілікті жүргізілмегендіктен адамдардың суға кету оқиғалары орын ала бермек. Қала басшылығы осы мәселені инвестор тарту арқылы да шешуіне болатын секілді. Бірақ, неше жылдан бері мәселе сөз жүзінен аспай келеді. Сақтық шаралары күшейтілген, жайлы да қолайлы жағажай салынып біткенше әлі қанша адам тілсіз жауға жем болары белгісіз?
Айта кету керек, суға түсу маусымы басталмай жатып, 2017 жылы Қазақстандағы су қоймаларында 33 адам суға кетті, оның 17-сі балалар,-деп хабарлаған болатын ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті.
PS. Шомылуға бара қалсаңыз, халықтың айтары сол: жағажай салынса, жақсы болар еді!
Ж.Айқын,
Фото: автор