Бейсенбі, Тамыз 30, 2018
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > Сен қайдасың, қошы ерен Шөп Баласы?!

Сен қайдасың, қошы ерен Шөп Баласы?!

 

Аспан жақтың үлегі ме,
Мамық бұлттар мамырлап…
Сапар шектім жыр еліне,
Басым мұңнан ауырлап.

Қазына бар қанжығамда,
Қаракөз қыз теңдеген.
Жап-жас күйде алжығам ба?!,
“Ажал жоқ!” деп сенбек ем.

Күннің мынау қас-қабағы…
Жетелейді жол қайда?!
Былай шырқар Аспан әні:
“Жерұйық жоқ” шалғайда!”.

О, Сұржекей, нәзік құрбым,
Өлеңнен кім бақ тапты?!
Жерұйыққа кезіктіргін,
Мына мендей ақымақты!

Қапаланған көңіл құсап,
Қап-қараңғы мылқау – мен.
Қамшым қалды тобылғы сап,
Қайтып келем сылтаумен.

Бұла қыз

Қайран тағдыр!..
Қазбауыр
Бұлттар көшті кіл абыз.
Жанарымда – жазғы ауыл.
Жан-дүниемде – бұла қыз!..
Қошы да ерен түсімнің!
Көңілімде гүл бүрлеп!..
Сүйгеніме ұшырдым
Сөз құстарын бір-бірлеп.
Жұлдыздарды самсаған,
Ой-санама түнеттім.
Айлы мұңды аңсаған
Адасқақтау жүрекпін.
Арманшылмын.
Ал, енді…
Жаңбыр әні жадымда.
Аспан сүйіп төбемді,
Дәт те жудым сағымға.
Мен солайша аңғардым,
Келе жатыр күнә-күз.
Ғашық болып нем бар-ды,
Жындандырды-ау бұла қыз!..

Көкжалдың күрсінісі

Көкірек-көзбен Көкке өрлеп,
Айға азу биледім.
Бүлкек желіп, бөктерлеп,
Жол ұшында түнедім.

Жортып жүрмін ұзақ күн.
Жауға толы маңайым.
Тағдырымдағы тұзақтың,
Талқандадым талайын.

Садаға деп қақпанға,
Сирағымды қалдырдым.
Апаныма ақпанда,
Маңырақ жанын алдырдым.

Сорым қалың, бес елі.
Бек қорғаным – тау, далам.
Жапалақтап кешегі
жауған қар да – жау, маған.

Бұраң жолға бір қарап,
“О, Тәңір!…”-деп, аһ, ұрғам.
Ажал-оқтай жылдам-ақ,
Оқпанынан атылған.

Өзіме өзім қырсығып,
Жаным толған тағы шер.
О, тасбауыр тіршілік,
Ал, қайсымыз қанішер?!

 

***

Санам іші сағым ба көкшіл керім?..
Танытарма мына өмір ақ-қарасын…
Кейіпке еніп адамдық,
Өз сүйгенін
Іздеп шыққан мен де, бір – Шөп Баласы.

Жел бір иіскеп шетеннің дудар шашын,
Мен бір иіскеп…
Жылаған көңіл масаң.
Күлгін күліп дәтіме уқорғасын,
Жарар еді жазмыштан жаңылмасам.

Құрақ ұшып алдымнан елбең көде,
Мұңданғандай болады тораңғы сәл.
Усойқыға, мияға, ерменге де,
Құр елтиді ақылым алаңғасар.

Қиял қуып қаңғырған мен – диуана.
Бөденелер шалғында жамырасқан.
Меңірейтіп миымды меңдуана,
Түсінбеді күйімді адыраспан.

Жыларымды білмеймін күлерімді,
Ғашық болмай, іштегі шер аңқыр ма!
Тыңдап көрдім талшынды, гүлерінді,
Ымдап көрдім мейірлі қалампырға…

Жан күйзелтіп жүрсем де, тән өртетіп,
Бұл сапарда белгілі тоқтамасым.
Мені мәңгі бақытқа кенелтетін,
Сен қайдасың, қошы ерен Шөп Баласы?!.

 

***

Ар-ожданым – айнымас дәстүр-дінім,
Жүрегіммен оятам тастың мұңын,
Сұм ойлардан Санамды аластаған-,
-тамыріші ырылдақ қасқырлығым!

Тәңір құйған жаныма Бақ ілімін,
Тау мен тастың сіңірдім тағылымын.
Қаққа жарып тұманды, Хақ іздеген…
Ой ішінде жортады тағылығым!

Мына, бес күн жалғанның құны қайда?
Түнім – олжа болғанмен, күнім – айла…
Төбе басы ашынған Төбе Бидей,
Қасқырлығым тұрады ұлып Айға!

 

***

Ызамды келтірген,
Көңілдің қыжылы-ай!
Ішінен кертілген,
Мен де бір мүжік Ай!

Сен неге дірілдеп
Тіл қаттың тым әлсіз
Мен саған күбірлеп
Сыр айттым күмәнсіз.

Құс-қиял – арманым
Адасқан маусымнан.
Үмітсіз жалғаным,
Білтесі таусылған!

***

Қараша

Қоштасу айы – қараша.
Үйренді дәтім Жалғанға.
Мұңның өзі де – тамаша,
Өмірді ұға алғанға?

Адасқақтармыз – біз әлі,
Тағдырдың тармақ жолынан…
Алысқа құстар ұзады.
Еріп кетсем ғой соңынан!

Ыңылдап жүрсе үнемі,
Адамдар,
Мұңға бөленіп!
Кері ақпас уақыт, білемін.
Қоңырлау, сірә, өлеңім?

Шілік те, тал да қалтырап,
Шеңгел де тоңды-ау Түздегі.
Қайыңдарды да, балтыры ақ,
Өкпелеткендей Күз желі…

Қоштасу айы – қараша.
Мен бармын – үміт үзбейтін.
Қызғана сүйем оңаша,
Өмірдің осы қыз кейпін.

Сүмбіле

О, Сүмбіле сүттей-ақ,
ұзақ күнім қысқарды.
Қарашаны күтпей-ақ,
қыр асырдым құстарды.

Су сүйегін суыттың,
бүрістірдің бүргенді.
Сөз демімен жылыттым,
кеудемдегі гүлдерді.

Сүмбіл шашты бақтардың,
Йіскедім қошынан…
Сүмбілелі ақ таңның,
арайына асығам.

Жүрегімде – жыр ағын,
Оу, Сүмбіле біл мұны.
Аспан мен жер тұрағын,
алмасармыз бір күні!

Баспан Тау

Сенен құдірет сеземін, Баспаным нән,
арқар демі еседі қош қарыңнан.
Қызыл-жасыл жайнаған дүние-ай деп,
құбылады шуаққа таста қынаң.

Қарағаның, ол да әсем теңселеді.
қара қияң недеген еңселі еді!
шекесінен шық кеппес – мен де – шөбің,
Баспаным-ау, маған да сенсең еді!

Қабағыңда түксиген қалың мұнар,
жауын шақыр Ұлыңа, жалынқұмар!
Екіндіңнен еңкейсем,
маңдайымнан,
жұпарымен өбеді тобылғылар.

Талды-Базар тасыған – жиегіңде.
Мұз қатқан, мұртыңа да иегіңе.
Бауырыңа, Баспаным, мені де бас,
Сенімен бір – қаным да, сүйегім де.

Мерей Қартов,

ақын, Абай атындағы мемлекеттік  қазақ музыкалық драма театрының, әдеби бөлім меңгерушісі,

Семей.

1
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation