Дүйсенбі, Қыркүйек 17, 2018
Негізгі > Жаңалықтар > Ел-жер > Жаз жайнатып, Жасыбай шақырады!

Жаз жайнатып, Жасыбай шақырады!

Жаздың аптап ыстық күндері басталысымен күлімдеген күннің өзі жан рахатын іздейді. Жазғы самал көл жағасына шақыратындай. Көк аспанда қалықтап ұшқан құстар да ерекше үнмен сайрайды. Осының барлығы да адам жаны мен тәнін ләззатқа бөлейді. Жасыл желекке бөленген Баянаула жаз мезгілінде тіптен құлпыра түседі. Туристердің санасын жаулап, сезімін билейтін жұмақ мекен жазғы маусымда қонақтарды қабылдауға сақадай сай. Жасыбай жағажайы жан саясын іздегенді құшақ жая қарсы алады.

Дайындық жұмыстары аяқталып, біршама жаңа құрылыс нысандары бой көтерді. Жағалаудан көл айдынының үстінен тамашалауға мол мүмкіндік тудыру үшін орнатылған аспалы пирс – демалушыларға тосын сый болар бірінші нысан. Ұзындығы 25 метрді құрайтын аспалы пирс демалушылардың қызығушылығын арттыра түсері сөзсіз. Айналасы жарық шамдармен көмкеріліп жағалауға әр беріп тұрған осынау пирс биылғы маусымның басты жаңалығы.
Жасыбай көлінің көркіне көрік, сәніне сән қосатын тағы бір нысан – көлдің ортасына орнатылған субұрқақ. Демалушылар мен туристерге тамаша көңіл-күй сыйлайтын субұрқақ кешкі уақытта сегіз түрлі түспен жарық шашады. Көл суының үстіндегі фонтан жағадан 50 метр қашықтықта орнатылған. Субұрқақ 11 метр биікке шапшып, диагоналі 15 метрді құрайды. Автоматты түрде тетік арқылы басқарылатын субұрқақты Баянауыл әкімдігінің тапсырысы бойынша Астана қаласының «Сапа +» ЖШС-і орнатқан.
Жағалауға орнатылған тағы бір нысан – күннен қорғайтын екі шатыр. Әрқайсысының ұзындығы 100 метр, биіктігі 3 метрді құрайды. Біріншіден, аптапты күн ыстығында сая болса, екіншіден, қауіпсіз, әрі жанға жайлы. Сонымен бірге, демалушылардың күнге қыздырынып, тынығуына арналып 200 дана кереует орнатылды.
Жасыбай демалыс орталығына орнатылған «ЭКСПО-2017» жазуы мен желдеткіш бейнесіндегі символдар да көзіңізге оттай басылады.
Жағажай маңайын тазалау жұмыстарына Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жауапты. Парк директорының ғылым және туризм жөніндегі орынбасары Ерғалым Ошақұлының мәлімдеуінше, Жасыбай жағажайында абаттандыру жұмыстары мардымды жүргізілуде. 11 жұмысшы көл маңын тазалауға жұмылдырылған. Контейнер мен қоқыс тастайтын жәшіктер орнатылды. Гүлдер отырғызылып, тазалау, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Қарбалас тіршіліктен қол босап, бір сәт демалатын мерзім жақындады. Таза ауаға шығып, көңіл сергіткенді қалайтындар үшін Жасыбай аймағы өз жұмысын бастайды. Олай болса, Жасыбай шақырады!

Әлия ТАУКЕНОВА.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation