2014 жылдан бастап елімізде «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» – «Серпін – 2050» атты мемлекеттік бағдарлама жұмыс істеп келе жатыр. Бағдарламаның мақсаты – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы (Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстары) жастарды кадр жетіспеушілігін бастан кешіріп отырған Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру болып табылады.
Аталмыш бағдарлама биыл ауданымыздағы кәсіптік білім беретін, білікті мамандарды дайындайтын Баянауыл аграрлық-техникалық колледжінде де іске асырылмақшы. «Серпін – 2050» әлеуметтік бағдарламасы бойынша Баянауыл колледжіне 25 талапкер білім грантына ие бола алады. Бұл мәселе төңірегінде Баянауыл аграрлық-техникалық колледжі директорының өндірістік оқыту бойынша орынбасары Ерқанат Төлеубековтен сұрастырған едік.
– Аталмыш бағдарлама біздің колледжде алғашқы рет жүзеге аспақшы. Фермерлік шаруашылық бойынша тракторшы-машинист біліктілігіне талапкерлерді қабылдауды жоспарлап отырмыз. Аталмыш біліктілік бойынша оқуға түскен студенттер 10 ай білім нәрімен сусындайды. Сабақ кезінде колледж тәлімгерлері Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарына барып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келген болатын.
Жоба жастардың білім алып, жұмысқа орналасуына септігін тигізеді. Оның үстіне, жобаға көпбалалы және әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан жастар көптеп қатысуда. Бұл өз кезегінде жастарға қосымша мүмкіндік береді. Жоба бірінші кезекте жастардың білім алуға деген құштарлықтарын арттырса, екіншіден, ішкі миграцияға серпіліс берері анық. Жоба бойынша оқып жатқан жастардың соңынан олардың іні-қарындастары, кейбіреуінің ата-аналары келуі мүмкін. Әрине, барлық азаматқа білім грантын беру мүмкін емес. Бірақ, жоба бойынша оқып, сол жерде жұмыс істеген жастардың төңірегінде туыстары, ауылдастары, жерлестері топтасары анық. Сөйтіп, жергілікті халықпен аралас-құралас болып өңірдің демографиялық ахуалына да серпіліс әкелері сөзсіз.
Аталған жобаның қатысушылар үшін артықшылықтары да көп. «Серпін – 2050» жобасы бойынша білім беру кезінде студенттер жұмыс берушілермен тікелей байланыста болады. Дуалды оқыту жүйесі қолданылады. Жастар оқи жүріп түрлі өндіріс орындарында тәжірибеден өтеді, оқу мен тәжірибені сабақтастырады. Нәтижесінде, теориялық тұрғыда ғана емес, іс жүзінде білікті маман болып шығады. Бұл олардың еңбек нарығындағы сұранысын арттырары анық. Ерқанат Мүбәракұлының мәлімдеуінше, «МТС-Жайма» ЖШС-мен келісімшарт орнатылған. Сол арқылы студенттер өндірістік тәжірибеден өтеді. Сондай-ақ, маусымдық жұмыстарға да қабылдануына ықпал жасалады. Оқу базасынан бөлек, «Серпіндіктерге» тегін жатақхана, үш мезгіл тамақтандыру, маусымдық киімге қаражат, сонымен қатар, жылына екі рет 9-10 айлық есептік көрсеткіш есебінде жол ақысы төленеді.
Бұл жоба жастардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыс табуына зор септігін тигізері сөзсіз. «Серпін» – тәуекелшіл, батыл, жаңа өзгерістерден қашпайтын, өзін жан-жақты сынап көргісі келетіндер үшін таптырмас жоба. Олай болса, «Серпінмен» серпілістер басталары хақ.
Әлия ТАУКЕНОВА.