Бейсенбі, Тамыз 2, 2018
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > Қытымыр қысқа қарқынды дайындық

Қытымыр қысқа қарқынды дайындық

Қылышын сүйреткен қыстың ауылы алыста емес. Шала дайындалғанның шырайы шықпайды. Салғырттық сан соқтырары белгілі. Осы ретте аудандық мекемелердің жылыту маусымына дайындығы қалай?! Мезгіл мәселесінің мән-жайын біліп қайтқан едік…

Күз күшіне енді. Қыс та қыр астында. Суық күндердің бұл бастамасы ғана. Қатты отынын қамдауға кіріскен бүгінде тұрғындар. Ал, білім беру саласындағы жылыту маусымына дайындық қандай деңгейде? Аталған мәселенің мәнін аудандық білім бөлімінің басшысы Мереке Әбдікәрімов түсіндіріп берді.

Мереке Талқайратұлының мәлімдеуінше, ауданда жалпы 35 білім беру нысаны бар. Оның ішінде орталықтандырылған жылыту жүйесіндегі білім ордасы – 2. Ол Майқайың №1, 2 мектептері. Сондай-ақ, бір балабақша да орталықтандырылған жүйемен жылытылады. Автономды жылыту жүйесін қолданатын мектептер – 20, балабақшалар – 2. Ал, электрлі жылыту бір мектепте және төрт балабақшада қолданылады. Өнер мектептерінің біреуі автономды, екіншісі орталықтандырылған жүйемен жылытылады.

Қыстың қамын жаз ойлаға салып, білім беру мекемелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жылыту жүйелерінде қысымы тексеріліп, үрлеп тазарту жұмыстары жүргізілген. Су құбырының шүмегі мен қақпақтары да ауыстырылып, жылыту маусымына дайындалған. Білім беру нысандары арқылы комиссия құрылып, жүргізілген жұмыстарға тексеріс жасалып отырады. Бұл өз кезегінде қыстың қақаған аязында жылыту жүйесінің істен шықпауына кепілдік болады. Аудандық білім бөлімі басшысының мәлімдеуінше, аудан мектептерінің барлығы «ЭлНурСервис» ЖШС-мен келісімшарт жасасқан. Келісімшарт негізінде аталған мекеме электр жабдықтарына тексеріс жүргізіп, қазандықтардың жұмыс жүргізуіне профилактикалық тексерістер жасайды. Сонымен қатар, жылутехникалық қызметкерлерді аттестациядан өткізу шараларын да ұйымдастырады. Олардың ішінде 35 білім беру мекемелері энерго сараптама жасасты.

Мереке Талқайратұлының мәлімдегеніндей, от жағушылар жылыту маусымы басталғанға дейін техникалық эксплуатация ережелері және қауіпсіздік техникасы ережелері бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Бұл бірінші кезекте, қызметкерлердің өмірі үшін қажет болса, екінші жағынан, жылыту маусымының дұрыс әрі қауіпсіз орындалуына кепілдік берері сөзсіз. Аталған жағдайларды топтап айтып берген аудандық білім бөлімінің басшысы бүгінгі күні барлық білім беру мекемелерінің 2017-2018 жылғы оқу жылына толығымен дайын екенін баяндады. Бұл білім ордаларының қытымыр қысқа дайындығы. Жоғарыда аталғандардан дайындықтың мардымды екенін байқаймыз. Бүгінгі дайындық ертеңгі қысқа қамсыздық тудыртпайды деп сенеміз.

Ал, денсаулық сақтау мекемелерінің қысқа дайындығы қалай? Бұл мәселені аудандық аурухананың бас дәрігері Серікжан Арынов түбегейлі түсіндіріп берді. Оның айтуы бойынша, Баянауыл ауданында жалпы 29 денсаулық сақтау нысаны бар. Майқайың кенті ауруханасы орталықтандырылған жылыту жүйесімен жылытылады. Аудан орталығындағы аурухана мен емханадан бөлек, басқа барлық ауылдардағы медициналық пункттер пеш арқылы жылытылады. Бүгінгі күні Торайғыр, Құндыкөл, аймауытов ауылдарындағы от қазандықтары ауыстырылған. Алдағы уақытта Теңдік ауылындағы от қазандығы да ауыстырылады. «Денсаулық сақтау нысандарына жалпы қажетті қатты отын көлемі – 1800 тонна. Қатты отынды тасымалдау үшін «Шайзада» шаруа қожалығымен келісімшарт жасалған. Көмір Майкөбе кенішінен тасымалданады. Бүгінгі күні аудан орталығындағы аурухана мен емханаға 300 тонна қатты отын тасымалданды. Ал, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау нысандарына алдағы уақытта тасымалданатын болады», – дейді Серікжан Арынұлы.

Көрсетілген мәліметтерге сәйкес, аудандық білім беру және денсаулық сақтау мекемелері қысқа толығымен дайын деуге негіз бар. Қыстың ызғарлы күндері алыста емес. Десе де, айналаны ақ ұлпаға бөлейтін мезгілді жан жылуымен қарсы алайық!

 

Әлия ТАУКЕНОВА,

Баянауыл.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation