Күнделікті күйбең тірлік… Басқа қызметкерлер жұмыс уақытында ғана өз жұмыстарымен айналысса, журналистің жұмысы тым қауырт. Жүрген жерінде бір мақаланың тақырыбын, я болмаса лид, енді бірде соңын ойластырып, ойға алып, қалың ойға шомады. «Ой қайталама, сөз қайталама» деген Н.Омашевтың теориясы ойға орала берерін қайтерсіз?! Сол үшін де мақаланы майын тамызып тұрып жазғың-ақ келеді. Соған талпынасың. Басынан сөз асырмаған бабалар жолын жалғамаққа ұмтыласың. «Ата алмасам – маған серт, атылмасаң – саған серт» деген аңшының мылтығымен серттескеніндей бір байламға түсіп, тоқтамға келесің. Жоқ, тоқтамға келу деген әбестік болар. Журналистік қызметте нақты бір тоқтамның бола қоюы екіталай. Асу-асу белдер мен белестерден өтпесек те, талай есіктен кіріп, талай ауыл-аймақты аралағанымыз рас. Көркемсөздің сындарлы сипатын жасап кеткен Камал Смаилов, ақиқат пен аңызды астастырған Әзілхан Нұршайықовтың, журналистиканың теориясын жүйелеген Марат Барманқұловтың ізімен келеміз…
Бұл жолғы әңгіменің ауаны өзгерек. Осындай қауырт жұмыстың «қамымен» үйге тақап келгенімде есік алдында асық ойнап отырған балалар көзіме оттай басылды. Оралымды ой-толғамдар иесі Марат Қабанбайдың «тақырып деген танауыңның астында» деген сөзі санама сақ ете қалғаны. Бұл сөзді ұстазымыз жиі айтатын еді.
Жаңағы балғындар асықтарды иіре лақтырып, «алшы», «бүк түсті», «қанталапай» деп жарыса-жармаса асықтарға таласып, мәз-мейрам болып жатты. Бүгінгі күнде асық ойнайтын балаларды сирек кездестіреміз. Менің бір ескі танысым «Асық менің балалығымнан қалған жалғыз естелігім» деген еді. Сол сөздер көкірегімді «көлеңкелеп» тастағандай еді. Ауыл ішінен асықтарын иіріп отырған балаларды іздейтінмін. Тек мен ғана емес. Баршамыз солай… «Асық ойнағанның азбайтынын» біздің халық ежелден-ақ дәлелдеп қойған. Асық ойыны ептілік пен мергендікке үйіреді. Үлкен мен кіші біріне бірі қамқорлығын көрсетсе, құрдастар бәсекелесіп ойнайды. Бірін бірі сынай түседі. Асық ойыны ұлттың ұлық ойындарының бірегейі. Ұлттық спорт түрі. Ойында жүгіресің, секіресің, көздейсің, тигізесің, ұтыс пен ұтылыстың да дәмін татасың. Бәсеке де осы. Таза тәрбие де сол. Жалғандық пен арамдыққа жол берілмейді бұл ойында. Ұлттық тәрбие тетігі осында. Асықтардың барлығын жеңіп алып ырым мен ырысқа қанығасың, жеңіліп батылдыққа ұмтыласың.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Оңдасын Жұмағұлұлының «Қанталапай» деген фильмін тамашалаған едім. Фильмде Қаршыға есімді жігіт кез келген жағдайда шешім қабылдамас бұрын қалтасынан асықтарын алып, жерге шаша салып, сөйтіп бір байламға келетін. Осыдан халқымыздың ықылым заманнан асықтан ада қалмағанын көреміз. Бауыржан Момышұлы асықты «үлкен халықтық тәрбие» деп көрсеткен екен. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйесін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылық пен сабырлылыққа тәрбиелейді. Асыққа құмартқан бала топпен жұмыс істеуді де үйреніп, шаршы топтан озып шығу қабілетін де меңгереді. Тек, қолмен ғана қимылдамай, барлық дене мүшелері қозғалыста болады. Демек, денсаулыққа тигізер пайдасы да ұшан-теңіз.
Асықтарын иіріп, топайын ойнайтын балғындар саны арта түссе деген ниет басым. Тәрбие тал бесіктен екенін ұмытпаған абзал.
Әлия ТАУКЕНОВА.