Бейсенбі, Тамыз 30, 2018
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > Оңтүстіктен келген көш

Оңтүстіктен келген көш

Халқы тығыз орналасқан оңтүстік облыстардан солтүстікке қоныс аударту биылғы жылы да қарқынды жүргізілуде. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының 3-бағыты, 2-компоненті оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударуды көздейді. Халықты жұмыспен қамту, қазақ тілінің аясын кеңейту мақсатында жүргізілетін игі шара біздің өңірімізде де белең алған. Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Қазкен Шахметов игілікті істерді баяндап берді.

Қазкен Бәзтайұлының берген мәліметіне сүйенсек, өзі бастап, Бірлік ауылдық округінің бұрынғы әкімі Сұңқар Аханов және Ұзынбұлақ ауылдық округінің әкімі Асқар Мұқанов 27-ші мамыр мен 9-шы маусым аралығында Оңтүстік Қазақстан облысында болып, ауылдық округтерді аралаған. Ондағы мақсат – халықпен кездесіп, бос жұмыс орындарына шақыру. Аудан бойынша 25 жұмыс беруші 120 бос жұмыс орындарын  ұсынған болатын. Жоспар бойынша оңтүстіктен келуі керек отбасы саны – 6. Ал, бүгінгі таңда оңтүстіктік 5 отбасы, Сарыағаш, Еңбекші қазақ, Арыс қалаларынан келгендер өңірімізге қоныс тепті. Алдағы уақытта 2 отбасы да Баянауыл ауданында түтінін түтететін болады. Демек, жоспардың артығымен орындалғаны.

– Оңтүстік өңірден қоныс аударғандарға мемлекет тарапынан көмек те қолдау да жоғары деңгейде. Әрқайсысына жекелей тоқталар болсақ, Бәкіровтер әулеті төрт баласымен Баянауыл ауылына қоныстанған. Отағасы Дәулет бұл күндері «КазСтройСервис» ЖШС-де жұмыс істейді, ал, отанасы шаштаразда қызмет етеді. Балаларының алды мектеп қабырғасында оқиды, қалған екеуі балабақшада тәлім алатын болады. Осы өңірге қоныстанған енді бір отбасы – Бердібаевтар. Шаңырақтың тірегі Мухтор Бердібаев «Майқайың-алтын» АҚ-да токорь қызметін атқарса, жұбайы – медбике. Үш баласының екеуі мектеп қабырғасында, ал, біреуі балабақшаға барады. Алматы облысы, Еңбекші қазақ ауданынан көшіп келген енді бір отбасы Бірлік ауылына тоқтады. Нұрдәулет Сламақын бүгінгі күні «МайкубенВест» ЖШС-де монтер болып қызмет атқарады. Бұл үш отбасы да жалдамалы пәтерге төленетін қаржыны үкімет тарапынан алады. Аталған қаржы бір адамға 15 айлық есептік көрсеткіш, отбасында екіден төрт адамға дейін болса – 18 айлық есептік көрсеткіш, бес және одан көп адам болса 21 айлық есептік көрсеткіш деңгейінде төленеді.

Ал, Майқайың кентіне қоныс аударған Мақсат Саньязовтың отбасында жеті адам бар. Отағасы Мақсат Жарылқасынұлы Майқайың №1 мектебінде директордың орынбасары, ал, жұбайы Салтанат Қоңырбаева Майқайың №2 мектебінде химия-биология пәндерінің оқытушысы ретінде қызмет атқарады. Ал, балалары балабақша және мектеппен қамтылған. Осы өңірге қоныс аударған енді бір отбасы – Қоңырбай әулеті. Боранбек Қоңырбай Майқайың №1 мектебінде денешынықтыру пәнінің мұғалімі, ал, жұбайы Гүлнар Әлиева биология пәнінен сабақ жүргізеді. Ұстаздар әулетіне тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие беріледі, – дейді Қазкен Шахметов.

Аталған отбасыларға ай сайынғы пәтерге төленетін қаражаттан бөлек, көшіп келу үшін әр адамға 79415 теңге көлемінде бір реттік төлемақы төленген. Ал, Еңбекші қазақ ауылынан қоныс аударған Нұрдәулет Сламақын әулеті бүгінгі күні тұрғын үй сатып алмақ ойы бар. Өздерінің көңілдерінен шыққан пәтер тапқан жағдайда қалған он айға берілетін қаражат бірден отбасының шотына аударылады. Бұл үй сатып алуға жасалатын үлкен көмек.

Арбасына ат емес, атан емес, құлындай шырқыратып жанын жеккен қандастар да құтты мекенін оралды. Биылғы жылы төрт отбасы өз Отанымен қауышты. Аспан асты елінен жеткен үш отбасы Бірлік ауылына қоныстанса, Баян-Өлгейден келген Хайдар Хосылбай әулеті Үшқұлын ауылына орналасты. Екі отбасы оралман статусын иеленді. Ал, екі отбасының бұл құжаттары әзірленуде.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Қазкен Шахметовтің мәлімдеуінше, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының 3-бағыты, 2-компоненті оңтүстіктен қоныс аударудың келер жылғы жоспары – 50 адам. «Оңтүстік Қазақстан облысынан төрт өкіл келіп, ауыл-ауылдарды аралайды. Ондағы мақсаты – ауылдың, тұрғын үйлердің жағдайымен танысып, жұмыс орындары туралы толық мағлұмат алу», – дейді ол.

 

Әлия ТАУКЕНОВА,

Баянауыл.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation