Қатыршат Шапағатұлы Шүлембаевтың туғанына – 80 жыл
Дархан дала төсінде дарыны дара тұлғалар жетіп артылады. Қазақтың өзіне ғана тән дархандығы, кеңдігі тұлғаларын да ірі етіп, ұлы етіп тудырады. Керемет сұлу табиғатымен көз тартатын Баянаула ұлы тұлғаларға да бай. Аспанмен астасқан биік таулар тау тұлғалы, заңғар перзенттерін танытса, мөлдір көлдер кіршіксіз, таза көңілді тұлғалардың бейнесін әспеттейтіндей. Жайқалған орман қалың қазақтың даналығы мен даралығын, асқан білімділігін көрсететіндей.
Философия – дүниетаным. Өмірдің, тірліктің мәнін жете түсіну, түйсігімізге дұрыс қабылдау. Кемелдену мен жетілудің өзі үлкен философия. Яғни, адам ретінде, тұлға ретінде қалыптасудың мәні. Әлеуметтік ғылым әлеуметтің әлемдік аренадағы өзіндік орнын ойсыратпай, орнықты етіп көрсетеді. Тек, үңіле білу керек, түсінбек керек..
Баянды мекеннің саф ауасымен тыныстап өскен, елі үшін еміренген заңғар тұлғалардың бірі – Қатыршат Шүлембаев. Білім мен ілім салтанат құрған қара шаңырақта 1937 жылдың 5-ші наурызында тағы бір арыс дүниеге келді. Әкесі Шапағат Ысқақұлы өмірін өлеңмен өрген ақынжанды адам болған. Негізгі кәсібі – ұстаздық. Әкесінің жұмыс бабымен әр өңірде болып, жер-жердің дәмін татқан Қатыршат Шүлембаев ауылдардың тыныс-тіршілігін терең сезініп, адамдардың өмірге деген түрлі көзқарасын көңіл түкпіріне түйіп өсті. Содан болар, өмір-өзеннің арнасын түрлі қалыпта көре білді, сезінді. Кемелдене келе өзгелерге мәнін түсіндірмек болды, түсіндірді.
Өмірдің өзін өзгеше, басқа қырынан, жағымды жағымен танығысы келген Қатыршат Шапағатұлы педагогикалық училищені үздік тәмамдап, 1959-1960 жылдары сол жерде оқытушы болып қызмет етті. 1961-1964 жылдар аралығында ҚазКСР-нің Орталық мемлекеттік мұражайында аға ғылыми қызметкер болды. Тынымсыз ізденіс оны ғылым жолына жетеледі. 1970 жылы философиядан Қазақстандағы дінтанудың пайда болуы және даму жолдары туралы кандидаттық диссертация жазып, қорғап шықты. Кеңестік идеология заманында осындай тақырыпты көтеруге екінің бірінің тісі бата бермейтін. Бұл жетістікті ғалымның табандылығы мен ғылымға құмарлығының көрсеткіші деп білген жөн. Қ.Шүлембаевтың ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыты – ғылыми атеизм және тарихи матереализм болды. Оның еңбектері дінтану ғылымына қосылған елеулі жаңалық деп танылып, ғалым жұмыстары жоғарғы оқу орындарында оқытылып жүрді. Бес жыл тарих факультетінің деканы болған тұста «Ғылыми атеизмнің негіздері» деген оқулық кітап пен «Ислам дінінің таптық және әлеуметтік мәні», «Қазіргі уақыттағы ислам діні жайында» деген ғылыми кітапшаларын жазып шықты. Ол «Білім» қоғамының белсенді лекторларының бірі болды. Осы қоғамның «Белсенді қызметі үшін» үздік белгісімен, Қазақстан Республикасының халық-ағарту министрлігі «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталғаны қажырлы қызметінің айқын жеңісі, ғылым жолындағы жемісі.
Қатыршат Шапағатұлының батыл бастамасымен Орта Азия мен Қазақстанда алғаш рет жаңа мамандықтар бойынша докторлық диссертация қорғаудың ғылыми кеңесі құрылды. Саясат, дін, мәдениет және адам философиясына арналған докторлық, кандидаттық диссертациялар қабылданатын болды. Кеңес жоғары талаптар қоя отырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын көтерді. Қазір диссертациялар қорғалатын аудитория Қатыршат атымен аталады. Ғалым, дінтанушы, академик, профессор, ұлағатты ұстаз, педагог. Қатыршат Шапағатұлының шапағаты айналасындағы адамдарға, күллі халыққа жайылды. Қоғамда діни сауаттылыққа жол ашып, дінтану саласында сара жол қалыптастырды.
«Қатыршаттың езу тартып әсем күлгені, жан-жағына парасат жылылығын шашқан жалынды жүрегі, құлын мүшелі сырт көрінісі көз алдымыздан кетер емес. Үлкен мен кіші көңіл кілтін дәл таба білетін. Оның рақымды қарапайымдылығы терең сүңгір ойшылдылығымен үнемі үйлесімді болушы еді», – философия ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Кенжебаев өзінің естелігінде. Бұл сөздерден Қатыршат Шүлембаевтың адамзаттың ең асыл қасиеттерінен ада қалмағанын, ардың жолымен жүретін арда азамат болғанын байқаймыз.
Әлия ЖҰМАТҚЫЗЫ.