Бейсенбі, Тамыз 30, 2018
Негізгі > Рухани жаңғыру > ШҚО-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай 61 жоба енгізіледі

ШҚО-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай 61 жоба енгізіледі

Шығыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 28 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Бұл сома өңірде музей салу, киелі жерлердегі инфрақұрылымды дамыту, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, көне жәдігерлерді іздеу сияқты игілікті істерге жұмсалмақ. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Шығыс Қазақстан облысына сапары барысында тамыры тереңге жайылған тарихи-мәдени орындарды аралады. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ойынша, таяу уақытта бұл жерлерге келетін туристер саны да айтарлықтай артады. Шығыстағы киелі орындар жетерлік. Солардың бірі әрі бірегейі – Ақтас тауындағы «Қоңыр әулие» үңгірі. Жылына 10 мыңға жуық саяхатшылар келетін жер «Абай жолы» романында да көрініс тапқан. «Қоңыр әулие» үңгірі ел арасында тарихи аңыздарымен және емдік қасиетке ие суымен белгілі. Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары: – «Қоңыр әулие» қазір күрделі жөндеуден өтіп, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша халықтың жиі келетін, туристердің, тіпті шетелдерден келетін адамдардың тағзым ететін, қазақ тарихынан көп сыр шертетін киелі орнына айналып отыр. Сондықтан бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының халқымызға жасап жатқан сыйы деп қабылдауымыз керек. Сонымен қатар партия Төрағасының бірінші орынбасары Тарбағатай ауданындағы киелі жерлердің бірі Ырғызбай ата кесенесінде болды. Ырғызбай Досқанаұлы заманында қазақ даласындағы дәрілік шөптердің қасиеттері мен қолдану тәсілдерін жетік меңгерген әйгілі емші және сынықшы болған. ХІХ ғасырдың орта тұсында салынған діни архитектуралық ескерткіш аумағында бүгінде «Туған жер» бағдарламасы бойынша абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Кешенде кесенеден бөлек мешіт, музей және Ибн Синаның медициналық трактаттары сақталған кітапхана жұмыс істейді. Болат Тағабай, «Ырғызбай ата» тарихи-мемориалды кешенінің шырақшысы: – Елбасының киелі жерлерімізді көтеру мәселесі тура уақытында болып отыр. Соны таза қалпында, пәк қалпында, халқымызға пайдасы тиетіндей, бүкіл адамзатқа пайдасы тиетіндей жағдай жасауымыз керек. Жалпы Шығыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін арнайы кешенді жоспар дайындалып, оған әртүрлі 61 жоба енгізілген. Бұл жұмыстарға 28 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінбек. Өңірдегі киелі жерлер картасына Шілікті, Берел қорымдары, Аблайкит қорған-шіркеуі және тағы да басқа көптеген нысан енген. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырып, оның өңірде тиімді орындалуына «Нұр Отан» партиясының да өкілдері өз үлестерін қосып келеді.

www.24.kz

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation