Баянауылдағы баянды істер мен толағай табыстар қай кезде де толастаған емес. Керісінше, әлеуметтің әлеуетін жақсартар ілкімді істер атқарылуда. Мұқым елдің мұңы мен мұқтажы бүгінде қарышты қадамдармен жақсаруда. Аудан орталығында көппәтерлі тұрғын үй салынып, су құбырының тартылып жатқаны, жолдардың жөнделгенін жарыса жазып та айтып та жүрміз. Ендігі бір үде, жеткен жетістік, толағай табыс – саябақтың салынуы мен ойын алаңының бой көтеруі.
Аудан орталығы тағы бір құрылыспен толықты. Аудан орталығындағы орталық көшеден балалар ойын алаңқайы есігін балғындар үшін айқара ашты. Бүлдіршінін ертіп шыққан ата-ана, ауыл тұрғындары үшін демалыс орындықтары да қойылды бұл маңға. Демек, баланың да, ересектің де қуанышын еселей түсті. Ойын алаңқайы қажетті жабдықтармен толықтай жабдықталған. Баланың өсіп-жетілуіне спорттың үлесі зор болса, ол да ескерілген. Жас сананы салауатты өмір салтына үндейтін, жетелеп-жетектейтін, санасын тынықтырып, дені сау болып өсуіне жәрдемдесетін алаңқай түрлі-түсті бояулармен көмкеріліп, жанарға жылулық дарытып, анадайдан мен мұндалап тұрады. «Бір жылын ойлаған бидай егеді, жүз жылын ойлаған ағаш отырғызады. Ал, мың жылын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді». Халық даналығы санамызда қайта жаңғырды. Жоқ, санадан еш өшпейді. Саябаққа ағаш та егілді, салауатты ұрпақ қалыптастыру жолында ойын алаңы да жасалды. Алаңқайдың қақ ортасынан алтын сақа да орын алыпты. Оның да тәрбиелік тағылымы өз алдына үлкен әңгіме. Сондай-ақ, ауылдың орталық көшесіне сән қосып, ажарландырып тұрған мүсіндер де тұрғындардың көз қуанышына айналған.
Әлия ТАУКЕНОВА.