Қазақ әдебиетінде Абай салған мектептің жарқын үлгісін XX ғасырдағы адуынды ақындардан анық байқауға болады. Бірі «Оян, Қазақ!» деп жар салса, екіншісі «Қараңғы қазақ көгіне Күн» болуды көкседі. Сөйтіп, «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» жандардың ұмтылысы – Алты Алаштың сәулелі болашағы болды. Толқыннан толқын туатыны сияқты, XXI ғасыр – көне сарынды сақтай отырып, өзінше жаңа жолды таңдады. Олар ақыл-ойдың кенін одан әрі қазбалап, тынбай еңбектеніп, қазақ поэзиясына жаңаша сүрлеу салуға тырысты. Солардың ішінен сауырынын жел сипаған сәйгүліктей дара озып шыққан Тыныштықбек Әбдікәкімұлының бір топ өлеңін жұрт назарына ұсынбақпын.
Мархабат!
Біржан Ахмер
ТҮСЖОРЫҒАН
Төл науқаны ұлғайтар іс көлемін.
Төбемізде – түйе-бұлт, кішкене Күн.
Күні бойы қой бағып, түні бойы
қозы иісіндей қоңырқай түс көремін.
Табиғаты түсімнің – ірі сұрақ,
Өлөң деймін сәл ұйып тұрысын-ақ!
…Тау көрдім мен… Шыңғыстау
деп ойлаймын,
бара жатыр, әйтеуір, жылы ұшырап!..
Жүрегімнің құлағы, сірә, түрік,
жата берсем, кетер бір мұң атылып.
Ғайып болып әлгі түс…
қаздың үні
ғана қалды соңында шұбатылып!
Тұрмайтыны секілді қолға сағым,
түсініксіз нала-мұң – далбаса мұң.
Қаздың үні арқылы мен қайтадан
ғайып болған елеспен жалғасамын:
– Шеше деймін, Шыңғыстау екен деймін,
жұмыр-жұмыр бүйрегін мекендеймін.
Бір аң менің қасымнан кетер емес!..
– Арқар шығар?
– Ол емес, бөкен деймін!..
– Сен алдымен түймеңді түймелеші,
салақ болып барасың, күйгелешім.
Шыңғыстауың – елің ғой,
сол еліңнің
бір «ақбөкен» қызына үйленесің!
– Шеше деймін, тосады келін деймін,
ұшам деумен таусылды әлім деймін!
Балағымнан тістелеп жібермейді…
– Ол не тағы?
– Кәдімгі мәлін деймін!
– Көлеңкеге ызғарды қуып тығып,
шуақ күлсе – көктемнің жуықтығы.
Саған, тегі, «мәлін» боп көрінген ғой
машақатты түндердің суықтығы.
– Шеше деймін, мұндай түс кім көріпті,
арасында жүр екем кіл керіктің!
Олар маған қарасып, Мен оларға
қарай-қарай… оянып үлгеріппін.
– Құлыным-ау, болмайды түс кемдігі.
Түс секілді өмір де бізге ендігі…
Ортасында жүре бер «керіктердің»,
ол – сендегі мерейдің үстемдігі!
– Шеше деймін, тыңдашы, Шеше деймін,
бұл бүгінгі түс емес, кеше деймін:
… бір ашқарақ қой маған көп маңырап,
түсіп кетті қолымнан кесе деймін!..
– Қайдағыны, қарағым, ойға аласың,
қар мен жаңбыр жатыр ғой найзаласып…
«Ашқарақ қой» – сендегі алаң көңіл,
«сынған кесе» – кешегі ай жаңасы… –
Көкірегі-көңілі – Дала-мекен,
Дала-мекен – Шешем-ай, балаңа кең!..
Қызыл-жасыл Ойлардың хикметі
құбылмалы маусымнан ғана ма екен?
Қайдағыны жоқ менде қайғы санау,
қайратыма, ісіме алғыс алам.
… көрген түсті көктемге жорысаң да,
көп күрсіне бердің-ау, байғұс Анам?!.
* * *
Ыза қандай іштегі, тоқтам қандай?
Ықылассыз жандар бар шоқпар-маңдай!
Қайық етіп қайғыға қабағыңды,
есуге енді ескегің жоқ болғандай,
елпеңдеме.
Тіл безеу қалған бүгін.
Үнсіздікте ұлғаяр арманда ұғын.
Білем, саған көктемді кінәлатпақ
бір қыздағы сезімнің жалғандығы.
Сүймес жанның сүйгенді қолдауы – сын.
Іште сақтау қауіпті – Жан дауысын?..
Дос керек қой, бәрібір, бұл өмірде,
«досым бар» деп өзіңді алдау үшін.
«Саған лайық табам, – деп, – ер қанатын»,
әккілер де аңғалдың алған атын.
Біреу сені мақтаса, оған да – сол,
кезің керек болып жүр алданатын…
Сен көретін көрешек көп пе, тегі?
Біреу – мыстан, ал, біреу көкбет еді.
Еріккеннің алдында емсеңдеме,
«еркек емес, ез екен!» – деп кетеді.
Өз ішіңде дұшпан бар, кеңесші бар.
Сен алдымен солармен теңесші, бар!
«Теңізші боп жүзетін мұхит-мұңда»
тек қана осы екеуміз емес шығар?!..
Мұң – мұхит ғой..
дауылын тыңдар ағаң.
Мойын бұрып қарайтын кім бар оған?
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Жағалаудың жап-жарық манарындай
жанған көздер, қайдасың, «мұнда!..»-лаған?!.
ҚАЙРАН ЖАН ІШІ…
Мына біздің
сәби нұрындай шалқуға тиіс Жанымызға не керек?
Қиналғанда –
өзге қасиетті сөздерден де өзгерек
бір ауыз жұпар Сөз керек.
Көз керек – ғашықтығын көркем шыңғырар,
бір жарқ етсе, жылап жіберетін мұңлылар.
Мына Өмір –
сол екеуін
бір-бірімізден аяғандағы сараңдығымыздың жарысы.
Еһһ!…
Сәби нұрындай шалқуға тиіс – қайран Жан іші!…
* * *
Уа, Тұрсынғазы,
Бәйтеректің — домбыраң — сүйегінен.
Айналып-ақ кетейік тиегінен!
Тірлік ету пендеше — қиын саған,
кеудеңдегі періште-жүрегіңмен!
Елге деген іңкәрлігің — тұрақты өлшем.
Қазақ үшін аулайсың, шуақ көрсең.
Он екі перне бойымен Көкке өрмелеп,
әр Әніңді әкелдің Жұмақтан сен!
Сендік шіркін-тағдырды ұға алар кім?
Мендік бұлқын-тағдырды дұғалар кім?..
Әр таң сайын Әніңді тыңдап алып,
маңыранатын секілді-ау құралай-Күн!..
Тірлік, ол да — жануар құба тарғыл…
Қайдан білсін жас ұрпақ бұла-балғын?
Жымиямын, ыңылдап Әніңді іштей, —
оңашада келсе егер жылап алғым.
Уа, Тұрсынғазы!
Күшігендене күшейсе күлкі-сүрең,
Көкірегіңнен — құмай ма, бір құс үрер!..
Әуелетші-ай!.. мына ұрғашы Әлемнің де
саулап берсін жұпар сүт үрпісінен!..
АҚҚАЛА
Боран бар-тын,… бораудан ол жалықты.
Аяз да жоқ, қылпыған зарлауық тіл.
Өрнегінен тылсымның шашу шашып,
бүгін қайта жарықтық қар жауып тұр.
Айбөшім-ау, тәп-тәтті жүзімдей қыз!…
Екеуара аққала мүсіндейміз.
Мүсіндейміз… көрші үйдің жүгермегі
біз кеткен соң бұзарын түсінбейміз.
Дегенмен де, көңілге бұл күн – емші.
Бас мүсінші – үш жаста, дипломсыз.
“Таяқшамен дуалап” аққаласын,
сыбырлап жүр!
Бола ма сиқыр онсыз?!
Қошемет те жоқ емес қарқылдаған.
Балақайдың сыйы осы, бәлкім, маған:
аққаланың көзін-ай, – көгілдір мұз,
тынысындай перінің, жалтылдаған!
Танауы да – сүңгі-мұз – құлағы да.
Жүрегімен толғанар, сірә, бұ да?
Ең болмаса, бір күнге тұрсыншы аман,
қорғай көр, я, Құда!..
Е-ее-й…
Өте берер уақыт оқтай ағып.
Өкінішсіз бала кез жоқ баяғы…
Жан бітетін секілді аққалаға,
түрте қалса Қыдырдың көк таяғы.
Қасымдағы періштем пыс-пыс етіп:
– Ата, ол … тоңып қалмай ма?!.. – деп қояды.
ӘБІШ КЕКІЛБАЙҰЛЫ РУХЫНА
Уай, Қамбар-Жұрт, Қамбар-Жұрт,
күрсінісі – қызыл нажағай жайқалтқан,
сүйсінісі – көк тасқа жасыл бітірген
аспантекті Көк Ұлдай, алпаң да балпаң көрініп,
әділеттің жолында
Алаш үшін арпалысты күн кешкен;
қаламынан түн қашып,
қабағынан дұшпан бұғынып,
Қара Сөзіне қараша ілескен;
маңдайы да аламанға пейіш аңқыған,
көз жауы да көкірегімізге егілген
Абыз өтті Дүниеден!Абыз өтті Дүниеден, әулиелік пішінмен!
Қасқыр да түлкі бұ заман қадірін кімнің түсінген!
Бақи мен фәни арасы буырқанған бұлттарыңды жосылтып,
Ұлы Дала, Сен де енді дұға еткейсің ішіңнен!Уа, Ұмай да Ұмай, Ұмай-Жұрт,
Ұмай да Ұмай, Ұмай-Жұрт,
дау қашырар қара байрақ еңкейтіп,
жау қашырар бөрілі байрақ шалқайтып,
Саған да көңіл айтамыз:
Наурыздағы буаз Нұрдай ышқынып,
енді осындай Ұл таба алар ма екенсің?!.
Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ