Жексенбі, Тамыз 26, 2018
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > САБЫРЛЫЛЫҚ ҮЛГІСІ немесе Коммунар аға қайсарлығынан бір мысал

САБЫРЛЫЛЫҚ ҮЛГІСІ немесе Коммунар аға қайсарлығынан бір мысал

 

ОЛ САБЫРЛЫЛЫҚ ҮЛГІСІ

немесе Коммунар аға қайсарлығынан бір мысал

 

Адамның адамдық қасиетін әйгілеп тұратын кісілік белгілер аз емес. Оның бәрі бір адамның бойынан табыла беруіде екі талай. Кісінің кісілігін көркейтіп тұратын сол белгілердің бірі – сабырлылық. Сонданда болар атам қазақтан «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деген нақыл да қалған. Сабырлылық, төзімділік, табандылық, шыдамдылық, ұстамдылық, байсалдылық секілді қасиеттер бәрі ағайындас болғанымен Сабырлылықтың жөні бөлек. Сабырлылық осы ағайындас қасиеттердің жиынтығы іспетті. Сол жиынтық қасиет, яғни, толыққанды Сабырлылық өзіне ие болған кісіні кемелдендіре түсіп, адами болмысын арттырып отырады екен.

Міне, сондай толыққанды сабырлы адамдардың ортамызда көп болмаса да барына шүкір. Өзіміз білетін толыққанды сабырлы жанның бірі – Коммунар Болысов. Коммунар Қасықбайұлының өмір соқпағына, тындырған ісіне, қабылдаған шешімдеріне, қалыптастырған жолына зер салсаң барлық мәселеде өзіне тән ұстамдылықпен, ертеңшіл (оптимист) көзқараспен, батыл да байыпты қадамдар жасағаны аңғарылып отырады. Ол көп балалы әке ғана емес, көп балалы шаңырақтың ең үлкен ұлы. Содан да болар өзін өзгелердің алдында көбіне жауапты сезініп өсті. Бала кезінен қағаздан бас алмай сурет сала беретін әдеті көркемөнер мамандығын таңдатып, 1980 жылдары Семейдің педагогикалық институтын тәмамдады. Ақсуаттың «Комсомол» орта мектебінен түлеп ұшқан ол Сұлутал аулындағы мектептке сурет пәнінің мұғалімі болып оралды. Жұбайы Феруза Хасенқызы екеуі осы кеңшардағы мектепке жас маман болып келгенімен аз жылдың ішінде мақтаулы мұғалімдер қатарына қосылды. Әне-міне дегенше уақыт зымырап 1990 жылдардан кейінгі қайтақұру мен түрлі реформалар басталып кетті. Кітапханалар мен мәдени орындарды қысқартудан басталған реформа мектептердің жаңдайын да қожыратып жіберген. Мұндай сәтте еті тірі, ой сергек жандар қол қусырып отыра бере ме, бірден заңа заман талабын төтеп беру қамын жасады. Бұл бір бұлыңғыр уақыт еді. Адамдардың көбі жолайрықта тұрған жолаушыдай екіұдай күй кешті. Қарымы, қабілеті жеткендер бұрынғы сүрлеуді өзгертіп өріс жаңартуға бел буды. Сол бел буғандардың қатарында Комунар аға да Алматыны бетке алып, жаңа бағыт қарастырды. Көзі ашық азамат нарықтық экономика жолымен дамыған елдердің тарихына үңіліп көрсе «шағын кәсіпкерлік» деген бір тірлік бар екен. Бірақ, ол кезде  «шағын кәсіпкерлік» деген сөз біздің жұрттың сөз қолданысына ене қоймаған. Жоқтан бар, біреуден екеуі жасауға бейімделген алғашқы лекті ол кезде көпшілігіміз «коммерсант» дедік. Бірақ, Коммунар аға қаладан ауылға оны-мұны таситын коммерсанттар қатарынан емес, шетелдік фирмалармен жұмыс істейтін бизнесмен болуға бірден әрекет жасады. Нәтиже жаман емес, Алматының қайнаған хан базарларынан контейнерлердің бірнешеуін ашып, Қытай, Түркия, Арап эмираты секілді елдермен тікелей жұмыс жасады. Бұл бағытта Коммунар аға мен жеңгеміз Ферузаның бірін-бірі толықтыра білгені, тынбай ізденгендері, бизнес әліппесінен бастап талай еңбектерді ақтарғаны өз жемісін берді. Өзінен кейінгілерден білгенін аямай, жаңа уақыт талабына сай жол көрсетті.

Иә, мұның бәрі қазір айтқанға ғана жеңіл болғанымен кезінде талай қиыншылықтар болмай қалған жоқ. Сауда жүрген жерде, алыс-беріс болған кезде орын алатын кедергілер мен түйткілдерді болжау мүмкін емес. Бірақ, бизнесті аяғынан тұрғызу үшін бәріне шыдау керек, Кеңірек ойлап, байыппен шешім қабылдамасаң шаруаң құрдымға кетпек. Ол үшін тағы да сабырлылық керек. Бұралаңы мен шұбалаңы бітпейтін тірлікте, қызуы қол тигізбейтін сауда да тізігінді тежеп ұстау сабырлы жандардың ғана қолынан келеді десек, бұл мәселеде де Коммунар Қасықбайұлы сыр бермес сырбаздық танытты.

Жалпы, кез-келген адамның өмірі сынақтар мен сын-сағаттарға толы. Үлкен-үлкен шаруаларды тындырып, біреуге көмектеспей-ақ, ешкімге зияныңды тигізбей өз басыңды дұрыс алып жүрудің өзі де сынақ. Оның жанында мына қайшыалысқан заманда іс тындырып, көптің кәдесіне жарайын деп бел буған жандарға сағат сайын демей-ақ, күн сайын бір сұрақ түйінін тарқатып отыруға тура келіп жатады. Кәсіпкерліктің қыр-сыры мен кілтипаны да сонда жатса керек. Кәсіптің көшін сүйреу үшін, белгілі межеге жеткізу үшін тағы да сол сабырлылықпен астасқан білім, парасат, түйсік, таным керек. Бұл қасиеттер де біздің кейіпкеріміз Коммунар ағаның бойында бар. Ол жөнінде талай мысалдар келтіруге болады. Бәрін тізбектеп жатпасақ та бір оқиғаны тілге тиек етсек талай нәрсе түсінікті болмақ.

Осыдан бес жылдай бұрын Коммунар ағаның бизнесі дағдарысқа түскені бар. Қалай дейсіз ғой? Жүргізіп отырған кәсібінің нәсібіне үміт артып Алматының мақтаулы аумағында орналасқан өте қымбат зәулім ғимаратты несие арқылы алады. Бір жағы баспана, бір жағы жүк қоймасының қажетін өтеп тұрған бұл ғимарат әлдебір себептермен көп ұзамай өртке оранады. Түн ортасында тап келген тілсіз жаудан ағай мен жеңгей балаларын ғана арашалап үлгереді. Хан сарайындай ғимарат толы жиһаздар, техникалық жабдықтар, өзге де мүліктер мен қымбат бұйымдар, қойма толы тауарлар түк қалмай күлге айналады. Неше жылғы жиған тергенің кенеттен күлге айналған жағдайда адам баласы қандай күй кешуі мүмкін… Түсіндіру де өте қиын. Байқағанымыз – бір нәрсе белгілі болды. Ол сол оқиғаларға тап болған жандардың жағдайды қабылдау (түйсіктен өткізу) шамасы мен қажыр-қайратына және өзіне деген сеніміне байланысты екен. Соған Коммунар аға арқылы көз жеткіздік. Неткен шыдам, неткен жігер, неткен қайсарлық десеңізші! Іші алай-дүлей болса да ештеңе болмағандай, ұнжырғасын түсірген емес. Қайта, көңілін аулағысы келген ағайынға өзі жөн айтып: «уайымдамаңызадар, ең бастысы отбасымыз аман, кісі шығыны жоқ, соған шүкірлік жасайық, амандық болса бәрі қалыпқа келе жатар» деп, ірілік таныта білді.

Ірілік деген сол, түріне қарасаң, әңгімесін тыңдасаң бар мүлкінен айрылып тығырыққа тірелген адамға әсте ұқсамайды. Осы кесек әрі сабырлы мінезінің арқасында өзін де, өзін қоршаған орттаны да артық күйзелістен сақтап қалғандай. Таңқалмай көріңіз!..

Осы бір мысалды сөз ете отырып мақалаға арқау болып отырған «Ол сабырлылықтың үлгісі» деген ойымызды айшықтай түспекпіз. Қандай қиын сәттерде сабырын жоғалтпаған жеңіске де, жетістікке де табан тірейтінін Коммунар Қасықбайұлы аздаған жылдар ішінде дәлелдеп шықты. Білмеген адам ол кісінің бүгінгі тұрмыс-тірлігіне қарап осыдан үш-төрт жыл бұрын дүниесі түгел өртеніп, тақырланып қалған жан екеніне мүлдем сенбес. «Ұшам деген қанаттыға аспан кең, шабамын деген тұяқтыға жер жетеді» демекші, ақылмен қадам басқан адамға бүгінгі заманның да мүмкіндігі аз емес-ау. Бір кездегі «Амандық болса, бәрі қалыпқа келеді» деген сөзін іспен дәлелдеп, кәсібін аяқтан тұрғызып, балаларын өмір мектебіне баулып, немере сүйіп жатқан жайы бар. Қазіргі шақта ағай мен жеңгей бұрынғыдай зәулім үй мен заманауи көліктің де таңдаулысын игілікке жаратып, балалардың өрісіне тілеулес болып отыр. Айнұры мен Гүлнұры теңдерін тауып құтты орындарына қонса, ұлдары Мұхтар әке жолымен бизнес саласына бет бұрған. Кенжелері Тоқтар жастайынан саясат алаңына бейімделіп, бүгінгі таңда «Жасыл ел» республикалы штабының төрағасы. Еліміздің жастар саясаты көшбасшыларының бірі.

Міне, біздің кейіпкеріміз Коммунар Қасықбайұлы осындай өмір белестерін бағындырған аптал азамат. Сабырлылық пен қайсарлықтың үлгісі. Ағайын-туыс дегенде жаны қалмай аңқылдайтыны және бар. Өзіне тілеген жақсылықты өзгеге де тілей алатын ізгілік иесі.

Сын-сағаттарда сыр бермей, талай қиындықты жеңіп келе жатқан ағамыздың әлі де біраз биікті бағындыратынына еш күмән жоқ. Солай болсын деп тілейік!

Қайрат Зекенұлы, Семей.

 

 

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation