Бейсенбі, Қыркүйек 6, 2018
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > ТОЙ ДЕГНДЕ ҚАНДАЙ БАС ДОМАЛАЙДЫ?

ТОЙ ДЕГНДЕ ҚАНДАЙ БАС ДОМАЛАЙДЫ?

ТОЙ ДЕГНДЕ ҚАНДАЙ БАС ДОМАЛАЙДЫ?

«Той дегенде қу бас домалайды» дегенді екінің бірі еш мүдірместен айтып жатады. Осы сөзді той-томалаққа, мерекелік кештерге баруға немесе келуге «жеңілдік» ретінде қолданатындар да жеткілікті. «Иә, той дегенде қу бас домалайды деген соң келіп қалдық» деп масаттанғандарды да талай байқадық.  Расында солай ма, байыптап көрелік. «Ойлайда білген халыққа, тойлайда білген лайық» деп Қадыр ақын айтпақшы, Қазақ жұрты да жиын-тойды жақсы көргенмен, оның жаупкершілігін сезіне білген ел. Сол себепті де, «келгенше қонақ, келген соң үй иесі ұялады» деп таразының басын тең ұстаған.

Мысалға алып отырған «Той дегенде қу бас домалайдыға» келсек, бұл жерде «ку бас» дегеннің алдында «тек» сөзінің жасырынып тұрғанына мән берілмей жүр. Мән бергенді қойып, кейінгі кездері «та» жалғауын қосып «Той дегенде қу бас та домалайды» деп сауыққұмарлар «сылтауын» одан сайын үстемелетіп барамыз. Тіпті, осылай болғанның өзінде бұл тіркес не мағына білдіріп, қандай ойға қызмет етуі мүмкін.

Осы бір тіркестің өзінен-ақ бұрынғылардың сөз саптау шеберлігін тануға болады. «Той дегенде тек қана қу бас домалайды» деген ойды әдемі әспеттеп, желөкпелікті жүгендей білген. «Қу бас» сөзі шартты түрде айтылып тұр. Ол – «салт басты, сабау қамшылы» бойдақтарға, алды-артын екшей бермейтін жеңілтектерге, дүбір естісе дүрлігіп кететін әулекілерге қаратылып айтылған сөз. Ал, «ку бас та» деп айтсақ, ол қурап қалған бас болып шыға келетіндей…

Кезіндегі адамдардың тойдың болатынынан хабар алғанда кім қалай әрекет жасайтынын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Тойдың кәдесін қамдап, жетегіндегісін түгендеп, сән-салтанатымен бет түзей ме әлде «Той дегенде қу бас та домалайды» деп атын борбайлатып, тырақайлатып шауып бара жата ма?

О заманда да, бұ заманда да тойға барып-қайту дегеніңіз жұмысы, мал басы, шаруашылғы бар адамға әжептәуір мәселе. Бармасаң той иесі өкпелейді, барсаң жұмыс-жайыңды реттеп, дүние-мүлікті тапсырып кететін сенімді қол іздеуің керек. Лайықты тарту-таралғы  керек екені және бар. Осындай жауапкершіліктер тұрған кезде той дегенде қандай бастың домалай жөнелетінін аңғрау қиынға соқпас. Яғни, ештеңені байыптамайтын қаңбақ бастар қаңғалақтай жөнелетін шығар.

Сондықтан, «Той дегенде қу бас домалайды» деген сөздің қолданыстағы салмағын жеңілдетуден аулақ болайық.

 

 

 

Қайрат Сабырбаев, журналист.

Семей. 

шартты сурет интернеттен алынды

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation