Жұма, Наурыз 16, 2018
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > АЛАШ КЕЗЕҢДЕРІ – I  

АЛАШ КЕЗЕҢДЕРІ – I  

 

 

 

I – кезең:1890-1905 жылдар аралығы

Негізінен Алаш қозғалысының басталуы мен қалыптасуын уақыт өлшеміне салатын болсақ 6 кезеңге жіктеуге болады. Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің тарихшылары мен алаштанушылардың зор белсенділігімен сол 6 кезең анықталыд. Енді осы кезеңдердің жіктелуіне орай аз-кем білген мағлұматтарымызды ортаға салуды жөн көріп отырмыз.

Сонымен, 1 – кезеңге негізінен алғашқы қазақ оқығандары және олардың орыс-қазақ басылымдарына қатысы, ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар, жәдиттік және петициялық қозғалыстар, орыстың императорлық географиялық қоғамы мен ұлт зиялылары, сондай-ақ қазақ оқығандарының саяси-экономикалық, мәдени-ағартушылық істерге белсене араласуы тәрізді жайлар айтылып, әңгіме болады.

         Қазақ оқығандары және олардық орыс-қазақ басылымдарына қатысы туралы:

ХIХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында көптеген қазақ жастары Санкт-Петербург, Мәскеу, Омск, Томск, Саратов, Киев, Тарту, Каир, Бомбей, Стамбул, Варшава университеттерiн бітіріп, жоғары және орта білім алып шықты. Мысалы, Қазан қаласындағы Императорлық университетте, мал-дәрiгерлiк институты мен мұғалiмдер семинариясында 100-ге жуық қазақ жастары оқыды.

Алаш қозғалысының басшысы Әлихан Бөкейхан 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі Императорлық орман институтының Экономика факультетін үздік дипломмен тәмамдап, ғалым-орманшы (ученый-лесовод) атанды.

Сондай-ақ Санкт-Петербург университетiнiң заң факультетiн Райымжан Мәрсеков, Жақып Ақбаев, Бақытжан Қаратаев, Сәлімгерей Жантөрин, Мұстафа Шоқай, Айдархан Тұрлыбаев, Санкт-Петербургтегі әскери медицина академиясын Санжар Асфендияров, Томск университетiнiң медицина факультетiн Асылбек Сейiтов, Тарту университетiнiң заң факультетiн Жаһанша Досмұхамедов, Каирдегі әл-Каһира университетiнің заң факультетін Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Бомбей университетiн О. Тұрмағанбетов, Киев университетiнiң заң факультетiн Х. Нұржанов бiтiрдi. Ал Батыс-Сібір губернаторының ресми баспасөз органы саналатын «Дала уалаяты» газетінің редакторы Дiнмұхамед Сұлтанғазин алдымен Томск университетiнiң медицина факультетiн, одан кейін Санкт-Петербург университетiнiң шығыстану және заң факультеттерiн бiтiрді. 1908 жылы Санкт-Петербургтегі әйелдер медицина институтында бітірген Гүлсiм Жағыпарқызы Асфендиярова мен Мариям Сейiтжағыпарқызы Асфендиярова алғашқы жоғары білімді дәрігерлер болды.

«Дала уалаятының газеті» 1888 жылдың 1 қаңтарынан 1902 жылдың 12 сәуіріне дейін Омбы қаласында қазақ, орыс тілдерінде «Акмолинские областные ведомостви» газетіне қосымша ретінде шығып тұрған ресми газет. Редакторлары – Ешмұхамед Абылайханов пен Дінмұхамед Сұлтанғазин. Бұл басылымда алғаш рет Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин туралы арап қаріпімен қазақша ақпарат берілді. Газетте Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Әлихан Бөкейхан, Отыншы Әлжанов және т.б. материалдары басылды.

«Санкт-Петербургские ведомсти» газеті. 1901 жылғы №68 санында Райымжан Марсековтың «Киргизы и переселенцы» мақаласы жарияланды.

«Семипалатинский листок» және «Записки Семипалатинского подотдела И.Р.Г.О.», «Памятная книжка Семипалатинской области»
газет-журналдары. Бұл басылымдарда 1905-1907 жылдары Әлихан Бөкейхан жазған тұңғыш «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» қазанамасы шықты. Осыған қоса оның «Записки» мен «Памятная книжка Семипалатинской области» альманахында «Список по обам на реке Слеты в Коржункульской волости Акмолинского уезда», «Из бумаг султана Большой Киргизской орды Сюка Аблайханова», «Из переписки киргизских ханов, султанов и пр.» мақалалары жарияланды.

Сонымен қатар Райымжан Мәрсеков, Жақып Ақбаев және т.б. ұлт зиялыларының мақалалары «Записки Семипалатинского подотдела И.Р.Г.О.» басылымында жарық көрді.

Семей мұғалімдер семинариясы (1903-1920 жж.) туралы:

1903 жылы орыс педагог-ағартушысы Александр Алекторовтың ұйытқы болуымен Семейде мұғалімдер семинариясы ашылып, онда Әбікей Сәтбаев, Нәзипа және Нұрғали Құлжановтар, Имам Әлімбеков, ағайынды А.Н. және В.Н. Белослюдовтар, Н.Я. Коншин, Н.П. Ильинский және т.б. сабақ берді.

Семейде мұғалімдер семинариясының Әбікей Сәтбаев бастаған қазақ зиялылары Азаматтық қарсыласу кезеңінде (1917-1920 жылдары) «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметін құруда үлкен еңбек сіңірді.

1917 жылдың жазында Семейде мұсылман Оқытушылар ұйымы құрылып, оның төрағалығына Мәннан Тұрғанбаев, хатшылығына Мұхтар Әуезов бекіді. Бұл қоғамдық ұйымның құрамында Әбікей Сәтбаев, ерлі-зайыпты Нәзипа және Нұрғали Құлжановтар, Биахмет Сәрсенов, Ахметжан Қозыбағаров, т.б. болды. Алаш милициясының алғашқы құрбандыққа ұшыраған командирі Қазы Нұрмұхамедов пен «Абай» журналының тұңғыш редакторлары Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, міне осы Семей мұғалімдер семинариясының оқушылары еді. 1920 жылдары Семей педагогикалық техникумының директоры болып Әбікей Сәтбаев қызмет атқарып тұрған уақытта мұнда Алаш қайраткерлері Әлімхан Ермеков, Халел Ғаббасов, Қаныш Сәтбаев, Сейітбаттал Мұстафин, Мұстақым Малдыбаев, Ғалиакбар Төребаев және т.б сабақ берді. 1927 жылы Әбікей Сәтбаевқа «алашордашыл», «ұлтшыл» деген айыптар тағылып, қызметтен босатылды, тергеуге алынды. Ақыры 1937 жылы сталиндік қуғынға ұшырап атылды. Бірсөзбен айтқанда, Семей мұғалімдер семинариясының мұғалімдері мен оқушылары Алашорда үкіметінің арқатірегі болды.

Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар, жәдиттік және петициялық қозғалыстар туралы: 

Қазақ студент жастары орыс-қазақ қоғамындағы саяси, мәдени-ағартушылық істерге белсене араласып отырды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Санкт-Петербург университетінде білім алған Барлыбек Сыртанов, Бақытжан Қаратаев, Мәмбетәлі Сердалин, Бақтыгерей Құлманов, Абдолла Теміров сынды бір топ қазақ жастары «Жерлестер» ұйымын құрды.

1890-1905 жылдар аралығында Қазақ даласында жәдиттік қозғалыс кең қанат жайды. Мәселен, Ресейдің қол астындағы түркі халықтары арасында жәдиттік қозғалыстың дамуына Шаһабуддин Багауиддинұлы,  Каюм Насири, Исмағұл Гаспаралы, Садриддин Айни, Наурызбай Таласұлы, Шəймерден Қосшығұлов сынды белгілі тұлғалар елеулі еңбек сіңірді.

1903 жылы Көкшетау, Петропавл, Ақмола, Павлодар, Семей қалаларында мұсылмандардың құпия дiни ұйымдары құрылды. Оған молдалар, мұғалiмдер және қазақтың студент жастары мүше болып тартылды. Ол ұйымдардың қызметi мен мiндетi патша үкiметiнiң дiн саласындағы саясатына қарсы күрес жүргiзу болды. Жәдитшілдік қозғалысты Науан хазiрет (Наурызбай Таласов), Мұхамеджан Бекiшев, Шәймерден Қосшығұлұлы және Ысмағұл Балжанов сияқты молдалар басқарды. Олар қазақ халқын өз ұлттық бет-бейнесiн сақтап қалуы үшiн патша үкiметiнiң христиан дiнiн таратушы миссионерлiк қызметiне қарсы белсене күрес жүргiзуге шақырды. Атап айтқанда, олар қазақ даласындағы беделдi тұлғаларға – Павлодар уезiндегi Сәдуақас Шормановқа, Семей уезiндегi Абай Құнанбаевқа арнайы хат жазып, өздерiне қолдау көрсетуiн өтiндi.

Ел аузында Науан хазірет атанған Наурызбай Таласұлы да жәдиттік қозғалыстың негізгі ошақтарының бірі Бұхар қаласында жоғары діни білім алып, ұстаздық атқарған белгілі тұлға болды. 1886 жылы Ақмола облыстық діни басқармасы жергілікті халықтың сұрауы бойынша Науан хазіретті Көкшетау мешітіне имам етіп тағайындады. Ол туралы Алаш қозғалысының басшысы Әлихан Бөкейхан «Қазақтар» очеркінде: «Науан 15  лет учился в Бухаре, кончил там высшую школу и сделал блестящую карьеру,  исключительно благодаря своему необычайному дарованию.  В Бухаре Науан занимал место преподавателя в высшей школе,  откуда его вызвали кокчетавские киргизы послав особых делегатов», – деп жазды.

Көпұзамай Көкшетау мешіті жанынан жәдиттік ілімді уағыздайтын медресе-интернат ашылды. Ал оның директоры болып белгілі қоғам қайраткері Шәймерден Қосшығұлов қызмет атқарды.

Науан хазірет ұлттық дəстүрлерді сақтау ісіне халықты топтастыру үшін қазақ даласының беделді, белгілі адамдарынан көмек сұрады.  Оның өзі жəне көмекшісі Шəймерден Қосшығұлов Абай Құнанбайұлына ұлттың мəдени тəуелсіздігі үшін күресті басқаруға ұсыныс жасады. Үкімет Науан хазіреттің жəне оның көмекшісі Ш. Қосшығұловтың əрекеттерін заңға қайшы деп тауып, жауапқа тарту жолдарын қарастыра бастады.

1901  жылғы 20  мамыр күні ояз бастығы келіп,  Таласовтың қызметіне тыйым салынады деп, іс қағаздарын алып кеткен.  Көкшетау уезінің бірінші учаскесінің крестьян бастығы,  подполковник Троицкий 1903 жылғы 2  сəуірде Ақмола облысының əскери губернаторы атына жазған мəліметінде былай дейді: «2  сəуірде молла Таласовтың мешітінде тінту жүргізілді. Тінту кезінде цензура рұқсат етпеген 164 кітап пен қолжазбалар табылды. Оның біразы мектептікі, өзгесі оқушылардікі екені анықталды, ал, Таласовтың өзінен 108 кітап пен жазған хаттары,  қырғыз тіліндегі гектограф, баспа əріптерінің қалыптары табылды». Онан əрі Троицкий Шəймерден Қосшығұловтың столынан гектограф пен сиясорғыш,  Ботовскідегі С. Шормановқа, Зайсандағы Кенишовқа,  Семейдегі Құнанбаевқа почта арқылы хаттар жолдағандығы туралы адрестерімен бірге қолхат қағаздар табылғанын хабарлайды. Сонымен бірге, Троицкий 1903 жылдың 3 сəуірінде Ш. Қосшығұлов оның бұйрығымен тұтқынға алынып, түрмеге қамалғандығын да мəлімдеген.

Болған жай туралы Ақмола облысының əскери губернаторы дереу Дала губернаторына телеграф соғып, Көкшетау оязының бастығына: «Тез арада Көкшетаудағы мешіт жанынан заңсыз ашылған интернатты жауып,  ондағы оқушыларды таратып жіберу,  молла Таласовтың үстінен жансыз бақылау жасау қажет», – деген нұсқау берген. Кейін Дала генерал-губернаторы Семей облысының əскери губернаторына Шәймерден Қосшығұловтың Шыңғыстау болысының тұрғыны Ибрагим Құнанбаевқа жазған екі хаты туралы тексеріс ұйымдастыруды тапсырды. Əскери губернатор, генерал-майор Галкиннің тапсыруымен Семей уезінің бастығы Навродский істің мəн-жайын тексеріп анықтауға Абай ауылына өзі келген.

Архивте уезд бастығының мəліметі сақталған екен, онда ол былай деп жазған: «Қыстау мен кигіз үйді тексеру барысында А. Құнанбаевтың атына жазылған хаттар табылды.  Екі куəгердің көзінше Абай Құнанбаевтың барлық қолжазбалары алынып,  ерекше папкаға салынып, Əскери губернаторға тапсырылды». Ояз бастығы «Құнанбаевтан Көкшетаудан хат-хабар алып тұрасыз ба?»  деп сұрағанда,  ол: «Осыдан екі күн бұрын Зеит Башировтың атына жазылған арнайы хат алдым» деп жауап берген.  Хатта белгісіз адам Құнанбаевтан құрметті қазақ ретінде үкімет орындарынан қазақ мұсылмандары үшін жеке муфтият ашып беруге жəрдемдесуді сұрағандығын айтқан. Одан хаттарды өзіне беруді талап еткенде, Құнанбаев ол хаттарды осыдан 2  күн бұрын өз баласы Тұрағұлға бергендігін айтқан. Ал, ол хаттарды Шыңғыс болысы Рызықпай Құдайбердиевке бергендігін,  хат тінту кезінде болыстың бешпетінің қалтасынан табылғандығын,  бұл хаттардың Құнанбаевтың басқадай хаттарына қосып тігілгенін хабарлайды.

Бас бостандығынан айырылып, Сібірге жер аударылған Наурызбай Таласов пен Шəймерден Қосшығұловты кейінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов патша өкіметінің басқару органдарына арыз-шағым хаттар жаза жүріп, министрліктегі ескі таныстары арқылы босатып алды.

1902-1903 жылдары Қазақ даласында петициялық қозғалыстар кең қанат жайды. Қазақ оқығандары жергілікті халықтың әкімшілік басқару, сайлау, сот және оқу-ағарту істері, жер мен тіл, дін мәселелеріне байланысты құқықтарын қорғау мақсатында сол уақыттағы қоғамдық-саяси күрестің петициялық формасын тиімді пайдаланды. Ресей патшасына Қазақстанның Орал, Лепсі, Қарқаралы қалалары мен басқа да жерлерден түрлі петициялар жөнелтіліп жатты. Соның ішінде, 1905 жылғы Қарқаралы петициясының әлеуметтік-саяси және тарихи маңызы ерекше болды.

Орыстың императорлық географиялық қоғамы және қазақ зиялылары туралы:

                ХIХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында қазақ оқығандары патшалық Ресей қоғамында саяси-экономикалық, мәдени-ағартушылық істерге белсене араласа бастады. Мысалы, Әлихан Бөкейхан 1896 жылдың күзінен Орыстың императорлық географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімінің толық мүшесі және 1901 жылдан Реттеу комитетінің мүшесі, сондай-ақ Императорлық Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесін ұйымдастырып ашқандардың бірі болды.

1902 жылдың 31 наурызында ашылған Императорлық Орыс географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесіне мүшелікке ғұлама ақын, философ, шежіреші Шәкәрім Құдайбердіұлы (1902 ж.), адвокат Райымжан Мәрсеков (1902 ж.), заңгер Жақып Ақбаев (1902 ж.), Зайсан уезінің тілмашы Жәмбек Иманқұлов (1902 ж.), тілмаш Өмірбек Оспанов (1902 ж.), Күре болысының тұрғыны Сағындық Сандыбаев (1902 ж.), Павлодар көпесі Ахметолла Айткин (1902 ж.), Семей қаласындағы мұсылмандар мектебінің меңгерушісі, орыс жазушысы Лев Толстоймен хат алысқан татар оқымыстысы Рахметолла Елкебаев (1907 ж.), педагог-ағартушылар Нұрғали және Нәзипа Құлжановтар (1908 ж.), Семей өлкелік сотының тілмашы Иманбек Тарабаев (1907 ж.), көпес Мұхамет Хамитов (1909 ж.), Арғынғазы Абылайханов (1910 ж.) және көрнекті мәдениет-қоғам қайраткерлері Әбікей Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ахметолла Барлыбаев, Халел Ғаббасов, Кәрім Дүйсенбаев, Мәннан Тұрғанбаев, Жұмат Шанин (1911-1925 жж.) және т.б. қабылданды.

Қазақ оқығандарының саяси-экономикалық, мәдени-ағартушылық істерге белсене араласуы туралы:

                Сол сияқты қазақ оқығандарының патшалық Ресейдің қоғамдық өміріне белсене атсалысуына байланысты тағы да мынадай фактілер келтіруге болады. Мысалы, Әлихан Бөкейхан 1895-1904 жылдары Л. Чермак, Ф.А. Щербина, С.П. Швецов басқарған ғылыми-зерттеу экспедицияларына қатысып, соның нәтижесінде «Россия. Полное географическое отношение нашего отечества» атты көптомдық жинақтың 18 томында  А.Н. Сидельников, С.Д. Чадовпен бірлесіп жазған «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи» атты ғылыми құнды материалын жариялады. Сонымен қатар оның 1904-1907 жылдары аралығында «Материалы по экономическому обследованию районов Сибирской железной дороги. Животоноводство. Т.1. Выпуск 1. Томск, 1904» және «Материалы по киргизскому землепользованию. Т. 4., 6. и 11. СПб., 1905» сияқты ғылыми-зерттеу жинақтарында биязы жүнді қой және жылқы шаруашылығын дамыту, ірі қара малы тұқымын асылдандыру, ауылшаруашылығы кооперциясы мен земстволық банктердің қызметін жетілдіру, қазақ жерінің пайдаланылуы тәрізді проблемалық мәселелерге байланысты көптеген мақалалары басылды.

1896-1903 жылдар аралығында қазақ жер пайдалануын зерттеумен айналысқан Ф.А. Щербина экспедициясының Ақмола, Семей және Торғай облыстары бойынша жүргізілген жұмыстарына өзге ұлт өкілдерімен қатар  Әлихан Бөкейханның басшылығымен Жүсіп Сатыбалдин, Ережеп Итбаев, Е. Мұқышев, Т. Есенғұлов, М. Айтпенов тәрізді т.б. қазақ зиялылары қатысты.

1908 жылы Әлихан Бөкейхан «Выборг үндеуіне» байланысты Семей түрмесіне үш ай мерзімге қамалған уақытта Санкт-Петербургтегі «Сибирские вопросы» журналының 17 номеріне 20-ға жуық әлеуметтік-экономикалық тақырыптағы ғылыми зерттеу мақалаларын жарыққа шығарды. Бұл басылымның 1908 жылғы №10 санынан 1910 жылғы №40-41 сандарына дейінгі аралықтағы материалдары «А. Букейханов», «V», «Степной», «Статистик», «Старый степняк» деген бүркеншік есімдермен жарияланды.

(жалғасы бар)

Мұратбек Мұфтиұлы, Семей.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation