Жазушы Қали Сәрсенбай Мейрамбек Бесбаевқа хат жазды, деп хабарлайды Today.kz. Жазушы хатын Егемен газетіне жариялаған.
“Қазір қаптаған топ-топ әншілер көбейді. Қарап отырсаң келіскен, сымбатты жастар. Қайда барсаң да бұлғаң-бұлғаң билеп, бақырып-шақырып ән айтады, әсіресе тойларда жол бермейді. Бірде Сәбит Оразбай ағам: “Шіркін, осылардың ішінде елге керек қаншама құрылысшы, философ, математиктер жүр-ау” деп еді. Расында солай ғой. Әркімнің өз ісімен айналысуы деген біздің елде көптен бері тоқтады. Себебі ақша табу керек. Ал қазір жеңіл жолмен, жан қинамай, мұрын қанамай ақша табатын жер – той-томалақ. Сымбатты, салтанатты, текті, бекзат, ақсүйек өнер осылайша өз болмысынан алыстап бара жатыр. Бұл бізді өз-өзімізден алыстату деген сөз. Теледидар тойханаға айналып кетті. Тойда жүрген әншісымақтар теледидарда да өріп жүр”, – дейді жазушы хатында.
Жазушы Мейрамбекке ендігі жерде әншіліктен бөлек, қайраткер болуға кеңес береді.
“Бүгінде экономикалық қылмыспен күрес жолға қойылған. Ал рухани қылмыспен күресу неге ойымызға кіріп шықпайды. Өнері өспеген елдің өзі де өспей қалады. Өзің рухтас жігіттердің басын қосып, дербес, тәуелсіз қуатты көркемдік кеңес құру керек. Көркемдік кеңес түрлі сала өкілдерінің (музыка, әдебиет, бейнелеу, балет, сәулет, журналистика, т.б.) басын біріктіруі қажет. Оған “қабасақалдар” мен “көксақалдарды” жолатпаған жөн. Ұлттың рухани-мәдени тегін, төлтума болмысын терең бағамдайтын бағдарлама дайындап, оны тиісті министрлікке балама ретінде ұсыну керек. Елбасы айтқан “қазақстандық мәдениет” негізін осыдан алу керек, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қали Сәрсенбай.
“Бұл хат (“Өнер – адамдармен сырласу” – Мусоргский) ақылым асып-тасқаннан емес, ұлтты ұлы ететін, әкең мен шешеңдей дана дәстүрлі өнердің биігі аласарып бара жатқанына алаңдап, көңіл кеңістігін бұлт шалғанда жазылып қалды. Бәрі де өтеді, хан да өтеді, қара да өтеді. Халықты адастырмайтын, алға апаратын Темірқазық ол сенің атаның күшімен, ананың сүтімен сіңген саф өнерің, төлтума болмысың. Ойланайық, шырақ!”, – деп түйіндейді сөзін жазушы.