Сейсенбі, Тамыз 21, 2018
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > ӨЛГЕНДЕР ҚАЙТЫП КЕЛМЕЙ МЕ?

ӨЛГЕНДЕР ҚАЙТЫП КЕЛМЕЙ МЕ?

Осынау фәни әлем есігін әу баста шыр-шыр етіп шырылдап жылап ашып, сонан соң алшаң басып өмір кешіп жатқан барша жұмыр басты пенделерпдің бәрі де ақыр аяғында бақилық болатыны – бұлжымас қағида!

Қайран Бекеңді айтам-ау, Бердібек Соқпақбаев аға ше! Ол кісінің ең соңғы шығармасы «Өлгендер қайтып келмейді» деп аталмаушы ма еді. Иә, Бекеңнің сөзі ащы да болса шыңғырған шындық, о дүниеге аттанғандар сол күйі басқа әлемге ауысады. Бізден іргесін аулақ салады. Алайда…

1974 жылдың күз айында Алматыдағы Жазушылар одағының үшінші қабатындағы фойеде (өте кішкентай орын, неге сонда өткеніне осы күнге дейін таң қалам). Б. Соқпақбаевтың жақында ғана баспа жүзін көрген «Өлгендер қайтып келмейді» романын талқылау болды. Оны жүргізіп отырған академик-ғалым З. Қабдолов. Біз сол жылы журналистика факультетінің бірінші курсына оқуға  қабылдағанбыз. Хабарландыруды  ести сала, Одаққа тезірек баруға асықтық. Өйткені, Бердібек ағаны көру бір арман, ал дауысын есту – ол өзінше бір бақыт!

Зейнолла ағамыз әдемілеп, бипаздап сөйлеп, роман туралы азды-көпті ой-пікірін білдіріп болды да, бізге қарап: «Енді кім сөйлейді?» деді. «Сендердің ойларың қандай?» дегендей бәрімізге барлай қарап отыр. Өзім жас кезімен сүйіп оқып өскен жазушым болған соңба, делабам қозып:

– Мен сөйлейін, – дедім.

Академик ағамыз сол сәтте өз шәкірті екенімді сезбесе де, «ал сөйле, студент» деп, жылы қабақпен сөз тізгінін берді. Мен өзімді таныстырып, сосын сөзді жалғай бергенімде маған жалт қарады. «Өлгендер қайтып келмейді» романының алғашқы бөлімі 1970 жылы жазушының «Бастан кешкен» кітабында жарияланған болатын. Біз соны сүйсіне оқығанбыз. Кітаптың соңында армияға кетіп бара жатқан бас кейіпкердің «отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын Еркіндердің әлі-ақ оралады» деп айтатын монологы бар еді. Мен соны айтып, алғашқы бөлімнің өте шымыр жазылғанын тәптіштеп кеп, «ал енді мына романның қалған екі бөлімі сәо-пәл әлсіздеу сияқты көрінеді» дедім.

– Маған сондай әсер қалдырды, бұл шын ойым, – деп тағы да шегелеп қойдым. Сол-ақ екен, Зекең қол шапалақтап жібереді.

– Міне, біз осындай батыл шәкірттер тәрбиелеп жатырмыз, – деді көңілді үнмен. Мұны жазып отырған себебіміз – сол күнгі кездесуден соң Бердібек ағамен жақын араласып, өте сыйлас болып кеттім. Қаламгер сол кезде Жазушылар одағында кеңесші болып істеп жүр екен. «Мені сарыауыз бала сынады-ау» деп намыстанып, бір жағына қисая қалған жоқ, қайта арқамнан қағып: «Өзің кітапты мұқият оқиды екенсің», деп еді.

– Жазғандарың бар ма? – деп сұрады бір күні.

– Балаларға арналған бір хикаят жазып жүр ем.

– Онда ертең осында алып кел, бірге отырып оқиық, – деді ағам.

Ертеңіне қайта кездестік. Жазушы ағам хикаятты бастай берді де:

– Ой, мұның не? – деп тоқтап қалды.

– Нені айтасыз?

– Мына хикаятта менің атымды атапсың. Мен әлі тірімін ғой. Тірілер кейіпкер бола алмайды. Алып таста.

– Сонда-а…

– Әуелі өлгендер жайлы жетістіріпжазып алайық, бала! Әруақтардың алдындағы парыз деген болады…

Ол кісінің осы сөзі күні бүгінге дейін есімнен кетпейді.

Рас-ау,тірілерді тірілер мақтап, әдеби кейіпкер етіп жатса, бұл тым әбес көрінбей ме! Ал мұндай жағдайлар осы күні көбейіп бара жатыр ғой. Тіпті қымсынуды да қойып барамыз.

«Әй, осы қалай болады, а?» деп ойланғымыз да келмейді.

Жолтай Жұмат

жазушы-драматург

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation