Сәрсенбі, Маусым 27, 2018
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > Кең болсаң, кем болмайсың!

Кең болсаң, кем болмайсың!

            «Басқаға қуаныш сыйлай білген – ең бақытты жан» – деген екен француз ойшылы Дени Дидро. Ерікті (волонтер) болу дегеніміз айналадағыларға риясыз мейірімділік танытып, жан жылуын шашу, адамдарға жақсылық жасау. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандарға қызықты да әсерлі істер мен оқиғалар арасында болып, бір сәтке болса да қайғысын ұмытуға, тағдыр тезімен қиын жағдайға тап болған жанның ішкі дүниесіне қуаныш сыйлап, жанынан табылу, сүйеніш болу дегенді білдіреді. Екінің бірі ұмтыла бермейтін еріктілік жаны жомарт жандарға тән. Волонтер болу үшін адамдарға ізгі ниет білдіру, жан ашып, есіркей білу, топпен жұмыс істеп, адамдық белгілерге ие болмақ керек.

Қаймана қазақтың қанына сіңген қасиет – жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болу. Қай жағдайда да көмек қолын созып, жылы шырай таныту халқымыздың ең асыл, ең ізгі қасиеттерінің бірі. Бүгінгі волонтерлік көмек ежелден елдің еншісіне бөлінген «Асармен» тең. Көмек сұраған жандарға ерікті көмек көрсету түрі бағзы заманнан бар. Асар – құрылыс барысында, той және жерлеу рәсімдерінде өзгелердің ұжымдық көмегі. Уақыт керуені алға жылжыған сайын қоғамнан жақсы қылық, озық әдеттер алыстаған да алшақтаған да емес. Адамдық қалпымыз сақталуда. Асар деп аталып келген көмек бүгінгі волонтерлердің жұмысы.

Ауданымызда қоғамға қайырымдылық жасаудан танбайтын еріктілер жетерлік. Олардың дені мектеп оқушылары. Жоғары сыныптың оқушылары қазынамен теңесетін қарттарға қолдан келген көмектерін аянбайды. Қыс болса, қарын күрейді, жаз басталса, ауласын тазартып, үйдің ішін жинап көмек көрсетеді. Одан-бөлек, денсаулықтарына бақылау жасап, азық-түліктерін де әкеліп береді. Баянауыл №2 мектептің директоры Шынар Ілдебайқызының айтуынша, мектептің жоғары сынып оқушыларынан құралған еріктілер тобы бар.

– Еріктілер ардагерлер мен қарттарға басымдық береді. Ақ самайлы аталар мен ақ жаулықты әжелерді қолдауға қашанда асық. Біздің мектептің еріктілер тобы қарттардың ауласын тазартып, азық-түлігін, басқа да керек-жарағын әкеліп беріп, барынша қолдау көрсетеді. Ондай еріктілер тобы тек біздің мектепте ғана емес, ауданымыздағы барлық білім ошақтарында бар. Дана да дара қариялар, сарқылмас дарияларға көмек көрсету жастардың заңмен емес, адамгершілікпен бекітілген міндеті деп білген жөн, – дейді мектеп басшысы.

Қазақылықтың, яғни жаны жомарт жайсаңдықтың иісі аңқып тұратын, бастаған әрбір ісінен кеңшілік пен игілік байқалатын «Нұр Отан» партиясы да еріктілермен бірқатар қайырымды істер атқарып келеді. Көмекке мұқтаж жалғызбасты қарттарға демеу болып, ақ батасын алды. Қысқы мезгілде жылыту пешін пайдалану және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы аудан тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде де белсенділік танытқан еді. Көктемдегі су тасқыны кезінде қызыл судың бетін қайтарып, тұрғындар жайлылығы үшін ерінбей еңбек еткендердің қатарында да еріктілер көзге түскен болатын.

Күні кеше ғана Баянауылға әлемдік эстафета алауын әкелгендер қатары да еріктілермен толыққан. Демек, қоғам игілігі үшін іс қылу бүгінгі жастардың, белсенді жастардың мызғымас бірлігінің, асқан ұлттық рухының айқын дәлелі.

Елдің қуаты мен қозғаушы күші – жастар. Болашақтың баянды болуы да бүгінгі жастарға, олардың қоғамды ілгері дамытып, іргелі орда құруындағы игі істеріне байланысты. Кең болсаң, кем болмайтын озық тәрбиені тал бесіктен бойына сіңіре білген бүгінгі күннің жастары, еріктілер мұқтаж жанға көмек қолын созуға қашанда даяр!

 

Әлия ТАУКЕНОВА.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation