Жұма, Қараша 10, 2017
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > Әлемдік алау Баянауылда!

Әлемдік алау Баянауылда!

Баянауыл «Әлем жүгірісі» халықаралық алау эстафетасын қарсы алды. «Әлем жүгірісі» – бұл халықаралық достықтың, бірлік пен ауызбіршіліктің алау эстафетасы. Басты мақсаты әлемдегі бейбітшіліктің дамуы мен мәдениетті қолдау болып табылатын эстафета 1987 жылы бастау алған. Бүгінгі күнге дейін аталған эстафетаға миллиондаған адам қатысып, отыз жылда алау ұстаған жүгірушілер 150-ден артық елде болды. Алты жүз мың шақырымда артқа тастап, әлемдік достықты нығайтуда келеңсіздіктен «жүгіріп» өткен.

Бұл жолғы эстафета 13-ші шілдеде Омбы қаласынан бастау алған. Биылғы халықаралық команда құрамында Ресей мен Қазақстан жүгірушілерінен он адам бар. Команда құрамындағы астаналық Дәурен Оспанов:

– Алау эстафетасы достық туын көтеріп, бейбітшілікті қолдайды. Командада Омск, Челябинск, Пермь, Рубцовск, Орал және Астана қаласынан жүгірушілер бар. Негізінен еріктілер тобынан құралған командада екі адам бұл спорт түрімен кәсіби тұрғыда шұғылданады. Өзгесі спортты жанына серік еткен мемлекеттік қызметшілер мен студенттер. Біздің мақсатымыз барлық адамдардың жүректері мен жанын бейбітшілікке ұмтылдыру, – дейді.

Бұл жолғы команданың маршруты Омбы-Новосібір-Павлодар-Қарағанды. Баянауылды жүгіріп өткен достық эстафетасының командасы 4-ші тамызда Қарағанды қаласынан аяқтап, өзге командаға алауды табыстады. Сөйтіп, бұл команда Омбы қаласынан Қарағандыға дейін 2100 шақырымды артта қалдырды. Қатысушыларды жергілікті белсенділер, қазақстандық және ресейлік жол полициясы қызметкерлері, медицина қызметкерлері мен жүргізуші-жанкүйерлер, фотограф сүйемелдейді.

Әлемдік жүгірушілерді баянауылдық белсенділер, Жас дәурен оқу-сауықтыру кешенінің демалушылар жоғары деңгейде қарсы алды. Өздерін таныстырған команда эстафета алауын балаларға кезектеп табыстап, алауды жоғары көтере отыра бейбіт күн үшін ниет етіңдер деп шақырды. Сондай-ақ, эстафетаның мәні мен маңызына ерекше тоқталып өтті. Әлемдік үлгідегі жүгіріс авторы – көрнекті қоғам қайраткері, салауатты өмір салтын насихаттаушы, спортшы американдық Шри Чинман. Жүгірістің барилық әуесқойларын бейбітшілік пен достық, жарқын өмір мен спортқа деген сүйіспеншілік біріктіреді.

Спортшылар Жас дәурендік балғындарға әлемдік эстафетаның Әнұранын айтып, бірге қосылуларын сұрады. «Кел, қосыл достық жүгірісіне. Татулық пен бірлік алауын бірге жағайық!» – деп ұрандаған олар бейбітшілік пен мейірімге толы әлемді онан сайын гүлдендіре түскендей болды. Қолдарын кеуде тұстарына қойып «Бейбітшілік менен басталады!» – деп достықтың парқына тереңірек бойлады. Орталық алаңды қолдарына кезектесіп алау ұстап екі айнала жүгіріп өткен балалар мен еріктілер эстафетаның дәмін сезінгендей болды.

Бұл жыл әлемдік эстафетаның бастау алғанына отыз жыл толуымен ерекшеленіп отыр. Ғаламның түкпір-түкпіріндегі елдер осы атаулы датаны тойлап, Ресейден бастау алған эстафета Қазақстан, Қырғызстан, Латвия, Белорус елдерінде жалғасады.

Әлемдегі ең ұзақ алау эстафетасы жыл сайын өткізіледі. Алауды қолдан қолға, жүректен жүрекке, қаладан қалаға, елден елге табыстай отырып, бұл жүгіруге қатысқандар күллі әлемдегі бейбітшілік пен достық, үйлесімділік туралы армандарын қоса жеткізгендей болады. Әлемдік жүгіріс – достық жүгірісі!

 

Әлия ТАУКЕНОВА.

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation