Сәрсенбі, Тамыз 22, 2018
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > “Əблəзовтар” ақшаны қайдан алып отыр?!

“Əблəзовтар” ақшаны қайдан алып отыр?!

Мен бұл жазбамды «Әблязов жемқор», «Храпуновтың доллар қосқан құдасы», «байланыс желісінің қанішері» деген айыптаулармен бастағым келмейді. Бір сәтке қазынадағы қаржыға саусағының ұшын тигізбеген делік. Айналайыннан ақ, боржомиден таза бола қойсын. Бірақ күндіз-түні мені мына бір сауалдар тынышыма қояр емес: Ол осыншама уақыт сыртта, отбасымен, құда-жекжатымен, оның ішінде ауропа елінің төрінде кімнің демеушілігімен өмір сүріп жатыр? Ол нанға сары май жағып жемей ме? Жейді. Сұйықмайға кәртішке-пияз қуырып жемей ме? Жегенде қандай! Ет ше? Шайнамай жұтады! Өткенде «Ол да бір қазақтың баласы» дейді осындағы бір әпкем. Фууууу! Кешіріңіздер. Ал, ол қазақ болса шай ішпей ме? Сораптап сіміріп ішеді! Суды қай ақшаға алады? Иә, су, су, су!..

Хош, әңгімені айыптаудан бастамаймын дедім ғой. Соңғы кезде Мұхекеңнің ақпараттық шабуылдары (Бұл ретте кім қолдап отыр деген тағы бір сауал туады) үдей түсті. Жаңа су деп қалдым. Алжасқан Атамбаевқа алыстан қол бұлғап, осыдан бір ай бұрын бейнесәлемдемелерінің бірінде былай деген еді: «Южный Казахстан – это и Жамбылская область, весь Мактаральский район, они зависят от поставки воды из Кыргызстана. Только на юге Казахстана людей, которые занимаются хлопком и других культур, полмиллиона человек. Вот представьте себе, приблизительно в апреле Кыргызстан не будет поставлять воду и фактически весь уражай погибнет. Вся область останется без воды».

Енді айтыңызшы, бұл ұлтына жақсылық ойлаған адамның сөзі ме? Көршіңе су бермей тығырыққа тіре. Сонда саған қол жаяды. Маған салса бірі өліп, бірі қалсын деп отыр.

Оңтүстік Қазақстан – жеміс-жидегімен, көкөнісімен бүкіл қазақтың сұранысын қанағаттандырып отырған жалғыз өлке. Қаншама мың шаруа маңдай терімен нәпақасын айырып, несібесін тауып, бала-шағасын асырап отыр. Дәл осы қарқынмен алдағы уақыт бұл аймақ еліміздің экономикасын алға жетелейді. Ал, Әблязов не дейді? Осындай адам шошырлық идеялармен ауырып жүрген қылмыскерді «ол да бір қазақтың баласы» деп қорғаштап жүргендерге не күн туған?!

Екіншіден, мемлекетті басқарушы биліктен хаос орнатып тартып алу мақсатында кез-келген теріс әрекеттерін дұрысқа шығаратын және оның жолында сол елдің азаматтарын әшейін құрал ретінде пайдаланатын топтар сырттан қаржыландырылады. Рас, ол сізге де белгілі жайт. Тіпті заңдылық. Қай кезеңде де осындай сценарийлермен жүзеге асатын оқиғаларды идея авторлары сырттан тамашалаған. Отыны – қоғам. Күйетін де, жарасын жалап жылайтын да қоғам. Айталық, уағында Троцкий секілді ораторды қолтығынан демеп, қолына қару беріп Ресей билігіне айтақтап жіберген кім? Іздеуде жүрген бандит Сталин мен сұрқия Ленин саясат сахнасының төрінен қалайша жарқ ете қалды? Әлбетте, олар алыстан қолдау тапты. Бөтеннің жоспарына құлдық ұрды.

Үшіншіден, теріс пиғылмен елді билікке қарсы айдап салып отырған орыс тілді, от ауызды экс-банкир мен ессіз жастарға сырттан уағыз айтып шектен шығуға итермелейтін шейхсымақтардың арасында бөтендік жоқ. Біреуі дінге жаны ашыған әулиенің кейпінде азғырса, екіншісі саяси-экономикалық мәселелердің кемшін тұстарын жария қылып бүлікке итермелейді. Яғни «Президенттерің кәпір, бағынбаңдар» мен «Президенттерің ұры, оған қарсы бірігіңдер» деген зымиян идеяның еш айырмашылығы жоқ. Тіпті құралдарына дейін (әлеуметтік желілер) бірдей.

Иә, бізде жемқорлық дерті өршіп тұр. Дұрыс, біздегі ауыз су мәселесі жыларман күйде. Бензин бағасымен бірге азық-түлік қымбаттады. Алайда билік, яки өз арамыздан шыққан ел азаматтары (біреуіміздің туысқанымыз, біреуіміздің көршіміз) дәл осы бағыттарда жұмыс жасап жатқанын да жоққа шығаруға болмайды. Бастысы ел тыныштығына сызат түспесе ауыз су ісі де, азық-түлік шаруасы да әлі-ақ шешімін табар. Ендігі жерде осы тыныштықтың неғұрлым ұзақ уақыт салтанат құруына жұмыла жұмыс қыла білсек, шіркін!

Жігіттер, қыздар! Кешегі Абай ішпеген бал қымызды ішіп, Кенесарының түсіне де кірмеген KFC тауықтарының аяқтарын мүжіп, Әлихандар аңсап кеткен заманда тойлатып, думандатып жүрміз. Тек арам ниеттегі қулардың қатты кәмпитіне алданып қалмай осынша берген дәулет-нығметті көтеріп тұра алсақ екен деймін.

Азамат Битан

https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=1548023178651256&id=100003307662951

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation