Жексенбі, Наурыз 25, 2018
Негізгі > Бас баған > Ұлттық ойыншықтар Жетісуға да жетті

Ұлттық ойыншықтар Жетісуға да жетті

«Жеті ойыншық» жобасымен шығып жатқан таза ұлттық ойыншықтар әзірге елімізде жалғыз әрі тұңғыш! Өзге жұрт үлгісін араластырмаған нағыз қазақы танымға сәйкес ойластырылған осы ойыншықтар Білім және ғылым министлігі тарапынан мақұлданып, тиісті стандарттар бойынша балабақшалар мен сауда орындарына жол тартқанына да біраз уақыт болды. Алайда, бұл керемет ойыншықтар алыс ауылды қойып, аудан, облыс орталықтарын қамту мүмкіндігіне әлі ие бола алмай жатыр.

Баланы да, басқаны да қызықтырмай қоймайтын ұлттық нақыштағы осы ойыншықтар топтамасы таяуда Жетісу жеріне де жетті. Оны онда жеткізген – ең әуелі бабалардан қалған дәстүр, ұлттық ұстаным, ел бірлігі жолындағы ұйымшылдық. Егер көңілге тоқып, бойымызға сіңіреміз десек бұрынғылардан бізге байтақ даламен бірге қаншама ұлттық құндылықтар да қалды ғой. Сондай ірілік пен ізгілікті іс жүзінде көрсетіп жүрген жандардың әрекетіне куә болғанда көргеніңді көпшілікпен бөліспей қала алмайсың. Себебі, жақсылыққа – жаршы, жамандыққа – қамышы болу да парыз.

Міне, сол ел бірлігі жолында мүмкіндігінше маңызды шаруаларға ұйытқы болып келе жатқандардың бірі – Серік Исаев пен Совет Шөшеков есімді азамттар. Олар Мақаншы өңірінің тумасы болғанымен бүгінгі таңда алматылық кәсірпкерлер. Шалғайда жүрсе де Барқытбел баурайындағы ауылдарына қолғабыс тигізіп тұруды үрдіске айнадырған, туған жерлеріне мешіт салып, мектепті жабдықтап жүрген ел жанашырлары. Нағашылы-жиенді қос азамат бірнеше ай бұрын Жетісу жерімен құда болған. Балалардың табыстырған, Құдайдың бұйыртқан құдасы Ақсу ауданының құрметті азаматы, Қаракөз ауылының тумасы әрі тұрғыны, аймағына аты мәлім азамат Нұрлан Имансыдықов. Күшімен емес, ісімен жеріне орман, еліне қорған болып келе жатқан Нұрлан Жайлауұлының айналасына тигізіп отырған шапағатты шаруасы жеке тақырып (сәтіне қарай кейінірек жаза жатармыз). Бұл азамат та ауылына мешіт салып, мектепті спорттық қондырғылармен қамтамасыз етіп, ел бірлігі жолында ерен еңбек сіңіріп келеді екен.

Құдалықтың жөнін, балалардың тойын өткеріп хоштасар сәтте Серік Аязұлына Нұрлан Жайлауұлы: «Өзіміз ғана емес, ағайын болып, ел болып араласайық, сондықтан дос-жарандарыңмен ауылыма кел, жерімді көр, еліммен таныс», деп қаңтардың алғашқы ондығында Каркөзде кездесуге уәделеседі. Шақырған жерге барудың жөн-жосығы болады дегендей, Серік достарына: «Нұрлан құда жерінің гүлденуін, ауылының түрленуін ойлап, ел мәселесіне иығын тосып жүрген атпал азамат екен. Сол себепті, біз бұл жолы Нұрлан құдадан көрі ауылын қуантуға, жерлестеріне рух сыйлап, еліміздің рухани жаңғыруына атсалысуға тырсайық» деген ұсыныс жасайды. Арғы жағын айтқызбай түсінетін достар Қаракөз орта мектебіне бір шоғыр кітап пен жиырма домбыра, ауылдың шағын орталығына жоғарыда аталған ұлттық ойыншық топтамасын табыстап, ән-жырдан шашу шашпаққа тоқталады. Осы бастамаға атсалысуға Ақтөбеден «Жарас мерген» қоғамдық қорының жетекшісі Әділкерей Әуелбаев, Астанадан ұлттық ойыншықтардың авторы

Сәкен Болыс баласы Ерасылмен, Алматыдан Ислам Әйкенов, Жомарт Имашев, Бақыт Әлім, Ақылбек Бошымбаев, сынды достар Серік пен Советтің төңірегіне топтасып, Қаракөз тұрғындарына бір әсерлі сәт сыйлап қайтқан.

«Болар істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, белсенді топтың сапары ауылдағы Елбасы Жолдауын түсіндіру сәтіне дөп келіп, аталмыш шараның шырайын арттыра түскен. Мемлекет басшысысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы міндеттерідің маңызы мен оның орындалуы жөнінде кеңінен әңгімелеген Ақсу аудандық мәслихат депутаты Асхат Досмұхамбетов баяндамасынан соң кезек қонақтарға тиді. Сөз тізгінін қолына алған Әділкерей Әуелбаев сапар мақсаты – елмен амандасу, жақсыдан үйрену мен жаманнан жирену, бардың бағасын ұлғайту мен нардың тағасын нығайту екендігін тәмсілдей жеткізді. «Жарас мерген» қоғамдық қоры атынан мектепке көтере келген кітаптарын табыстап, халқының халауы, жұртының жалауы болып жүрген Жайлаудың Нұрланын елінің әл-аухаты жолында толайым тер төгіп келе жатқандығы үшін «Ел бірлігі» медалімен марапаттады. Келесі кезекте белсенді топ жеткешісі Совет Шөшеков: «Елдің елдігін танытатын оның өнері мен мәдениеті, ел іші – өнер кеніші дегендей, сіздердің орталарыңыздан болашақта да Шәкен Күмісбаевтай өнер тарландары мен Әбілсейіт Айхановтай спорт саңлақтарының жарқырай шығуына тілектеспіз, осындай ниетпен ала келген аздаған тартуымызды қабыл алыңыздар» – деп, арнайы әзірленген жиырма домбыраны мектеп директоры Әсем Қыдырмолдинаға табыс етті.

Ризашылыққа бөленген ел көңілін одан сайын тәнті еткен ұлттық ойыншықтарды табыстау сәті болды. Талапты да, талантты жас кәсіпкер Ерасыл Қасықбай «Жеті ойыншық» өнімдерінің қораптарын көпшілік алдына ашып, әрқайсысының ерекшеліктерін сипаттап берді. «Ойландырар оюлар», «Астана-Бәйтерек», «Қасиетті киіз үй», «Керемет домбыра» сынды тағы басқа құрастырмалы ойыншықтардың артықшылығы баланың ойын дамыта отырып оның санасына ұлттық нақыштарды бірге сіңіреді. Әр ойыншықты құрастыру реті тақпақтармен берілгендіктен бала тілінің де жетілуіне жәрдемі көп. Бір сөзбен айтқанда әрі ойыншық, әрі конструктор ретіндегі танымдық және әдістемелік ұлттық көрнекі құралдар топтамасы. Мәселен, «керемет домбыраны» толықтай бөлшектеп, қайта құрауға болады. Бала әр бөлшегін өз атымен атап, оларды домбыра бойынан тауып бере алады. «Киіз үй» құрастыруда дәл солай, бірнеше бала топтасып өз беттерінше оңай бұзып-жинақтай алады. Есік, кереге, уық, шаңырақ заманауи үлгіде бекітіліп, қайта ажырайтындықтан бүлдіршіндерге еш қиындық тудырмайды.

Сөйтіп, еліміздің рухани жаңғыруына ұлттық мүддеден қарауға тырсқан белсенді топ Қаракөз тұрғындарымен тағылымды басқосу өткізіп қайтты. Тарту-таралғының соңы тамаша ән-күймен көмкеріліп, Мұрат Тоқашбаев, Жомарт Имашенв, Бақыт Әлімдердің домбыра мен сырнайды ортекедей ойната орындаған әндері көрерменге дүркірете қол соқтырып жатты. «Терісқақпай» театрының тәлімін бойына сіңірген Бақыт Әлімнің бір өзі бір театр боларлықтай өнерпаз жан екен.

Қ.Жұмаділ, «Жерұйық» порталы.

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation