Жексенбі, Қыркүйек 16, 2018
Негізгі > Бас баған > Құстар қайтқанда

Құстар қайтқанда

Біздің ауылдың көктемі керемет бір ғажайып, түрлі-түсті әлем болып көздің жауын алып құлпырып кетеді. Қариялардың басындағы тер сіңген тақиядай кәдімгі төбенің басына қоныс тепкен қазақи ауыл. Ол жерден біз баяғыда, мен 1-ші класты бітіруіме үш ай қалғанда, көшіп кеткенбіз. Дуалдар әлдеқашан құлап, үйдің орны көмескіленіп, жермен жексен болып әрең көрініп тұр. Он екі үй болатынбыз(бәрі бір атаның баласы). Бәрінің орнында осы көрініс. Бәрібір жер шарын қоршап тұрған кеңістіктегі ең ыстық мекен осы болып тұрады мен үшін. Көптен бері жолым түспей, сағынып жүргенмін. Биыл сәті келді. Мініп барған көлігімді суы тартылып, шөп басып кеткен ескі арықтың бойына қалдырып, кіндік қаным тамған жердің ауасын кеудемді кере жұтып, біраз тұрдым.

«О жаратқан ием, тағы бір көктеммен аман-есен қауыштырғаның  үшін мыңда-бір рахмет. Табаныңнан өтіп, бүкіл өне-бойыңа тарайтын, жер-ана жылуына жеткізгенің үшін шексіз алғыс айтамын»-деп күбірлеп, жусан иісі аңқыған ауыл орнына, жалаң аяқ, жалаң бас жүгіріп келемін. Немере сүйіп ата болсам да, кәдімгі балдырған бала сезінемін өзімді. Жүгіріп отырып, атамның әкесі, үлкен атам Жәдігердің  ауырмай –сырқамай тоқсан жасында, мәңгілікке аттанған қара шаңырақтың орнына бардым. Он бір үйдің бәрін аралап шығып, өзім өмірге келген киелі табалдырықты  аттап өтіп, төргі бөлменің орнында тұрмын. Ені мен ұзындығы екі жарым құлаштан аспайтын тар бөлмеде мен «іңгәләп» дүниеге келіппін. «Оған да жарты ғасырдан асыпты-ау»-деп бөлменің тура ортасына отыра кеттім. Келмей кеткелі қандай өзгерістер болыпты деп жан-жағыма көз жететін жерге зер сала қарай бастадым. Анау-у-у менің нағашыларымның ауылы. Келін-кепшік қыстан қалған-құтқан тезекке нан жауып жатыр-ау шамасы. Қалың ағаштың арасына жайғасқан ауыл түтіні  ауаға тура шықпай,  жерден найза бойы биіктікте қатпар-қатпар болып, су бетіндегі жұқа жібек орамалдай жайылып барады. Түнде тойдан кеш келді ме екен, жоқ әлде ұйқысы қанбағандықтан ба, бақташы аттың үстінен ауып түсіп қалайын деп, өріске қарай кетіп бара жатып шашырай жайылған малды жиа алмай анда-санда «ей, қарасан келгір» деп айқайлап қояды. Күн қылыш бойлы көтерілген, барлық қыбыр-сыбыр анық естіліп тұр. Мақта алқабында үш-төрт жігіт темір тұлпарларына жан бітіре алмай әлек болып, жанталасып жатыр. Сол жерге қарай, мотоциклінің артынан шаң шұбатылып, арықтың бойымен ағызып біреу келе жатыр. Кім болды екен? Арық жаққа қарадым. «Қымызшы» жігіт-ау сірә, шөптің қалың да шұрайлы шыққан жеріне биелерін арқандап жүр. Күн сәулесіне жалт-жұлт етіп шағылысып, «қос бұрым» шойын жол жатыр «мен мұндалап». Тал шыбықты асау аттай мініп, шауып ойнап жүргенде сол шойын жол «алы-ы-ы-ы-ы-с» болып көрініп, толассыз ағылып жататын вагондар күріштей-күріштей кішкентай болатын еді. Кәрі бурадай ыңырсып, тағы жүк пойызы өтіп барады. Жер тарылған ба? Шойын жол қол созым жерде жатыр. Вагондар ғана емес, олардың үстіндегі жүктерді  де анық көруге болады. Тіпті ағаштар байланған сымдар да көрініп бара жатыр. Ғажап! Бұрын неге байқамағанмын. Көзім зиратқа түсті. Бала күнімде сол төмпешіктер ауыл шетінде болатын. Қазір айнала шоғырлана орналасқан ауыл-аймақтың ортасында қалыпты. Аумағы ұлғайғаны байқалып тұр. «Жан-жақтың бәрін болжайсың, төбенің шықсаң басына» – деп Майлықожа қалай тауып айтқан.

«Иә, тынымсыз ағып жатқан мәңгілік өмір-өзен. Сол жер бесікте менің келгенімді сезіп, бір аунап жатқан Жәдігер, Омарбек аталарымнан  кейінгі мен төртінші ұрпақ екенмін» – деп ауыр ойға шомып, қолдарымды екі жаққа еркін созып, шалқамнан көкорай шөпке жата кеттім. Бозторғайдың әні мұңды емес, көптен тыңдамаған күй секілді, «құлағымнан кіріп, бойымды алып», баурап барады. Нақышына келтіріле орындалған бозторғай әні мені ғана ерітіп қана қоймай, бүкіл ауылымды әлдилеп, тербетіп барады. Рахат деген осы болар бәлкім! Көктемдегі көңілді күн сәулесі бойыңа сиқырлы тамшыдай дарып, көкке оранған қара жердің қасиетті жылуы, қыстың қақаған аязында, күздің қарып алар суығында тоңазып қалған денеңе, он екі мүшеңнің барлық тамырына қан жүгіртіп, жаңарған дүниеге жаңа туғандай әсерге бөлейді. Бір сәт бозторғай үнсіз қалды. Көздерімді жұмып жатқан мен, құлаққа еміс-еміс жеткен тырналардың дауысын естідім. Міне, «қыру-қыру» деп үндері тағы шықты. Маған әлсіреп жетіп жатыр. Ұшы-қиыры жоқ, бір шөкім бұлтсыз аспан әлемінен оларды іздей бастадым. Көзге ілінер ештеме жоқ. Сол тырналар маған жақсы хабар әкелетіндей, мені көрмей өтіп кетсе өкінетіндей күй кешіп жатырмын. Жоқ, көрінбейді. Дауыстары да шықпай қалды. Аспанды шарлап, қарайғанға тесіле қараймын. «Қыру-қыру»! Бірнеше рет. Дауыс жақындап қалыпты. Демек, олар өтіп кеткен жоқ. Айналып ұшып жүр. Әттең! Ашық аспан жанарыма симай жатыр. Тағатым таусыларда, тырналарды көрдім. Ой, сондағы қуанғаным-ай. Менің жанаталасып жатқаным, қаперлеріне де кірер емес. Асықпай, баппенен, ғарыш қайықтарындай қалқи жүзіп, емін –еркін менің дәл менің көз  алдымда айнала ұшып жүр. Көл бетіндегі  ерке толқындардай иіріліп, кербез келіншектің күміс сақинасындай дөңгеленіп, аса шеберлікпен шеңбер сыза қалқып мені ынтықтыра түседі. Айланған сайын  жақындап келеді. Міне, барлығы қыл қалам суретшінің бояуы айқындалған туындысындай  болып, өрнектеліп келеді. Шешімі піспеген, екі ойлы «қонайық па, қонбайық па?» деп ұзақ қалықтады. Бір кезде сол шеруден екі тырна бөлініп шығып, өздері шеңбер сыза айлана бастады. Енді менің назарым толық соларға ауысты. Менен қырық-елу қадамдай жердегі алаңға, бірінен кейін бірі келіп қонуға бет алды. Мен аунап түсіп, демімді ішіме тартып қарап жатырмын.  Қанаттарын жайып жіберіп, аяқтарын алға керіле созып, мойындарын кері қарай қайыра тартып қонғанының өзі грацияның, қиыннан қиыстырылған қимылдар сәйкестігі мен тепе-теңдігінің шарықтау шегі екеніне таңданасың. Жарыса өскен қыр қызғалдақтары иіліп сәлем бергендей, мың бұралып ырғалып тұр. Әрбір қадамын санап басып, бірін-бірі сипай өтіп, ерсілі-қарсылы біраз жүрді. О! Ғажап жаратылыс! Мыналар құс әлемінің қос ғашығы ғой! Ғашық болғанда балғын, бала ғашықтар. Махаббат сезіміне еліте қоймаған, оның жетегіне енді ерген кіршіксіз таза қос жүрек. Махаббатың дүлей толқынының екпінді тегеурініне шыдай алмай жағалауға соғылмаған, жараланбаған пәк сезімге толы жас жүректер. Жұпар иіс билеген бақ ішінде жүргендей. Сырласа бастады. Қос ғашықтың осы тілдесуіне куә болғаныма қуанып та, ыңғайсызданып та жатырмын. Қимылдасам қылмыс жасайтындай, басымды көтерсем күнәға бататындай болып, селт етпеуге тырысып, көз алмаймын. Сыбырлаған  дауыстары жетіп жатыр құлағыма. Шолпылы  қыздың  қоңыраудай сыңғырлаған күлкісін естідім ба?

-Сен біздің шыңдарын қар басқан таудың ішіндегі, суы мөп-мөлдір айдын көлдің ортасындағы алақандай аралда алғаш  жолығатынымызды білген жоқсың ә?

-Сол жерде түнеп, ертеңіне таңертең сендер келіп, көшке қосылып бірге ұшатынымызды маған анам айтты. Бірақ, маған беймәлім бір сыр бар екенін сезе қойдым.

-Қалай?

-Олар кімдер деп сұрап едім. «Әкеңнің бала күннен бірге өскен жолдасы»-деп әкеме жымия қарады. Әкемнің мінезі ауыр. Әдеттегідей әңгімеге араласпай, үндемей отыра берді. Қазбалап сұрауға ұялдым.

– Жолға шығатыннан бір ай бұрын әкем мені шақырып алып «балам, жолға шығатын уақыт та таяп қалды. «Жол азабы- көр азабы»-дейді. Ұшы-қиыры жоқ мұхиттар бар, шыңының ұшы төсіңе тиетін асулар бар. Ауа райы да мың құбылып тұр. Ер жеттің, ертеңіңді ойлайтын жасқа келдің. Бір бастан екі бас жақсы дейді. Орамал көрсең қызыға берме. Қыз кезінде бәрі жақсы. Саған жұбай керек болса, бізге келін керек. Екеуіне де қойылатын талап біреу-ақ. Шешесін көріп қызын ал дейді»-деп сенің анаңды мақтады. Талай замандасының қолы жетпей, аңсаумен өтіп келеді екен өмірлері. Жүрекке әмір жүрмейді ғой. Бәрімізге пысқырып та қараған жоқ. «Алтын жағып қойғандай, сол үндеместі таңдады ғой» – деп біраз күліп алды да- «Әнеукүні әкесіне кездесіп, жолығатын жерді келісіп қайттым. Сол жерде танысыңдар. Кесіп айтайын, сол қыздың қолынан ұста. Құлағына сырғаны, қолына білезікті, саусағына жүзікті шешеңнің өзі кигізеді. Оны Сыр бойына жазық далаға барып жайғасқан соң ойластырармыз. Менің айтқанымды істе, балам»-деді.

-Сендер келгенде, мен құрбыларыммен бірге көлдің күншуақ жағындағы шатқалдың ішінде серуендеп жүргенбіз. Абыр-сабырды есіте салып келдік қой.

-Бәсе, қыз-қырқынның бәрі қайда кеткен деп аң-таң болып тұрғанмын.

-Сен менің көзіме бірден түстің.

-Менде сені бұрын көрмесемде, тани кеттім.

-Біздің әкей қатал адам ғой. Қасы, көзін бағып отырамыз. Екеуміз сөйлесіп тұрғанда ұрсып тастап, сенен ыңғайсыз болып қалар ма екен деп, жаным мұрнымның ұшында тұрды. Байқамағандай болып отырды. Соған қарағанда сенде ол кісінің ойынан шықтың ғой деймін.

-Сен шынында да анаңа қатты ұқсайды екенсің.

Бір-біріне жақын келіп, қанаттарын дірілдете жайып, мойнындарын айқастыра аймаласа бастады. Пәк сезім мен шынайы нәзіктік бойларын билеп, махаббат жалынына шарпылған маржан сөздерін үнсіз сыбырлап жатыр, сыбырлап жатыр. Бұрын белгісіз жұмбақ сезімнің құшағына бөленіп, отқа оранғандай балқып барады, балқып барады…

-Қолыңды қалай жаралап жүрсің?

-Көрші ауылға би кеші болады деген соң, бес-алты жігіт болып барып едік. Жастары тәртіпсіздеу екен. Қыздары да бетімен кеткен бе деп қалдық. Айтқан әндерінде мән, билерінде сән жоқ. «Қой, мына ауыл демалып, көңіл көтеретін жер емес екен »-деді арамыздағы ересектеу біреуі. Соны есітіп қойып, барған ауылымыздың жастары жабылды емес пе бізге. Сол кештен қалған «ескерткіш» бұл. Бізде ондай кештер сирек өтеді.  Бақылау күшті. Оның үстіне қалт кетсең ауылдың ақсақалдары бәрімізді бір шыбықпен айдайды.

-Біздің ауылдың  үлкендері де арзан күлкіге, орынсыз ойын-сауыққа қарсы. Би кеші былай тұрсын, күн біз үйге кірген соң батады ұясына. Алғашқыда ренжитін едік, кейін әдетке айналды.

-Басымыз қосылып, жеке отау болып шыққан соң, ән айтып, би билемесекте, еркіндікке қолымыз жетер.

-Сен менің анамның сөзін айттың ғой.

-Ол сөзді саған аяп айтатын ба еді, жоқ әлде ашынып па?

-Бір құрбымның туған күніне барам дегенде әкем «туған күн деген қайдан шыққан мейрам. Сақалым беліме түсіп шал болдым, шешең ақ жаулығы басынан түспей кемпір болды. Туған күн былай тұрсын, туылған жылыңды шатастырасың. Өмірлерің өтіп бара ма, күн санап»-деп ұрсып тастады. Сонда мен өкпелегенде анамның әзіл-шынын араластырып айтқаны ғой «теңіңді тауып еркіндікке кеткенше, бұл қаталдықтың құрсауынан босай алмайсың, қызым»-деп.

-Сен еркін өскен елік секілдісің. Жүріс-тұрысың, қимыл-қарекетің, бәрі-бәрі өте келісімді, көркем және өзіңе жарасып тұрады екен. Жасанды еркеліктің ізі де жоқ. Сыңғырлаған күлкің де ерекше. Адамды баурап алды. Көзіңнен, қасыңнан, кірпігіңнен ескен жылылық жаныңды кермет сезімге бөлейді. Көкте армандағанымды, жерде жолықтырдым. Мен сені алақаныма салып аялаймын, жаным!

-Ата-анамның қаталдығы, маған жасалған шексіз қамқорлығы екен ғой. Бара салып, мен олардан өкпелеген кездерім үшін кешірім сұраймын. Сенің ойыңнан шықсам, арман құсың болсам, мен бағы жанған ең бақытты жан боламын.

Сезім құдіретінің күштілігі құшақтарын тағы айқастырды. Демдері жалын атып, бірін-бірі жандырып бара жатқандай. Екі алақан, екі ақ білекті шымырлатып, екі ақ білек, екі алақанды күйдіріп, ойып барады. Қыпша белге қолы тиді. Ақ тамақ пен бал татыған оймақтай ерін ерітіп жіберді… Жер бетіндегі жұмақтың қақпасы екі құшақтың арасындағы алқынған қос жүректің сүйіспеншілігімен ашылатынын олар білмеген болатын.

Жүректері үндестік тапқан қос ғашық үшін дүние түрленіп кетті. Аспан мейірленіп, күн сәуле шашып, жер үлпілдеген мамық кілемге айналғандай болды. Екі ғашық бал сезімге толы қанаттарымен аймаласып, біраз жүрді де, баппенен, асықпай бірінен кейін бірі ұшып,  жоғарылай бастады. Мен орнымнан тұрдым. Менің төбемнен екі рет айланып өтіп, менімен қоштасқандай, қанат қағыстарын жиілетіп ұзап бара жатты. Көзге көрінбей кеткенше қарап тұрдым. «Қодардан қорлық көрмеңдер, Бекежаннан зорлық болмасын. Жұбтарың жазылмасын!»-дедім дауыстап. Осы ғажап көріністі жақсыға жорып, келген көлігіме қарай бет алдым.

Әли-Хан Омарбеков,

отставкадағы полиция полковнигі. Семей.

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation