Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына – 158 жыл
АҚҚУДЫ АТПАС БОЛАР (Хикаят)
“Асқан алпыстан мынау жасымыз,
Қашқан кәріліктен ғарып басымыз,
Қаларсың қай сайда?”
Шәкәрім
Шәкәрім Саятқораның шығыс жағындағы биік шоқы Айыршақпаққа қарай бет алды. Түйенің қос өркешіндей егіз шың осы тұстағы таулардың бәрінен биік-тұғын. Соның баурайын керлей отырып, сол шоқының ұшар басына шықты. Биікте әжептәуір жел бар екен, қойны-қоншына сумаңдаған суық кіріп, лезде қалтыратып жіберді. Ұшпа тастың далдасына Қарагерді қаңтарып, Қарашегірді ердің үстіне қондырып қойды. Бүлай етуге қүсбегінің аты да, қүсы да әбден үйренген. Жолдассыз, қағушысыз қалғаннан бері Қарашегірдің томағасын сыпырып, осылай ердің үстіне қондырып қояды да, қалың бұтаға, не тас қуысына жасырынған түлкіні жаяулап барып, қажының өзі қуып шығатын. Бүркіттің түлкіні анық көруі шарт емес, иесінің «кеу» деп қалған дауысын ести салысымен, көк аспанға қыранның өзі көтеріледі. Содан межелі биікке жет- кенде, бұлтара қашқан жер тағысына қарай қайта құйылады. Сен атыңа мініп, соңынан шауып жеткенде, түлкіні бүктеп отырған қыранды көресің.
Шәкәрім биік секі тастың үстіне шығып, айнала-төңірекке қос жанары талғанша ұзақ қарады. Осы арадан Шыңғыстың жон-жотасы алақанға салғандай ап-анық көрінеді. Сонау оңтүстікте: Қаранай, Балға, Тектұрмас, Құр жоталары көлбесе, шығыс жақта: Бура-титен, Егізқызыл, Жәнібек, Ақшатау биіктері бой созады. Ал сонау батыста: Көксеңгір, Жорға, Жауыр тауы, Шымылдық, Жосалы жоталары қылаң береді. Ал мына солтүстікте: Қаражал, Керегетас, Айдарлы, Қарақшытас сеңгірлері менмұндап, тап-таяу жерде кеуде керіп тұр. Осының бәрі де – Шәкәрімнің әр жылдар аң қарап, бүркіт салып, оңды-солды талай жүріп өткен жерлері…
Қайран Шыңғыс! Баяғыда түрік жұртының Ұлы қағаны – Шыңғысхан орда тіккен киелі мекен. Орда тауы, Хан биігі – сол заманнан қалған белгі… Жоңғар хандығы күйрегеннен кейін осындағы қалың Найман Алтай мен Барқытбелге, одан ары Ерентауға қарай жөңкілгенде, жартылай босап қалған Шыңғыстау Ырғыз бен Торғайдан ауып келген Тобықтыға бүйырыпты… Кешегі Қүнанбай жортқан бел-белес, Абай алтыбақан тепкен Жәнібек, Ботахан ошағы, кейін Шәкәрім бүркіт салған биік тұрғылар ертең кімге қалар екенсің? Қасиетті өлкені лас аяғымен күні ертең кімдер таптамақ?! Аруақ қонған аймақтар, шынымен- ақ, қүдайсыздардың қүзырында қалмақ па?..
***
Бірақ қазір кімге өкпелейсің? Жоғарғы үкіметте ұлт қамын ойлап, суырыла сөйлейтін, бұлтартпас дәлел келтіріп, әлдекіммен таласарға бір азамат қалды ма өзі? Әттең, шіркін, Алаш қайраткерлері қандай мемлекетті де басқаруға дайын тұр еді-ау! Амал не, оларды дер кезінде құртып тынды. Олардың орнына кілең бір ауыз қарсы сөз айта алмайтын «мақұлбайларды» алып қалған жоқ па? Солардың бірі – Қазақ үкіметінің төрағасы Елтай Ерназаровты Шәкәрім өткен жылы өз көзімен көрді. Қалай жолы түсті екен, сол Ерназаров былтыр осы Шыңғыстауға келіп қайтты. Үкімет басшысы талауға түскен малды, аштан қырылып жатқан халықты көруге келген шығар, жағдай бұдан кейін түзелер деп, былайғы жұрт дәмеленіп қалған. Сөйтсе, олай емес, қуыршақ төраға салықтан жиналған азық-түлік пен сойылған малдың етін Ресейге жеделдете жөнелту үшін келген екен.
Жергілікті белсенділер Қарауыл өзенінің жағасына үй тігіп, төрағаны күтіп жатыпты. Арыз айта келген халықты маңайына жолатпай, күзетшілер қуып жүр. Шәкәрім ел ағасы ретінде, бастықтың қабылдауына жарты сағатқа зорға кірді. Бірақ, кірмей-ақ қоюы керек екен, ұлық алдынан түңіліп шықты. Төраға жасында жалшы болған, қойшы болған деуші еді, сол рас-ау деймін. Ернінің жалағы әлі кете қоймапты. Шаш қайырмаған. Анығында, қайыратындай шаш та жоқ екен. Басында төбелі бар ма, шұңғылдау жасыл тақиясын милықтата киіп алыпты… Шәкәрім елдегі жағдай, халықтың ауыр халі, ашаршылық жайында айта бастаған. Төрағаның мінезі тым шорт екен. «Сені кедейдің сөзін сөйлейтін тәуір қажы ма десем, байлардың сойылын соғып жүрген контр екенсің ғой!» деп шақ ете қалды. Екі сөзінің бірі – орысша. Оны да иінін келтіріп сөйлесе екен-ау, омыртқасын опырып, қабырғасын қақыратып, ұлы орыс тіліне қатты обал жасайды екен. Шәкәрім, амал жоқ, «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» деді де, атына мініп, жүріп кетті.
«Осынау ақ сүйек жұтқа, қырғын апатқа кім кінәлі?» – деді дәл қазір Айыршақпақтың бір биігінде отырған Шәкәрім. – Айналып келгенде, осының бәрі өзін-өзі қорғай алмаған қазақтың өзі кінәлі. Оны шыли орыстан көрудің де жөні жоқ. Отаршылдар «қазақты ұшпаққа шығарам» деп қашан уәде беріп еді. Оларға құл керек, отар керек, қазақтың кең байтақ жері, оның асты-үсті байлығы керек… Сол ен байлықты, елін-жерін қорғауға қазақ дайын болмай шықты ғой. Алаш азаматтары кеткен соң, қазақ жас баладай қорғансыз күйге түсті. Біз әлі ұлт болып ұйымаған екенбіз, халық боп қалыптаспаған екенбіз… Дәлел керек пе? Бүкіл қазақты қан қақсатуға бір Голощекиннің-ақ шамасы келді-ау! Жарайды, ол қужақ қатыгез, қайырымсыз, қанішер-ақ болсын, жыланның аяғын көрген зымиян-ақ болсын. Егер ұжымы берік, ақыл-ойы тұтас, айрандай ұйыған мықты ұлттың ортасына келсе, жалғыз еврей не істей алар еді?
Жарайды, Алаш қайраткерлерінің басына күн туып кетті делік. Ал, іс басындағы қызыл комиссарлар, «Қызыл сұңқарлар» не бітіріп жүр? Қазақ азаматгары тізе қосып, өз ұлтын қорғаудың орнына Рысқүловщина, Сейфуллинщина, Меңдешевщина болып, өзара мансапқа таласып, Голощекинге жалышышты болып жүр… Осыдан кейін кім басынбайды бізді?!
Ал Шыңғыстау ауданын тас-талқан етуге Қарасартов деген бір ғана шала сауатты, безбүйрек белсенді молынан жетті-ау! Кешегі Құнанбай қарауындағы Абайдың елі, «ел пысығы» атанған бес болыс тобықты, аттыға жол, ауыздыға сөз бермейтін Ырғызбай жуандары бір сілкігеннен қалмай, Қарасартовтың табанына түсті- ау! Бірін-бірі көрсетіп, бірінің үстінан бірі шағым айтып, бір тобықтының өзі іркіттей іріді-ау! Иә, бұл да – қазаққа төте келген зауал! Қазақтың надандығы, бәтуасыздығы, берекесіздігі, ертеңін сыйламайтын аңғалдығы үшін, Алланың жіберген зауалы! Кәмпескеге дейін Шыңғыстау ауданында 32 мыңдай халық бар екен. Қазір содан аштан өлгені, абақтыға айдалғаны, шетке қашқаны бар, ауданда төрт мыңдай ғана адам қалыпты. Сүмдық емес пе?!
Марқүм Әсет те – тілі мірдің оғындай, айтқыш ақын еді ғой. Ол өзі туып-өскен Үріжар-Мүқаншы өңіріндегі халді баяндай келіп:
Асуға ат шықпаған арба шықты,
Қыранды қанды балақ қарға жықты,
Кешегі жымда жортқан жолбарыстар
Бұл күнде қоян көрсе жарға бұқты, – деген екен. Көрдіңіз бе, бүгінгі заманның сиқын бір-ақ шумақ өлеңге сиғызып жіберген.
Шәкәрім мана үйден шыққанда мына Қарашегірді еркіндікке қоя берсем бе екен, жоқ, әлде қолыма ұстай тұрғаным жөн бе деп, екі ұдай күйде аттанғанды. Аяқбауын ағытып, бір жола қоя берейін десе, ұзақ жыл өзіне демеу, жан-серік болған қыранын қимайды. Қыранмен қоштасу – бүкіл бір дәуірмен, аңшылық, саятшылық салтанатымен қоштасу ғой, Шәкәрім үшін… Сауық құрған, сайран кешкен жастық, жігіттік шағыңыз да қол бұлғап, осы Қарашегірмен бірге кеткелі тұр…
Алайда жаңағы заман туралы, қазақ қоғамы туралы көңілсіз ойлардан кейін, ол қыранмен қоштасуға біржола бел байлады. Әр нәрсе өз уағында. Қыран баптап, сән түзеп, сауық құратын заман ба қазір? Ол заман әлдеқашан өтіп кеткен. Дүние деген итіңнің де алды-арты көрініп қалды емес пе? «Шапанның қысқа пішкен шалғайындай, дүние өтерінде шырайналды» дейтін бе еді Біржан сал? Ендеше соның айтқаны бұған да келіп тұр.
Өз ойына берік бекіген Шәкәрім орнынан созалаңдай көтерілді де, ақырын аяңдап, Қарагер аттың қасына келді. Томағалы қыран ертоқым үстінде үнсіз мүлгіп отыр. Шәкәрім туғаннан солақай. Қолтығында жүрген биялайды сол қолына кимес бұрын, бешпетінің қалтасынан бәкісін шығарып, Қарашегірдің қалың былғарыдан оюлап жасаған балақ бауын еппен сөгіп алды да, бүркітті содан кейін ғана қолына қондырды. Сол беті жаңа өзі отырған секі тасқа таман келген. Қазір Қарашегірдің еті көтеріңкі. Саусақ ұшымен сипалап көріп, бүркіттің екі санында, қауырсын түбінде бүртік-бүртік май біткенін аңдады. Қыранның етін көтерген – қүсбегінің өзі. Асыраушысы жоқ, еркіндікке алғаш шыққанда әл-қуаты толық болсын дегені.
Ол қыранның бет-бағдарын Қаражал, Керегетас жаққа қаратып сәл тұрды да, кенет томағасын сыпырып алды. Тағы сол бүркіттің томағасын алған кездегі қайталанбас сұлу көрініс. Жалт етіп бір қарағанда-ақ қарсы беттегі жота-жон, қорым-қойтасты жанарына сидырған есіл қыран ежелгі дағдысынша «кәне, көрсетші, қолында өлейін» дегендей жылан басын алға соза, етпеттей ентелеп, ұмсына берді. Ұша жөнелейін десе, көзіне ештеңе шалынбай, иесінен белгі күтіп тұр. Шәкәрімнің бұдан ары тұруға төзімі жетпеді. Биялайлы қолын серпіп қалып, қыранын ұшырып жіберді.
«Қош бол, қайран Қарашегір! Сен енді азатсың… Өзімде жоқ азаттықты мен саған сыйладым. Аспан әлемін еркін шарлай бер!» деді, керегедей қанаттарын жайып жіберіп, Керегетас бөктерін қалықтай сүзіп жүрген бүркітіне сүйсіне қарап тұрып. Сол сәт қарт қүсбегінің көзінде жартасты жарып шыққандай екі тамшы жас тұр еді.
Дұшпаным жоқ, досым жоқ,
Қайғыдан да шошу жоқ.
Рахат іздеп тосу жоқ,
Бір «жындымын» құтырған.
Жаралы жаным шықсын деп,
Қара жер мені жұтсын деп,
Өлген соң елім мұтсын деп,
Атымды қойдым «Мұтылған»
Бұл өлеңнен біз ештемеден қорықпайтын, керек десеңіз, өлімнен де сескенбейтін, кемел шағына жетіп, өз ісін түгел жасап болған, тарпаң да, тәкаббар ақынды кореміз. «Өлген соң елім мұтсын деп» деген жолда бәрі бар. Онда еліне деген өкпе наз да, өзіне сенген ақындық еркелік те жоқ емес.
Шәкәрім қажының өмірде пір тұтқан екі ұстазы бар еді. Абай және Толстой. Шәкәрім Толстойға хат жазып, шығармашылық жайында ақыл-кеңес сұраған. Кешікпей жауап келді. Ұлы жазушы сол хатта ақынның әдебиеттегі жолын сызып бергендей болып еді. Ал Абай… Әлдебір тұйыққа тіреліп, ақыл сұрай барғанда, бұған тым қиын көрінген дұниені оп-оңай түсіндіріп, талдап беруші еді-ау! Енді міне, Абай да жоқ, Толстой да жоқ, кімнен ақыл сүрарсың. Бұл күнде есі шыққан жұрт Шәкәрімнің өзінен ақыл дәметеді…
«Егер Абай қазір тірі болса, мына жұрт қайтер еді?- деп ойлады Шәкәрім бір сәт қиялға беріліп. – Әй, Қарасартовтың құдайсыз қара тобыры Абайды да түтіп жейді ғой. Заманның біршама түзу кезінде Абайды сабаған ағайын мынадай қағынған кезеңде аянып қалар деймісің».
***
Шәкәрім айына бір рет аудан орталығы Қарауылға барып түратын-ды. Абақтыда жатып аштан өлген сүйікті жары Айғаншаны, ұлы Қабыш пен қызы Күлзияның басына барып құран оқиды. Адамынан айырылған таныс-біліс ағайынға көңіл айтады. Сондай бір сапарда, ауылдың шетіне іліне бергенде, Қарасартовтың сайтандай ұшыраса кеткені. «Ол да менің тырнағымнан таныпты, мен де оның құлағынан таныдым» деп Пушкин айтқандай, екеуі бірін-бірі жазбай таныды. Бәлкім, қолында Шәкәрімнің суреті бар шығар, алдымен таныған – Қарасартов. Астындағы ақжал жиренді жылдам бастырып, алдын кес-кестеп, орағыта берді.
-Ассалаумүғалайкум, Қажеке! Жаңылмасам, осы сіз Шәкәрім қажы боларсыз, – деді мұның тұла бойын тінте қарап. Қаруы бар ма деп қауіптенетін секілді.
-Уағалайкумассалам! Қателескен жоқсыз, сол өзіңіз айтқан Шәкәрім қажы мен боламын… Ал, сіз кім боласыз? -деді қажы оның кім екенін әдейі білмегенсіп.
-Мен – осындағы ГПУ-дың жаңа бастығы Абзал Қарасартовпын, – деді өз буына өзі піскен анау қарадай мардымсып. – Сізге әдейі барып сәлем беруге мұршам болмай жүр еді, құдай сәтін салып, кездесе кеткеніңізді карашы! Ақыр кездестік қой, жүріңіз, біздің кеңсеге барып, біраз әңгімелесейік.
Шәкәрім бармауға сылтау таппай, оның соңынан амалсыз ілесті. Бұрынғы ГПУ бастығы Юдинның тұсында бір-екі рет келгені бар еді, кеңселері сол ор- нында екен. Аттарының шылбырын алдарынан жүгіріп шыққан солдатқа ұстатып, екеуі ішке кірді. Қарасартов кажыға орындық ұсынып, өзі төрдегі орнына барып жайғасты. Байқайды, жаңа бастық жыланның аяғын көрген жылпостың өзі. Шәкәрімге көпшік тастап, көтере сөйлеп отыр.
-Естіп жатқан шығарсыз, басқа қажыларға біз бұлай құрмет көрсетіп жатпаймыз, желкеден бір-бір түйіп, түрмеге тыға саламыз! – деді ГПУ бастығы жаңа тұтатқан темекінің түтінін тарбақ танауынан дірдіктете шығарып. – Ал, сіздің жөніңіз бөлек. Сіз – жәй қажы ғана емес, үлкен ақынсыз ғой. Сізді иісі қазақ түгел таниды. Облыстық ОГПУ-дың бастығы Панов жолдас та, оның орынбасары Волков жолдас та сізді жақсы біліп отыр. Өткенде мен осылай аттанарда сізбен ерекше мәмле жасау жөнінде сол кісілер қадағалап тапсырған.
-Рахмет! Олар – кәсіби барлаушылар ғой. Барлаушы жолдастар бәрін біліп отырады, – деді Шәкәрім қысқа қайырып.
Қарасартов кезекші солдатты жұмсап, бір тегене қымыз алдырды. Қымызы жақсы екен. Шөліркеп келген қажы тостаған толы қымызды қос қолдай ұстап, түшіркене сімірді. Бұл күнде қымыз да қолға түспейтін асқа айналды ғой. Жылқы құрып кеткен елде қымыз қайдан болсын. Тек қолы ұзын бастықтарда болмаса…
-Қажы, сіз қазір иен тауда жалғыз үй тұратын көрінесіз. Ел ішіне көшіп келмейсіз бе? – деді Қарасартов сырлы тостағандарға тағы да қымыз құйып жатып. – Келсеңіз, үй жағынан қысылмайсыз. Айдалып кеткендердің ең тәуір деген үйін сізге берер едік.
«Мені алысқа ұзатпай, ұзын арқан, кең тұсаумен көз алдарында ұстамақ қой» дегенді ойлап өтті Шәкәрім. Бірақ сыртқа сыр берген жоқ:
-Қамқорлықтарыңызға рахмет! Орталыққа келсем үй табылады ғой. Бірақ мен оңашалыққа үйренген адаммын. Зеріккенде бір уақыт аңға шығам. Жазу жазғаныма да тыныштық керек, — деді екі ұштылау жауап беріп. Тағы бір сөздерді айтсам ба деп оқталды да, бөгеліп қалды. Қарасартов сұм соны да сезе қойған екен:
-Сіз тағы бірдеңе айтқыңыз келді-ау деймін. Айта беріңіз, құлағым сізде, – деді бар ынтасымен алға ұмсынып.
-Айтсам, орталыққа көшіп келіп, сіздермен қалай көрші болам? Мен құдай жолын ұстаған, сол үшін қажыға барған адаммын. Ал, сіздер құдайды мойындамайсыздар. Әр ауылда «қүдайсыздар ұйымын» құрып жатқан көрінесіздер… Сөз жоқ, сіз де сол үйымға мүшесіз. Солай емес пе? – деді ГПУ бастығына қадала карап.
Қарасартов «мүше емеспін» деп айта алмады.
-Әрине, ол ұйымға біз мүше болмасақ, кім мүше болады? – деді әлдебір мақтанышпен. – Біз, коммунистер дінге емес, ғылымға сенеміз. Құдайға емес, Маркс пен Лениннің іліміне табынамыз. Маркс: «Дін – апиын» деген ғой. Оны білетін шығарсыз?
-Білем. Міне, көрдіңіз бе, сіз бен біздің жолымыз мүлде қиылыспайды, – деді Шәкәрім бойына әлдеқандай батылдық бітіп. – Бірақ, бұл – өзара жауласу деген сөз емес. Түрлі сенімдегі адамдар да тату-тәтті тұруына болады… Былай етсек қайтеді? Ең дұрысы, бір-бірімізге кедергі жасамайық. Сіздер өз беттеріңізбен құдайға қарсы күресе беріңіздер. Мен болсам, иен тауда бес уақыт намазымды оқып, қағазымды жазып жата берейін…
Қисынды сөзге Қарасартов та қарсы ештеңе айта алмады. Түптің түбінде Маркс ілімі жеңетінін, діндердің күлі әлі-ақ көкке ұшатынын көпірте сөйлеп біраз отырды да, ақырында көкейін тескен негізгі әңгімеге көшті.
-Шыңғыстың иен түкпір шатқалдарында жасырынып жүрген банды бар дейді. Олар Айдынкөл, Шалқар бастатқан Шұбартау бандыларымен жалғасатын көрінеді. Құс салып, тау ішінде жүргенде көзіңізге ондай сөдегей-солпы ешкім түспеді ме? – деді Шәкәрімге біртүрлі сенімсіздікпен барлай қарап.
-Жоқ, мен ондай ешкімді көре алмадым, – деді ІІІәкәрім де ГПУ бастығына тайсалмай тура қарап. – Мен бейтарап адаммын ғой. Құдайсыздармен де, бандылармен де үйірлігім жоқ. Тек, оқта-текте Саятқора маңынан мені аңдып жүрген сіздердің тыңшыларыңызды көріп қаламын…
Бұл да рас нәрсе болатын. Бұрын Шәкәрімге қағушы болган Жұмағали дегенді осы Қарасартов қазір тыңшы ретінде пайдаланып жүр. Ол байқұсты да қорқытып, колға түсірсе керек.
-Ол сізді аңду үшін емес, бандылардың ізін кесіп жүрген адам ғой, – деді Қарасартов ыржалақтап. – Өйткені Шұбартау бандылары, шынында да, қауіпке айналып тұр. Олардың аудан орталығы Баршатасты бір рет басып алғанын білесіз бе? Семейден қарулы отряд шығып, бандыларды зорға ығыстырды… Бірақ олар әлі де қаруын тастаған жоқ. Шұбартау керейлерін біртіндеп Қытайға көшіріп әкетпек көрінеді… Ондайдан не хабарыңыз бар? Жалпы, өзіңіздің Қытайға көшетін ойыңыз жоқ па?
Шәкәрім белуарына түскен мол сақалын тулата кеңкілдеп күлді.
-Қызық сұрақ екен… Мен Қытайға не іздеп барам, сонда? Малымды қорғап қашар едім, төрт түлік түгел тәркіленіп кетті. Бала-шағамды аштықтан қорғап, алып өтер едім, олардың бәрі түрме азабына, ашаршылыққа шыдамай өліп тынды. Қенже ұлым Зият – қалада, үкімет қызметінде жүр… Сонда жалғыз мен – жетпіс үштегі кәрі шал, кімге керекпін?
Өзінше уәжден жеңілгені болар, Қарасартов бұл жолы үндемей қалды. Бірақ іш пікірі өзінде еді: «кәрі қақпастың айтып отырғаны рас. Бірақ, бұл адамға сеннуге болмайды. Совет өкіметіне тіс-тырнағымен қарсы. Көрдіңіз бе, советтерді «Құдайсыздар өкіметі» деп атайды екен. Аузы дуалы қажы бір күні аудан халқын соңынан ертіп шыға келмесіне кім кепіл? Сондықтан бұларды көзден таса қылуға болмайды».
-Жарайды, Қажеке, құдай жолын ұстаған екенсіз, сізді ол жолдан қайт деп зорламаймыз. Жасыңыз да келіп қалды ғой, арамызда қанша жүрем дейсіз? – дегенді өзі де байқамай айтып салды. – Оның есесіне, ұстаған жолымнан мен де қайтпаймын! Өмірі шыр бітпеген кедейдің баласы едім. Совет өкіметі ғой — мені адам қатарына қосқан. Әкем көрінгеннің жұлығын жалап күн көрген етікші болатын… Не керек, Совет өкіметі небәрі төрт класс бітірген мені төрге шығарды ғой. Қазір, міне, бір ауданның тағдыры қолымда тұр.
Бұрынғы болыс та, би де, бай-шонжар да алдыма келгенде дірілдеп тұрады… Мұндай өкімет үшін құрбан боп кетсем болмас па?!
Бұл – ГПУ бастығының кім көрінгенге айта бермейтін шын сыры екенін Шәкәрім де түсініп отыр.
-Иә, жақсылықты жақсылықпен қайтарам дегенің жөн-ақ, – деді бұл жолы Қарасартовты қостап. – Тек өкіметке жағам деп басқалардың көз жасына қалмасаң болғаны! Адамдарды жазықсыз күйдіріп, қарғысын алып жүрме… Мәселе сонда! – деп қажы қамшысын, тымағын қолына алып, жүруге қамданды…
Қажы атына міне берген сәтте сол көшемен төрттен тізілген жастар тобы жүріп өтті. Мектеп оқушылары, әлде «Сау-Жойдың» шәкірттері… Қайсысы болса да, аудандағы «Құдайсыздар ұйымының» мүшелері екенінде дау жоқ. Жаңа заманның әлдебір өлеңін айтып барады. Шәкәрім басқасын ұға алмай қалды. Тек өлеңнің:
Кел, кедей, жатпа бос!
Қол ұстас жалшымен.
Байлар мен молданы
Қойдай қу қамшымен! –
деген қайырмасы ғана есінде қалыпты.
Шәкәрім атына мінген соң Ібіліс иектеген мына ауылдан тезірек кеткенше асықты. Құдайсыздар бір-жарлап емес, енді тобымен жүретін болған ба? Және жәй жүрмей, топтаса өлең айтып, шеру тартып барады. «Молда мен байларды қойдай қу қамшымен». Кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесі осы ғой.
Соңғы уақытта қажыны шешуі қиын неше алуан сұрақтар қаумалап, басын әбден қатырып жүр. Бір түсінбейтіні, құдыреті күшті Алла-Тағала осы құдайсыздарға қалай ерік беріп қойды? Қүдайсыз коммунистердің үйірген асығы неге алшы түсе береді? Мына бетінде кете берсе, енді аз жылда қасиетті қазақ даласы жын-шайтанның ойнағына айналмай ма?.. Әлде бұл да – Алланың жер бетіне әдейі жіберген сынағы ма екен? Адамзаттың бір бөлегі құдайсыз, имансыз өмір сүріп көрсін. Бір дәуір адасып барып, қайта оралсын, ең ақырында ақиқатқа көздері жетсін дегені ме? Әй, бәсе, солай шығар…
Шәкәрім қажы сол күні аудан орталығы Қарауылға қонбай, таудағы үйіне түнделете қайтып кетті.
***
…Дәл осы сәтте Қарасартов не ойлады дейсіз ғой? «Шыңғыстауда банды қаптап кетті» деп дүниеге жар салып, шынтуайтқа келгенде сол «бандыны» таппай масқара болған ГПУ бастығы Шәкәрімнің келе жатқанын көргенде керемет қуанып кетті. «Міне, саған банды керек болса!.. Шортанға салған қармаққа жайын ілінді деген осы!».
Ол Шәкәрім қажыны қолға алуға бұдан бұрын да бірнеше рет қамданған. Бірақ Саятқорада аң аулап жатқан қажыны ұстағанда не табады? Оның арманы Шәкәрімді қылмыс үстінде ұстау еді. Міне, нағыз «қылмыс» деген осы емес пе?! Ана тұрған салтаттылар – сөз жоқ, бандылар. Шәкәрім соларды бастап жүр. Бұдан артық қандай қылмыс керек?
-Сен ана жақта түрған бандыларды көрдің ғой? – деді ол қасында жатқан Халитов деген башқүр жігітіне.
-Иә, көріп тұрмын.
-Көрсең, мына келе жатқан бандының басшысын дәл қазір қақ жүректен көздеп тұрып ататын бол!
Халитовқа бәрібір, кімді ат десең де қолы қалт етпейді. Жазықсыз жандардың талайын жайратқан қанішердің өзі. Шәкәрім қажының кім екенін білмек түгіл, түстеп танымайды да. Оған, әйтеуір, Қарасартовтың бұйрығын орындаса болғаны. Ол өзі ГПУ жендеттері арасында кісі атудан «мерген» аталып жүрген. Бесатарын 150 метрлік қашықтыққа қойып, шүріппені ойланбастан басып қалды. Қарасартов дүрбімен қарап отырған. Алғашқы оқ оң жақ иығынан тиді-ау деймін, Шәкәрім теңселіп барып, кілт тоқтай қалды да, дереу артына бұрылып, арттағы серіктеріне қолын сермеп: «Сендер кете беріңдер» дегендей белгі берді. Басында Қарасартов қажы келген жағына қаша жөнелер деп ойлаған. Жоқ, қашпады. Керісінше, атының басын бері бұрып, осылай қарай аяңдады.
– Әй, сен итке не болған? Қақ жүректің басынан дәлдеп ат дегенім қайда? – деді Қарасартов Халитовтың желкесінен түйіп қалып. Сонан соң оның қолындағы бесатарды жұлып алды да: – Міне, бандыны былай атады! — деп енді өзі көздей бастады.
Бұл кезде екі аралық тіпті қысқара түскен. Тарс еткен мылтық даусымен бір мезгілде Шәкәрім теңселіп бір кетті де, содан соң ат жалын құша төңкеріліп түсті. Бұл жолы атылған ажал оғы қажының төс сүйегін талқандап, омыртқасын үзе, жауырынан бір-ақ шығып еді. Бір кезде кіндік қаны тамған тума топыраққа ақынның ыстық қаны ақтарылып жатты.
***
Шәкәрім қажы адам баласының не себептен, қалай өлетінін, өлгенде адамның жаны мен тәні қалай ажырайтынын жақсы білуші еді. Осы мәселені ұзақ жыл зерттеп, ол туралы «Үш анық» деп аталатын философиялық еңбек жазған. Сол үшін көз майын тамызып, кімдерді оқымады дейсіз?! Сонау көне замандағы Пифагордан, Эпикур мен Демокриттен бастап, Платон, Аристотель, Декарт, Ньютонға дейін, одан бергіде Жан Жак Руссо мен Дарвинге дейін кемінде жүз кітап оқыған шығар- ау! Соларды оқи отырып, адамның тәні өлгенімен жаны өлмейді, адам өлгенде жан мен тән екіге ажырайды деген қорытындыға келіп еді. Шәкәрім қажы дәл осы сәтте әлі де жантәсілім ете алмай, жан төзгісіз ауыр азаппен бірге денесінің біртіндеп суынғанын сезіне түсіп, бір жағы, өлім туралы өз еңбегін тәжірибеден өткізіп жа-тыр еді.
Есіне Абай сөзі оралды. Жан мен тәннің бөлектігі жөнінде кезінде Абай да жазған еді-ау!
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.
«Мені» мен «Менікінің» айрылғанын
«Өлді» деп ат қойыпты өңшең білмес…
деп, ұлы ұстаз тән өлгенмен жанның өлмеитініне дұғадай сеніп өткен. Абай Шәкәрім оқыған жүз кітапты түгел оқыды ма, жоқ па, кесіп айту қиын. Бірақ ол – жоғарыдағы дәнішпандармен терезесі тең адам ғой. Ондай тұжырымға, ешкімнің кітабін оқымай-ақ, өздігінен келуі де әбден мүмкін.
Ал жаңа оқ тиген соң ат үстінен төңкеріле қүлап, қырбақ қардың үстінде шалқасынан жатқан Шәкәрім бұл кезде өз денесінен Жанның қалай бөлініп шығуын күтіп жатыр еді. Күре тамырларын бойлаған ыстық қан жараның аузынан сыртқа тоқтаусыз ағып жатқанын сезеді… Көп күттірген жоқ, бір мезгілде денесі тоңазығандай қатты суып кетті де, өзі жансыз тәннен бөлініп, аспанға қарай ұшып шықты. «Өзі» деп отырғанымыз – Жан, әрине. Кенет ауада ұшып жүрген мамық қауырсындай салмақсыз күйге түскен. Тәннен үзіліп шыққан бойда қалықтай көтеріліп, арқан бойындай жерге барып тұрақтады. Жаз кезінде бозторғайдың жерден шырқай көтеріліп, көк жүзінде күміс қоңыраудай жыр төгіп тұратыны бар ғой. Ақын жаны – бейне сол бозторғай іспетті.
Жерде жатқан қажының тәнін де, басқаларды да Жан биіктен көріп тұр. Мана қажының аттан ауып түскенін көріп, ГПУ жендеттері жан-жақтан тұра-тұра ұмтылған. Бәрінен бұрын жеткен Қарасартов болды. Өзі сондай қуанышты, қатыны ұл тапқандай масайрап жүр: – Мінеки, жігіттер, әнекүннен бергі төккен теріміз, азапты күндеріміз зая кеткен жоқ, ақыры жемісін берді. Бандының бәрін қолға түсірмегенімізбен, басшысын атып өлтірдік… Енді облыс алдында жүзіміз жарық! – соны айтып, былай таман шықты да: – Жауынгерлер, бандының киім-кешегін бір-бірден бөліп алыңдар! Бәрі де – үстем таптікі емес, еңбекші халықтың қолынан шыққан дүниелер! – деді.
Сол сөздің ауыздан шығуы мүң екен, аш-жалаңаш тобырлар жабылып кетіп, мәйіттің киімдерін шешіндіре бастады. Біреуі қасқыр ішігін, екіншісі түлкі тымағын, тағы біреуі саптама етігін алып жатыр. Іштен киетін сырма бешпет-шалбарына дейін сыпырып алды. Халитов деген қажының білегіндегі алтын сағатты шешіп алып, бір сәт қызыға қарап тұрды да, өзі алуға батпай, Қарасартовқа ұсынды:
-Басеке, бандыдан сізге де бір ескерткіш қалсын. Қанша дегенмен, қақ жүректің басынан дәл тигізген өзіңіз ғой! – деді жарамсақтанып.
Ең ақырында аппақ көйлек-дамбалымен ұзыннан созылған өлі дененің өзі ғана қалып еді. «Адам өлген соң суықты сезінбейді екен-ау» деп таңданды биікте тұрған Жан…
Бұл кезде атына мініп үлгірген Қарасартов командалық дауыспен саңқылдай бұйырды:
-Ал енді атқа қоныңдар! Өлікті Бақанасқа жеткіземіз! Сол жақта қаралы жиын болады! – деді.
Сол-ақ мүң екен, екі-үш адам мәйітті әлдебір киізге орап, қомдаулы түйеге арта бастады. Көп үзамай аттысы, түйелісі бар, тойымсыз тобыр күнгейдегі Бақанасқа қарай бет түзеді. Жан арқан бойы биікте солардың соңынан ілесіп келеді. Тірі кезінде Шәкәрім қажы талай рет жүріп өткен таныс соқпақтар. Күні кеше бозбалалық жастық шағы өткен құтты қоныстар. «Ақселеу мініп, қылаңнан киіп, қараған жанға көрінбей. Ізденіп жарды, пида қып жанды, алыс деп ауыл ерінбей. Айлалы жолдас қасқа алып, аң көрген лашын бастанып», қызды ауылдың итін үргізіп жүретін сәулелі жылдар қандай еді! Амал не, соның бәрі баяғыда өтіп кетіпті… Жан сол бір сал дәуренді сағына еске алып түр. Ал, дәл қазір өтіп жатқан оқиғалардың ол үшін еш қызығы жоқ еді. Жанға енді бәрібір сияқты. Көз алдында қайшалысқан шым-шытырық дүниенің бұған енді еш қатысы жоқтай. Өз алдына дербес тіршілік ететін бейтарап бейнеге айналды.
Құдайсыздар мәйітті киізге ораулы күйінде көтеріп әкелді де, бір қайырым дұға оқып, беттерін де сипамастан, аузына өрмекші тор қүрып тастаған қүр қүдыққа тікесінен түсіріп жіберді. Абырой болғанда, қажының денесі қүдық бетіне бір метрдей жетпей қалды. Әлгілер ауылдан кетпен-күрек ала шыққан екен. Маңайдан қараған-бұта шауып әкеліп, қүдықтың кем жерін толтырды да, үстіне құм-топырақ үйіп, тегістеп тастады.
Өз шаруаларын бітірген соң мәйіт жерлеушілер ауыл жаққа қайтып кетті де, құр құдықтың үстінде Жан ғана қалып қойды. Қанша дегенмен Жан мен Тән жетпіс үш жыл бірге жасады ғой. Бірден бөлініп, тастап кетуге Жан өз Тәнін қимай тұр. Жан өз иесіне мәңгі қарыздар. Ілім-білімге жетік, адамгершілік, ар-ұжданы таза, ешкімге қылдай қиянаты жоқ, хақ жолынан айнымаған кісі еді ғой – Шәкәрім қажы. Сол тазалық пен құлшылықтың арқасында, қажының Жаны да енді еш қиындық көрмей бейіштен орын алмақ.
Жан жеті күнге дейін Бақанас пен Саятқора арасында қалықтап ұшып жүрді. Бүл аралықта ешкім де қажыға арнап, жерошақ қоңырсытып, құран-хатым түсірген жоқ. Алайда қажының өз сауабы өзіне жеткілікті еді. Бәрін де көзі тірісінде тындырып, парызын өтеп кеткен. Жан сол үшін де қажыға дән риза. Қазір Жанда ешқандай уайым жоқ. Шәкәрім қажы бір кезде құс салып, аң аулаған Шыңғыс жоталарымен қоштасып, жеңіл қалықтап ұшты да жүрді. Қайран Шыңғыстау сол баяғы мұрты білінбеген қалпы артта қалып барады.
Жетінші күні Саятқораға соңғы рет айналып соғып еді. Соңғы он бес жылда қажының тыным-тағат тапқан жері ғой – бұл қоныс. Бірақ бүгін мұнда тыныш емес екен. Бүгін Саятқорада ГПУ-дың адамдары тінту жүргізіп жатқан-ды. Тінту ме, тонау ма, жіп тағу қиын. Тонаушылар Шәкәрім қажының домбырасын, гармонын, скрипкасын, білтелі мылтығын, кісесін, қүсбегінің керек-жарағын, үйдегі кілемі мен алашасын, сырмағы мен текеметін пышақ үстінен талап, әкетіп жатты. Өмірі жарымаған пендеге бәрі керек. Бәріне мүқтаж… Тек, саңлаусыз, надан жүртқа бір нәрсе ғана қажет емес екен. Ол не дейсіз ғой? Ол – кітаптар.
Саятқораның сөрелері толған кітап еді. Ана жылы кәмпеске кезінде қыстаудағы үйін осылай тонаған. Қолға түскен кітаптарын өртеп, күлге айналдырған. Әйткенмен, кітаптарының жасырын сақталған үштен екі бөлігі аман қалып еді. Қажы ап-сап басылған соң ол кітаптарын екі-үш түйеге артып, Саятқораға жеткізіп алған. Не жоқ дейсіз оның ішінде? Араб пен түріктің ойшылдары, ертедегі грек дәнішпандары, кейінгі Еуропа мен орыс оқымыстылары… Қажының елу жыл бойы жинаған қазынасы ғой… Міне сол баға жетпес байлықты қүдайсыздар аулаға үйіп қойып, тағы да өртеп жатыр. Арасына ауа кірмеген қалың томдар оңайшылықпен жанбайды екен. Ара-арасына қураған ағаш тастап, әлі басылмаған қолжазбаларды бұрап-бұрап, тамызыққа пайдаланып жүр.
Неше күннен бері көрген қорлық-зорлықтарына былқ етпей бейтарап қалған Жан кітаптардың жанып жатқанын көргенде қатты күйзеліп, шырқырап кетті: «Ойпырай, мүндай да сұмдық болады екен-ау! Надандық жайлаған бұл халық жуық арада қатарға қосылмас. Мына құдайсыздар қажының ғана мүлкі емес, бүкіл адамзаттың ақыл-ойын өртеп жатыр ғой…».
Жердегі тірліктен көңілі қалып, қатты түңілген Жан осыдан кейін бұл маңда көп бөгелген жоқ. Шыңғыс шыңдарына соңғы рет көз тоқтатып, сүзіле бір қарады да, жеті хат көктегі мәңгілік мекеніне қарай жол тартты.
Түиін
Зулаған заман бір қалыпта тұрмайды екен. Дүние дегеніңіз – құбылыстан, өзгерістен тұрады екен. Баяғы жалғанды жалпағынан жалмаймыз, әлемді түгел аузымызға қаратамыз дейтін құдайсыздар үстемдігі жетпіс жылға зорға шыдады. «Бұл өкімет – адам пендесін сынау үшін Алла-Тағаланың уақытша жіберген зауалы» деген қажының болжамы дәл шықты. Бәлкім атылған ақындардың қасиетті қаны жібермеген шығар, ешкім бір оқ шығармай-ақ, шіріген теректей өзінен-өзі омырыла құлады-ау!
Ал құдайсыздар заманында дұниеден тұңіліп, өзіне «Мұтылған» деп лақап ат қойған Шәкәрімді туған халқы ұмытпапты. Қайта, ақынға деген құштарлығы арта түсіп, азат күндерді асыға күтіпті. Арада тура отыз жыл өткенде, тірі қалған жалғыз ұлы Ақат әкесінің сүйегін қүр құдықтан ашып алып, Жидебайдағы Абай зиратының қасына жерлеген. Бұл күнде Абай мен Шәкәрімнің ақшағала күмбездері қос бәйтерек секілді түстік жерден мен мұндалап көрініп тұрады.
Қысқасы, ақын арманы түгел дерлік іске асты десек те болады. Заманның тарлығынан амалсыз Қытай асқан кенже ұлы Зияттың қоржынында кеткен ақын шығармалары жоғалмай сақталып, бұл күнде ел игілігіне айналды. Соңынан қуа барған қүдайсыздардың қолында Зияттың өзі мерт болғанымен, артында ұрпақ қалды. Азаттықтан кейін олар да атажұртқа оралып, ел қатарлы өніп-өсіп жатыр. Сөйтіп, ақын сақтап қалуды армандаған асыл ұрық қүрып кетпей, осылайша жалғасын тапты.
Шәкәрім шығармалары том-том болып, жарық көруде. Осыдан бес жыл бұрын ( жазушы 2013 жылғы есеппен айтып отыр) ұлы ақынның туғанына 150 жыл толған мерейтойын республика жұртшылығы кеңінен атап өтті. Халықтың шын талантқа, нағыз ақынға деген махаббаты ешқашан суымақ емес.
Қабдеш ЖҰМӘДІЛОВ,
Қазақстанның халық жазушысы
2013 — тамыз.
Материал ықшамдалып алынды. “Аққуды атпас болар” кітабы. “Мерей” баспасы, 2014 жыл. Сайтқа дайындаған Ж.Айқынұлы